Депутаттар объектінің жай-күйімен және құрылысымен танысып, мамандардың есебін тыңдады. Одан соң кәсіпорынның жұмысын жақсартуға бағытталған қадамдар мен іс-шараларды талқылады.
ЖЭО-2-ні газға ауыстырудағы басты мақсат – қала атмосферасына зиянды шығарындыларды азайту, күл мен шлак қалдықтары проблемасын шешу және қала атмосферасына зиянды шығарындылардың үлесін азайту.
Жылыту маусымында ЖЭО-2 жыл сайын шамамен 1,5 млн тонна көмір жағып, 660 мың тонна күл өндіреді. 2026 жылға қарай ЖЭО-2-ні табиғи газға көшіру ластаушы заттар шығарындыларының жалпы көлемін жылына 3000 тоннаға дейін (қазір 37 мың тонна) төмендетуге мүмкіндік береді.
– Қазір ЖЭО-2-де күніне бір жарым пойыз Екібастұздың қоңыр көмірі жағылады. Станса газға көшкеннен кейін шығарындылар 12 есеге азаяды. Бұл алматылықтардың денсаулығына оң әсерін тигізбек. Сонымен қатар Алматы және Алматы агломерациясының экологиясы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартады, қаланың ауасы тазарады, – деді Сергей Пономарев.
Бүгінде «Алматы ЖЭО-2-ні қоршаған ортаға әсерді барынша азайта отырып жаңғырту» жобасы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ былтыр қараша айынан бастап Алматы ЖЭО үшін газ инфрақұрылымын салудың бірінші кезеңі шеңберінде жаңа автоматтандырылған газ тарату стансасы іске қосылды.
Стансаны газға кезең-кезеңімен толық көшіру 2025 жылы басталып, 2026 жылы аяқталады.
Бердібек ҚАБАЙ