Ақмола облысының Аршалы ауданына қарасты мектептердің бірінде ауыл балалары құнарсыздана бастаған жерлердің құнарлылығын арттыруға тырысуда. Олар математика пәнінің мұғалімі әрі тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Зәмзәгүл Абдинамен бірге «Қазақстан жерлерінің құнарлылығына арналған вермимәдениет» жобасын қолға алған. Балалар калифорния құрттарын өсіріп биошірінділерді көбейту елдің ауыл шаруашылығы жерлерін құнарландыра алатынына сенімді, – деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі.
Ақмола облысының білім басқармасының мәліметінше, Зәмзәгүл Абдина 2015 жылдан бері ақ мал қалдықтарын шығарудың жанама жолдарын іздей бастаған. Осылайша топырақ құнарлылығын арттыру үшін калифорниялық құрттар сатып алынып, мектеп учаскесінде «құрттар питомнигі» пайда болған.
– Балалар жыл бойы калифорниялық құртқа күтім жасап, қоректендіру үшін оған сәбіз, қызылша, өңделген қияр мен қызанақ қалдықтары, картоптың қабықтарын қояды, – дейді идея авторы Зәмзагүл Абдина.
Бұдан кейін оқушылар биошірінділерді жылыжайлар мен атыздағы гүлдер мен көкөністерге салады. Бұл мектеп жанындағы учаскедегі көкөністердің өнімін ұлғайтуға мүмкіндік берген. Аталған тәжірибенің арқасында мектепте жыл сайын химиялық еш тыңайтқышсыз шамамен 500-700 келі қызанақ, 1000-1200 келі қырыққабат, 600-1000 келі қияр, 300-500 келіге дейін сәбіз, қызылша, пияз бен кәді жинап алынған.
– Калифорниялық құрт өте қомағай. Жылы күндер бастала салысымен біз сыныптастарымызбен бірге оларды ас қалдықтарымен қоректендіре бастаймыз. Өңделген және еленген биошірінді массасын жүйектер мен атыздарға саламыз, – дейді 8-сынып оқушысы Еркін Қалқаман.
Биошірінділер мектептегі бөлме өсімдіктері мен мектеп маңындағы гүлдердің топырағын да құнарландыруға қолданыла бастаған.
– Осы күзде біз қызанақ, бұрыш және қырыққабат өскіндерін отырғызу үшін тоғыз қап биошірінділерді әзірлеп қойдық. Сонымен қатар жыл сайын мектеп асханасында дәруменденген тамақтар ішу үшін көкөністер әзірлейміз, – дейді сегізінші сынып оқушысы Валерия Кузнецова.
Идея авторы тәжірибе жүзінде сыналған бұл жобалары елдің ауыл шаруашылығы саласын дамытып, құнарсызданып жатқан жерлерді қалпына келтіруге пайдаланылса екен деген үмітін жасырмады.
– Біз мектебіміздің тәжірибесі басқа мектептерге, тіпті ауыл шаруашылығына пайдаланылып, жердің құнарлылығын арттыруға қызмет етеді деп үміттенеміз. Мен және менің оқушыларым жоба жетекшісі ретінде өзіміздің тәжірибелеріміз бен бақылауларымызбен қуана-қуана бөлісеміз, – дейді Зәмзагүл Абдина.
Айта кетейік, мұғалім мен оқушылардың аталған жобасы облыстық және республикалық экологиялық байқау жобаларда жоғары нәтижеге қол жеткізген.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы