Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Жетіген ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беруді Үкімет қарашаның ортасында Президентке ұсынған болатын.
15 мыңнан астам халқы бар Жетіген ауылы, ендігі Алатау қаласы, Алматыдан 45 шақырым және Алматы облысының әкімшілік орталығы Қонаевтан 35 шақырым жерде орналасқан. Ақорданың хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы « Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңының 9-бабына сәйкес қаулыға қол қойған. Нәтижесінде, Алматы облысының Іле ауданы одан Жетіген ауылын бөлу жолымен қайта ұйымдастырылды.
Қазан айында Алматы және Алматы облысының мәслихаттары Алматы агломерациясын дамыту туралы құжатты қабылдаған. Сонымен қатар облыстық мәслихат G4 City жобасын іске асыруға байланысты жаңа қаланы қалыптастыру және оған бірнеше елді мекенді беру жоспарын бекіткен. Алматы мен Қонаев арасында орналасқан Жаңа қалаға бизнес және логистикалық орталықтары, ойын-сауық орталықтары мен тұрғын аймақтар кіруі тиіс. Жаңа қалаға мәслихаттың шешімі бойынша Іле және Талғар аудандарының 31 елді мекені, сондай-ақ Қонаев беріледі.
Қараша айының соңында Үкімет жаңадан құрылатын Алатау қаласы отандық және шетелдік инвестицияларды тартатын, жоғары әлемдік стандарттар бойынша жұмыс істейтін Халықаралық бизнес-Хаб болуы тиіс деп хабарлап, Дубай, Сингапур және Тяньцзиньді құру тәжірибесі негізге алынатынын жеткізген. Қала аумағында ерекше құқықтық режим енгізу жоспарлануда. Алатау қаласының бас жоспары 8,6 трлн теңге инвестицияны құрайды. Желтоқсан айының соңында G4 City арнайы экономикалық аймағы Alatau деп өзгеріп, алаңы 30 мыңнан 96,5 мың гектарға дейін кеңейтілді.
Алатау қаласының аумағы бірқатар елді мекен қосылғаннан кейін 88 мың гектарды құрайды. Осылайша, болашақта жаңадан құрылған қала халқы елу мыңнан асады деп күтілуде. Тіпті, бір кездері Алматыға табыс іздеп кеткен жастар жаңа мәртебемен бірге оралып, қала өмірі жандана түспек. Қала мәртебесін алғаннан кейін бұрыннан келе жатқан мәселелер шешіледі деген үміт те жоқ емес, жолдар жөнделіп, жаңа аурухана салынады деген жоспарда бар.
Сондай-ақ бұған дейін Алматы стансасын айналып өтетін жаңа теміржол желісінің құрылысы басталған болатын. Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол арқылы жүк тасымалы 23 млн тоннадан артылып, тарихи максимумнан асып түскен. Биылдан бері бұл көрсеткіш төрттен бір бөлікке өсті. Осыған байланысты негізгі халықаралық маршруттардың қиылысында орналасқан Алматы теміржол торабының жүктемесі жоғары. Жаңа жоба Алматы стансасын айналып өтіп, Жетіген – Қазыбек би жаңа теміржолына жүк ағынын қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Жаңа филиал жүктемені 40%-ға азайтады, осылайша жүк жеткізу уақытын қысқартады. Жалпы, құрылыс жоспарына сай 130 шақырым теміржол салынады, 3 станса, 13 көпір, 5 т / ж және 1 автомобиль өткелі тұрғызылады.
Кәмила ЕРКІН