Осы аптада республикалық белді басылымдардың біріне берген сұхбатында да ол осы мәселеге арнайы тоқталып өтті. Біз көлемді материалдың экономикалық блокқа қатысты тұстарын талқылап көрген едік.
Азаматтардың тұрмыс сапасы әлдеқайда маңыздырақ
Президенттен сұхбат алған журналист Дихан Қамзабекұлы Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің 2023-2024 жылдары Қазақстан экономикасының өсімі 3-4%-дан аспайтыны туралы болжамдарын алға тартып, «Мұндай қарқынмен мақсатқа жете аламыз ба?» деп сұрақ қойған еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әрине, бұл – жетуге болатын меже!» деп мәлім етті. Президенттің айтуынша, Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр екен. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы Ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады. Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Ендеше Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетпек. Әйтсе де, Мемлекет басшысы бұл цифралардан гөрі, яки макроэкономикалық көрсеткіштерден бұрын азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы әлдеқайда маңыздырақ екенін айтып отыр.
«Халқымыз «Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, жаңа айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады. Осы орайда негізгі екі бағытқа тоқталайын.
Біріншіден, еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажет. Сондай міндеттің бірі – ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Қыркүйектегі Жолдауда Үкіметке мұндай жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдерімен, институционалды инвесторлармен және сарапшылармен бірге пысықталып, нақты жұмыс істеліп жатыр.
Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Бұл міндетті орындауға жекешелендіру және активтерді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдейе түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген.
Екінші бағыттағы жұмыс экономиканың барлық саласына қатысты «ойын тәртібін» белгілейтін жүйелі реформаларды жүзеге асыру шараларын қамтиды.
Менің тапсырмаммен Үкімет мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексін әзірлеп жатыр. Салық жүйесін жетілдіргенде тек төлем жинау тәсілімен шектеліп қалмау өте маңызды. Бір жағынан, инвесторларға қолайлы жағдай жасау керек. Екінші жағынан, бюджет кірісінің азайып кетпеуіне мән берген жөн. Яғни, таразы басын тең ұстау қажет», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Журналистің осы тұстағы сұрағына жауап бере отырып, Мемлекет басшысы жаңа Бюджет кодексіне, мемлекеттік сатып алу ісінің ашықтығына, квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру мәселелеріне де тоқталды. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керегін ашып айтты. Сөзбе-сөз келтірсек, «Кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз».
Сарапшылар не дейді?
Кез келген мемлекет басшысы жаңа жылда өткен жылды қорытындылап, келер жылдағы мақсаттарын жария ететін дәстүр бар. Ал біздің Президентіміз халыққа Жолдауын 1 қыркүйек күні өткізеді. Себебі ол кезде бюджет қалыптастырылады да, онда қандай өзгерістер болатыны айтылады. Кейін Парламент пен Үкімет сол бюджетті қабылдаған кезде Президенттің тапсырмаларын енгізеді. Сол себепті күздің алғашқы айының ел өміріндегі маңызы бұрыннан солай қалыптасқан. Ал жаңа жылдағы сұхбаттың арқалар жүгі мен атқарар миссиясы өз алдына бір төбе. Оның бағасын былайғы оқырман, қарапайым азаматтар да беріп жатқан болар. Ал экономист сарапшыларды қуантқаны – жаңа жылдан басталған жаңа меже.
«Президент өкілеттілігі 7 жыл мерзімде, 2023 жылдан 2029 жылға дейін Ішкі жалпы өнімді екі есеге – 250 млрд доллардан 450 млрд долларға өсіру міндетін қойып отыр. Бұл – өте күрделі мақсат. Бірақ Мемлекет басшысының өзі айтқандай, қол жеткізуге болатын меже. Мәселен, Қазақстанда 2001-2007 жылдарда, кейіннен 2009-2014 жылдарда ІЖӨ-ні екі еселеген уақыттарымыз болды. Былайша айтқанда, тәжірибе бар. Ол кезде, әрине мұнайдың бағасы жоғары болды, басқа да индустриалды-инновациялық жоспарларды жүзеге асырдық. Ал 2014-тен 2022 жылға дейін біздің экономикамыздың нақты көлемі өспеді. Себебі 2015 жылғы шикізаттық дағдарыс бар, 2020-да пандемия ушықты, одан кейін Қаңтар оқиғасы болды. Сондықтан да, менің ойымша, соңғы 7 жылда экономикамыздың өспегенінің нәтижесінде белгілі бір потенциалдық энергия пайда болып, өсуге мүмкіндік туды. Әрине, геосаяси жағдай, Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс кедергі жасауы ықтимал. Бірақ бәрібір де ол соншалықты шектеу сала алмайды. Сол себеп Қазақстанда ІЖӨ-ні екі еселеуге мүмкіндік бар деп есептеймін. Егер де бізде жан басына шаққандағы Ішкі жалпы өнім бүгінде 13 мың доллар десек, 2028-2029 жылдары оның 16,8 тіпті 17 мың долларға жетуі өте үлкен жетістік болар еді. Ондай жағдайда біз шығыс Еуропа мемлекеттері деңгейіне жетеміз деп айта аламыз», – дейді экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы Сапарбай Жобаев.
Әрине, жаңа меже – Еуропа болу емес екені белгілі. Орталық Азиядағы орнымызды сақтап қала алсақ та, біз үшін үлкен жетістік болмақ. Ал бұл тұрғыда қозғау бар, мақсат – айқын, бағыт – түзу. Тек сүрінбей-жаңылмай жүзеге асыра алсақ болғаны.
«Президенттің сұхбатын біздің алдағы 5 жыл көлеміндегі стратегиялық жоспарымыз деуге болады. Соның ішінде ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың көлемін екі есе өсіру межесін мен толық қостаймын. Өйткені біздің экономиканың қарқынды түрде өсуіне барлық алғышарт жасалған. Қазақстанның даму ерекшелігінің өзі Орталық Азия мемлекеттерінің ішіндегі инвестициялық климаты өте жоғары тартымды әрі тиімді ел екенінде. Біз өзімізді осы тұрғыда көрсете алдық. Былтыр желтоқсан айында заңға өзгерістер енгізіліп, «Инвестициялық штаб» құру бастамасының жүзеге асуының өзі бізге келетін инвестициялардың қарқынды болуына бірден-бір әсерін тигізбек. Яки, штабтың құзыреттілігі артып отыр, оның инвестиция тартудағы жұмысының нәтижелілігін қадағалауға және реттеуге біз тікелей мүмкіндік алып отырмыз. Бұл өз кезегінде жергілікті жерлерде, аудандарда, облыстарда, ірі қалаларда орталық атқарушы органдар тарапынан жүзеге асып жатқан жұмыстардың ашықтығына әкелмек. Тіпті, олар инвестициялық жобалардың жүзеге асуына жағдай жасамайтын болса, қызметінен кетіруге өкілеттік бар. Мұның өзі облыс әкімдеріне түрткі болатын дүние. Бұл инвестициялық климатты қолайлы ете түсуге, инвестициялық жобалардың қатарын көбейтуге себепкер болатын жайт», – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Оның айтуынша, тек бір нәрсені ескеруіміз қажет. Инвестициялық саясат дегенде жалпы қазақстандық ортақ ұстаным болғаны дұрыс, бірақ та өңірлердің экономикалық, табиғи, әлеуметтік өзіне тән ерекшеліктерін де ескеруіміз керек. Мәселен, солтүстік өңірге астықпен байланысты, шекарамаңы өңірлерге өндіріспен байланысты жобаларды тартқан маңызды. Сол сияқты Шығыс Қазақстанда мал шаруашылығымен байланысты инвестициялық жобаларды шоғырландырған, оның ішінде етті, жүнді тұқымдарды дамыту, тері илеу өндірісін жолға қойған тиімді. Батыс өңірлерде венчурлық инвестицияларды, мұнай-газ, химиялық өнеркәсіп саласын дамытқан жөн. Ең басты бағыт, біз тек қана экспортқа шығаратын мемлекет емес, экспортқа шығарған шикізаттарды дайын өнімге айналдыруға мүмкіндігі бар мемлекетке айналуымыз керек. Ол үшін ірі экспорттаушыларға шағын және орта бизнесті байланыстыру керек. Экономиканы әртараптандырудың бір жолы осы. Оған қоса, Президент айтып отырған жан басына шаққандағы Ішкі жалпы өнімді екі еселеудің де бір жолы осындай тірнектеп жасалатын шаруалар.
«Президент сұхбатында барлығы шынайы жағдайға сай айтылған. Ешқандай да алып-ұшпа ұрандар жоқ, елдегі ахуалға нақты бағасы берілген. Ал ІЖӨ-ні екі еселеуге келер болсақ, оны жүзеге асыруға расында да барлық мүмкіндік бар. Біз ақыры экономиканы әртараптандыруға қол жеткізетін болдық. Соңғы бір-екі жылдықта оның нышаны байқала бастаған еді. Бірақ бұл тұста ең бастысы оның айтылғанында емес, қалай орындалғанында. «Оған ақшаны қайдан аламыз?» деген сұрақта. Оның да жауабын осы сұхбаттан, бұған дейінгі Жолдаулардан көруге болады.
Сондай-ақ сұхбатта бюджеттік-қаржылық тәртіп мәселесінің көтерілгені өте дұрыс болған. Менің ойымша, қазір орталық билікке де, өңірлердегі әкімдіктерге де осы нәрсе жетіспейді. Өйткені көптеген қаражат, жұмсартып айтқанда, өзін-өзі ақтамайтын шығындарға жұмсалып жатыр. Бұл – бір. Екіншіден, жаңа Бюджет кодексінде қарастырылып отырған бюджеттік-қаржылық тәртіп талабы Үкімет үшін мантраға, яки болмыс-бітіміне айналуы керек. Өйткені егер мемлекет экономикадан шынымен де кеткісі келсе, оны қандай да бір аймақтық құрылымдарға әлде жекеменшік бизнеске берер болса, онда оны Бюджет кодексіне тайға таңба басқандай етіп енгізгені дұрыс. Ол үшін меніңше, Жоғарғы аудиторлық палатаға қосымша өкілеттілік беру керек. Иә, аудиторлық палатаның сын-ескертпелерімен мен үнемі келісе бермеймін, бірақ олардың айтып жүргендері негізінен дұрыс.
Сонымен қатар инфрақұрылымдық жобалар да өте маңызды. Менің ойымша, сауда саласында бізге +С5 жобалары өте қажет. Орталық Азия бойынша желілер құру аяқсыз қалмауы керек», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Ұсыныс пен сын
Сарапшылардың бірауыздан сын садағына алғаны қойылған міндеттердің орындалуы болды. Өйткені Үкімет шабан, әкімдіктер үркек. Жауапкершілік алу мәселесі әлі де ақсап тұр. Осындағы кемшіліктерді сарапшылардың бірі бірнеше бөлікте қарастырады
«Президенттің бұл сұхбатында қозғалып отырған дүниелер оның 2023 жылғы халыққа Жолдауына негізделген. Алайда қазіргі Үкіметпен экономикадағы алға қойып отырған мақсаттарды, Президент қойып отырған міндеттерді орындай аламыз дегенге күмәнмен қараймын. Өйткені біріншіден, қазіргі Үкімет құрамы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға қауқарлы емес.Сол себепті Үкіметті толықтай тарату керек және оның орнына түбегейлі жаңа құрам келуі керек. Екіншіден, ел арасындағы мықты білікті экономистердің пікірімен санасу керек. Олармен бірлескен бір комиссия құрып, болмаса экономикалық зерттеу орталықтарындағы зерттеулерге тартып, әйтеуір солардың шынайы зерттеулеріне сүйене отырып, ортақ байламға келіп, жаңа экономикалық модель ұсыну қажет. Осындай көптарапты құрам болмаса, басқаша тұжырымдар біртарапты болып кетеді. Үшіншіден, бізде Парламенттің Үкіметке, министрлерге тым жұмсақ болуы өте дұрыс емес. «Жаңарған құрамда құрылғаны биыл ғана ғой, тағы да мүмкіндік берейік» деген ұстанымнан арылу керек. Өйткені Әлихан Смайылов Үкіметінің қай шаруада да ілгерілеп жатқаны шамалы. Баға бұрынғысынша аспандап тұр, инфляцияны жеңдік деп айту қиын, одан да өзге шешілмей жатқан проблемалар жетерлік. Бізге, нақты іске көшу керек», – дейді экономист Асылбек Күздеубаев.
Сарапшы маман Президент қойған міндеттердің «жүзеге асыру тетігі қандай?» деген сұраққа жауап іздейді. Өйткені Мемлекет басшысы тарапынан қойылатын міндеттер көп ретте стратегиялық сипатқа ие. Ал оны екшейтін, орындау жолдарын саралайтын Үкімет. Ол болса Президент Әкімшілігінен келіп түскен тапсырмаларды министрліктерге, олар комитеттеріне, одан әрі облыстардағы департаменттеріне, басқармаларына жолдайды. Ең соңында ол келіп аудандық, әлде қалалық маманның мойнына жүктеледі. Қатардағы маман өз ведомствосының жұмысын нашар етіп көрсетпесі анық. Сол үшін де көпе-көрнеу статистикалар береді. Оны тексеріп саралаудың орнына тиісті инстанциялар, керісінше, сол цифраларды басшылыққа алып, жұмысқа қабылдап, соның негізінде түрлі жоспар мен тұжырымдама жасалады. Осыдан келіп біздің экономикадағы шынайы жағдай мен Үкіметтің қағазындағы айырмашылық жер мен көктей боп жатады. Ендеше осы қалыптасқан жүйені жоймайынша, Президенттің тапсырмалары қағаз жүзіндегі есеп беруге айналып кетуі мүмкін.
«Өз сұхбатында Президент әлеуметтік блокқа да үлкен көңіл бөлген екен. Ол ең төменгі жалақы көлеміне де, әлеуметтік қолдауды арттыруға да қатысты. Одан бөлек, Ұлттық қорды үнемдеу және тағы да басқа мәселелер бар. Инфрақұрылымдарды жаңғырту жайы да аз айтылып жүрген жоқ. Сондай-ақ жерді жалға беруге тыйым салу қажет. Жерге оны тікелей өзі игеріп отырған фермерлер мен диқандар ие болуға тиіс. Бүгінгі жерді қарпып қалғандардың оны жалға беріп, делдал болып отырғаны мүлдем дұрыс емес. Бұлар туралы бұған дейінгі Жолдауларда да айтылды. Тіпті, 2022 жылы сөз болған болатын. Дегенмен Үкімет пе әлде өңірдегі әкімдіктер ме, оны орындай алмай отыр, әйтпесе орындауға асығар емес», – дейді экономист Расул Рысмамбетов.
Экономистер Ішкі жалпы өнімді еселеудің негізгі бір бағыттарының бірі экономикада жүйелі реформаларды жүзеге асыру екенін айтады. Салық кодексін, Бюджет кодексін қайтадан қабылдап жатырмыз. Енді мемлекеттік сатып алу заңдарын жетілдіру керек. Шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Бұл жерде шешілмей отырған мәселе өте көп.
«Мысалы, мен салық бойынша кейбір ұсыныстардың осы күнге дейін неге жүзеге аспай келе жатқанына таңғалам. Айталық, 2019 жылғы алғашқы Жолдауында Президент дәулетті адамдарға, дәулетті компанияларға прогрессивті салық салу мәселесін көтерген еді. Біздің билік осы күнге дейін бұл мәселені бұлтаққа салып, жүзеге асырғысы келмейді. Неге десеңіз, Бюджет кодексін өзгерту керек, Салық кодексін өзгерту керек деген сылтауларды айтады. Ал негізінен ол өзгертулерді тез арада жүзеге асыруға болады. Мәселен, біз басқа заңдарды былай қойғанда, Конституцияның өзін өзгертуге қысқа мерзімде қол жеткізе алдық. Сондықтан да прогрессивті шкаланы да енгізуге толық мүмкіндік бар, бірақ биліктегі дәулетті топпен мүдделестер оған көнбей отыр. Соның нәтижесінде олар әлі күнге дейін өздерінің 5-10 миллиондық табысынан 10%-ын ғана, яғни еден жуушымен бірдей салық төлеп келеді. Оны 15-20%-ға жоғарылатуға құлықсыз. Бұл біздің биліктің әділетсіз жолмен кетіп бара жатқанын көрсетеді», – дейді экономика ғылымдарының кандидаты, Қазақ технология және бизнес университетінің аға оқытушысы Сапарбай Жобаев.
Президент өз сұхбатында экономиканың әлеуметтік қатпарын да салмақтап өткені белгілі. Осы ретте халықтың несиеге батып отырғаны, зейнетақы салымының 50 пайызын сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы сөз болды. Бұл біртіндеп орындалып келе жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Сарапшылардың айтуынша, орындалмай жатқандары да аз емес.
«Президенттің тапсырмасымен монополия және олигополиямен күрес жұмыстары басталды. Шетелден активтерді қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әрине, бүгінгі Үкімет 1 трлн теңгеге жуық қаражат қайтардық деп мәз, бірақ бұл бағыттағы жұмыстарды қарқынды жүргізу қажет деп есептеймін, себебі қайтқан ақша елден шығарылған қаражаттың 1 пайызын ғана құрайды.
Бүгінде толық шешімін таппаған тағы бір сала – тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық саласы. Өкініштісі – инженерлік инфрақұрылым желілері апаттан көз ашпай отыр. Тек Екібастұздағы апатты алайық. Бұл түгелге жуық ескіріп кеткен стансалардың бірі еді. Нәтижесінде, бір апаттан соң қала жылусыз қалды. Мұндай объектілер елде аз емес. Арқалықтың жылу стансасы да осыған ұқсас. Президент өз сұхбатында бұл проблема көпжылдық салғырттықтың нәтижесі дейді. Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. Өткен жылдарда коммуналдық шаруашылыққа салынған инвестиция бұл саланың қажетін өтеуге жеткіліксіз болды деп проблеманың ушығып тұрғанын өзі де ашық айтады. Енді не істеуге болады? Еліміздегі барлық жылу стансаларын 1-2 жылда жаңартуға бюджеттің мүмкіндіктері шетеулі. Сондықтан Үкімет ЖКХ саласына инвестор тартатын жағдай жасау керек. Бұл салаға келген кәсіпкер шығынын өтеу үшін тарифті бірден көтеруге ұмтылуы мүмкін, ол халыққа ауыр тиеді. Сондықтан бұл салаға жеке инвесторларды тартып, олармен дұрыс келіссөз жүргізіп, олардың ақшасына инфрақұрылымды жаңарту керек. Басқа тиімді жолы жоқ. Президент өткен жылғы Жолдауында Қазақстан экономикасының жаңа үлгісін жасауға тапсырма берген болатын. Ендеше осы бағыттағы жұмыстарды атқаратын бізге іскер Үкімет қажет», – дейді экономист Мақсат Халық.
Түйіндей келгенде, Президент сұхбаты өткен бір жылдың есебі немесе келген бір жылдың жоспары емес, ұзақмерзімді тарихтың бағасы, қысқамерзімді болашақтың межесі. Онда бұған дейінгі айтылмаған тың деректер де кездесті, толғауы тоқсан түйткілдердің тобықтай түйіні де ағытылды. Ең бастысы, бастамалардың түп төркіні – азаматтардың тұрмыс сапасы әлдеқайда маңыздырақ екеніне көз жетті.
Нұрлан ҚОСАЙ