Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында елімізді жаңа экономикалық модельге көшіру міндеттерінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Президенттің жаңа экономикалық саясаты – Қазақстанның өнеркәсіптік революциясының бастамасы
Фото: akorda.kz
879
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында елімізді жаңа экономикалық модельге көшіру міндеттерінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Бұған әділ және бәсекеге қабілетті экономикалық жүйе құру, экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңарту, бизнесті қолдау және инвестиция тарту кіреді.

Бірнеше жыл ішінде Қазақстан біртіндеп өңдеуші өнеркәсібін дамытуға баса назар аударуда. Президент 2019 жылғы алғашқы Жолдауында ұлттық экономиканы дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіптің маңыздылығын белгіледі. 2023 жылғы Жолдауда қуатты индустриялық базаны қалыптастыру және еліміздің өңдеуші саласын үдемелі дамыту бойынша басым міндеттер айқындалды. Еліміздің байыпты ресурстық базасы бар, ол дәстүрлі түрде пайдалы қазбаларды өндірумен және экспорттаумен айналысады. Бірақ біз ел экономикасында «ресурсқа тәуелділік» салдарын тудырмай, өзіміздің шикізат қоры көмегімен дамытуымыз керек. Ел ішінде өндірілетін шикізат жаңа өндірістердің құрылуын қамтамасыз етуі керек. Жоғары өңдеу саласын дамытуға баса назар аудару елдің сыртқы тәуекелге осалдығын азайтуға және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.

Үкімет мәліметіне сүйенсек, бүгінде Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп көлемі бойынша кен игеруші өнеркәсіпке жетті және одан әрі өсім көрсетуде.

Өңдеуші өнеркәсіпте жаңа өндіріс орындарын ұйымдастыру үшін жеңілдетілген несиелендіруді қоса алғанда, 600 миллиард теңгеден астам бюджет қаражаты қарастырылған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 1,6 триллион теңгеге жуық шикізаттық емес салаларда 300-ге жуық жаңа жоба енгізілді: оның ішінде 800 миллиард теңгеге жуық сомаға 170 жоба өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі.

Машина жасау саласын өндірісті жаңғыртудың нақты драйвері және елдегі өнеркәсіптің бәсекелестік артықшылығын айқындайды. Сонымен қатар, ол тұтыну нарығының тұрақты жұмыс істеуін, әрі толтырылуын қамтамасыз етеді және саланың технологиялық өзегін дамытудың негізі болып табылады. Біз Үкіметпен бірлесіп, саланы жаңғырту, оның негізгі көрсеткіштерін, бүкіл өңдеуші өнеркәсіптің дамуына машина жасау үлесінің маңызын арттыру бойынша бірқатар шараларды жүзеге асырудамыз. Біздің міндетімізжоғары өңдеу кластерлерін құру.

Қазақстандағы машина жасаудың бірегейлігі оның жан-жақтылығында. Өнеркәсіп 37 ішкі секторды қамтиды. Олардың ішінде темір жол, ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай-газ, тау-кен металлургия, электротехника, көтеріп-тасымалдағыш машина жасау, автомобиль жасау, қорғаныс өнеркәсібі және т.б. Салада бір жұмыс орны аралас салаларда 8 жұмыс орнын тудырады. Қазіргі уақытта Қазақстанның машина жасау саласында 5410-нан астам кәсіпорын жұмыс істейді, жұмысшылар саны 120 мыңнан астам адамды құрайды. Әлемде ең көп сатылатын дәл осы машина жасау өнімдері болып табылады. Әлемдік экспорттың 41%-ын машина жасау өнімдері құрайды.

Бүгін машина жасау саласы жоғары мультипликативті әсерге ие, өнеркәсіптің күрделі әртараптандырылған сегменті, ол тұтастай алғанда экономиканың басқа салаларына тиімді әсер береді және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және экономиканың күрделенуіне, техникалық прогреске және халықтың өмір сүру сапасының жалпы өсуіне ықпал етеді. Біз тек құрамдас бөліктер мен қосалқы бөлшектерді ғана емес, сонымен қатар түпкілікті өнімді шығарумен айналысамыз. Бұл электровоздар, тепловоздар, жүк және жолаушылар вагондары, тракторлар, астық жинайтын комбайндар, автомобильдер, мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінің жабдықтары, ЖЭО (жылу электр орталықтары) және МАЭС-қа (мемлекеттік аймақтық электр станциясына) арналған энергетикалық жабдықтары және т.б.

Мемлекет басшысы 2019 жылғы бірінші Жолдауында отандық өңдеуші өнеркәсіпті, оның ішінде машина жасауды қолдау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Оларды жүзеге асыру үшін Үкімет машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын қабылдап, «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңды қабылдады, Қазақстанның Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылды.

Одан бөлек, машина жасаудың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оның ішінде өңдеуші кәсіпорындарды қолжетімді шикізатпен қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылданды.

Машина жасау саласын мемлекеттік қолдау шаралары Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын мерзімінен бұрын жүзеге асыруға ықпал етті.

Жол картасында 2024 жылдың соңына дейін өндіріс көлемін 1 триллион теңгеден 2,6 триллион теңгеге дейін жеткізу міндеті қойылған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 3,1 трлн теңгені құрады. Яғни, соңғы 4 жылда өндіріс көлемі 3 есе, ЖҚҚ (жалпы қосылған құн) көлемі 2 есе өсіп, 1,5 трлн теңгені құрады, НКИ (нақты көлем индексі) 1,9 есе өсті. Тапсырма мерзімінен бұрын орындалды.

Мұндай нәтижелерге Мемлекет басшысының жеке қолдауының арқасында жеттік. Сандардан-ақ көруге боладыҚазақстанда жоғары өндірістерді табысты дамыту үшін барлық алғышарттар бар. Машина жасау соның дәлелі. Енді алға қойған мақсатқа жетуді тоқтатпау маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбатында 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есеге ұлғайту толығымен қол жеткізуге болатын мақсат екенін атап өтті.

2022 жылғы 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы Үкіметке машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын. Ол 2023 жылдың мамыр айында Машина жасаушылардың XI форумында талқыланып, бизнестің пікірін ескере отырып, 2023 жылғы 7 қарашада құжат Үкімет қаулысымен бекітілді. Кешенді жоспардың жүзеге асуы Президент алға қойған мақсатты жүзеге асыруға айтарлықтай ықпал етуде.

Жоспарға 7 бағыт бойынша 79 іс-шара енгізілген. Бұл отандық өндірушілерді қолжетімді бағамен шикізатпен қамтамасыз ету, басымдықты және қолжетімді қаржыландыруды қамтамасыздандыру, отандық өндірушілерді салықтық жеңілдіктермен ынталандыруды жақсарту, білікті кадрлармен қамтамасыз ету және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) дамыту, машина жасау өнімдерін өткізуді ынталандыру, техникалық реттеу жүйесін жетілдіру, сала секторларына арналған мақсатты қолдау шараларын жүзеге асыру.

Кешенді жоспардың нысаналы индикаторлары өндіріс көлемін 4,5 есеге арттыруды қамтамасыз ету және атаулы өнім көлемін 11,3 трлн теңгеге жеткізу болып табылады. 2028 жылға қарай жалпы қосылған құн 1,3-тен 5,9 трлн теңгеге дейін, НКИ (нақты көлем индексі) жылына кемінде 10%-ға, экспорт көлемін 3 есеге, еңбек өнімділігін 1,9 есеге, инвестицияны 1,5 есеге арттыру жоспарлануда.

Мұндай құжат елімізде алғаш рет қабылданып отыр. Бұл машина жасау саласын ғана емес, сонымен қатар бүкіл өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамыту үшін маңызды. Біз Кешенді жоспарды сәтті және уақытылы жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді саламыз.

Отандық машина жасау саласы қарқынды дамып, оң нәтижелер көрсетуде. Осылайша, 2023 жылдың 11 айында НКИ (нақты көлем индексі) 127% құрады. Машина жасау өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,6 трлн теңгені құрады. Инвестиция көлемі – 199 млрд теңге. 2023 жылдың 9 айында экспорт көлемі $2,8 млрд долларды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 43%-ды көрсетті.

Президент сұхбатында Үкімет экономиканы басқарудың тың тәсілдерін қолдана алса, ел экономикасының өсімі жайлы айтылған жақсы болжамдар ақиқатқа айналады деп баса айтты. Бұл екі негізгі бағыт: ауқымды өнеркәсіп жобаларын және жүйелі реформаларды жүзеге асыру. Бірінші бағыт бойынша шетелдік инвестиция тарту мәселесі маңызды. Ауқымды инвестициялар экономиканы «үдетіп», жаңа өсу нүктелерін жасай алады. Бүгінгі таңда машина жасау инвестициялық тартымдылық бойынша көшбасшы үштіктің бірі болып табылады. Шетелдік әріптестермен бірлескен жобалардың саны жыл сайын артып келеді. Салада General Electric, Alstom, Stadler, CLAAS, Siemens, KIA, Daewoo, Skoda және т.б. сияқты әлемдік компаниялар жұмыс атқарады. Бұл жерде Қазақстанда серпінді инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті алғышарттар бар.

Екінші бағыт пен жүйелі реформаларға келетін болсақ, Мемлекет басшысының айтуынша, реформалар бүкіл экономика үшін жаңа «ойын тәртібін» белгілейді. Бұл жерде мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасын қайта қарауға мүмкіндік беретін жаңа Салық кодексінің әзірленуін айта кеткен жөн. Президент тезистеріндегі маңызды мәселе: инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау мен бюджет кірісінің қажетті деңгейін ұстап тұру арасындағы теңгерімнің болуы. Яғни, бюджет кірісін ұлғайту және Ұлттық қорды сақтап қалу мақсатында бәсекеге қабілеттілігі төмендеуі мүмкін отандық кәсіпкерлерді де ұмытпау керек. Қазақстанның машина жасаушылар одағы жаңа Салық кодексі аясында отандық машина жасау кәсіпорындарына салықтық преференциялар беру мәселелеріне бастамашы болды. Бұл өндіріс құралдарына есепке жатқызу әдісін қолдану арқылы ҚҚС төлеу механизмін кеңейту және металл бұйымдарын импорттау кезінде ҚҚС төлеуді кейінге қалдыру. Біз отандық кәсіпорындар мен инвесторлар арасындағы бәсекелестік жағдайын теңестіруді ойлауымыз керек. Қалай болғанда да, өндірістегі салықтық жеңілдіктер құн тізбегі мен қосымша жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсыруымен жаңадан ашылған өндіріс орындары 3 жылға дейін салықтан босатылады. «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында қолданыстағы заңдарға елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын бекіту, офтейк келісімшарттар жасасу, сондай-ақ өндіруші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ету бойынша өзгерістерді дайындау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл нормалар Мәжілісте қаралуда. Парламент заң жобаларын қолдайды деп сенеміз.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бүгінде еліміздегі жылу электр орталықтарындағы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы ахуал мүшкіл екенін айтты. Желілерді жүйелі түрде жаңарту қажет және дәл осы жерде инвестиция тарту мен өз өндірісімізді дамыту мәселесі аса өткір. Инвестицияларды тарту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары өндірісті оқшаулау дәрежесін арттыруға байланысты болуы керек. Жаңа энергия өндіретін кәсіпорындарды қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін Қазақстанда газ және көмір турбиналарын, қазандықтар мен қосалқы жабдықтарды өндіруді жолға қою өте маңызды. Бұл күрделі, жоғары технологиялық және капиталды қажет ететін жобалар, алайда олар импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетіп, экономиканың технологиялық деңгейін арттыруға септігін тигізеді.

Бүгінде әлемдік экономикада технологиялық жарыс қарқын алуда. Бұның барлығы адамзаттың бұрын-соңды басында болмаған сынақтар мен күрт өзгерістердің кезекті дәуіріне аяқ басқанын көрсетеді. Ал осындай маңызды кезеңде Қазақстанның қуатты экономикалық серпіліс жасауға толық мүмкіндігі бар. Өңдеуші секторды, оның ішінде машина жасауды үдемелі дамыту Мемлекет басшысы жариялаған Қазақстанның жаңа экономикалық бағдарына жедел көшуге және алдағы 5 жылда ұлттық экономиканың көлемін екі есеге арттыру мақсатына жетуге мүмкіндік береді. Өнеркәсіптік революция деп аталатын өңдеуші секторды өзгерту оңай шаруа емес, бірақ мемлекетімізге аса қажет. Қазақстанды индустрияландырудың бұл кезеңі өндірістік саясаттың даму тенденцияларын түбегейлі өзгертеді. Отандық бәсекеге қабілетті өнім шығару көлемін ұлғайту, жаңа өнеркәсіптік кәсіпорындар салу, қолданыстағыларын жаңғырту шараларын бірлесіп жүзеге асыруға күш салуымыз қажет. Ал капитал сыйымдылығы мен жоғары технологиялық өндіріс дұрыс стратегиялық жоспарлауды және ең бастысы Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді тиімді жүзеге асыруды талап етеді. Мемлекеттің, бизнес қауымдастықтың, азаматтық қоғамның басын біріктіру және бірігу қажет. Тек көптің күшімен ғана экономикасы қуатты ел құра аламыз. Машина жасаушылар одағы жоспарлы міндеттерді атқаруға және жаңа экономикалық бағдарды жүзеге асыруға бар күш-жігерін салады.

Мейрам ПІШЕМБАЕВ, Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы