2022 жылы бұл көрсеткіш 120 500-ді құраған. Келген хабарламалардың ішінде 52 478 өтініш сотқа жолданса, қалған 68 023 өтініш иесі арыз жазудан бас тартқан. Бұл ресми органдардың көмегіне жүгініп, отбасылық мәселені заң негізінде шешуге талпынған азаматтардың бір бөлігі ғана. Одан өзге мәселені жабулы қазан күйінде қалдырып, отбасында көрген қорлығы жайлы елге тіс жармай келе жатқандар қаншама?!
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдайтынын айтқан еді. Жылдар бойы күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселеге байланысты Ішкі істер министрлігіне хабарласып, қазіргі ахуал жайлы сұрап білдік. Ішкі істер министрлігі берген ақпаратқа сүйенсек, жаңа заңнама шеңберінде (2023 жылдың екінші жартыжылдығында) тұрмыстық жанжалдар бойынша 50 мың өтініш қаралған. Сол өтініштердің 64 пайызына әкімшілік іс жүргізілген. Әкімшілік қамауға алынғандардың саны екі есеге артса, сотта 27 мыңнан астам отбасы татуласқан.
– Жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылды, сондай-ақ құқық бұзушының мінез-құлқына 15 мың ерекше талап белгіленді. Оларға полицияның күшейтілген бақылауы жүргізіледі. Шектеулерді бұзған 12 мың фактінің жолы кесілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қоғамда құқықбұзушылықтарға төзбеушілік қағидаты қалыптасқанын атап өткен жөн. Нәтижесінде, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу 14 пайызға, оның ішінде тұрмыстық қылмыстардың төмендеу үрдісі байқалады. Кейбір полицияның репресивтік шаралары тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шеше алмайды. Осыған байланысты Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша, яғни осы саладағы саясатты қайта қарау жөнінде жол картасын іске асыруда, – дейді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.
Стокгольм синдромы: «сырты бүтін, іші түтін» әйелдер
Қазір уақытта жылдар бойы зорлық-зомбылықтың құрбаны болып келсе де жақ ашпайтын «сырты бүтін, іші түтін» әйелдер баршылық. «Стокгольм синдромына» ұшыраған әйелдердің қоғам алдында үнсіздік танытуына кімдердің ықпалы басым? Зорлық-зомбылық – әйелдер мен балалар психологиясы үшін ауыр соққы. Елімізде осындай зілді соққыға жығылған әйелдердің құқығы қалай қорғалып жатыр? Осы және өзге де сауалдарымызды белгілі заңгер, Human Rights Lawyers ҚҚ төрағасы Ләззат Рақышеваға қойып көрдік. Күн сайын зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты қыз-келіншектерден түрлі хаттар алатын заңгер ресми статистикадан бөлек, бүгінге дейін ашылмай, назардан тыс қалған оқиғалардың көп екенін жасырмады.
– Қазір елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері азаюдың орнына, керісінше өсіп барады. «Бес баламмен қайда барамын? Не істесем болады? Баратын жерім жоқ. Үйде әке-шешем қабылдамайды. Бізді қорғаңыздаршы» деп жанұшырған аналардың өтінішін жиі оқимыз. Көңіліңді құлазытатыны, хат жазған әйелдердің көбі жылдар бойы зорлық-зомбылыққа шыдап келген. Біздің практикамызда болған бір оқиғаны айтып берейін. Қазір бес баласы бар ана 8 жылға сотталып, түрмеде жазасын өтеп отыр. Бірінші күйеуінен өмірге келген 7 жастағы баласын жолдасы ұрады, қыстыгүні далаға шығарып жібереді екен. Онымен қоймай, ащы суға тойып келіп, үйде отырған әйеліне қысым көрсетеді. Әйел адам қай уақытқа дейін шыдайды? Соңында өз-өзін қорғауға бекінеді. Бір күні күйеуі әйеліне пышақ алып жүгіргенде абайсызда сол пышақ өзіне кіріп кеткен. Үш күннен кейін агрессор күйеуі қайтыс болады. Нәтижесінде, әйел өзін қорғаймын деп істі болды, артындағы бес баласы жетім қалды. Әкенің мынадай «тәрбиесін» көрген балалар ертең кім болады? Балапандарын балалар үйіне, ең кіші емізулі баласын бүлдіршіндерге арналған орталыққа жіберді. Зорлық-зомбылықтың соңы үлкен қылмысқа әкеледі. Түбінде әйел не еркек қайтыс болады. Қараңызшы, егер сол сәтте әйел қорғана алмаса, өзі қайтыс болушы еді ғой. Сондықтан, ең біріншіден, өзін-өзі қорғаған әйелді соттаудан бұрын заңға қатаң өзгеріс енгізу керек, – деді құқық қорғаушы.
Оның сөзінше, Стокгольм синдромымен өмір сүретін әйелдердің көп жағдайда үнсіз қалуына отбасылық жағдайымен қоса, сыртқы факторлар әсер етеді. Заңгерге келіп түсетін хаттардың 50 пайызы тұрмыстық зорлық-зомбылық төңірегінен әрі аспайды екен. Мұндай сұмдық оқиғаларды болдырмау үшін абьюзер, тиран еркектерге қолданатын жазаны заң жүзінде қатайтуды, онымен қоймай тек жәбірленушімен ғана емес, жәбірлеушімен де психологиялық-профилактикалық жұмыс қолға алынуға тиіс екенін айтады.
– Былтыр тәжірибе алмасу мақсатында Америкаға барып қайттым. Мұнда зорлық-зомбылық әрекетіне барған адамдарды міндетті түрде бір ай көлемінде оқытады екен. Психологке қаралып, олардың кеңесін алады. «Өмір сүргім келмейді. Өлгім келеді» деп жазатын әйелдер көп. Өйткені ішкі шерін тарқататын өзге адамы жоқ. Туысқанына айтса, «Балаларың өсіп келе жатыр ғой, шыда енді» немесе «Елден ұят болады, ертең қайда барасың?» сарынды кеңестерге «тояды». Мен қоғамдағы сананы өзгертіп, әйелдердің рөлін арттыру керек деп айтар едім. Ата-ана «сенің жеке шекараңды бұзуға, сені ұруға ешкімнің құқығы жоқ» деген пікірді баланың санасына жастайынан сіңдіру керек. Жігіттің қызға қол көтеруі дұрыс әрекет еместігін, нәзік жандыларға қысым көтеру – ер жігітке лайықсыз тірлік екенін миына құйып тастауымыз ләзім, – дейді ол.
Елімізде тәжірибелі психологтер жетіспейді
Елімізде 48 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Күйеуінен қорлық көрген әйелдер дағдарыс орталығын паналай алады. Бірақ мұнда тек алты айға дейін паналауға рұқсат етілген. Дағдарыс орталықтары көбіне үлкен қалалар мен аудандарда орналасқан. Заңгер осындай мекемелерді көптеп ашып, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерге әлеуметтік қолдау көрсетілуі керек дейді. Бұл дегеніміз – шаңырағы шайқалған ана өзінің мемлекет тарапынан қорғалып отырғанын түсіну.
– Күйеуі түрмеге түскен соң 5-6 баласымен үйде қалып қоятын әйелдер бар. Кезінде отбасын күйеуі асырап отырғандықтан, енді әйелдің өзі жұмыс істеп, жауапкершілікті қолға алуы керек. Алайда жұмысқа орналасқысы келсе, кәсіби білімінің жоқтығы немесе балаларының жасы кіші болуы кедергі келтіреді. Зорлық көрген әйел балаларымен жалғыз қалып қоймауы үшін елімізде әлеуметтік мекемелер көптеп ашылса екен. Емізулі сәбиі бар аналарға арнап 1 жасқа толмаған балаларды қабылдайтын балабақша ашу керек, – дейді заңға бірқатар өзгеріс енгізуді сұраған заңгер.
Осы тұста Ләззат Рақышева елімізде білікті психолог мамандардың жетіспейтінін атап өтті.
– Қазақстан ажырасу фактісі бойынша әлемде екінші орынға жайғасқан. Мұндай отбасы мүшелеріне психологиялық көмек тегін көрсетілуі керек. Өйткені елімізде мамандар тапшы болғандықтан, тәжірибелі психологтердің қызмет көрсету құны қымбат. Ашығын айтқанда, Қазақстанда түрмеде отырған қылмыскерлерге психологиялық көмек көрсетіледі деп ойламаймын. Себебі елімізде тәжірибелі психолог мамандар жетіспейді. Мәселен, бір мектепте 1 500-2 000 бала оқыса, мұнда 1-2 психолог қана жұмыс істейді. Мамандарға төленетін айлық жалақы да көңіл көншітпейді. Отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық зардабын тартып жүрген балаларды жүріс-тұрысынан, мінез-құлқынан танитын мықты психологтерді әзірлеу керек, – дейді.
Жәбірлеушінің өз әкесі тиран болуы мүмкін
Жақында құқық қорғаушыға кезекті зорлық-зомбылық құрбаны хабарласып, мұңын шаққан. Полицияның көмегіне жүгініп, күйеуі түрмеге тоғытылғанымен, әйел әлі күнге дейін қараңғы қапастан шыға алмағанын айтып шырылдаған. Өйткені күйеуі түрмеден босап шыққаннан кейін әйелінің басына қара бұлт үйірілтетінін айтып қорқытады. Қазір ол адвокаттардың қорғауында. Заңгер тиран еркек әйелінің ғана емес, өсіп келе жатқан баланың психологиясына кері әсерін тигізетінін айтып ашынады.
– Түбін аңдап қарасақ, әйеліне қысым көрсететін еркектің бала кезінде өз әкесі тиран болуы мүмкін. Осыдан кейін баланың санасында «әйелді кемсіту, төмен санау, ұрып-соғу қалыпты» деген ой қалыптасады. Баланың тәрбиесімен жастайынан ешкім айналыспағандықтан, ол өсе келе көргенін өз әйеліне істейді. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, тәрбие дұрыс қаланбаса, мұндай оқиғалар міндетті түрде қайталанады. Отбасындағы жағдайдан травма алған бала өскенде басын көтере алмайды, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Зорлыққа шыдай алмаған әйелдердің тағдыры өз-өзіне суицид жасаумен аяқталады, – дейді құқық қорғаушы Л.Рақышева.
Бала кездегі травманы пайдалы ресурсқа айналдырған жөн
Психология саласында 20 жылдан аса тәжірибесі бар маман Ғалияш Махашова да заңгердің пікірімен келіседі. Травма алған баланың екі түрі болады: «қалың тері» және «жұқа тері». «Жұқа тері» өзі құрбан болып, рөлін қалыпты қабылдайды. Ал «қалың тері» өзгені құрбан етеді. Психолог балалық травмасын пайдалы ресурсқа айналдырғандар бұл ауырлықтан құтыла алатынын айтады. Оның пікірінше, травмадан арылу – өз отбасында көрген қиындығын өзі құрған отбасына алып келмеу дегенді білдіреді. Ол үшін баланың өмірінде отбасы үлгісін көрсететін, махаббат сыйлайтын адам болуы қажет. Сондай-ақ бала есейгенде психологиялық саулығын қамтамасыз етіп, ересек өмірге қадам басса ғана травмадан арылуы мүмкін.
– Зорлық-зомбылық оқиғаларының көбеюіне себеп болатын факторлар көп. Соның бірі – бала кезден іште контейнерленіп жиналған агрессия. Мысалы, бала әкесінің анасын ұрғанын көрді. Қорықты, әкесіне ызасы келді, анасын аяды. Келешекте өзіне ешқашан әйелін ұрмауға уәде берді. Есейе келе, әйелімен қақтығысқа түскен сәтте қиындық нүктесінен шығу жолы – контейнерленген агрессиясын шығарып, тура әкесінің әрекетін қайталау. Себебі бала әкесінің әрекетін теріс көргенмен, оның бейсанасы әкесін авторитет әрі күш қолдану арқылы өз қалауын жасап, қиындықтан шыға алатын «мықты» деп қабылдайды. Ашуға булығып тұрғанда адамда стреске жауап беретін кортизол гормоны көтеріліп тұрады. Ал кортизол бейсанадағы әрекетін санаға шығарып, өз әрекетіне есеп беруге мүмкіндік бермейді, – дейді маман.
Психолог отбасында жолдасымен болған қақтығысты ашық айтып, өзінен көмек сұрап келетін әйелдер көп екенін айтады. Күніне кем дегенде 5-6 терапия, тіпті психологиялық көмекке жүгінушілер толастамаған уақытта 8-10 терапия өткізеді екен. Тағы бір маңызды тұсы, психологке келушілердің арасында отбасын сақтағысы келетін, өз әкесінің қателігін қайталағысы келмейтін ер адамдар саны көбейген көрінеді. Психолог қаншама қиындықты басынан өткерген әйелді жұдырықсыз қоғамда бейімдеу үшін изоляция жасауға кеңес береді.
– Изоляция – әйелді де, баланы да қауіпті аймақтан алып кету. Мысалы, қызыл жалын шарпып жатқан үйге көмек беру үшін бірінші психолог кіре ме әлде өрт сөндіруші ме? Әрине, адам физиологиялық саулығын қамтамасыз еткен соң ғана психологиялық көмек берілгені дұрыс. Бастапқыда денеде қалған қорқыныштармен жұмыс істеу, екіншіден әйелмен терең терапиялық жұмыс жүргізу маңызды. Мүмкін регрессияға түсіру қажет болар. Маманның басты жұмысы – әйел өзіне зорлық көрсететін адаммен өмір сүруді өз санасында қалай ұйымдастыратынын анықтау. Оның травмасын тауып, емдеу. Адам өзін тапқан кезде ғана қауіпсіз аймақ ұйымдастыра алады. Өзі де, баласы да есейгенде қоғамға қауіпсіз болады, – деп сөзін түйіндеді Ғ.Махашова.
Қордаланған мәселенің нүктесін қою әзірге мүмкін болмай тұр. Дегенмен зорлық-зомбылық фактілерін алдын алуда заң тағы да күшейтілмек. Ішкі істер министрлігі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева және Парламент Мәжілісінің депутаттарымен бірлесіп, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды ілгерілету жөніндегі заңнамалық түзетулер әзірледі. Енді денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіріп, отбасы мүшесін ұрып-соққан азаматтар әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Одан өзге «агрессорды» тұрғын үйден уақытша шығарып, әлеуметтік бейімдеу орталықтарына жіберу құқығы беріліп отыр. Ішкі істер министрлігінің өкілдері отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша мамандандырылған дербес бөлімше құрылады дейді.
Сөз соңында айтарымыз, жоспарланған әрекеттер жүйелі түрде іске асса, межелеген мақсатына жетсе екен дейміз. Бейбіт заманда тұрмыстық жанжалдың кесірінен адамнан айырылу – өзімізді құрдымға жіберумен тең. Бұл жөнінде әлі талай айтылуы керек, айтылады да. Үндемеген үйдей бәледен құтылмайды...
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы