Атом электр стансалары – әлемдегі электр энергиясының маңызды көздерінің бірі екені даусыз. АЭС арқылы көптеген ел экономикалық және әлеуметтік дамуда негізгі мәселелерін шешіп, электр энергиясына деген тапшылықты жойып, көрші елдерге тәуелділіктен арылып жатыр. Бізде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас аз емес.
Сала мамандары, энергетиктер мен ғалымдар АЭС салу елдегі экономиканың дамуы мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруына әкелер еді деген пікірде. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құтылып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, атом энергиясы қуаттылығы жағынан көмір мен газдан әлдеқайда жоғары әрі сыртқа аз қалдық шығарады. Сондай-ақ уранның Қазақстанның өз ішінде өндірілуі, қосымша қаржыны талап етпеуі де бұл саланың артықшылығын көбейте түседі. Ендеше біз де сала мамандарына құлақ түріп көрдік.
Асуан СИЯБЕКОВ,
«Қазақстандық атом электр
стансалары» ЖШС жетекші инженері:
Жасыл энергетикаға көшудің ғаламдық үлгісі
– Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу және көміртексіз жасыл экономикаға көшу елдің сенімді базалық энергиясынсыз мүмкін емес. Электр энергиясын генерациялайтын жабдықтарға келсек, бізде таңдау көп емес, мәселен көмір, газ және мұнай сияқты дәстүрлі негізгі энергия көздері бар, бірақ олар көміртек заттардан тұрады.
Жаңартылатын немесе баламалы энергия көздерін алып қарасақ, олардың электр жүйесінде өз орны бар, бірақ белгілі болғандай, үздіксіз энергияны қамтамасыз етуге кепілдік берілмейді. Энергетикалық қауіпсіздіктің анықтамасын еске салайын: қажетті уақытта қажетті жерде қажетті энергия мөлшері болуы керек. Бұл шарт тек 24/7 энергияны қамтамасыз ететін АЭС сияқты үздіксіз энергия көздерімен орындалады.
2023 жылдың 30 қарашасы мен 12 желтоқсаны аралығында БҰҰ-ның «Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы» аясында Дубайда өткен 28-ші конференциясында (СОР 28) атом энергетикасы күн тәртібіне енген болатын.
Осылайша, жасыл энергетикаға көшудің жаһандық күн тәртібі АЭС-ті ескере отырып қалыптасады деп айтуға болады, мұны атом энергетикасының еуропалық жасыл таксономияға қосылуы дәлелдейді. Шынында да, атом электр стансалары ел экономикасының тұрақты дамуына негіз болатын тұрақты көміртексіз энергия көздері болып табылады.
АЭХА (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) болжамы бойынша 2050 жылға қарай атом генерациясы екі есеге артып, 792 ГВт-қа жетеді, бұл жалпы әлемдік электр энергиясын өндірудің 12%-ын құрайды. Егер салынып жатқан атом энергетикалық блоктарының таралуын қарастыратын болсақ, атом энергетикасының Азияға ауысуы, сондай-ақ өздерінің атом-энергетикалық бағдарламаларын дамытатын жаңа мемлекеттердің пайда болуы байқалады. Жақсы дамыған атом өнеркәсібі, ядролық ғылыми орталықтардың тәжірибесі және кадрлар даярлау жүйесі бар Қазақстан, өзінің энергетика жүйесінде атом энергиясын тиімді пайдалану үшін алғышарттар бар екені анық.
Біздің елімізде электр энергиясын генерациялайтын жабдықтардың тозуы – 70%-дан асады. Сондықтан атом энергетикасын дамыту және атом стансасын салу барлық санаттағы тұтынушыларды, оның ішінде өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықты үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін неғұрлым қолайлы екені белгілі.
Атом электр энергиясын генерациялаудың артықшылығы – үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету, сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларының болмауы. Қазақстан аумағында АЭС-ті пайдалануға беру, көмір мен газ негізіндегі электр энергиясын өндіруді алмастыру есебінен атмосфераға көмірқышқыл газы шығарындыларының жалпы көлемін орта есеппен жылын 8 млн тоннаға қысқартуға ықпалын тигізеді.
Қазақстанда АЭС салу экономиканың барлық саласына, сондай-ақ ғылымға, білімге, әлеуметтік салаға оң мультипликативтік әсер етеді, жоғары технологиялық, ғылымды қажетсінетін технологиялар мен аралас салалардың жедел дамуына мүмкіндік береді.
Қазақстанда АЭС салу атом индус-триясы үшін және тұтастай алғанда еліміздің бүкіл экономикасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
АЭС салу:
• Елдің ғылыми-техникалық және жоғары білікті кадрлардың өсуіне;
• Құрылыс кезінде 8 000 адамға дейін жаңа жұмыс орындарын және пайдалану кезеңінде 2 000 адамға дейін сапалы кадрларды құруға;
• АЭС салу кезінде 1 жұмыс орны экономиканың аралас салаларында 10-нан астам жұмыс орнын құрады;
• Жергілікті өнеркәсіпті дамыту;
• Меншікті отын базасының әлеуетін кешенді пайдалану;
• Тұтынушыларды 60 жылдан астам сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету;
• Парниктік газдар шығарындыларын жылына 8 млн тоннаға дейін төмендету. Және басқа да бірқатар экономикалық, әлеуметтік, техникалық және экологиялық артықшылыққа ие.
Жыл сайын өсіп келе жатқан энергия тапшылығын, Қазақстан Үкіметі ресми түрде қабылдаған көміртексіз энергетикаға көшу бағытын, сондай-ақ елде шикізат және өндірістік базаның болуын ескере отырып, Қазақстанда атом-энергетика саласын дамыту қисынды және заңды қадам болып табылады деп ойлаймын.
Бұл туралы Мемлекет басшысы бірнеше рет мәлімдеді. Біз қазір Қазақстанда АЭС салу мүмкіндігін жүйелі түрде зерттеп келеміз және барлық мүдделі тараптың пікірін ескеруге тырысамыз.
Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ,
Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және
табиғат пайдалану комитетінің мүшесі:
Энергия импортына тәуелділікті жояды
– Ең алдымен, жүйелі шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін энергетика саласының даму стратегиясын әзірлеу қажет. Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу сынды маңызды мәселе бойынша да өз ұстанымын білдірді. Біздің еліміз үшін энергетикалық қуаттардың тозғанын және атом энергетикалық әлеуетінің барын ескере отырып, атом электр стансаларын салу қажетті шара деп есептеймін. Еліміз өткен жылдың өзінде ғана Ресейден 3 млрд-қа жуық электр энергиясын импорттаған. Қазақстандағы 50-60 жылдарда салынған жылу электр орталықтары бүгінде тоз-тозы шығып, апат алдында тұрғаны жасырын емес. Меніңше, оларды қайта-қайта жөндеуден өткізгеннен гөрі түгелімен жойып, жаңа, заманауи электр стансаларымен толықтырған жөн. Атом электр стансаларын салу қоршаған ортаға зиян келтірмейтіні дәлелденіп отыр. Бүгінде көптеген дамыған және дамушы мемлекет осы атом энергиясын тиімді пайдалануды мақсат етіп отыр. Әсіресе, АҚШ, Еуропа елдері бұл жағынан көш тұр. Мен көптеген өзге мемлекеттің атом электр стансаларын көріп таныстым. Мәселен, Түркияның «Аққую» электр стансасы да бүгінде сол мемлекеттің қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Құрылысы 2010 жылдың мамыр айында басталған «Аққую» АЭС-і BOO (Build – Own – Operate = Сал – Еге бол – Іске асыр) моделі бойынша жүзеге асырылған әлемдегі алғашқы атом электр стансасы. Оның жалпы қуаты 4800 МВт болатын 3+ бу қысымды су энергетикалық реакторларымен (VVER-1200) жабдықталған төрт энергоблоктың құрылысын салу белгіленген. Атом электр стансасы барлық ықтимал әсерлерді ескере отырып салынуда: өрттердің, теракттердің және табиғи апаттардың қаупі есептелген. Стансаның энергоблоктарына ұшақтар құлаған жағдайда да сыртқы қорғанысы төтеп бере алады. Осындай өзге мемлекеттегі тәжірибелерді ескере отырып, біз де өзіміздің жобамызды іске асыруымыз қажет. Бүгінде ел арасында атом электр стансасына деген қауіп бары жасырын емес. Бірақ бәрі негізсіз деп ойлаймын. Мәселен, көпшілік АЭС Балқаш маңында салынса көл суына зиянын тигізеді, су тапшылығына әсерін тигізеді деп санайды. Көл суы тек сондағы реактрлерді суыту үшін пайдаланылатындықтан, аса көп мөлшерде су қажет етпейді. Ол жерде су алмасу болмайды. Тек Балқаштан су толтыру жұмыстары жүргізіледі. Бұл – бір жақты процесс. Радиация мен мұнара арасында үш контур бар, соңғысы көлмен байланыста болмайды. Яғни, радиация Балқашқа түспейді. Тұтынуға келетін болсақ, мұнараны жылдық су көлемімен толықтыру қажет, бұл көлдің табиғи булануының небәрі 0,5%-ын құрайды. АЭС-і бар өзге мемлекеттердің сол стансалардың кесірінен су тапшылығына ұшырапты дегенді осы уақытқа дейін естімедім. Қазір Ресей, Франция, Қытай, Оңтүстік Кореядағы компаниялардың бүкіл әлем бойынша атом электр стансаларын жобалау, салу және пайдалану үшін бай тәжірибесі мен ресурстары бар. Бұл тұрғыда біз әлі өзімізге тиімді жағын көбірек ойлағанымыз жөн.
Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз. Атом электр стансалары климаттың өзгеруінің негізгі себебі болып табылатын көмірқышқыл газы (СО2) сияқты парниктік газдарды атмосфераға шығармайды. Олар іс жүзінде ауа мен судың ластануына ықпал етпейді, бұл қоршаған ортаға әсерді азайтады. Көмір және газ электр стансалары сияқты дәстүрлі энергия көздерімен салыстырғанда, атом электр стансаларында күкірт және азот оксидтері сияқты зиянды заттардың шығарындылары төмен. Атом электр стансалары тұрақты және тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етеді, бұл тұрақты энергия қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін маңызды. Олар ұзақ уақыт бойы үздіксіз жұмыс істей алады, бұл электр қуатын өшіру қаупін азайтады. Атом электр стансалары уран сияқты ядролық отынды тиімді пайдаланады және жанармайдың бір зарядымен көп жыл бойы жұмыс істей алады. Бұл отынды жиі ауыстыру қажеттілігін азайтып, экономикалық үнемдеуге әкеледі. Атом электр стансалары ірі қалалар мен өнеркәсіптік аудандардың энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын үлкен көлемдегі электр энергиясын өндіруге қабілетті. Өздерінің атом электр стансалары бар елдер энергия импортына тәуелділігін азайтып, энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізе алады. Тағы бір пайдасы, атом энергетикасы орталық Қазақстанда орналасса, еліміздің барлық аймағын энергиямен қамту деңгейі артады деп есептейміз.
ТҮЙІН:
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мәліметінше, әлемде атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін қарастырып жатқан 27 елдің ішінде бірінші АЭС-ті салу бойынша 17 мемлекет қатарында Қазақстан шешім қабылдау сатысында тұр. Ал өз шешімін қабылдаған 10 мемлекет инфрақұрылымын салуда келісімшартқа қол қойып, жақын арада бірінші атом электр стансасының құрылысын бастамақшы. Мамандардың зерттеуінше, бір АЭС жыл сайын орта есеппен 20 млн тоннаға дейін СО2 қалдықтардың алдын алса, 1 келі уран 100 тонна көмір немесе 60 тонна мұнайға тең энергия шығарады екен. Бағамдасақ, бұл электр стансасының қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі айтарлықтай екеніне көз жеткізуге болады. Біріншіден, бүгінде еліміздегі көмір электр стансаларының көпшілігінің тозуы 70 пайызға жетті. Экологиялық зардаптар қаупіне байланысты оларды қайта құруды қаржыландыру шектелген. Екіншіден, қазір ол 1,6 миллиард киловатт-сағат болып отыр. 2029 жылға қарай 5,5 миллиард киловатт-сағатқа жетеді деп күтілуде, электр энергиясын өндіру қуатында олқылықтар бар. Дегенмен Қазақстан әлемдік қауымдастық алдында атмосфераға зиянды заттардың шығарындыларын азайтуға міндеттеме алғанын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы бұл тұрғыда халық үніне құлақ асатынын жеткізді. Енді «халықтың қуаты – бірлікте» екенін сезінетін уақыт жетті.
Наурызбек САРША