Бір жылда қанша капитал қайтты?

Қазақстан биыл 1 трлн тең­геге жуық капиталды қайтарып алды. Бұл соманың 600 млрд доллары шетелдерден әкелін­ген. Қалғаны – ел ішінде актив­терді заңсыз иемденген тұлға­лардан тәркілеп алынған қаржы.

Бір триллион теңге аз ба, көп пе? АҚШ долларына шақсаңыз, бүгінгі бағаммен есептегенде, 1 трлн теңге –  2 191 808 307,28 $

Қалай десек те, бұл – қысқа мерзім ішінде қайтарылған қаражат. Оралған ақша ел игілігінің орайына жұмыс істемек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 26 қарашада өткен ұлықтау рәсімінде Үкіметке шетелге шығарылған капиталды қайтару туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырған. «Біз әділдікті қалпына келтіріп, елден заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға тиіспіз. Қайтарылған барлық қаражат азаматтардың игілігіне жұм­салуға тиіс. Бұл қаржыны жоғары тех­но­логиялы өндіріс орындарын ашу­ға, мектептер мен ауруханалар салу­ға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек», – деп атап көрсетті Президент.  

Еске сала кетейік, биыл 12 шілдеде Мемлекет басшысы «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Президенттің Жарлы­ғымен  Бас прокуратураның жанынан Активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылды.

Осылайша, мемлекет активтерді қайтарудың екі тәсілін қолданбақ: өз еркіңмен тапсыру немесе сот арқылы мәжбүрлі түрде тәркілеу. Қайтарып алынған қаражат Арнайы мемлекеттік қорға өткізіледі. Аталған қордан әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға бағытталып отырмақ. Биыл осы мақсатта Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған-ды. Бүгінге дейін қорға жемқорлардан қайтарып алынған қаржы­ның 151,9 млрд теңгесі аудары­лыпты. Нәтижесінде, жалпы сомасы 96,5 млрд теңге болатын 76,7 мың оқу­шыға арналған 62 мектептің құры­лысына қаржы бөлінген. 2023 жылғы 1 желтоқсандағы мәлімет бойынша, 28,6 мың оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға берілді.

Бас прокуратура ұсынған мәліметке сүйенсек, жоғарыда жазылған шетелден әкелінген 600 млн доллардың шамамен 260 миллионы Лихтенштейннен, 82 млн доллар Аустриядан, 15 млн доллар БАӘ және 2 млн доллар Гонконгтан жет­кізілген. Бұдан бөлек, Бас прокура­тура халықаралық серіктестер және шетелдік юрисдикциялармен тығыз байланыстың нәтижесінде биыл 100-ден аса күдіктіні елге әкеліпті. Олар адам өлтіру, қаржы пирамидалары мен ұйым­дасқан қылмыстық топ құру се­кіл­ді аса ауыр қылмысқа қатысы бар деп тергеліп жатқандар.

Сөз жоқ, шетел асқан капиталды қайтару мәселесі өте маңызды. Дегенмен депутаттар бұл істе ақпараттың ашық болуын әлі де жетілдіре түсу керек деп есептейді. «Бүгінгі күнге дейін 1 трлн теңге қайтарылды деп жатырмыз. Бірақ қоғам бұл жұмыстың әлі де ашықтығын талап етіп отыр. Үкіметтің де, Бас прокуратураның жанынан құрылған комитеттің де жұмысы халыққа айқын көрініп тұруға тиіс. Менің ойымша, қайтарылған активтер туралы мәлімет тарқатылып айтылуға тиіс. Нақты қан­ша қаражат түсті, ол қай жерден кел­ді, оны заңсыз шығарған кімдер? Осының барлығы ашық түрде ел аза­маттарына ұсынылып отыруы қажет», – дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров.  

Активтерге қатысты ақпараттың ашықтығы желтоқсанның 13-і күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында да айтылды. Депутат Бақытжан Базарбек Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жолдаған Қазақстаннан офшорға шы­ға­рыл­ған қаражат туралы сауалында: «Мендегі бар мәліметке сүйенсек, 45 млрд доллар көлеміндегі қаражат офшор есебінде тұр. Tax Justice Network ұйымы­ның дерегінше, Қазақстаннан жыл сайын 200 млн доллар шығарылады. Жоғарыда аталған 45 млрд-ты қайтару үшін Үкімет қандай амал жасап жатыр, қандай ше­шім қабылдадыңыздар?» деген болатын. Мәжілісменнің айтуын­ша, Кайман, Сейшель аралдарындағы офшорлық аймақтармен активтерге байланысты келісімшарт әлі жасалмаған. Б.Базар­бектің сауалына негіз болып отырған Tax Justice Network ұйымы екі жыл бұ­рын (2021 жылы) офшордағы қазақ­стандықтардың байлығы 45,7 млрд дол­лар шамасында деген мәлімет жария­лады. Ұйымның дерегінше, соңғы 25 жыл ішінде Қазақстаннан шетелдік офшорларға 140-160 млрд доллар шығарылған. Бір айта кетерлігі, Қазақстаннан заңды, заңсыз жолмен сырт­қа кеткен капиталға қатысты дерек­тер де әрқилы.  Мәселен, Global Financial Integrity ұйымының зерттеуінде 2004-2013 жылдары аралығында (9 жылда) Қазақстаннан 167,4 млрд доллар шығарылғаны айтылады. Ал Transparency International  халықаралық ұйымы 2013 жылы ұсын­ған дерегінде соңғы 20 жыл ішінде 123 млрд доллар заңсыз әкетілді деп мәлімдеген.  

Дегенмен заңсыз жылыстатылған актив­тердің кімдерге тиесілі екені жайында фамилиялар әзірге айтыл­мағанымен, сотталғандардың тәркі­ленген мүлкіне қатысты дерек ашық көр­сетіліп жатыр. 2023 жылдың 20 жел­­тоқсанда  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлықпен істі болған бизнесмен Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі  жалпы сомасы 120 млн АҚШ доллары, яғни 55,4 млрд теңгеден асатын ақшалай қаражат қайтарылғанын мәлімдеді. «Көрсетілген қаражат мемлекетке келтірілген залалды өтеу есебіне республикалық бюджетке жіберілді. Осылайша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы 2 жылда бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 912 млрд теңгеден астам сомаға мүліктік активтер мен ақ­шалай қаражатты қайтаруды қамта­масыз етті», – делінген хабарламада. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, депутат Марат Бәшімов жемқорлыққа қарсы агенттік активтердің 78%-ы заңсыз, құжаты жоқ екенін анықтағанын айтады. «Дүниежүзіндегі заңдылық бойынша айналымдағы қаражат болсын, мүлік болсын, барлығы заңды, дәлелденген болуы керек.  Ал бізде дәлелденбеген актив өте көп», – дейді ол.

Десе де, офшордағы ақшаны алып келу оңай шаруа емес. Капиталды қайтару үшін де қомақты шығын шығады. Ең алдымен, халықаралық дауларда мемлекет мүддесі, ел имиджін қорғап шығу қажет. Ашық дерек көздеріне сүйенсек, 2019-2023 жылдар аралығында шетелдік соттар мен төрелік соттар алдында Қазақстан Республика­сының мүддесін қорғау мақсатында жыл сайын 15-тен 21 млрд теңге (33-46 млн доллар) қаржы жұмсалыпты. Еске сала кетсек, 2020 жылы желтоқсан айында экс-Әділет министрі (қазір қамауда отыр – редакция) Марат Беке­таев журналистерге берген жауабында  осындай халықаралық даулар мен із­дес­тіру ісіне кететін шығын шамамен 11-13 млрд теңге көлемінде екенін айтқан болатын.

Шетелдегі капиталды қайтару мен бай-бағыландардың иелігіндегі активтердің заңды-заңсыз екенін анықтауға Жалпыға бірдей деклара­циялаудың да септігі тимек. Келесі жылы үшінші кезеңі өткізілетін дек­ларацияны заңды тұлғалардың құрыл­тайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлердің басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыбы) тапсы­рады. Яғни, шамамен 3,9 миллион адам­ның мал-мүлкі заңдастырылмақ.    Декларацияны ұсынбаған тұлғаға алдымен ескерту беріледі, егер бір жыл ішінде қайталап бұзса, 51 750 теңге (15 АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ жыл ішінде бірінші рет салық объектілерін жасырғаны үшін төленбеген салық сомасының 200% мөлшерінде айыппұл, қайталап бұзғаны үшін 300% айыппұл салынады.  «Осы декларациядан қандай активке иелік етесің, түгел көрсетіп, заңмен дәлелдеуің қажет. Егер дәлелдей алмасаң – заңсыз. Мемлекетке қайтаруға тиіссің. Ал таза табыс екенін дәлелдесең болды, ол өз меншігің салығыңды төлейсің де, ең­бе­гіңнің игілігін көре бересің», – дейді депутат М.Башимов.  

Бұл тұрғыда Бас прокуратураның жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитетке заңсыз активтері болуы мүмкін жеке және заңды тұлғалардың тізіліміне қол жеткізу мүмкіндігі берілген. Бұл тізімге активтері 13 млн АЕК-ке тең (шамамен 45 млрд теңге немесе эту 100 млн доллар) немесе осы сомадан асатындар кіреді. Егер бір жыл ішінде аталған тұлғалардың активтерінің заңсыз шығуы дәлелденбесе, ол адам автоматты түрде тізімнен шығарылады.

Айта кетейік, 2021 жылдың 1 қаң­тарынан бастап декларацияның І кезеңінде мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары – шамамен 580 мың жеке тұлға тапсырған.  ІІ кезеңде   квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен олардың жұбайлары (2,1 млн адам) тапсырды.

«Капиталдың қайтарылуы мәселесі деген біздің халқымыздың елде жасалып жатқан саяси реформаларға деген сенімін арттыратын жағдай. Сондықтан осы мәселеде біз толыққанды, жүйелі әрі әділ процестің болуын талап етеміз», – дейді депутат Е.Саиров.

Бауыржан БАЗАР