Жергілікті жұртшылық «Бейнеу-Бозой» жолы Сексеуіл кенті арқылы салынса, өңірдегі жолға қатысты біраз мәселенің оңтайлы шешімін табатынын алға тартып отыр.
Кент тұрғындары күре жолдың Шалқар өңірі арқылы салынатынын қолдамайтынын айтады. Себебі «Шалқар-Бейнеу-Бозой» жобасы 825 шақырымды құраса, «Сексеуіл-Бейнеу-Бозой» жобасы жүзеге асырылса, 515 шақырымды жүріп өтуге болады екен. Яғни, бірінші жоба бойынша салынса, 320 шақырым артық жол жүруге тура келеді. Әрі бұл жол құрылысы артық шығынға соқтырады деп есептейді.
«Негізінен, «Бейнеу-Бозой-Сексеуіл» жолын салуға шешім қабылданса нұр үстіне нұр. Қазір аталмыш автожолдың салынуын Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Арқа өңірінің халқы да қолдайды. Себебі бұл ең жақын, әрі жол азабынан құтқаратын бірегей жоба ретінде танылып отыр. Ең бастысы, бұл жол салынса көліктердің техникалық ахуалына жағдай туғызатын Сексеуіл, Қосаман Қотанбұлақ, Ақбасты, Құланды, Бозой сынды елді мекендердің арасын байланыстырады. Бұған қоса, жол құрылысына бөлінетін қаржы көлемін үнемдеуге де мүмкіндік артар еді», – дейді Арал қаласының тұрғыны Айнұр Рыспаева.
Бүгінде Маңғыстау халқы да Қазақстанның орталық оңтүстік бөлігінен шығатын жол «Шалқар-Бейнеу-Бозой» болып салынуын түсінбей дал. Қырық жылдан бері тартылған теңіздің азабын көріп отырған Арал өңірі халқының да айтар назы аз емес. Халықтың пікіріне сүйенсек, Аралдың қыр жағы әбден тозған. Кеңес уақытында ұшақпен, кеме қатынасымен қатынауға мүмкіндік болатын. Қазір көлік қатынасы үлкен қиындық туғызып отыр. Соған орай наразы топ петиция жинап, 2 000-ға жуық адам қол қойыпты.
Бұған дейін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына енген бұл жоба Астанадан – Ырғызға, Ырғыздан – Шалқарға, Шалқардан – Бейнеуге деп жоспарланған. Кейіннен бұл жобаның тиімсіздігі дәлелденіп, өзгертуге ұсыныс жасалған. Алайда алғашқы жоба әлі күнге өзгеріссіз қалып келеді. Назын білдірген халық «Сексеуіл-Бейнеу-Бозой» жобасы мақұлданып, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолымен қосылса, Сексеуіл, Ақеспе, Қосаман, Бозой тұрғындарының күнкөрісіне үлкен көмек болатынын алға тартады. Ең бастысы, алғашқы жобаның ел қазынасына келтірер шығыны шаш етектен деп есептейді.
«Жолдың ұзаруы бірінші кезекте қыс мезгіліндегі Ырғыз бен Шалқар арасының көк тайғақтығы, Оңтүстіктен Атырауға ағылған көлік кептелісінің ұлғаюына әкеп соқтыратыны анық. Ал Сексеуіл жобасының тиімділігі зор. Бұл жол азабын азайтуға, әрі уақытты үнемдеуге сеп болар еді. Сондықтан Атырау, Маңғыстау, Ақтау әкімшілігінің жанындағы халықтық кеңесі және Оңтүстік өңірдегі халық кеңесі Сексеуіл-Бейнеу-Бозой» автожол жобасын қалап тұр. Көптің талабы тез арада шешімін тауып, елдің үміті еселеніп қайтса деген үміт бар», – дейді өңір тұрғыны Уәлихан Жұмағұлов.
Бұл мәселе былтыр Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келген Көлік министрі Марат Қарабаевтың Сексеуіл халқымен кездесуінде де көтерілді. Көптің базынасын тыңдаған министр жаңа жылдан кейін орынбасарын өңірге арнайы жіберіп, мәселенің мәнісін зерделеуге уәде беріпті. Жергілікті жұртшылық осы уағдаластыққа үмітпен қарайды.
«Бұл мәселе туралы Президент Тоқаевқа хат жолдадық. Бұдан кейін хатымыз Үкіметке, министрлікке жолданып, жауапты комитеттің мамандары айналысып жатқанынан хабардар болдық. Соның нәтижесінде 27 қарашада қоғамдық тыңдау ұйымдастырылды. Оған Арал ауданы әкімі, жобалау мекемесінің өкілдері, «ҚазАвтоЖол» мекемесінің мамандары, экологтар қатысты. Өзіміздің ұсыныс-пікірлерімізді айттық. Нәтижесінде, бірауыздан қолдағаны жөнінде шешім шығарылып, жауапты мамандар протоколын алып кетті. Қазір жоба жасалып жатыр деген ақпар бар. Бұдан кейін бір топ тұрғындармен облыс орталығы Қызылорда қаласына да барып, жұмыс сапарымен келген Көлік министрімен кездестік. Минстрге мәселені бүге-шігесін қалдырмай баяндадық. Министр тарапынан жаңа жылдан кейін Сыр өңіріне келіп, қайтадан қоғамдық қабылдау өткізіп, халықпен кездесіп, заң шеңберінде түйткілді мәселенің түйінін тарқататынын айтты. Бүгінде осы мәселеге орай тиісті жұмыстар жасалып жатқаны мәлім болып отыр. Ендігі кезекте міндетті жұмыстар аяқсыз қалмай, түбегейлі шешілуіне назар аударылса игі», – дейді Сексеуіл кентінің тұрғыны Серік Жанұзақов.
Қалай дегенде де, Сыр елінің, Оңтүстік және Батыс өңірі халқының талап-тілегі бір арнада тоғысып тұр. Жұртшылық алғашқы жоба қай қырынан алып қараса да тиімсіз болатынын алға тартады.
Жол азабын тартқан жамағаттың басты талабы – екінші жоба оңтайлы шешімін тауып, құрылыс жұмыстарының жеделдете жүргізілу болып тұр. Елдің тілегі ескеріліп, табиғи апаттың аранында улы шаң жұтып отырған Сыр халқының жайлы өмір сүруіне жағдай жасалса деген тілегін жеткізді.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ