Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің финалына шықты.
Елена Рыбакина Брисбен турнирінің финалына шықты
Фото: ktf.kz
1,723
оқылды

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингте 40-орында тұрған 19 жастағы чехиялық Линда Носковамен сынға түсті. Бұл туралы Aikyn.kz  Қазақстан теннис федерациясына сілтеме жасап хабарлайды.

Осыған дейін қос теннисші өткен жылы Франция ашық чемпионатында кездесіп, онда Елена 6:3, 6:3 есебімен жеңген еді.

Бұл жолы бірінші партияны қазақстандық спортшы қарқынды бастады – 3:0. Сол басымдылығынан сет біткенше айырылған жоқ – 6:3.

Екінші сетте есеп 1:1 болған мезетте Рыбакина брейкпен алға шықты. Содан кейін тағы бір брейк жасап, матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.

Бір сағат 5 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 8 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ.

Елена Рыбакина финалда қос белоруссиялық, әлемнің 2-ракеткасы Арина Соболенко немесе рейтингте 23-сатыдағы Виктория Азаренконың біреуімен бас жүлдені сарапқа салады.