Бұл – Қазақстан Қарулы Күштеріне берілген баға. 2023 жыл біздің армия бұрынғыдан да мықты әрі заманауи бола түскенін көрсетіп отыр. Осы ретте әскери саладағы жыл қорытындысын білмекке Қорғаныс министрінің кеңесшісі Әлішер Сүлейменовпен әңгімелескен едік.
– Әлішер Асқарұлы, бүгінде Қарулы Күштердің еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бейбітшілікті сақтаудағы рөлі қандай?
– Қарулы Күштер кез келген уақытта, қандай да болмасын қауіпке дайын болу керек. Армия – мемлекет деген ұғымның негізгі элементтерінің бірі. Тәуелсіздіктің, шекара тұтастығының және егемендіктің кепілі. Әскер әрдайым стратегиялық тежеу факторы ретінде есепке алынады. Сол себепті ешкімнің де біздің елге қарсы агрессивті әрекет етем деген ойы болмауы керек. Қарулы күштердің еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бейбітшілікті сақтаудағы рөлі осында.
– Қарулы Күштердің қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтануына кеңірек тоқтала кетсеңіз. Сонымен қатар аумақтық қорғаныс әскерлерінің дамуында қандай өзгерістер бар?
– Қару-жарақпен және әскери техникамен сапалы жарақтандыру жұмыстары жалғасуда. Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техника нарығына, дамыған елдердің армияларындағы үрдістерге, қарулы қақтығыстардағы жауынгерлік жаңаша іс-қимыл тәсілдерін ескере отырып, әскерлерді жарақтандырудың перспективалық бағыттарына жүйелі негізде талдау жүргізіп отырады. ҚР ҚК-ні дамыту және әскерлерді жарақтандыру мәселелерін іске асыру үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қайта жарақтандыру және қорғаныс-өнеркәсіп кешенін 2030 жылға дейін дамыту Тұжырымдамасы» бекітілді. Биыл 70-тен астам әскери техника мен 196 автокөліктің, арнаулы техникалардың модификациялары сатып алынды. Бұдан бөлек, Үкіметтің авиациялық парк пен ӘШҚҚ құралдарын қайта жарақтандыру және жаңарту бағдарламасының орындалуына тоқталатын болсақ, қазақстандық тарап пен еуропалық Airbus Military авиация концерні арасында жасалған келісімшарт шеңберінде авиапарк С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен толықтырылды. Сонымен бірге Ми-35 және Ми-171Ш жаңа көліктік-жауынгерлік тікұшақтары жеткізілді. Биылғы жылдың соңына қарай «ТОР-2М» батареясын жеткізу жоспарланып отыр.
Қазіргі заманғы ұрыстарда барлау құралдары, жоғары дәлдіктегі қару-жарақ және ұшқышсыз басқарылатын авиацияның рөлі айтарлықтай өзекті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұшқышсыз басқарылатын авиация паркін ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. Тамыз айында соққы беруші Anka дрондарының бірінші легі ұрыс тәжірибесіне қолдануға жеткізілді. Бүгінгі күні ұшқышсыз ұшатын аппараттар паркінде Wing Loong-1, Anka және Skylark барлау ҰҰА-лары барын атап өту керек.
Келесі маңызды бастаманың бірі – Қорғаныс ведомствосы дайындаған «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасы. Аталған құжатта аумақтық қорғаныс жүйесіне қаржыландырудың тиісті көлемімен нығайтылған мемлекеттік сектордың жекелеген саласының форматын беру, мемлекеттік органдардың елдің аумақтық қорғанысын қамтамасыз етудегі функциялары мен өкілеттіктерін белгілеу, бейбіт және соғыс уақытында аумақтық қорғанысты ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін айқындау көзделген.
– Қарулы күштердің жауынгерлік дайындықтағы жетістіктері туралы хабардармыз. Халықаралық форматта әскерлердің жауынгерлік дайындығы, басқа елдермен озық практикалық тәжірибе алмасуы туралы да білгіміз келеді. Биыл өткен қандай халықаралық оқу-жаттығуларды атап өтер едіңіз?
– Қорғаныс министрлігі белгілі бір халықаралық шарттар негізінде Қазақстан Республикасының әскери оқу орындарында, білім беру ұйымдарында, сондай-ақ шетелдік білім беру ұйымдарында әскери кадрларды дайындауды және қайта дайындауды жүзеге асырады. Ұлттық қорғаныс университетінде жыл сайын біліктілікті арттыруға арналған 20-дан астам курс өткізу қарастырылған. Әскери оқу орындарындағы оқу процесі Қарулы күштердің жауынгерлік дайындық жоспарымен тығыз байланысты. Тыңдаушылар мен курсанттар әскерлермен бірлесіп, барлық жаттығуларға қатыса алады.
ҚК-нің әскери қызметшілерін шетелдерде оқыту мемлекетіміздің қажеттілігіне сәйкес, негізінен Қазақстан Республикасының әскери және азаматтық оқу орындарында оқытылмайтын мамандықтар бойынша жүргізіледі. Шет мемлекеттердің әскери оқу орындарында қазақстандық әскери қызметшілердің біліктілігін арттыру курстары – Қарулы Күштерді жоғары білікті кадрлармен толықтыру және әскери кадрларды дайындаудың қазіргі заманғы тәжірибесін зерделеу жөніндегі шаралар кешенінің маңызды құрамдас бөлігі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Түркия, Үндістан, Пәкістан, Ресей, Беларусь, Литва, Қытай, АҚШ және Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орындары мен оқу орталықтарында қазақстандық әскери қызметшілерді дайындауды жүзеге асырады. Олардың көпшілігі радиоэлектрондық және радиотехникалық барлау, геоақпараттық жүйелер, инженерлік қызмет, ұшу аппараттарын басқару жүйелері және әскери-теңіз мамандықтары бойынша білім алады.
Биыл Қазақстан армиясының әскери қызметшілері «Кыш–2023», «Мызғымас бауырластық–2023», «Аңырақай–2023», «Достарым–2023», «Өзара іс-қимыл–2023», «Жауынгерлік достастық–2023» және тағы да басқа халықаралық оқу-жаттығуларға қатысты.
– Бүгінде Қазақстанның бітімгерлік күштері БҰҰ-ның бірнеше елдегі миссияларына қатысып, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлестерін қосуда. Миссияларға қатысатын бітімгерлерді дайындау мен оларды әлеуметтік қамсыздандыру туралы айта кетсеңіз.
– 2023 жылы Батыс Сахара, Орталық Африка Республикасы, Мали және Ливан аумақтарындағы миссияға 19 әскери қызметші тартылды. 2014 жылдан бастап алар болсақ, миссияларға барлығы 598 әскери қызметші, оның ішінде 5 әйел әскери қызметші қатысты. Оларды теориялық және практикалық дайындау Алматы қаласындағы Бітімгерлік операциялар орталығында өтеді. Сонымен қатар 2022 жылдың 1 тамызында Біріккен Ұлттар Ұйымы ҚР ҚК-нің Минадан тазарту орталығының базасында өткізілетін «Жарылыс қаупі бар заттарды залалсыздандыру» курсын сертификаттады. 2023 жылғы 1 қаңтарда Біріккен Ұлттар Ұйымы ҚР ҚМ-нің Бітімгерлік операциялар орталығы базасында өткізілетін «БҰҰ штаб офицерлері» және «Азаматтық халықты қорғау» курстарын ратификациялағанын айта кету керек.
Ұлттық контингент бітімгерлік операцияға қатысу кезеңінде үш еселенген ақшалай үлеспен (жалақымен) қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ олар ұрыс қимылдарына қатысушыларға теңестірілген. Бітімгерлік операциядан оралған соң мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) қаражаты есебінен кемінде күнтізбелік жеті күн, бірақ жиырма бір тәуліктен аспайтын мерзімге санаторлық-курорттық емделуге жіберіледі. Бұдан өзге, бітімгерлік операцияларға қатысатын (қатысқан) әскери қызметшілерге екі аптаға (14 тәулікке) созылатын қосымша демалыс беріледі. Ол жыл сайынғы демалысқа қосылып отырады. Бітімгерлік операцияларға қатысу кезеңінде әскери қызметшінің бір айы бір жарым айға жеңілдікті шарттармен есептеледі. Сонымен бірге әрбір бітімгерге бітімгерлік операцияға қатысу кезеңінде БҰҰ-дан әрбір күнтізбелік ай үшін 1 428 АҚШ доллары мөлшерінде төлем көзделген (ҚР ҚМ-нің үш еселенген ақшалай үлесіне қосымша).
– Бүгінде Қарулы күштерге цифрлық технологияларды енгізу белсенді түрде жүргізіліп жатқаны белгілі. Соңғы уақытта цифрландыру армия қызметінің қандай салаларына қатысты болды? Алдағы жылдарға осы бағытта қандай міндеттер тұр?
– Дұрыс айтасыз, Қарулы Күштер заманауи технологияларды енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде әрі әскерді цифрландыру – Қорғаныс министрінің тұрақты бақылауында. Бұл міндеттерге байланыс жүйелерін жаңарту, басқару жүйелерін біріктіру, қару-жарақ пен техниканы жаңарту және киберқауіпсіздік кіреді. Цифрландыру әскери операциялардың тиімділігі мен дәлдігін арттырып қана қоймайды, сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Оларға әртүрлі жағдайлар мен сценарийлерде тапсырмаларды сәтті орындауға көмектеседі.
Соңғы жылдардағы соғыстар мен қарулы қақтығыстарды талдау бүгінгі күні кикілжіңдер парадигмасының мазмұны ең бір түбегейлі өзгерістерге ұшырағанын көрсетеді. Мұның себебі электрониканың қарқынды дамуында, қолбасшылар мен командирлердің қолында барлау, басқару, жою және қамтамасыз ету күштері мен құралдарын функционалды түрде біріктіретін түбегейлі жаңа ақпараттық жүйелердің пайда болуында. Бұл – бірлестіктің негізі заманауи жүйелік-техникалық шешімдерін, желілік технологияларды және желіні басқару принциптерін кең ауқымда іске асыру деген сөз. Қазіргі әскери қақтығыстарда әскерлерді басқаруды ғарыштық барлау және радионавигация жүйелерімен, деректерді берудің кең жүйесімен қамтымай, сондай-ақ барлық негізгі функцияларды автоматтандырмай, басқару пункттерін пайдалану тиімсіз болады. Заманауи армияда автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізу әртүрлі деңгейдегі әскерлерді басқарудың сенімділігі мен өміршеңдігін, икемділігі мен жасырын болуын едәуір арттырды. Бейбіт уақытта әскерлерді басқарудың заманауи автоматтандырылған жүйелері нақты ұрыс қимылдарына барынша жақын әскерлер мен бөлімшелерді жаттығу алаңы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Әскерлер мен бөлімшелерді оқытудың мұндай мүмкіндіктері қару-жарақ пен әскери техниканың нақты ресурстарын айтарлықтай үнемдейді. Сонымен қатар басқа да ресурстарға үнем жасайды. Биыл біз Әуе қорғанысы күштері үшін ақпараттық жүйені қабылдадық. Бұл еліміздің әуе кеңістігін пайдалануда автоматты режимде ақпарат массивін өңдеу қабілетін арттырды. Әуе шебімізді қорғауда шешім қабылдау уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік берді.
Халықпен өзара іс-қимыл мәселесіне де көп көңіл бөлінуде. Осы жерде мен кейбір өзгерістер туралы да айта кетсем деп едім. Енді азаматтарға тұрақты тұратын жерін ауыстырған кезде әскери комиссариаттарға немесе Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгірудің қажеті жоқ. Мекенжайы өзгерген кезде біз азаматтардың әскери есебін автоматты түрде өзгертеміз. Бүгінгі таңда мұндай қызмет бір жылда 100 мыңнан астам азаматқа ұсынылды. Әскери қызмет өткермеген, оның ішінде 27 жасқа толған адамдарға бұдан былай әскери билеттерді алу үшін жергілікті әскери басқару органдарына жүгінудің қажеті жоқ. Оларға бұрынғыдай әскери билет берілмейді. Оның орнына әскери міндеттіліктің мәртебесі айқындалып, әскери есебі Egov жеке кабинетінде көрсетіледі. Азаматтарға жұмысқа орналасу кезінде әскери қызметке қатынасы туралы анықтама алу үшін де әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Жұмыс беруші бұл ақпаратты Egov-тан өз бетінше көре алады. Сондай-ақ шетелге тұрақты тұруға кеткен кезде де әскери комиссариаттарға барудың қажеті жоқ. Біз өзіміз қажетті ақпаратты көші-қон қызметіне береміз. Сол сияқты зейнетке шықпас бұрын әскери қызмет өткергенін растау туралы анықтама алу үшін де әскери комиссариаттардың табалдырығын тоздырмайсыз. Қажетті ақпарат зейнетақы төлемдерін есептеу жөніндегі уәкілетті органға беріледі.
Цифрландыру бойынша да көптеген бастамаларымыз бар. Барлығын жүйелеу және цифрлық рельстерге қою үшін біз осы жылдың қаңтар айында «Цифрлық трансформацияның жол картасы» деп аталатын цифрландыру стратегиясын қабылдадық. Онда барлық бөлімшелер мен министрлік басшылығының қажеттіліктерін ескере отырып, Қарулы Күштер түрлері мен әскер тектері қызметінің барлық аспектілері жинақталған.
– Мемлекет әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыруға ерекше назар аударуда. Тұрғын үй, жалақы және басқа да жеңілдіктер беріледі. Бұл бағытта қандай жұмыс жүргізілуде? Жақын арада әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне өзгерістер енгізу жоспарлануда ма?
– Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің әлеуметтік қорғалуы мен ақшалай үлесін арттыру қорғаныс ведомствосы басшылығының ұдайы назарында. 2021 жылдан бастап 2021-2023 жылдарға жоспарланған Қарулы Күштер әскери қызметшілерінің лауазымдық жалақыларын кезең-кезеңімен жыл сайын арттыру басталды. 2023 жылы ұшу құрамының лауазымдық жалақысы жоғарылатылды. Әскери медицина қызметкерлерінің ақшалай үлесі азаматтық медициналық мекемелердегі медицина қызметкерлерінің жалақысы деңгейіне, ал жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақысы азаматтық жоғары оқу орындарындағы деңгейге жеткізілді. Бұдан басқа төтенше жағдайларды жою кезінде Қарулы Күштер әскери қызметшілеріне ақшалай қаражат төлеу 3 еселенген мөлшерге ұлғайтылды. Сонымен қатар 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілердің қатардағы және сержанттық құрамдары лауазымдарының тарифтік санаттарын және әскери қызметшілердің әскери атағы бойынша жалақыларын 30%-ға арттыру; зейнетақымен қамсыздандырудың кейбір мәселелері, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы жинақтарының қалдығын қандай да бір шектеусіз пайдалануға құқық беру мәселелері пысықталуда.
– Жақында Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мәжіліс депутаттарына «Резервтегі қызмет туралы» заң жобасын ұсынды. Қызметтің осы түрінің ерекшеліктері мен артықшылықтары туралы айтып беріңізші?
– Резервтегі қызмет әскерлерді адам ресурстарымен кепілді қамтамасыз етуге және жауынгерлік даярлықтағы резервтік күштерді құруға мүмкіндік береді. Бұл заңның қабылдануы белгілі бір оң әлеуметтік әсер етпек. Біріншіден, резервтегі әскери қызметке кірген азаматтардың табысы артады, олардың мемлекеттің көмегіне тәуелділігі төмендейді. Екіншіден, халықтың Қарулы Күштерге деген сенімі артады. Сондай-ақ әскери резервтегілер қазақстандық патриотизм рухында тәрбиеленетін болады.
Резервте әскери қызметті енгізу бейбіт уақытта Қарулы Күштерді ұлғайтпай-ақ қойылған міндеттерді орындауға әзір азаматтардың белгілі бір санын дайындауға мүмкіндік береді. Азаматтарды қабылдауды республиканың барлық аумағында өткізу жоспарлануда. Әскери бөлімдерді резервшілермен толықтыру аумақтық қағидат бойынша жүзеге асырылатын болады. Бастапқы кезеңде 2 000-ға жуық адамды тарту жоспарлануда. Резервшілерді облыстар мен аудандар бойынша бөлу резервтегі қызмет жоспарланған әскери бөлімдердің орналасуына байланысты болмақ. Заң жобасында резервшінің жұмыс орнын (лауазымын) сақтауға кепілдік беретін еңбек заңнамасына тиісті түзетулер енгізіледі. Ай сайын резервшілерге Қазақстан Республикасы бойынша ең төменгі жалақы төлеу жоспарланған, ал алымдар жүргізу кезеңінде негізгі жұмысы бар азаматтарға олардың орташа айлық жалақысы мөлшерінде төлемдер жоспарланады.
– Әскери қызметтің беделін арттыру мәселесіне келсек. Жалпы, сіз жас ұрпақтың әскери қызметке және әскери мамандыққа деген қызығушылығын қалай бағалайсыз? Қызығушылық артып келеді деп айтуға бола ма?
– Қызығушылықтың артып келе жатқаны сөзсіз. Қарулы күштер қатарында мерзімді әскери қызмет атқарудың тартымдылығы мен беделін арттыру мақсатымен Қорғаныс министрлігі бірқатар нақты ұсыныстар әзірледі. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға келесі өзгерістерді енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Коммуналдық қызметтерге ақы төлеу кезінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне, мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне, қосымша жеңілдіктер беру. Мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне «кредиттік каникул» беріп, оны төлеуді кейінге қалдыру. Сондай-ақ басқа да қосымша жеңілдіктер, оның ішінде білім беру секторы да бар. Яки, жас жігіттер мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін екі жыл ішінде, егер ол мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік дайындықта, үлгілі қызметте және әскери тәртіпте жоғары нәтижелерге қол жеткізген кезде ЖОО есебінен, біздің гранттар жөніндегі бағдарламамыз шеңберінде тегін жоғары білім алуға, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына ҰБТ-ны есепке алмай түсуге, оқу орнының қабылдау комиссиялары өткізетін әңгімелесу нәтижелері бойынша ҰБТ-ны есептемегенде кез келген қазақстандық ЖОО-на ақылы негізде түсуге құқылы. Олар жоғары оқу орнында оқыған жағдайда әскери кафедраларда түсу емтихандарынсыз тегін негізде оқи алады және олардың балалары әскери оқу орындарына емтихансыз түсуге басым құқыққа ие болады. Бүгінде жеңілдетілген білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Биыл еліміздің 70-тен астам жоғары оқу орындарынан 3 000 жеңілдікті білім беру гранттары табыс етілді. «Кредиттік каникул» жобасы бойынша 1 млрд 875 млн теңгеге 5 мыңнан астам мерзімді қызмет әскери қызметшісінің төлемі кейінге қалдырылды. Қазір осы нормаларды заңнамалық тұрғыдан бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Әлішер Асқарұлы, идеологиялық және ақпараттық жұмыс мәселелері қазіргі қоғамдағы басты рөлдердің бірін атқарады. Бұл бағытта жағдай қалай? Қорғаныс министрлігі Отан қорғаушылардың патриоттық сезімін қалай оятады және ведомствоның ақпараттық саясаты қалай құрылған?
– Патриотизм Отанымызды тек өзіміз ғана өркендете алатынымызды, оның мүдделерін өзіміз ғана қорғай алатынымызды, оның одан әрі дамуын өзіміз ғана қамтамасыз ете алатынымызды түсінуден басталады. Әркім өз елінің болашағы үшін жауапты екенін сезінуі керек. Отанға деген сүйіспеншілік алаңға шығып ұрандату емес. Патриотизм – бұл жүректен шыққан сезім.
Бүгінгі жастар – ертеңгі Отан қорғаушылары. Егер біз еліміздің қауіпсіз болғанын қаласақ, нағыз патриот, еңбекқор, жан-жақты дамыған ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Қорғаныс министрлігі әскери-патриоттық тәрбие мәселелеріне ерекше назар аударады. Мысалы, биылғы маусым айында Қарулы күштердің «Спасск» оқу орталығында жыл сайынғы «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны өткізілді. Оған Қазақстан Республикасының, Әзербайжан және Өзбекстан Республикаларының командалары келді. Жиынға Қазақстан Республикасынан «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, Астана қаласы әскери колледжінің, әскери мектеп-интернаттардың, Қарулы Күштер әскери бөлімдері мен мекемелерінің жанынан құрылған әскери-патриоттық клубтардың, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тәрбиеленушілері және облыстық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары қатысты. Барлығы 43 команда, яки 14 пен 17 жас аралығындағы 642 тәрбиеленуші, оның ішінде 460 ұл және 182 қыз бала жиналды. Әскери-патриоттық жиынның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында өз Отанын қорғауға дайын ел азаматының жоғары патриоттық сезімдері мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.
Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайда 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының батырлары мен ауған жауынгерлеріне қатысты артефактілер, жеке заттар, әскери жабдықтар, басқа құжаттар мен материалдар қойылған көшпелі көрмелер ұйымдастырылды. Қарулы күштер мен Ұлттық ұланның әскери бөлімдері қару-жарақ пен атыс қаруының көрмелерін орналастырды.
«Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы қазіргі уақытта Қазақстанның барлық 20 облысында және қалаларында өңірлік филиалдарын ашты. Өңірлердің әкімдері бастап, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді жетілдіру бойынша Үйлестіру кеңестері құрылды. Елде қазірдің өзінде 8 000-нан астам әскери-патриоттық клуб, «Жас сарбаз» сыныптары және Smart sarbaz үйірмелері жұмыс істейді. Оларға 260 000-нан астам адам қатысады. Біздің есептеуіміз бойынша, бұл еліміздің жалпы білім беру мекемелеріндегі оқушылардың жалпы санының 7,2%-ды құрайды. Жақында ғана Қарулы Күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық ән фестивалі өтті. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 150-ден астам дарынды балалар қатысты.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлан СӘРСЕНҒАЛИҰЛЫ