Күзгі чемпионаттың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының құрамасы бірінші орынды ұтып алса, Батыс Қазақстан облысы екінші, Солтүстік Қазақстан облысының ойыншылары үшінші орынға ие болған еді. Талдықорғанға Батыс Қазақстан облысының өкілдері келе алмады. Ал үздік үштікке енген екі команда жарысты сәтті бастады. Жарыстың бас төрешісі Әсел Ғұбашева үздік сегіздікке енген әр команданың чемпионат атануға мүмкіндігі бар екенін атап өтті.
«Ең басты фаворит – осы клубтар. Былтыр волейболдан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты ең алғаш рет ұйымдастырылғаны естеріңізде болар. Енді 17 жасқа дейінгі волейболшылар арасында әлем чемпионаты өтеді. Талдықорғанда өтіп жатқан ел біріншілігі сол байрақты бәсекелерде ұлттық құрама сапында өнер көрсететін қыздарымызды іріктеп алуы үшін аса қажет. Сондықтан бүгінгі жарыс арқылы ұлттық құрама командамыздың іргетасы қаланып жатыр деп айтуға да болады», – деді ол.