Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Боралдай ауылында тұратын Шәрипа Әбіштің қоян өсіріп жатқанына 5 жыл болыпты. Ақ жаулықты ана қоян бағудың өзіндік ләззаты бар екенін айтады. «Қоян деген ең бірінші сүйкімділігімен адамды тартады. Олардың көжектеуі, яғни баласын өмірге әкелердегі дайындықтары, балаларына қамқорлығы адамның жүрегін ерекше елжіретеді. Сондықтан болса керек, қояндарды бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім», – дейді бізбен әңгімесінде Шәрипа шешей.
Бұрын әртүрлі салада жұмыс істеп, әсіресе түрлі фирмада кәсіпкерлігін шыңдап жүрген Шәрипа Әбдіжаппарқызы осыдан 8 жыл бұрын қаладан көшіп келіп, ауыл өміріне бірден кірігіп кетеді. Өзі әу бастан қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын, кез келген жұмысты ұршықша иіретін ана келе сала екі қолға бір күрек деп, асыл тұқымды мал бағуды қолға алады. Голштейн-фриз деп аталатын асыл тұқымды сүтті сиыр сатып алып, бағады. 3 ұлы ер жетіп, барлығы да қалаға оқуға, жұмысқа кеткен соң Шәрипа ананың ірі қараларды жалғыз өзі бағуға шамасы келмей қалады. Сөйтіп, ірі қара малды ұсақ мал шаруашылығына ауыстырады. Асыл тұқымды ешкі мен қоян өсіруді қолға алады. «Мемлекеттен қайтарымсыз 583 мың теңге грант ұтып алып, 3 ешкі сатып алдым. 3 ешкі бүгінде 15-ке жетті. Иә, 20-ға дейін көбейер еді. Бірақ ақша керек болып біразын сатып жібердім. Ал 4 қояным 100-ге дейін көбейді. Өкінішке қарай, былтырғы суықта біразы үсіп қалды. Қыстыгүні таңертең қораға барып қарасам, үрпиіп-үрпиіп, сүп-сүйкімді 35 қояным қырылып қалыпты. Соған әлі күнге дейін жүрегім ауырады. Біразын сатып, пайдасын көрдім. Қазір 50 шақтысы бар», – дейді Шәрипа апай.
Қоян бір туғанда 7-10 шақтысын бірден өмірге әкеледі екен. Яғни, барынша өсімтал келеді. Осы қасиетінің арқасында тез көбейеді. Бизнестің бұл түрі сондықтан да барынша тиімді болып саналады. Оның үстіне, одан әртүрлі өнім алуға болады. Мәселен, қоян терісінен тон, қалпақ, жаға, манто, жакет секілді көптеген киім тігіледі. Сонымен қатар еті де дәмді және тез қорытылады. Қоян етінде холестерин мүлдем жоқ. Есесіне ақуызға, витамин мен минералға бай. Қоян еті аллергияға шалдыққандарға, ішек құрылысы мен өт жолдары ауыратын науқастарға таптырмайтын тағам. Әрі иммунитетті көтеретін қасиеті бар. «Қазір жартылай дайындалған және көше тағамдарын жейтін жастар семіздікке жиі ұшырап жатыр. Қоян етін үнемі жейтін адамдар семіздікке ұшырамайды. Диеталық тағамға кіретін қоян еті өте жеңіл және дәмді болады. Менен арнайы тапсырыспен алатындар көп. Ағзаны бірқалыпты ұстап отырады. Қант диабетіне, жүрек, бауыр церрозына да пайдасы мол. Аудан орталығынан, Шымкент қаласынан тапсырыспен алдырады. Аллергиямен туылған бір бала үнемі тек қоян етін жейді. Олар қазір Алматыға көшіп кетті. Енді сенімді қоян етін қайдан аларымызды білмей жатырмыз деп хабарласты маған», – дейді тағы бірде ақ жаулықты ана.
Шәрипа шешей өсіретін «Французский баран», «бургер», «фландр» деп аталатын тұқымы асыл қоян түрлеріне сұраныс көп. Сондай-ақ өзі қолдан будандастырып шығарған «микс» атты түрі де өсіп келеді. Бір қоянның салмағы 6-8 келіге дейін жетеді. Шаруа оларға тек сапалы өнім беріп, семіртеді. Бүгінде тапсырыспен алдыратындардан бөлек, балалары мен туыстарына, құдаларына қоян етінен дәм таттырып тұрады. Көжектерге алғашында «Эмма», «Элла», «Эленора», «Мадонна» есімдерін беріп, еркелетіп жүрген шешей кейін көжектері көбейген соң кейінгілеріне ат қоймапты. Қояндарға негізінен құрама жем береді. Одан соң жоңышқа, арасында арпамен қоректендіріп тұрады. Алма, сәбіз және капуста да қоянның қорегіне кіреді. «Тамағы қымбат болса аламыз. Құрама жемнің келісін 150 теңгеден, бір алғанда жарты тоннаға дейін әкеліп қоямын. Жеміс-жидекті жақсы көреді. Оны да беріп тұрамын. 6 мемлекеттің қоян өсірушілері бас қосқан арнайы ватсап тобымыз бар. Онда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь мемлекеттерінен өкілдер отыр. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, қояндарды қалай баптауды, қалай тамақтандыруды, қандай жерде сақтау қажетін айтып, үйретіп отырамыз. Жалпы, қояндар өте текті болып келеді. Туыстарын бір-біріне қоймаймыз, арнайы аталық ұстаймыз. Сонымен бірге қан ауыстырып отырамыз. Қояндар көжектеуден 3-4 күн бұрын өздерін дайындайды. Көкірегіндегі жүндерін жұлып, ұяшық дайындайды. Мен өз тарапымнан шөптерді майдалап турап, ұяшықтарына салып көмектесемін. Көжектеп болған соң ұяшықтың бетін жауып, жанына ешкімді жолатпайды. Олардың әрқайсысын бөлек-бөлек торда ұстаймын, таза шыны төсеп өсірдім. Олар тазалықты сүйеді. Алайда 100-ге жеткенде қайда сыйғызарымды білмей кеттім»,– дейді Шәрипа ана.
Қоян баптаған ана бастапқыда қоянның аналығын 12 мың теңгеден, аталығын 14 мыңнан алғанын айтады. Дәл қазіргі баға да осы жобада 15-16 мың теңге көлемінде. Кейбіреулері 20 мың теңгеге дейін саудаланады.
Алайда бүгінде асыл тұқымды шаруаны қолға алған ананың айтар базынасы бар. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан берілетін 5 млн теңгелік мемлекеттік грантқа құжат өткізіп, барлық талапты орындаған, ерекше кәсіп түрі ретінде аймақта алдыңғы қатарда тұрып, жобасын сәтті қорғаған Шәрипа анаға келісім берілмегеніне қынжылады. «Қазір ел ішінде жұқпалы аурулар бар. Пневмания, қызылша, коронавирус сынды жұқпалы дерттерге ешкі сүті бірден бір ем, дертке дауа болды. Талай жанды қолжетімді бағамен ешкі сүтімен қамтыдым. Бәйдібек ауданында осындай кәсіппен айналысатын менен басқа ешкім де жоқ. Мен осы шаруашылықты кеңейтіп, көркейту үшін бизнес жоспарымды тапсырдым. Өкінішке қарай, менің жобамды кері қайтарды», – деп ренішін білдірді ана.
Шынында нағыз инновациялық кәсіп түріне жататын асыл тұқымды ешкі мен асыл тұқымды қоян өсіру грантқа сұранып-ақ тұр. Жергілікті билік әлі де көмек қолын созады деген үміттеміз...
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы