Желтоқсан айы – еліміз екіұдай сезім кешер ай. Жер беті ақ көрпесін жамылып, терезелер әсем өрнектерге толған осынау мезгілдің біз үшін өз кереметтері жоқ емес. Қазақ біткен қысқы соғымын дайындап, алыс-жақынды шақырып, мәре-сәре болысып, күнтізбе беті ауысатын болғандықтан жаңа жылды да тойлауды ұмытпайды.
Түркі жұрты – тойлау ғұрпы
2,442
оқылды

Өткен жылға салауат айтып, келер жылға тілегін жеткізеді.  «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дейді.  Жаңа жыл туралы дау көп. Бірі «мұсылман қауымына жат мереке, біздің жаңа жылымыз – Наурыз мейрамы» десе, бірі мұның да ежелгі түркілерге тән мереке екенін айтады. Соңғы уақыттары бұқаралық ақпарат беттерінде «түркілер жаңа жылды тойлаған, шыршаны безендірген» деген сияқты ақпараттар жиілеп кеткені рас. Бұл жай долбар ма, әлде белгілі бір негізге сүйенген тарихи мәлімет пе? Бұл туралы этнограф-тарихшылар, мәдениеттанушылар не дейді? Біз осы сұрақ төңірегінде жауап іздеп көрдік.

Алғаш тарихи-танымдық еңбектерге қызығып жүрген шағымызда кәнігі тарихшылардың цифрларға толы деректерінен гөрі Ақселеу Сейдімбек, Олжас Сүлейменов, Серікбол Қондыбай, Таласбек Әсемқұлов, Әмірхан Балқыбек, Тыныштықбек Әбдікәкім сияқты әдебиетші, мәдениеттанушылардың, әуесқой тарихшылардың жазған-сызғандары біз үшін құныға оқитын еңбектерге айналды. Олардың еңбектері біздің ежелгі түркілік рухымызды түрткілеп, көне дүниетанымға деген, байырғы тарихымызға деген махаббатымызды оятқанын атап өтпеске болмас. Біз сонда оқырман ретінде стреотип болып кеткен тарихи деректерге де күмәнмен қарауды білдік. «Тарихты отарлау­шы, жеңімпаз мемлекеттер жазады» деген қағиданың мәніне үңілдік. Қазақ даласына ислам дінінің орнауы, орыс бодандығының саяси қызыл идеологиясы біршама тарихымызға өзгеріс енгізгені де жасырын емес. Енді бастапқы тақырыбымызға оралайық. Түркілер жаңа жылды тойлаған ба? Әлде, бұл бәрін өзінікі санайтын қожанасырлық па? Нартуған мерекесінің қазаққа һәм жаңа жылға қатысы бар ма? Ендеше бұл жөнінде мамандар сөйлесін. Мамандардың айтқанына тоқталмас бұрын, алдымен бұл пікірдің шығу төркініне соғып кетуді жөн көрдік. 

Нартуған – түркілердің жаңа жылды қарсы алуы ма?

Жаңа жылдың түркілерге тән мереке екенін айтқан тарихшылардың басында белгілі этнограф-тарихшы Ақселеу Сейдімбек тұр десек, артық айтқанымыз болмас. Ол кезінде: «Өмір-тіршілікте шарттылықтар өте көп. Сол шарттылықтардың ең ғажабы адам баласының уақытты межелеуіне қатыс­ты. Мәселен, осы күндері бүкілхалықтық қуаныш ретінде тойланып жатқан Жаңа жыл мейрамын алайықшы. Қалыптасқан ұғым бойынша, Жаңа жыл, яғни 1 қаңтар – Иса пайғамбардың туған күні. Бүкіл христиан әлемі осылай деп түсінеді, осындай деп тойлайды. Ол тойына «Рождество Христова» деп ат берген. Орыстар православ сенімінде болғандықтан, бұрынғы Юлиан күнтізбесінің межесі бойынша, желтоқсанның 25-ін Исаның туған күні деп тойлайды. Мен бір қызықты пікір айтайын. Осы Жаңа жыл тойы арысы Еуразияның ежелгі көш­­­пелі скиф-сақтарының, бергісі бүгінгі түркі халықтарының, оның ішінде қазақтардың да байырғы мейрамы деп есептеймін», – депті. Ғалымның бұлайша айтуы тегін болмаса керек-ті. Себебі қазақ халқы көш­­пелі өмір салтында ежелгі мыңдаған жылдар бұрынғы мүшелдік уақыт өлшемімен өмір сүргенін, төрт тоқсанға бөліп, жеке-жеке атау бергенін жоққа шығара алмаймыз. «Әрбір тоқсанның келу мезгілі күн мен түннің арақатысына сәйкес танылып: көктемгі күн-түн теңесімінде – Наурыз, күзгі теңесімде – Сабантой, жазғы түн тоқырауында – Сабатой, ал қысқы күн тоқырауында – Нартуған мерекелері атап өтілген екен. Ежелгі түркі танымында күн – мәңгі және ол сондықтан да жыл сайын өліп, қайта тіріледі. Оның өлетін күні жыл ішіндегі ең қысқа күндіз тәулігіне яғни, 22 желтоқсанға сәйкес келсе, қасиетті үш күннен соң күн-сәулесі қайта туып, бұл күн, 25 желтоқсанға сәйкес келген. Бұны түркілер Нартуған-Нартукан атайды», – дейді мәдениеттанушылар.

Бұл мереке тұрғысында тарихшы Жамбыл Артықбаевқа хабарласқанымызда, ол кісі бұл мереке туралы ешбір тарихи деректерден кездестірмегенін жеткізді. 

«Нартуған, Нұртуған мерекесі туралы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде ғана естіп бастадым. Бұл мерекені қандай қисынмен шығарғанын түсінбеймін. Жаңа жыл әуел баста Иса пайғамбардың туған күні деп хрис­тиан әлемінде басталған мереке. Бүкіл әлем Рождество деп тойлайды. Қазіргі Григорян күнтізбесін де соған лайықтап қойды. Исаны пайғамбар ретінде сыйлағаныммен жаңа жылға ешқандай қатысы жоқ деп білемін. Қазақтың жаңа жылы – Наурыз. Өзге түркі халықтары да осы мейрамды тойлайды. Тіпті, қазіргі рождествоны тойлап жүрген христиан халықтары да алғашында Наурызды тойлаған. «Қазақ этнографиясының кітапханасы» деген елу томдық қазақ этнографиясына қатысты деректерді жинақтап, шығарған тарихшы ретінде айтар болсам, сол елу томның ішінде Шоқаннан бастап, Ыбырай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты қазақтан шыққан этнографтары Аристов, Радлов, Броневский сынды шетелдік ғалымдардың толып жатқан түркі-қазақ этнографиясына қатысты еңбектері бар. Бірақ ешқайсысынан бұл мерекеге қатысты дерек кездестірмедім. Жұмыс үстелімде тұратын «Көне түрік сөздігі» деген кітаптан да таппадым. Бұл кітапты 1969 жылы ленинградтық ғалымдар түзген еді. Кітапқа көптеген жақсы ғалым атсалысқан еді. Ол кезде Ресей түркітануы біршама жақсы болатын. Екі күнде бір рет бетін парақтайтын Махмұд Қашғаридың үш томдығынан да мұндай дерек жолықтырмадым. 1990-жылдары қазақ тарихында біртүрлі бір үрдіс қалыптасты. Ойдан көптеген нәрсе туындады. Бірақ ғылымға олай қарауға болмайды ғой?!», – дейді тарихшы. 

Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева да бұл мерекенің қазақ этнографиясында кездеспейтінін, бірақ басқа түркі халықтарында жиі ұшырасатынын айтады. 

«Дегенмен қысқы тоқырауды атап өткенін жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе, солтүстікке жақын қысы ұзақ өңірлерде бұл мереке тойланғаны айтылады. Мұны, тіпті кезінде Серікбол Қондыбай да өзінің «Арғықазақ мифологиясы» деген көптомдық еңбектерінің екінші томында «Қаңтар және екіжүзді Янус» атты тарауында жазып кеткен болатын. Одан бөлек, Таласбек Әсемқұловтың, Ерік Көкеевтің Нұртөле аңызын талдаған мақалаларынан да кездестіруге болады. Сонда Серікбол Қондыбай ол туралы Қаңтардың, яғни Янус атты мифологиялық кейіпкердің қысқы тоқырауға қатысты екенін айтады. Өйткені аңызда кездесетін жыландар – ата-баба рухы. Соларға арнап құрбандықтар шалынатын деген деректер келтіреді. Бірақ өте ертеректе болғанын айтады. Серікбол Қондыбайдың өзі бұл мерекені атап өтуге қарсы болмаған, дегенмен өзі «Желтоқсан» оқиғасының қатысушысы, түрмеде болғандықтан желтоқсан айын – қаралы ай санаған. Сол себепті ол бұл мерекені 16-желтоқсан күні ата-бабалар рухына тағзым ету күні деп жариялауды ұсынған болатын», – дейді мәдениеттанушы. 

«Соғым – Күннің құрметіне шалынған құрбандық»

Нартуған туралы көптеген мақала жазып, бұл мерекені насихаттап жүрген мәдениеттанушылардың бірі – Серік Ерғали. Ол өз сөзінде тарихшылар тек жазба деректерге ғана емес, халықтардың тұрмыс-тіршілігінде сақталып қалған әдет-ғұрыптарын, дәстүрлерін да зерттеген дұрыс деп санайды. 

«Түркі халықтары төрт дүлейді, стихия Жаратқанның ұлы жаратындысы ретінде қастерлегені мәлім. Олар – су, от, топырақ және ауа. Түркі танымында аталмыш төрт дүлейге уақыттың төрт жылдық маусымы сәйкесетінін келтіріп жүрміз: көктемге – су дүлейі, жазға – от, күзге – топырақ, қысқа – ауа дүлейі шендесіп, соған орай кеңіс те төрт күйге түседі, төрт түрлі күй кешеді.  Ал қыс түсісімен ауа дүлейінің патшалығы орнап, жер бетіне орныққан тоқсан күн «желтоқсан» аталатыны содан. Көктем «жылға» сөзінен – «жылтоқсан», жаз - «оттоқсан», күз маусымы – «күзтоқсан» аталып келе бертініректе ұмытылған. Тек «желтоқсан» сөзі қыстың алғашқы айының атауына айналып, қолданыстан шықпай қалған.

Арғы ата-бабамыз желтоқсан айын со­­ғым­­нан бастайды. Бірақ бұл бүгінде қысқа ет қамдау науқанына айналып кеткен шаруа. Ал ежелгі нұсқасы– ұлы Өмірдің көзіне ай­нал­­ған жарықтың қайнары – күннің құрме­тіне құрбандық шалу еді. Бұл күнге бас ию не оны Құдай тұту емес, ғарыш заңдарына бағыну еді, ғаламдық теңгерімді сақтаудың бір ғұрпы – әуел бастан келе жатқан құрбандық.

Соғымның кейбір нұсқасында бірнеше жанұя бірігіп, бір ірі малды сойып, оны 12 жілікке бөлетін де, жеребемен бөлісіп алатын. Бұл тәңірлік дүниетаным жоралғысы еді. 12 жілігіңіз аспандағы 12 шоқжұлдызынан тұратын күн жүйесіне жататын кеңістің құрылымын паш ету белгісі әрі сол кеңістіктің амандығын тілеуден туындайды. Бүгінгі кванттық қағида ғаламды 12 өлшемдік кеңістік ретінде мойындайды. Оны ата-бабамыз әуелден білген. Сол себепті 12 тайпа бір хандыққа біріккен, 12 жыл бір мүшелді құраған.

Әу бастағы ұлы Жаратушының бейнесі Нұр-Сәуле болатын. Жарықтың қадырын қараңғы арттырады. Аспан ілімі жоққа шығара алмайтын күн мен түннің текетіресі бар. Жылдың 4 мезгіліне сай, екі рет теңеседі, екі рет күн мен түн тайталасады. Бұл – жай ғана механикалық нәрсе емес, жердегі тіршілікке тікелей гео-тео қуатымен әсер ететін кванттық құбылыс еді. Міне, осының ше­шімін адамзат әлгіндей құрбандық қағаидасымен жапса керек. 

Таным бойынша күн жылына бір рет өліп-тіріледі-міс. Бұл да жарық пен түнекті теңгеруден шығатын заңдылық қана емес, құдыреттің мәңгілік сипаты. Әсіресе, түркілер мәңгілікті өліп-тірілу айналымы түрінде елестетеді. Шамасы, өліп-тірілмей мәңгіліктің жоқтығын ескерген қағида содан шыққан. Ол «өлім» күн жүйесі үшін жыл сайын 21-22 желтоқсанда болады да, ғаламдық құдыреттің күшімен үш тәуліктен соң әлемдік Нұр-Сәуле қайта туады.

Күннің қайта туу сәті ол өлгеннен кейін 3 күннен соң кәзіргі күнтізбеде 25 желтоқсанға келеді. Мұны, түркілер Нартуған, Нартукан атайды. Шұбаш, татар-башқұрттарда сақталған. Қазақта жоралғы түрінде емес, адамның есімі ретінде Нартуған, Нұртуған сақталды. Бұл күн айтулы мереке ретінде талай жұртта сақталып, әр халық бұл күнмен өз наным-танымын бейнелейді: мажар халқында – «карачун»/қаратүн; полякта «қызыл жұмыртқа күні», шұбашта – нартукан т.с.с. Ал қазақ бұны ұлы мереке ретінде емес, соның жұрнағы болған құрбандықты «соғым басы» ретінде өзгертіп, тұрмыстық салтқа бейімдеп кеткен, ғұрыптың мәні ислам дінінің келуімен ұмытылған. Алайда әрбір қуаныш сайын, тойда қазақ халқы жер мен көкке шашыраған күннің сәулесі түрінде дастар­­­қанға қызыл ала бауырсақты шашып тастайды. Және де шала туған баланы «қызыл шақа» дейтіні бар: жаңа туған нәресте дегені. Шақа/шаға сөздері ежелгі түркілік «бала» дегенді білдіреді. Осыған қарағанда ойын-тойда бауырсақ пісіріп шашып тастау дәл осы Нартуған күнінен бастау алса керек. Алайда оның шын мәні жаңа идеологияның басқынымен жасырылған.

Қазақта бүгінде қасиетті сәулені «нұр» дейді, бірақ бұл ежелгі «күн» ұғымы болатын да оны «нар» атаған: бертін келе оған исламдық «нұр» сөзі ұласты. Ислам діні жетпеген маңғол жұрты әлі «нар» атайды. Айды «сар» дейді.

Сонымен 25 желтоқсан – Нартуған күні. Бұны Еуропада «Рождество» дейді де, оны Иса пайғамбар дүниеге келген күнмен шендестіреді. Алайда бұл жерде саясат араласқан идеология бар. Еуропаны жайлап кеткен қалың Ғұндар осыдан 2000 жыл бұрын Рим империясына қатер төндіре бергендіктен, оларды идеологиялық ауыздықпен басқару ойластырылып, ақыры тәңірлік танымының мәйегінен христиан діні қалыптасты. Және 4 ғасыр өткен соң ғана Иса пайғамбар сол діннің басиесі болды. Міне, сол кезде көк пен жердің арасын жалғаған мифтік көкшыр­ша «Йол/йөл» (көк пен жерді жалғайтын «жол» сөзінің нұсқасы) болып Рождествоның басты атрибутына, ал Нартуған пайғамбар Иса туған күнге айналып шыға келді. Бірақ ол кезде Нартуғанның да мәні ұлы туылыс болғандықтан, еуропаланған бұрынғы далалықтар «рождествоны» жатырқаған жоқ, өз танымы ретінде қабылдады. Осылайша, Рождество мейрамы пайда болды. Жаңа дегеніміз – ескіні жаңғырту деген осы», – дейді мәдениеттанушы.

Сонымен қатар Серік Ерғали Нартуған мейрамының мазмұнын айғақтай түсетін тарихи Аңырақай тауындағы жартастағы петроглифте бейнеленген  жазғы маусымды байқататын көтерем сиыр осы қыс мезгілінің тірілей бейнесі екенін айтады. Қазақ ұғымында қыс маусымы уақыттың қартаю белгісін білдіретінін айтқан ол ұлы Абайдың «Қыс» өлеңіндегі: «Кәрі құдаң қыс келіп әлек салды» – деген жолы соны меңзейтінін жеткізді.

Түріктер шыршаны безендірген бе?

Мәдениеттанушылар Нартуған мерекесінің атрибуттық нышандарының бірі – Шырша болғанын айтады. «Ол  – ауа дүлейі­не төтеп беріп, түсін бермейтін мәңгі жасыл ағаш, уақыттың мәңгілік нышаны. Табиғаттағы жолтеректің, яғни тілектің жолы. Шыршаны жолтерек түрінде де пайдалануға болады», – дейді олар. Иә, алып Бәйтеректі біз бала кезімізде тыңдаған, оқыған кез келген ертегілерден жиі кездестіреміз. Әсіресе, оның мәні Ер Төстік ертегісінде өте жақсы ашылған. Ер Төстіктің Бәйтеректің ұшар басындағы Самұрық құстың жұмыртқасына өрмелеген алып жыланмен айқасуы да бір ерекше суреттеледі. Бұл ретте, Серік Ерғали «Бәйтерек, Жолтерек – түркілік танымдағы ғаламдық ағаш. Ал бәйтеректі орап жататын жылан кейіпті жеті басты айдаһар – уақыт. Айдаһардың жеті басты – болуы оның о бастан аса жетілген ғаламдық құдыретті дүлей екендігінде. Жеті санымен түркілер құдыретті кемелдікті таныған. Ал самұрық – бақ құсы, адамның мұраты, уақыттың болашақ бөлігі мен адамды соған жеткізер «көлігі»!», – дейді ғалымдар. «Міне, осы миф арқаудағы бәйтерек Наурыз рәсімінде Йол (киіз үйде бұл – бақан) ретінде кейіптелсе, ал айдаһардың рөлін «йолды» айнала тізбектелген адам­дар атқар­­ған. Бұл алтын ордалық күйреуден соң христиандық Туылыс/Рождество мейрамының ғұрпы мен атрибутына айналды. Бір қызығы, қол ұстасқан адамдар он екі айдың немесе он екі мүшелдік жылдың болмаса үш жүз алпыс бес күннің кейпінде би­леп айналған. Бұны Таңбалы тасжазбасындағы он екі кейіптің биінен байқаймыз», – дейді.

Осы тақырыпты қаузау барысында ғаламтордан Гүлжaмaл Қортaбaевaның «Түркі мифологиясы» (Aлмaты «Қaзaқ уни­вер­си­те­ті» 2019) оқу құрaлы кітабының электронды нұсқасын оқып шығу нәсіп болды. Онда: «Aлтaйлықтaр, шорлaр жә­не хaкaстaрдың ми­фо­ло­гия­лық көз­ қaрaстaры бір-бі­рі­не өте жaқын. Ежел­гі түр­кі дәс­түр­ле­рі көк­ке, жер-су иеле­рі­не, Ұмaй-Aнaғa тaбы­ну жә­не олaрғa құр­бaндық шaлу, құт турaлы көзқaрaстaр жaтaды», – дей келе: «Мысaлы, тү­рік жaзу­шы­сы, шу­мер өр­ке­ние­тін зерт­теу­ші Муaззез Чиг­тің пaйымдa­уын­шa, тү­рік­тер­дің шыршaны бе­зен­ді­ру дәс­тү­рі Кі­ші Aзияны ме­кен­деуі­нен бұ­рын пaйдa болғaн. Шы­нындa, шыршaны бе­зен­ді­ру ме­ре­ке­сі жaңaру кү­ні деп aтaлып, 22-жел­тоқсaндa жыл­дың ең ұзaқ тү­ні aяқтaлғaндa өт­кі­зі­ле­тін болғaн. Осы кү­ні шыршaны әде­мі жіп­тер­мен әсем­деп, ән шырқaп, дәм­ді тaғaм түр­ле­рін мо­лынaн дaярлaғaн. «Жaңa жыл­дық шыршa дәс­тү­рі Еу­ропaғa ке­зін­де Волгaдaн Рей­нге де­йін­гі aймaқтa aлып мем­ле­кет құрғaн ғұндaрдaн кел­ген», – деп нық тұ­жы­рымдaйды шу­ме­ро­лог жaзу­шы Муaззез Чиг Ил­мие», – деген дерек келтіреді. 

Сонымен қатар онда «Жол­те­рек – ежел­гі про­то­түр­кі­лік се­нім бо­йын­шa дү­ние 3 қa­бaт­тaн тұрaтын әлем­дер­ден құрaлғaн: жерaсты, жер бе­ті жә­не aспaн; бұлaрды бaйлaныс­тырaтын Йол – жол­те­рек. Бaсты ме­ре­ке­лер­де осы Жол­те­рек aрқы­лы түр­кі­лер ті­ле­гін, aрмaн-aңсaрын көк­ке жө­не­лт­кен. Жол­те­рек – сaхa хaлқы­ның жaңa жы­лы есеп­те­ле­тін ЫсыaхОлон­хо ме­ре­ке­сі­нің бaсты aтри­бу­ты. Олaр мұ­ны «Aaл луук мaс» / «Aлып ұлы aғaш» деп aтaйды. Бұл, әсі­ре­се сaхaлaрдың Ысыaх мейрaмындa мaмa aғaш тү­рін­де, Сі­бір түр­кі­лер­дің ме­ре­ке­сін­де әлі күн­ге де­йін­ сaқтaлғaн. Жол­те­рек (ежел­гі түр­кі­лік «йол» ұғы­мы) – бaсынa көк күм­бе­зі ре­тін­де кө­гіл­дір шaңырaқ орнaтылғaн; күм­без­дің aстын aлa әше­кей бaулaр бе­кі­ті­ле­тін шы­ғы­ры бaр се­гіз­бұ­рыш жә­не тө­мен­гі тұ­сынaн дa се­гіз­бұ­рыш бе­кі­тіл­ген, екі се­гіз­бұ­рыш aрқы­лы (же­ті түс­ті 3 қaйт­aрa ке­ріл­ген) 21 бaумен, құр­мен не­ме­се тaспaмен әше­кей­лен­ген, өне бо­йынa же­ті түс­ті тaспa орaтылғaн бaқaн не­ме­се сы­рық.

Жол­те­рек aтaуы ежел­гі тә­ңір­лік тaным­ды хрис­тиaндық құн­ды­лыққa aйнaлдырғaн хaлықтaр жaңa жыл­дық шыршa тү­рін­де қолдaнып жүр. Сөз төр­кі­нін тaлдaсaқ, «йол», «жол» сө­зі­не орыс ті­лін­де­гі «кa» жaлғaуы жaлғaнып, йолкa сө­зі «ёлкa» aтa­уын­ ие­лен­ді. Түр­кітaну­шылaр қaзір­гі жaңa жылдaғы йол­дың төр­кі­ні осы де­ген пі­кір­ді aйт­aды. Шоқ­те­рек тaу іс­пет­ті шоқ­те­рек­тің киелі­ге те­лі­нуі бе­кер­ден бе­кер емес. Жерaсты, жерүс­ті, көк aспaнды бaйлaныс­ты­ру­шы тaу жә­не шоқ­ те­рек (aлып aғaш) көк түр­кі­лер дү­ниетaны­мы бо­йын­шa құр­мет­ті орынғa ие екен­ді­гі турaлы қытaй жылнaмaшылaры дa мол де­рек­ тер жaзып қaлдырғaн. «Маң­ғол­дың құ­пия ше­жі­ре­сін­де» Шың­ғыс хaн бaстaғaн топ­тың ке­зек­ті бір же­ңіс­тен ке­йін­ әулие aғaштың тү­бін­де aяқтaры тaлғaншa, aяқ­киім­де­рі жер­ге же­лін­ген­ше би­ле­ген­де­рі турaлы жaзбa кез­де­се­ді», – деген жазба кездеседі.

Исаның Рождествоға қатысы бар ма?

Уикипедиядан Рождество Христово мен жаңа жылдың шығуы туралы қысқаша мәліметтер берілген екен. Онда: «Иса а.с. Ма­сихті христиан әлемі құдай деп таниды. Сол сияқты Митра да парсы құдайы, Осирис Египет құдайы, Вакх грек құдайы, Кришна Үндістан құдайы, Будда буддизмнің негізін салушы оны да құдай деп есептейді. Заратустра Зарасторизмнің негізін салушы. Бұлардың барлығы да құдай деген атауға ие. Бұлардың туған күндерінде де ұқсастықтар бар. Барлығы сол желтоқсанның 25-де дүниеге келген екен. Рим империясында көп­құдай­­­шылдар өздері жартылай құдай жартылай адам деп табынатын Митраның туған күнін (Рождествосын) сән-салтанатпен атап өтетін болған. Олардың жалған діні бойынша Митра 25 желтоқсан күні бір үнгірде жануарлар арасында туған. Тура осы сияқты славяндар да христиан дінін қабылдаудан бұрын көп жалған құдайларының біреуі болған Коляданың Рождествосын тойлаған (олардың Рождествода айтатын әндері бүгін де «колядки» деп аталады). Ел арасында кең тараған бұл мерекені ығыстырып тастау үшін ІV ғасырда бұрын сол Митраның бас табынушысы болған, кейіннен христиан дінін жаңадан қабылдаған Византия империясының императоры Константин 25-желтоқсанды Иисус­тың (Иса а.с.) туған күні деп жариялаған. Оған дейін Исаға тиісті бұндай атаулы күнді ешкім білмеген де, тойламаған да. Көпқұдайшыл болған римдіктердің сенімі бойынша, егер адам өз үйіне лавр (үнемі жасыл болып өсетін ағаштың бір түрі) ағашын тігіп қойса, онда оның үйінен көктем кетпейді-мыс. Сондықтан да, олар сол ағашты өз үйлеріне әр қыс келген сайын тігіп қоятын болған. Герман тайпалары да солай істеген. Бірақ лаврдың орнына олар ель (шырша) ағашын пайдаланған. Көріп тұрғанымыздай, бұл да Исаға және оның Рождествосына қатысы жоқ» делінген ақпарат беріліпті. 

Ал өзге дереккөздерде 532 жылға дейін бүкіл Еуропа христиан дініне сол көзбен қараған Диоклитанның календарын тұтын­ғандығы, кейіннен христиан дінін сенімі­нің тұғыры еткендер Иса (ғ.с.) пай­ғамбардың туған күнін жыл ба­­сы еткісі келетінін жазады. Десек те, сол кез­дегі ғалымдардың ешқайсысы Исаның өмірге келген күнін біл­мейтін болып шығады. Сонда бо­саға жақта отырған скифтен шық­қан есепші жұлдызшы Диониси деген кісі: «Жарықтық Иса пайғам­бардың туған күнін мен білуші едім. Ол осыдан аттай 532 жыл бұрын дүниеге келген», – деп, көшпелілер үшін қасиетті сан болып есептелетін 532 деген санды айтқанын жеткізеді. Яғни, сол кездегі көшпелілер табынатын аспан денелерінен Ай 19 жылда бір рет дөңгелегін жаңғыртып отырады. Осы айдың дөңгелегінің саны – 19 бен күннің дөңгелегінің саны 28-дің көбейтіндісі – 532. Осылайша, бүгінгі қолданыстағы григориан күнтізбесінің өзін түркілер негіздеп берген деген болжам жасайды. Иә, ақпараттар өте көп. Анық-қанығын тарихшылар айта жатар. 

 

ТҮЙІН:

Мақала жазу барысында екіұдай сезім кешкенімізді жасыра алмаймыз. Мамандардың сан-алуан пікірлері санаңды сан-саққа жүгіртіп қоюы – әдеттегі құбылыс емес пе?! Кейбір тарихшылар, тіпті Аяз атаның шапанының өзі қазіргі қазақ шекпенінен айырмасы жоқ екенін, басындағы бөрігінің де түркілерді еске түсіретінін айтады. Ол кезде ешқандай еуро­палық дәл осындай үлгіде киім тіккізбеген дейді. Сонымен бірге «аспан денелерін бес саусағындай біліп, табиғат тылсымын зерттеген «астроном» ата-бабаларымыз күн мен түн теңелгенде Наурызды тойлап, ал 25 желтоқсандағы (осы күннен бастап, түн қысқара бастайды) күннің түнді «жеңгенін» ұмыт қалдыруы әсте мүмкін бе?», – деген сауал тастайды. Расымен де, бүкіл әлем тойлап жүрген жаңа жылымыз кезіндегі Абай хәкімнің: «Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ой», – дегеніндей болса ше? Алдияр оқырман өзі таразыласын! Ал біздің тілек: Жаңа жылымыз елімізді бәле-жаладан сақтап, қазақтығымызды ғұмырлы етсін дейміз!

Наурызбек САРША