Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандар құрылады.
Шекара шегіне ел қонады
934
оқылды

Президент Жарлығы 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының 9-бабы бойынша орындалады. Сонымен қатар арнайы қаулыға сәйкес Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімшілік орталығы Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Үлкен Нарын ауылынан Қатонқарағай ауылына көшіріледі. Тиісті құжат негізінде, Шығыс Қазақстан облысының құрамын: Қатонқарағай ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Үлкен Нарын ауылында орналасатын Үлкен Нарын ауданы; Күршім ауданының құрамынан бөлу жолымен әкімшілік орталығы Марқакөл ауылында орналасатын Марқакөл ауданы құрылады.

Ал Абай облысының құрамындағы Үржар ауданының құрамынан бөлу жолы­мен әкімшілік орталығы Мақаншы ауы­лында орналасатын Мақаншы ауданы құрылса, Семей қаласының құрамынан Абралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ, Алғабас, Ертіс, Новобаженово, Озерка, Приречный, Жиенәлі, Достық, Қараөлең, Көкентау ауылдық округтері мен Шүлбі, Шаған кенттерін бөлу жолымен Семей қаласының аумағында әкімшілік ғимараттарды ор­наластыра отырып, Жаңасемей ауданы құ­рылады. Жаңа аудандар жергілікті әлеу­меттік-экономикалық жағдайға оң ық­пал етпек. Жұмыстың тыңғылықты орын­далуы Президент Әкімшілігінің құ­зыретіне жүктелді.

Биыл маусым айында Түркістанда өт­­кен Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақ­­стан – Адал азамат» атты екінші оты­ры­сында Мемлекет басшысы шекаралас аймақтарды дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Президенттің айтуынша, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгертудің өзіндік стратегиялық мәні бар. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. 

– Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақ­тардың дамуына тың серпін берді. «AMANAT» партиясы бірқатар шекаралас ауданды қалпына келтіру туралы бастама көтергендігі туралы білесіздер. Үкімет менің тапсырмаммен бұл мәселені пысықтады. Мен соған сәйкес Қатонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылдадым.

Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстары бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтар­дың дамуына тың серпін берді, – деді Президент Түркістанда өткен Ұлттық құ­рыл­тайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде.

Бұл күнді шығыс жұрты ұзақ күтті. Тоқ­саныншы жылдардың соңында бұрын шекара шебіндегі Қатонқарағай Үлкен Нарынға қараса, Қытаймен шектесіп жатқан Марқакөл ауданы Күршімге, Ма­қан­шы Үржарға қарап кетіп, тұрғындары жұртта қалғандай күй кешті. Шекара шебі де ашық-шашық қалғандай, алаңдатушы­лық та бар еді жұртта. Шүкір аталған аудандарды қалпына келтіру туралы шешім шығыс халқын шын қуантты. Аудан мәр­те­бесінің қайтарылуы шекаралас аймақтардағы, шалғай ауылдағы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына, коммуналдық инфрақұры­лымының жақсаруына, жылу электр стан­са­ларының үздіксіз жұмысын қамтама­сыз етуге, жол салынып, көшелердің жарықтануы мен су тарту се­кілді бірқатар мә­селенің шешілуіне септігін тигізіп, елдің еңсесін көтеруі тиіс. Тиімді бағдар­ламалар қабылданса, тіршілік тамырына қайта қан жүгіріп, шығыстың шырайы кіреді деген үміт бар.

– Орталық мемлекеттік органдар, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдар­дың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қа­былдасын, – деп тапсырды Президент қаулысында.

Жалпы, соңғы жылдары елімізде аймақтық дербес экономикалық-әлеуметтік саясат жүргізуде оңтайлы тәжірибе қалыптасып келеді. Әсіресе, облыстардың ашылуы және жаңа әкімшілік-аумақтық аудандардың құрылуы ел экономика­сының әртараптануына, жергілікті халықтың ем-дом алуы үшін немесе қандай да бір шаруамен алыс орталықтарға сабылып, «ат арытып, тон тоздыру» мәселесіне нүк­те қояды. Пре­зидент айтқандай, стра­тегиялық әрі ұлт­тық, аумақтық қауіпсіздік мәселесіндегі өзек­ті тақырып. Ел шетіне ел қонса, ар­ма­­нын Астанамен астастыра,  ата­мекенінен үдере көшпек халықтың туған жер­ге деген қимастық сезімін оятары сөз­сіз. «Бәлен жерде бақыр бар» дегенге елеңдеп, ел шетін иен тастауға болмайды. Былтыр Президент аймақтарды, оның ішінде ауылды өркендету, ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш салуы керек. 

– Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. Біз елімізді өркендетеміз десек, ауыл мектебінің жай күйін жақсартуды мықтап қолға алуымыз керек. Бұл жұмысты «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Яғни, мектеп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау жұмысын тиісті деңгейде атқару маңызды, – деп ескертті Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін айтып, шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуі керегіне тоқталған-тын. Қазір Президент тапсырмасына сәйкес, Орталық мемлекеттік органдар, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімше­лерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдап, әлеуметтік-аумақтық реформаның кедергісіз жүзеге асуына назар аударып отыр. Осы орайда қазір Абай облысы әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Сәрсебаев, салалық нұсқауларға сәйкес дербес құрылымдық бөлімшелер ретінде үш жаңа басқарма құру жоспарланғанын айтты.

– Облыстың басқару схемасын өзгерту қажеттілігіне сәйкес үш жаңа басқарма – Жұмылдыру дайындығы жөніндегі басқарма, Дін істері басқармасы, Цифрлық даму басқармасы құрылады. Сонымен қатар мемлекеттің жер, қала құрылысы және аграрлық саясатын уақтылы іске асыру, аталған салаларда сапалы жаңа деңгейге қол жеткізу, сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру мақсатында, Абай облысының Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасын және Абай облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасын олардан сәулет, қала құрылысы, Абай облысының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасын құру бағытында жұмыстар жүргізіледі. Бұдан бөлек, жұмыстың ерекшелігіне қарай «Абай облысының Қоғамдық даму басқармасы» мемлекеттік мекеменің атауы «Абай облысының Ішкі саясат басқармасы» мемлекет мекемесі деп өзгерту жоспар­ланған, – деді Жасұлан Сәрсебаев.

Ал ШҚО әкімдігінің баспасөз хабарламасында:

«Бұл ауқымды әрі күрделі жұмыс, сондықтан бәрін алдын ала, жоспарлау және есептеу қажет. Қазір ұйымдастыру іс-шараларының жоспары жасалып, экономикалық есептеулер жүріліп, орталық мемлекеттік органдарға штаттық бірліктер, материалдық-техникалық базаны нығайту, объектілерді салу мен жөндеу бойынша тиісті өтінімдер берілді. Бұл ретте, басты мәселе кадрмен қамтамасыз ету. Болашақта нақ осы бағытқа басымдық берілмек», – деп жазылған.

Сонымен қатар ШҚО әкімдігі жаңа аудандарда мемлекеттік органдарды орналастыру үшін ғимараттарды жөндеу мәселесін пысықтап, басқа өңірлерден тартылатын мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және жаңадан құрылған аудандарда медициналық ұйымдарды аудандық деңгейге ауыстыру мәселелерін қарастырып жатыр.

Өр Алтайдың өршіл, әсем табиғаты мен асқаралы таулары, сарқырай аққан өзен-көлдері, әсіресе Қатонқарағай, Марқакөл өңірлері туризмді дамытуға қолайлы аймақ саналады. Егер шығысқа шындап туристер тарта білсе, «Туған жерге туыңды» ұранымен жақсы жұмыс, жайлы баспана салып,  жастардың шекаралас аймақтарға оралуына жағдай жасалса, жақсы болар еді. Шекаралық аймақтарда да өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерлік қолға алынса, ел шетін емен-жарқын жайлаған халық еліміздің шекарасын шегендеп,  ел іргесін бүтіндей түсетіні анық. 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ