Инклюзивті білім берудің негізгі мақсаты барлық баланы тең қабылдау деген түсініктен шығады. Яғни, мұғалім алдына келген баланың барлығына бірдей қарайды, мүмкіндігі шектеулі баланы бұрынғыдай үйден оқытудың қажеттілігі болмайды. «Білім туралы» заңда инклюзивті білім беру ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушы үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс деп көрсетілген. Инклюзивті білім балаларға қатысты кез келген кемсітушілікті жоққа шығаратын, барлық адамға бірдей қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, бірақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ерекше жағдай жасайтын идеологияға негізделген.
БҚО-да мектепке дейінгі ұйымдарда 17 арнайы топ, 29 инклюзивті тәрбиелеу кабинеті бар. Ол топтарда 144 бала арнайы білім алып, 368 бала тәрбиеленіп жатыр екен. Бізге бұл туралы БҚО Білім басқармасы арнайы білім беру және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Шынар Бауеденова айтты.
– БҚО-да психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңес беру мекемесі есебінде ерекше білімді қажет ететін 6 628 бала тұр. Оның ішінде 1 425 бала мүгедек санатына жатады. Жалпы білім беретін мектептерде 341 бала оқып жүр. Ал 367 бала үйден білім алса, арнайы түзету мектептерінде 603 оқушы оқып жүр. Даму мүмкіндігі шектеулі баланы анықтау және олардың білім алуына жағдай жасау мақсатында облыс бойынша төрт психологиялық-дәрігерлік-педагогикалық кеңес жұмыс істеп тұр, – деді Шынар Бауеденова.
Инклюзивті білім беру – бұл жай оқыту емес. Бұл жерде мұғалімнің шеберлігінен бөлек сабыры тексерілетіні бар. Ал Үкімет өз тарапынан инклюзивті білім алатын балаға барлық жағдайды жасауға тиіс. Бұл ретте БҚО-да 345 мектеп инклюзивті білім беруге жағдайы жасалған деген баға алыпты. Жалпы, өңірде 226 дефектолог пен 221 логопед маманы бар.
Сонымен, инклюзивті білім беру тәжірибесі сәтті жүріп жатыр ма? Біз осы сұрақты Білім басқармасының маманына қойдық.
– Қай нәрсе де басында қиын болары сөзсіз. Инклюзивті білім берудің мақсаты мүмкіндігі бар баланы шектемей, керісінше топқа, ортаға қосуды көздейді. Иә, қиындығы бар. Бірақ нәтиже де жоқ емес. Мысалы, сөйлей алмайтын бала топқа қосылып, жап-жақсы сөйлеп кетті. Ортаға мүлде қосылып көрмеген бала мектепке келген соң ашылып, қуантарлық нәтиже беріп жүр, – дейді БҚО Білім басқармасы арнайы білім беру және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Шынар Бауеденова.
Мүмкіндігі шектеулі баланы топқа қосып оқытудың шынымен оң нәтижесі барын бізге ардагер ұстаз, ұзақ жылдар бойына БҚО-дағы алдыңғы қатарлы озық мектептердің бірі болған «Үміт» гимназиясын басқарған Дариға Мұштанова да айтып берді. Тәжірибелі мұғалім мектеп мейірім мекеніне айналуға тиіс деп есептейді.
– Мен ұстаз ретінде айтсам, ауру баланы «сенің сау баламен бір сыныпта отыруға құқың жоқ» деп бөлуге жүрегім шыдамайды. Өзімнің де алдыма тұтықпасы бар, эпилепсиясы бар, аяғы ақсақ бала да келді. Ондай кезде ұлдармен бөлек, қыздармен бөлек психологиялық әңгімелер жүргіздім. Сондай жұмыстың нәтижесінде олар ортадан шеттетілмей, жақсы болып кетті. Тұтықпасы барлар сөйлеп кетті, эпилепсиясы бар бала ҰБТ кезінде де ұстамасы ұстамай, аман-есен тапсырып шықты. Дені сау балалардан еш кемшілігі жоқ, бірдей білім алып кетті. Сонда мен кезінде «мына талып қалатындарды құртыңдар» деп шеттетіп тастасам олардың бүгінгі тағдыры не болар еді? Бұл жерде әңгіме ұстаздың жүрегіне келіп тіреледі. Ұстаз жүрегі баланы алалап, бөлуге шыдамайды. Мектеп мейірімді орта болуға тиіс, – дейді ұстаз.
Дариға апайдың айтуынша, инклюзивті білім дегеннің өзі біздің менталитетімізбен үйлесіп, ұштасып жатыр.
«Қалыпты балаға ерекше баланы қосып оқытудың екінші жағы бар. Баланың бойындағы жанашырлық қасиетті оятуға жұмыс істейді. Он саусақтың қайсысын кессең, сол ауырады дейді ғой. Ал ұрпақты, болашақ қоғамның мынауы жақсы, мынауы жаман, мынау артық, мынау кем деп қарауға болмайды. Бүгінде инклюзивті білім беру екінші сатыға өтуі керек. Алқалы топта бір жері кем адамға тесіліп қарауға болмайтынын біздің өзіміздің қазақы тәрбие ұғындырып отыр. Сол ұлттық тәрбиені негізге алып, қайта жандандырып, мектепте қолдану керек. «Ақсақтар мектебі, соқырлар мектебі» деп оларды бөліп тастауға қарсымын. Себебі ондай арнайы мектепте оқыған балалар өздерін өмір бойы кем көреді. Сондықтан да инклюзивті білім дегеннің өзі адамгершілік құндылыққа негізделген. Баланың жанын жараламай, білім бере алу да үлкен өнер. «Көңіл мектебі, пейіл мектебі» деген бар қазақта. Соны тірілту керек, жаңарту керек. Қазір ешкімнің көңіліне қарамайтын безбүйрек қоғамға керек әдіс. Инклюзивті білімнің негізі осыда жатыр», – деді Дариға Ғазезқызы.
Ал қоғам белсендісі Тілекқабыл Нұрышев инклюзивті білім беру деген нағыз бизнеске айналды деп есептейді.
– Менің пікірімше, инклюзивті білім беру деген қазір бизнеске айналып кетті. Себебі осыны оқытатындар, үйрететіндер үшін өте тиімді болып тұр. Мұғалімнің жалақысына азын-аулақ тиын қосады да, мұғалімді ақылы оқытады. Мысалы, екі апталық курс ақысы – 25 мың теңге. Инклюзивті оқытуда тегін оқу жоқ. Барлығы ақылы. Екі аптада ол мұғалім не үйренеді? Қазір не көп – дефектолог, логопед көп, екі апта курсты оқып алады да бәрі дефектолог, бәрі логопед болып шыға келеді. Сонда нақты білімді кім береді? Ондай мұғалім ауру бала түгілі сау баланы да жөндеп оқыта алмайды, – дейді педагог зерттеуші Тілекқабыл Нұрышев.
Инклюзивті сыныптарда білім беретін мұғалімдерге күш көбірек түсетіні рас. Бұл пікірді мектеп мұғалімдерінің өздері де мойындап отыр. Себебі ерекше күтімді қажет ететін балаға кететін уақыт та, ресурс та бөлек. Соған сай еңбекақы төленсе жақсы. Алайда елімізде инклюзивті сыныптарға білім беретін мұғалімдер мардымсыз жалақыға жұмыс істейтінін айтады. Сондай мамандардың бірі – Айнұр Сабыр.
– Инклюзивті білім беру теорияда жақсы. Ауру бала сау баланың ортасында өзін тең ұстасын, сау сезінсін дегенмен, іс жүзінде қиындығы бар. Себебі баланың бәрі бірдей емес, диагнозы әртүрлі. Біз күнде мектепте көріп жүрміз ғой. Жүйкесі жұқарған балалар бар. Қасында отырған сау баланы салып қалады, қаламсап тығып алады. Мұғалім бір уақытта сабақ беріп, бір уақытта әлгі баланы қарап отыруы керек. Бір сыныпта 25-30 бала болса, оның екеуі – ерекше білімді қажет ететін бала. Егер бала мүлде жүре алмайтын болса ғана оның қасына көмекші береді. Ал өзі жүріп-тұратын бала болса, онда көмекші педагог берілмейді. Инклюзивті сыныптарда буллинг күшті. Балалар ерекше баланы кемсітеді. Қанша айтсақ та, түсіндірсек те баланың аты – бала. Келемеждейді, күледі. Тіпті, кейде төбелеседі. Ал мұғалім соның бәрімен алысып отырады. Бұдан бөлек, инклюзив сыныптарға сабақ беретін мұғалімдерге өте аз ақша төленеді: әр сабаққа 400-500 теңге аралығында ғана. Оның артында қанша еңбек, қанша жұмыс жатыр? Оның есебі өте көп, бітпейтін қағазы бар және басқа мұғалімдердей емес, инклюзив сыныптарды тексере береді. Осы жерде беріліп жатқан инклюзивті білімнің сапасы қандай деген мәселе туындайды, – дейді қаладағы мектептердің бірінде сабақ беретін Айнұр Сабыр.
Байыптап қарасақ, жоғарыда айтылғандай, бұл мәселенің әртүрлі қыры бар екен. Дегенмен уақыт өте келе біздің елде де оның әрбірі шешімін тауып, инклюзивті білім беру бір жолға қойылар деген үміт те, сенім де көп.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА