Оқушылар сарайы құрылысымен танысты
Мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Данабек Исабеков өңірлерге сапары аясында Шымкент қаласындағы оқушылар сарайының құрылысымен танысты. Жоба партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының Жол картасы аясында қолға алынған.
Оқушылар сарайының құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған. Мердігер ұйым – BI-Global ЖШС. Қазір учаскедегі жұмыстың 30 пайызы аяқталып, қаржыландырудың болмауына байланысты уақытша тоқтатылған.
Мамандардың айтуынша, оқушылар сарайы биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жобаның жалпы құны 9,5 млн теңгеден асады, бір ауысымда 500 адамды қабылдай алады. 7 мен 18 жас аралығындағы оқушыларға арналған.
«Партияның сайлауалды бағдарламасындағы басымдыққа ие бағыттың бірі –білім саласы. Сайлауалды бағдарламада жаңа оқушылар сарайы, жас техник стансалары, балалар технопаркі, музыка және өнер мектептері қамтылған болатын. Әр бала спорт секциясына, шығармашылық студияға немесе техникалық үйірмеге тегін қатысуы үшін ашық негізде «Арт Спорт» бағдарламасы жалғасын табатын болады. Мегаполис әрі бала туу көрсеткіші жоғары өңір ретінде де шаһарда бірнеше оқушылар сарайы болуы тиіс деп санаймын», – деді Д.Исабеков.
Нысанның үш қабатында денешынықтыру, көркем-эстетика, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және музыкалық білім беретін бірнеше блок орналасады. Сондай-ақ шағын футбол, баскетбол, волейбол, воркаут және балалар алаңдарымен жабдықталады.
«Тұран шағынауданында салынып жатқан оқушылар сарайы балалар үшін де, педагогтер үшін де инновациялық алаңға айналатынына сенімдімін. Жастар болашақ мамандығын нық таңдап, креативті, белсенді азаматтық ұстаным иесі болуы тиіс. Білімді жастар – елдің зияткерлік әлеуеті екенін ұмытпауымыз керек», – деді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, мәслихат депутаты Бахадыр Нарымбетов.
Жиын қорытындысы бойынша Данабек Исабеков Мәжіліс деңгейінде шешілетін мәселелерді өз бақылауына алатынын айтты.
Есірткіге қатысты қылмыстың көбі интернет арқылы жасалады
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы Шымкент қаласы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына барып, ұжыммен кездесті.
Жиынға «AMANAT» партиясының мүшелері, Полиция департаментінің басшылық құрамы мен қызметкерлері қатысты.
Мәжіліс депутаты бүгінде Шымкент қаласы бойынша барлығы 81 елді мекен, 4 200 көше бар екенін айтып, осы аумақтарда қылмыс санының көбейіп жатқанына тоқталды.
– Құқықтық мемлекеттің заңнамасы қолжетімді, қарапайым және қисынды болуы керек. Әрбір азамат заң мәнін, өз құқықтары мен міндеттерін білуі және қорғай алуы тиіс. Шымкент қаласында есірткіні заңсыз тасымалдау, сату фактісі көбейген. Есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасының қызметкерлері өткен жылы есірткімен байланысты 506 қылмыстық құқықбұзушылықты анықтады. Нәтижесінде, заңсыз айналымнан 137 келі есірткі заттары, оның ішінде 15 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленген, – деді Болатбек Нажметдинұлы.
Депутаттың айтуынша, есірткі сатуға байланысты қылмыстың тең жартысы интернет арқылы жасалып, онымен айналысатындардың 80 пайызы 30 жасқа дейінгі азаматтар екені анықталған. Өткен жылы есірткіге тәуелді адамдардың саны 158-ге артқан.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысы Думан Ашкенұлының мәліметінше, «Қауіпсіз мектеп» бағдарламасы аясында 186 мемлекеттік және жекеменшік мектептерде 3 318 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал «Қауіпсіз аула» қағидасы бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның 2 430 бейнебақылау камерасы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына біріктірілген.
Сонымен қатар жерасты өткелерінде, денсаулық сақтау нысандарында, сауда орталықтарында, базарларда және дүкендерде 262 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр.
Жылу жүйесі мен су-фильтрлеу стансасын аралады
Депутат Самат Нұртаза әріптесі Павел Казанцевпен бірге Астана маңындағы жылу беру жүйесінің жұмысымен танысып, жұмыстардың уақытында жасалуын қадағалап шыққан. Астана іргесіндегі «Қызыл Суат» ауылының қасында орналасқан қазандықтың болашақта ел ордасы үшін мүмкіндігі мол қосалқы қазандық боларын айтып отыр. «Бұл қазандық өсіп, кеңейіп келе жатқан Астанамыздың жылу жүйесіне таптырмайтын қосымша болайын деп тұр.
Техникалар мен жабдықтаулар 24 сағат қадағалануда. Жұмысшылар арнайы Германияда мамандық бойынша курстарды тәмамдағандар. Бұл су жаңа қазандық өзге нысандарға үлгі боларлық. Осындай заманауи қазандықтар әр қалада болу керек деген ойдамын», – дейді депутат.
Одан бөлек, қос депутат Астананың шетінде орналасқан су-фильтрлеу стансасына арнайы барып, шаһар әкімі орынбасарының және құрылыс мердігерінің сондай-ақ, химио-бактериялық лаборатория басшысының баяндамаларын тыңдап шыққан.
«Астана қаласындағы су мәселесі жақын арада стратегиялық маңызы бар проблемаға айналатын түрі бар. Осындай стансалар барлық аймақта болу керек деп ойлаймын. Қазақстандағы көптеген маңызды өзендердің бастауы шетелде болғанын ескерсек, онда су мәселесіне бейжай қарауға болмайтыны анық», – дейді өз сөзінде Самат Нұртаза.
Лак-бояу өнімдерін шығаратын кәсіпорынға барды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Руслан Қожасбаев өңірлерге сапары барысында Жетісу облысының Талдықорған қаласындағы «Алматы бояулары» ЖШС жұмысымен танысты.
Озық технологиялар арқылы өнім шығаратын зауыт жылына 5 мың тонна лак-бояу материалдарын және 6 мың тонна термопластик өндіреді. Кәсіпорында 100-ге жуық білікті маман қызмет етеді. Өндірістің жұмыс істеуі үшін қажетті барлық инфрақұрылым бар.
Кездесуде кәсіпорын басшылығы отандық тауар өндірушілерді барынша қолдау керек екенін айтты.
Қазіргі нарықтық сауда жүйесі сөрелерде отандық өнімнің болуына және оның сатылуына жағдай жасау керек. «Алматы бояулары» ЖШС өнімдері жаңа технологиялардың көмегімен өндіріледі. Сонымен қатар сапа менеджменті жүйесіне сәйкес сертификаттары бар.
«Бұл сертификаттарды әрі қарай қолдап, олардан бас тартпау керек. Сондай-ақ ұзақмерзімді келісімшарттар жасау да маңызды», – деді зауыт директорының орынбасары Римма Салықова.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты отандық өндірушілерді толығымен қолдайтынын және мәселені жеке бақылауына алатынын атап өтті.
Шығыстағы кездесулер
Парламент Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясының фракция мүшелері Ұлықбек Тумашинов пен Ерлан Саиров Шығыс Қазақстан өңіріне барып бірнеше кездесу өткізді. «Әріптесім Ұлықбек Тұмашыновпен бірге ШҚО облыс әкімі Ермек Көшербаевпен кездесіп, шекаралық Катон-Қарағай, Марқакөл аудандарының ашылып, даму проблематикасы мен Риддер қаласындағы денсаулық сақтау мәселелерін талқыладық», – дейді Ерлан Биахметұлы Саиров.
Өңір басшысымен кездесу барысында Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары талқыланып, негізгі мәселелердің бірі қос бірдей жаңа аудандар, Үлкен Нарын мен Марқакөлдің құрылу жұмыстарының нәтижелері баяндалды. Қазірдің өзінде қаржыландыру көлемі, штат бірліктерінің қажетті саны және әкімшілік ғимараттарға қажеттілік анықталып, көлемді жұмыстардың атқарылғаны белгілі болды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Беделбайұлы депутаттармен кездесу барысында Мемлекет басшысы мен Үкіметтің Риддер ЖЭО жұмысын қалпына келтірудегі қолдауын жоғары бағалағанын жеткізді. Сондай-ақ өңір басшысы республикалық бюджеттен материалдық-техникалық базаны нығайтуға және қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге қаражат бөлу мүмкіндіктері турасында баяндады. Одан бөлек, депутаттар салынып жатқан «Нұрлы Жол» шағынауданындағы гематологиялық орталық пен мектепке, және көпсалалы колледж студенттеріне арналған пайдалануға дайын жатақханаларды аралап көрді.
Берік БЕК