Мемлекеттік тапсырыс бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігі 2022 жылы 506 мың дана таралыммен 188 әдеби туындыны жарыққа шығарса, 2023 жылы 295 мың дана таралыммен 101 әдеби кітап шығарған.
Сонымен қатар «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы аясында бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар жарияланып, 2022 жылы жалпы таралымы 30 мың дана болатын 10 әдеби туынды жарық көрген болса, былтыр тағы 14-і 42 мың дана таралыммен басылыпты. Иә, жыл сайын жеке баспаханалардан және мемлекеттік тапсырыс арқылы шығатын кітаптар саны артып келеді. Мәселен, былтыр «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» республикалық бюджеттік бағдарламаның «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы аясында шыққан кітаптар тізімінде дүниеден өткен қаламгерлерден бөлек, бірқатар жас ақын-жазушылардың кітапттары жарыққа шыққан. Соның ішінде Хамит Есеманның «Фәни – құбылыс», Ерғали Бақаштың «Тылсым түн», Жәнібек Әлиманның «Жұлдызымның жорығы», Айзада Рахымжанованың «Алтынтамыр», Алпамыс Файзолланың «Аудармалар мен сұхбаттары», Ықылас Ожайдың «Еркін ойлау», Жадыра Байбұланованың «Сезім сөздігі» кітаптары – соның дәлелі. Осы ретте мемлекеттің демеуімен «Жұлдызымның жорығы» поэзиялық кітабын шығарған ақын Жәнібек Әлиманның пікірін білген едік.
«Мемлекеттік тапсырысқа тұңғыш іліккен кітабым – осы «Жұлдызымның жорығы» өлеңдер жинағы. «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы деген айдармен шықты. Бұған дейін қарағандылық демеушілердің көмегімен «Серт» деген атаумен тырнақалды туындыларым жарық көрген. Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптың орны бөлек. Кітапханаларға таратылады, ел ішіне барады дегендей. Мұнда отызға дейін жазған өлеңдерімнің жартысынан көбі, 80 пайызы топтастырылды. Жекелеген өлеңдермен қатар, «Жылқышы» атты циклдық туындыларым бар. Адамның табиғаттан алыстап бара жатқаны, табиғи тепе-теңдіктің аяқасты қалып бара жатқанын жыр тілінде суреттегім келді. Тағы осы тақілеттес топтама жырларымда өмірден көрген-түйгендерімді сезімге орап, түйсік көзімен тұспалдауға тырыстым. Бүгінгі қазақ қай қазақ? Жарты есі – далада, жарты есі – қалада... Ол да бір кезде жаһандық өркениеттің тұтқасын ұстаған еді ғой, қазіргі сана-сезімі не дейді? Бұл құбылыстардың бәрі көркем әдебиет нұсқаларынан көрінуге тиіс деген ойдамыз. Демек, осы ұлттың баласы болғандықтан, жүрегіміздегі дауыс, көкейіміздегі үн, жадымыздың бейнесі – өлеңдерімде. Мазалаған сезімдер мен сұрақтар тудырған шумақтарды кім қалай бағалап, танитынын өзім де білгім келіп тықыршып жүріп, тағы бір жинақты толтырар өлең жазып қойыппын», – дейді автор.
Сонымен қатар соңғы уақытта жас жазушылардың романға қалам сілтеуі жиілей бастады. Осыдан аз уақыт бұрын қысқа әңгімелер мен новеллаларға ден қойған жазушылар көлемі көлдей дүниелерге бет бұра бастағаны байқалады. Былтыр екі жас жазушы өздерінің алғашқы романдарын көпшілікке ұсынды. Оның бірі – Абай Аймағамбет болса, екіншісі – Әлихан Жақсылық. Әлихан Жақсылық өзінің «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» атты романын екі ай көлемінде жазып шыққанын айтады.
«Қазір Алматы қаласындағы «АR» баспасында дайындалып жатыр. Көп ұзамай кітап сатылымға шығады, кітап дүкендерімен де келісім жасап отырмыз. Роман жұмыссыздықтан, қоғамдағы түрлі қыспақтан қалжыраған жастардың өмірін суреттейді. Теңіз жағасындағы қаланың тұрғындары өміріне мәз-мейрам, бәрі көңілді, күнде думан, күнде той. Бірақ жастар арасында бұл қоғамға деген көзқарас басқа болады. Романдағы басты кейіпкеріміз әлсіз, дәрменсіз көрінгенімен, басына қиындық түскенде, қоғам тепкілеп, полиция қолын қайырып жатса да мойымайды. Кейіпкер қанша қиындыққа ұрынғанымен оқырманға да ерік-жігер, мотивация береді, әділдікке шақырады. Романда бірнеше тақырыпты алып шықтым деп айта аламын. Эйджизм, студенттер проблемасы, бағамен қорқыту, оқудан шығару, полицияның ізге түсуі, жалпы адамзат азабына қатысты әлемдік проблемаларға да назар салдым. Өйткені біз әлемнен бөлек емеспіз, бөлшегіміз, сондықтан әр адамның басындағы болып жатқан тағдыр сол қоғамды толық сипаттай алады ғой. Кейіпкерімізді қоғам өлімге байлайды, бірақ ол шаршамайды. Шаршайды, бірақ рухы азат адамды жеңу өте қиынға соғады. Қысқаша осылай, ол қанша жерден өзі аңсаған азаттыққа, бостандыққа қол жеткізсе де бойында стеротиптер қалып қояды. Бұл нәрселер оған одан әрі қалай әсер етеді, әрі қарайғы әрекеті не болады, роман сол жайында толғанады. Көтерген тақырыптарымды, проблемаларды алып шыға алдым деп ойлаймын. Бұл кітапты Мемлекет басшысына таныстырдым, Президент те романға қызығушылық танытты. Бұл оқиғадан соң әлеуметтік желіде кітабымның шығуына кедергі болу үшін бірнеше адам шабуыл жасады. «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы біраз қиындықты жеңді. Мұқабаға, илюстрацияларға талантты суретші Шаттық Батанның картиналарын пайдаландық. Суреткер мен суретшінің шығармашылығын ұштастыру барысында біраз еңбектенген Ержан Алаштуған ағамызға алғыс айтамыз», – дейді жас жазушы. Сонымен қатар ол бұл сиясы кеппеген су жаңа романы қазір ағылшын тіліне аударылып жатқанын тілге тиек етті. «Еліміздегі ең танымал кәсіби аудармашы кітаппен жұмыстанып отыр. Тәңір жазса, осы жылы Лондон қаласына бұл романды жеткіземіз деген мақсатымыз бар», – дейді дейді ол.
Ал тұңғыш рет детектив жанрында қалам тербеген Абай Аймағамбет өзінің «Бұрылысқа жарты қадам қалғанда» атты кітабына екі жыл уақыт жұмсағанын айтады. «Романымды 2020 жылы басында әңгіме түрінде жазып бастадым. Кейінірек ауқымы үлкейіп, көлемін кеңейте түсуді ойлай бастадым. Белсенді түрде 2021 жылдан бастап романға бел шеше кірістім. Осылайша, екі жылға жуық уақытымды сол романға арнадым. Дегенмен осы аралықта әңгімелер жазып жүрдім, бір повест жаздым. Оқырман енді бағасын бере жатар, дегенмен өз ойымша оқиғасы, құрылымы қазіргі біздің әдебиетіміз үшін тың дүние деп санаймын. Роман жазылып біткенде республикалық «Кемел Қаламгер» детективті шығармалар байқауына ұсындым. Бұл байқауға арнап жазбағаныммен, тұңғыш романымды байқауда сынап көрсем деген ой келді. Ақырында, сол байқаудан бас жүлдені иелендім. Содан соң «Мазмұндама» баспасына дайын кітабымды ұсынғанда олар шығармамен танысып болып, коммерциялық негізде кітапты басып шығаруға келісті. Осылайша, бүгінге сол баспа арқылы қалың оқырманға тұңғыш романым жол тартты», – дейді жазушы.
Иә, бүгінде әдеби үдеріске үзеңгі салған жас қаламгерлер түрлі тақырыпты қаузап, ұлт руханиятына өз үлестерін қаламмен қалдырмаққа бейіл. Бұны еліміздегі ірі қалаларда өткен әдеби іс шаралар мен кітап көрмелерінен байқай алдық. Мәселен, былтыр Астанада «Eurasian Book Fair-2023» кітап көрмесі, Алматыда «Ұлы Жібек Жолымен–2023» ХI Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі мен «Кітап шоу–2023» фестивалінде ақын-жазушылардың жаңа кітаптары таныстырылды. Олар өз кітаптары төңірегінде оқырманмен емен-жарқын әңгіме айтты. Биыл да жас жазушылардың бірқатар кітаптары мемлекеттік тапсырыс арқылы және жекелеген баспалалардан өз кезегін күтіп тұр. Ол кітаптар туралы алдағы уақытта жазатын боламыз. Тәңір ұлттық әдебиетіміздің әлеуетін арттырмақ болған қаламгерлердің қаламына қуат берсін дейміз!
Наурызбек САРША