Биыл – Жүсіпбек Аймауытұлының 135 жылдығы. «Жүсіпбек – Алаштың миы еді. Алдымен Жүсіпбекті атқаны да сол себепті: Алашты миынан айыру» деген еді алаш зерттеушілерінің бірі.
Нұржан Қуантайұлы: Жүсіпбектің он үш бүркеншік аты болған
3,600
оқылды

Аймауытұлы алғашқы лекпен, 1929 жылы ұсталып, атылып кетті. Сталиндік репрессия Алаш ардақтыларын баудай қырмағанда, қазақ әдебиеті отыз жылға шегерілмес еді. Амал не, бүгінгі міндет – ұлт қаймақтарының асыл дүниелерін жинақтап, ұрпаққа жеткізу. Алаш зиялысы туралы біз білмейтін құпия мәліметтер көп пе? Біз ол кісіні қаншалықты түгендей алдық? Сауалымызды жазушы, жүсіпбектанушы Нұржан Қуантайұлына қойған едік. 

–  Нұржан аға, биыл Жүсіпбек Аймауыт­ұлының мерейтойы ғой. Жалпы, біз осы уақытқа дейін  Жүсекеңді толық зерттей алдық па? Әңгімені содан бастайықшы.

– Жүсіпбек Аймауытұлының өмірбаяны­ның жалпы сұлбасы біршама белгілі. Туған жылы жөнінде бірсыпыра дерек бар. Бірақ... 

Қаламгер ақталған жылы (1988 жылы) Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тетінің қортындысы мен Аймауытұлы­ның өз қызы Музадан алынған, жазушының қайтыс болғаны жөніндегі куәліктің негізінде қаламгер «1889 жылы дүниеге келді» деген тұжырым қалыптасқан.  Десе де, Қазақстан республикасы Орталық мемлекеттік архи­вінде сақталған куәлігінің бір нұсқасында жазушы «1892 жылдың 30 ноябрінде туған» деп көрсетілген. Ал Семейдегі мұғалімдер семинариясының құжаттарында да туған жылы «1892» деп көрсетілген, сірә, ересек жігіт (семинарияға түскен жылы жиырма төртте) жасын әдейі азайтып көрсеткісі келген болуы керек.

Оңтүстік Қазақстан облыстық мемле­кеттік архивінде қаламгердің өз қолымен толтырған жеке іс-парақтары сақталған. Сол кездегі Сырдария губерниялық қазпед­техникумының 1926-1927 жылдары жазылған бұл құжаттарында Жүсіпбек өзінің туған жылын 1988 деп көрсетеді, ал кейбіреуінде «1888 жылдың 15 январы» деп күнін де атап береді. 

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивін­дегі мәлімет сәл басқаша. 1929 жылдың 21-майында ГПУ тергеушісіне берген жауа­­бында жазушы «40 жастамын» деп ай­­тыпты (011494-іс, 2-том, 115-парақ). Бай­­қап отырғанымыздай, Аймауытұлының туған жылы әр жерде әртүрлі жазылған. Тіпті, өзі де әрқалай көрсетіпті. 

– Дұрысы қайсы?

– Меніңше, Жүсіпбектің 1928 жылдың қаңтарында Смағұл Садуақасұлына арнап, өз қолымен жазған өмірбаянындағы дата – ең дұрыс, нақты мәлімет. Осы хатында Жү­сіпбектің өзі «мен сиыр жылының ая­ғын­да (1890 жылдары) Қызылтаудың бау­рындағы Қараның адыры деген жерде, Дән­дебай ауылында тусам керек» деп жазады. 

Санай келсек, сиыр жылы 1889 болып шығады. Бірақ қазақтың жыл санауы бойынша, 1890 жылдың 22 мартына дейінгі, яғни Ұлыстың ұлы күні кіргенше алғашқы үш ай да сиыр жылына жатады ғой, сонда сиыр жылының аяғы – 1990 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айлары болып шығады. 

Ендеше Аймауытұлының 1928 жылы Смағұлға жазған хатындағы өз қолымен жазған мәліметтің дұрыс екенін мойындау керек, сол шындықты қабылдау керек. Яғни, Жүсіпбек Аймауытұлы, сол кездегі әкімшілік-территориялық бөлініспен айтатын болсақ, Семей губерниясының Кереку уезіндегі Қызылтау болысының 1-ші ауылында, Қараның адыры деген жерде (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Жосалы ауылы) 1890 жылғы қаңтардың 15-де дүниеге келген. 2025 жылы туғанына 135 жыл толмақ.

Шымкентте тұрған үйін мемлекет өз құзырына алуға үлгермеді

– Сонда 135 жылдығын  биыл емес, келесі жылы атап өту керек дейсіз бе?

–  Солай. 

– Ал Жүсіпбек туралы зерттелмеген дүниелер көп пе? Жүсіпбектанушылар ше?

–  Қазір білмедім, осыдан жиырма жылдай бұрын шамамен онға жуық аймауыттанушы болды. Одан бері көбейген шығар. 

–  Солардың ішінде Жүсекеңнің мұрасын тірілткен, мықты зерттеушілер қайсысы?  

–  Менің алдыма тек белгілі архивист-ғалым Бейсенбай Байғалиев ғана түсер. 1988 жылдың күзінде Жүсекең ақталғаннан кейін ол кісі жазушының бірталай шығармасын араб үлгісіндегі қазақ жазуынан бүгінгі кирилл жазуына түсірген. Ол еңбегін былай қойғанда, сирек қолжазбалар қорынан біршама әңгімесін тапқан адам.  

–  Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы кезінде арнайы экспедиция ұйымдастырылып, Ахаң жүрген жолмен жүріп өтті. Осы кезге дейін Жүсіпбек жүрген жолмен жүріп, экс­педиция ұйымдастырғандар болды ма? 

–  Жоқ, өкінішке қарай, болған жоқ. Оған үлкен демеушілер керек. Оны ізденіп, солай экспедиция жасайық дейтін ешкім байқалмайды. 

–  Көпшілік Жүсіпбектің Шымкенттегі үйін жиі айтады. Бірақ ол үйден қазір белгі жоқ: бұзылып, қирап қалған секілді. Ол үйді неге сақтап қала алмадық?

–  Өкінішке қарай, Жүсекең үш жылға жуық тұрған, Шымкенттегі үй осыдан жиырма үш жыл бұрын бұзылып кеткен. Қошқар ата өзеніне жақын, Шымкенттің ескі орталығындағы, бір қабатты үй еді ғой. Қазір Шымкент қаласында тұратын, белгілі сыншы Құлбек Ергөбек ағамыз «ол үй төрт коммуналды пәтерден тұратын, төрт қожайынға тиесілі үй еді» дейді «1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына Бердібек Сапарбаев әкім болып келгеннен бастап, ол үйді музейге айналдыру үшін барымызды салдық, өкініштісі, төрт қожайынның бірі көніп, бірі көнбей, үйді мемлекетке алу процесі ұзаққа созылып кетті» дейді. Ақыр соңында, 2000 жылдардың басында бір кәсіпкер иеленіп, үйді бұздырып, орнына көп қабатты жаңа үй салып қойған екен.    

–  «Ақбілек», «Қартқожа», «Күнікейдің жазығы» – белгілі шығармалар. Прототиптері де белгілі. Белгісіз шығармалар қалды ма? 

–  «Қалмады» деп үзілді-кесілді айтуға болмас. Мәселен, «Қартқожа» романының бір нұсқасы әлі кирилл жазуына түскен жоқ. Негізгі мұрасының бәрі жиналды. Десе де, ХХ ғасыр басындағы, кейбір нөмірі табылмай тұрған газеттерден шығармалары шығып қалуы әбден мүмкін. 

«Қазақ» газетін алдырып тұрған

– Ең алғаш жазған шығармасы қандай?

–1913 жылы Кереку қаласындағы орыс-қазақ мектеп-интернатында оқып жүргенде Жүсіпбек Аймауытұлы «Қазақ» газетін алдырып тұрған. Жазуға деген құмарлығы сол кезден басталса керек. 

1998 жылы «Қазақ» газетін ақтарып отырып, 1913 жылғы қазанның 16-сындағы нөмірінде «Ішкі хабарлар» айдарымен берілген, «Болысқұмарлық» деген хабардың  Жүсіпбектікі екенін байқадым. Соңында автор «И.А.» деп қол қойған. Бұл есімді «Иусфбек Аймауытұлы» деген аты-жөнінің бастапқы әріптері деп топшылаймын, өйткені кейін, 1918 жылы «Абай» журналында жарияланған дүниелеріне қаламгер «Иусфбек» деп қол қойып отырған. 

Шағын ғана ақпарды толық келтірейік:

«Өткен жаз сайлауда Павлодар үйезі, Далба волысында болыс боларлық орысша білетін бір кісі болмаған; Мұны естіп, болыс боламын деп Павлодар жатағында мелішпен кәсіп қылып жүретін Х.И. деген жігіт далақтап еліне шауып барған. Болыстың ел аларлық пұлы 25 шамалы тақта шай, білімі қалада жүріп үйренген саудалық, былдырақ, бес-алты ауыз орысша тіл еді. Шар саларда елубасылар болыс қоямыз деп байғұстың ноғайдан вексельмен алған шайын алдап алып қойындарына салыпты. Шарға түсіп болыс болмақ түгіл, жұртқа күлкі болып, шайынан айрылып, шертиген шенқұмар сорлы салы суға кетіп үйіне қайтты». 

Осы хабардың өзінен Жүсіпбектің қолтаңбасы, оның стиліне тән юмор аңғарылады. Сонымен, қаламгердің жарыққа шыққан, баспасөзде жарияланған тырнақалды дүниесі – осы. 

–  Жазушы кезінде көп дүниесін бүркеншік атпен жазыпты. Мысалы, «Ақбілек» романын алғаш рет журналға «Жанақ» деген псев­доми­ммен шығарған екен. Жалпы, қанша бүркеншік аты болған?

– Қаламгердің баспасөздегі бүркеншік есімдерін толықтай қарастырсақ, ғалым Бейсенбай Байғалиев 1989 жылы «Жүсіпбек Аймауытовтың бүркеншік есімдері» деген арнаулы мақала жазып, оның «Қызылтаулық», «ЖК», «Қызылбас», «Жанақ», «Келешек», «Таңашбай», «Екеу» деген бүркеншіктерін атаса, сол жылы жазылған мақаласында ғалым Темірбек Қожакеев бұларға қоса «Ермағамбет», «Қып-қызыл», «Шоғарақы» деген тағы үш бүркеншік атын көрсетеді. Кейінгі зерттеушілер де осы есімдерді атап жүр. «Қызылтаулық» деген ат жас Жүсіп­бектікі екені, осы атпен «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рәбиға» пъесаларын жария­лағаны 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде де жазылған. Ал «Таңашбай» деген лақап ат өзінікі болғанын, ол бесінші атасының есімі екенін жазушы 1927 жылы өзі ашық айтқан.

Жазушының 1917-1919 жылдар ара­лығын­дағы Алаш Орда баспасөзінде, кейін совет өкіметі орнаған 20-жылдардағы қазақ басылымдарында жарық көрген дүниелерін жиыстыра жүріп, біз осы аталған бүркеншік есімдерді  расында да қаламгердің өзі пайдаланғанына көз жеткіздік. 

Дегенмен олардың ішінде бір рет қолданылған аттар бар екенін де айта кету керек. Олардың ішіңде, мәселен, «Келешек» («Елес» әңгімесінде), «Шоқарақы» («Көшпелі Көжебай» фельетонында), «Қып-қызыл» («Әсемпаздық» фельетонында) сияқты бүркеншік есімдері бар. «Қызылбас» – өзінің екі ғана әңгімесінде («Томарбай мен қатыны» және «Жаңабайдың жанындагы трагедие») қолданған аты. «Жанақ» – тек «Ақбілек» романында ғана пайдаланылған псевдоним («Әйел теңдігі» журналының 1927-1928 жылғы сандарында). Жанақтың Жүсіпбектің екінші ұлы екені белгілі. Мұнымен бірге қаламгер «Ж», «Ж.А.» деп аты-жөнінің басқы әріптерін ғана көрсетіп қол қойып отырған. Көбінесе «Жүсіпбек» немесе «Иусфбек» деп өз есімін толық көрсеткен екен.

Жиі қолданған тағы бір бүркеншік аты – «Жік». Бұл жазушы есімінің бастапқы және соңғы әріптерінің бірігуінен жасалған сөз. «Жазушының жиі пайдаланған бүркеншік есімі – «ЖК» («Жік» емес)» деп жазады Б.Байғалиев. Дегенмен қаламгер алғашқыда «ЖК» деп қол қойды десек те, кейінгі шығармаларында «Жік» деп анық көрсеткен деп айта аламыз. Оған 1925 жылы «Ақ жол» газетіндегі, «Пионер» журналындағы кейбір шығармаларына «Жік» деп қол қоюы дәлел бола алады. 

Сонымен «Ж», «Ж.А.» және «Жүсіпбек», «Исуфбек» деп қол қойғанын есептемегенде, Ж.Аймауытұлының он бүркеншік есімі бар екендігін аңдадық. Шығармаларын түбегейлі жинастыруға ден қойған тұста біз қаламгердің тағы үш бүркеншік атын таптық. 

«Құсбегі» әңгімесі өзі шығарып тұрған «Абай» журналының 1918 жылғы 1-санында «Тікқұлақ» бүркеншік атымен шыққан. «Алып ұйқы» әңгімесін 1926 жылы «Қазақ тілі» газетіне «Қара адыр» деген атпен бастырған. 

Сонымен бірге қаламгердің «Бажаның басы қышиды» деген әңгіменің өзінікі екені туралы мәлімет қалдырғанын еске түсірсек, бұл әңгіме осыған дейін көзге ілікпеген «Ақыл» бүркеншігімен шығыпты. Осы атпен «Үй қандай болу керек?», «Неге неке бекем емес?» және т.б. мақалалары да жарық көрген. «Ақыл» – өмірінің соңына таман қолданған бүркеншігі. Сонымен, Ж.Аймауытұлының «Тікқұлақ», «Қара адыр» және «Ақыл» деген тағы бір үш бүр­кеншік есімі бар деп сеніммен айта аламыз.

– «Желкек» деген псевдоним де Жүсіпбек Аймауытұлыныкі деуші еді?

– ХХ ғасыр басыңдағы қазақ мәтбүғатын жүйелеп, ретке келтіруде керемет үлкен еңбек сіңірген, үлкен библиограф-ғалым Үшкөлтай апа Сүбханбердина «Қазақ» газетіндегі «Желкек», «Желкең» бүркеншік есімдері Ж.Аймауытұлына тиесілі ме деп болжам жасап көрген еді, әйткенмен «Қазақ» газетінің материалдарын қарап отырып, «Желкек» деген бүркеншік есім Жүсіпбектікі емес деген қорытындыға келдік. «Желкек» – Ресей патшасы заманындағы әкімшілік-территориялық бөлініспен айтар болсақ, Ырғыз уезінің адамы. Өйткені соңғы үш хабарда да Ырғыз уезіндегі жаңалықтар: уездегі елдің тұрмысы, хал-ахуалы, партия таласы, сайлау т.с.с. жағдаяттар сөз болады. Жүсіпбек Аймауытұлы болса, бұл уақытта Семей қаласындағы мұғалімдер семинария­сында оқып жүрді. 

Академиялық толық жинағы шыққан жоқ

– 2013 жылы Жүсіпбек Аймауытұлының алты томдығы жарық көрді. Сол томдықтарды толық академиялық жинағы деп айтуға бола ма? 

– Өкінішке қарай, жоқ... Алты томдыққа Ж.Аймауытұлының Николай Гогольден аударған «Бақылаушы» (Ревизор) пъесасы, Фердинанд Дюшеннен аударған «Дәмелі» (Тамилла) романы, С.Чуйковтан аударған «Тау еліндегі оқиға», тағы басқа да шығармалары (Бухарин мен Покровский сияқты коммунистердің саяси кітаптарын аударғанын есепке алмағанда) кірмеген. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Жүсіпбек Аймауытұлының академиялық жеті томдығын шығаруы керек-ақ. Сол жеті томдықта біздің аты-жөніміз тағы көрсетілмей қалмаса, болғаны...

– Ол қалайша?

– Мен Жүсіпбек Аймауытұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеп, 1996 мен 1999 жылдары Алматыдағы Орталық архивте, Ұлттық кітапхананың және Ғылым академиясына қарасты Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорларында, сонымен бірге  Семей, Шымкент, Ташкент архивтерінде отырған адаммын. 

Жұмысымның нәтижесі ретінде 2013 жылы Алматыдағы «Қаламгер» баспа үйінен өз қаражатыма «Жүсіпбек Аймауытұлы. Шығармалары» деген жинақты жарыққа шығардым (бұл кітаптың ондаған данасы Ұлттық кітапхана мен Орталық Ғылыми кітапханада бар, жинақтың соңында «басуға 2013 жылғы маусым айының 26-да қол қойылды» деп жазулы тұр). 

Осы кітапты шығарып, «үһ» деп бір көңіл демдеп отырғанымда (ол кезде Өскеменде қызметтемін), сол жылдың шілде айында Астанадан сыйлас ағам, белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы теле­фондады: «Нұржан, сенің Аймауытұлының бірталай дүниесін тапқаныңды білемін, біразын мерзімді баспасөзге жариялап та жүрсің, биыл Әдебиет және өнер институты Жүсекеңнің алты томдығын шығармақшы, сен жүсіпбектанушы ретінде соған жәрдемдесіп, тапқан дүниелеріңді соларға берсеңші» деп қолқа салды. 

–  Сіз, әрине қуанған шығарсыз?

– Мен архивтен тапқан материалдардың қалай қолды болып кететінін жақсы білетін адаммын. Басқасы басқа, біздің КазГУ-де тарих саласынан Сәбира Иманбаева дейтін зерттеуші қыз бар еді, сол қыз Міржақып Дулатұлының алты томдығы шығатын кезде міржақыптанушы ретінде менен «осы алты томдыққа қостырайын» деп, Жақаңның жазған хатын сұрады. Міржақыптың Алаш-Орда әскерін құруға жәрдем сұрап 1918 жылы Зайсан қазақтарына арнап жазған хатын  Орталық архивтен тапқан едім, оны 2001 жылы «Жас алаш» газетіне де жариялағам, Сәбира соны жақсы біледі. Қатар жүрген, жүзі игі адам ғой, еңбегімді көрсетер, оның үстіне Жақаңның аруағы риза болар деп, архивтің қай қоры, қай бумасы, тапқан дереккөздің бәрін көрсетіп, хаттың толық нұсқасын аманат етіп бердім. Кейін әлгі алты томдық шыққан соң ашып қалсам... көзім сенбейді! Міржақыптың хаты шыққан томның соңындағы түсінік­темеде «хатты архивтен тапқан – Сәбира Иманбаева» деп жазулы тұр!.. Айдың-күннің аманындағы ұрлыққа не айтарымды білмей, тұншығып қала жаздағаным әлі есімде.

Осы оқиғаны телефонмен Дихан Қамза­бекұлына айтқанымда, ол күліп, «жоқ, Нұржан, ондай плагиаттық болмайды, бұл академиялық жинақтарды шығарып жүрген институт қой» деді. 

Артынша, біраз күннен кейін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкері Гүлжаһан Орда телефондады, «осылай да осылай, сізге Дихан звандаған шығар, мен сол алты томдықтың жауапты шығарушысымын, тапқан материалдарды бізге берсеңіз» деп.

Әуелі бергім келмей, жүре жауап бергенім рас. Бірақ артынан  ойландым: жақында ғана Алматыда «Жүсіпбек Аймауытұлы. Шығармалары» деген жинақты шығардым, ол жинақ кітапханаларда толып тұр, несіне қорқамын, Жүсекеңнің мен тапқан дүниелерін ешкім иемденіп ала алмайды ғой деп. Сөйтіп, Гүлжаһан Орда бір хабарласқанында, «редакция алқасына мені кіргізерсіз» деп сөзін алып, өзім шығарған жинақтың электрон нұсқасын поштасына жібердім. 

–  Сонымен? 

–  Сонымен... «Жүсіпбек Аймауытов. Шығармалары» деген атпен Алматыдағы «Ел-шежіре» баспасынан Жүсіпбек Аймауытұлының алты томдық шығармалар жинағының алтауы бірдей 2013 жылдың соңында жарқ етіп шыға келсін.

Басуға М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі ұсынған (алты томның да соңында «басуға қыркүйектің 4-де қол қойылды» деп жазулы тұр). 

Әр томның 2-бетінде «Редакция алқасы: С.Қирабаев (жауапты редактор), У.Қалижанов, Д.Қамзабекұлы, Р.Тұрысбеков, Г.Орда (жауапты шығарушы). Томды баспаға дайындаған: Б.Мұқатай, Н.Құдайбергенов» деп жазылған.

Мен жоқпын!..

Редакция алқасында жоқпын. 

Ж.Аймауытұлының шығармаларынан 2000 жылы филология ғылымдары бойынша кандидаттық диссертация қорғаған мені кіргізбегенде, әдебиет институты сонда кімді кіргізуі керек? 

Қайран қалдым. 

Басқасын айтпайын, 3-томына Жүсе­кеңнің мен тапқан «Құсбегі», «Шажамай», «Кенжем атты», «Бетім-ау, құдағи ғой!», «Аждаһа», «Елеусіз ерлер», «Көшпелі Көжебай», «Делебесі қозған жігіт», «Мысыққа ойын, тышқанға өлім», «Балалармен әңгіме», «Тәубе қылды», «Жаңа талап», «Мен қалай үйлендім?» әңгімелері мен «Су жүзінде», «Заң білместің зары», «Мұрда», «Мұрданың өлімі» атты төрт аударма әңгімесі кіріпті. 

Бірақ редакция алқасында мен тағы жоқпын. 

6-томына «Мемлекет құрылысы», «Әде­биет», «Қазіргі саяси хал», «Қазір екі нәрсе керек», «Уақ қарыз серіктігі», «Ұлтты сүю», «Қазақ партиясын жою туралы бір-екі ауыз сөз», «Қазақ тілін іске асыру қамы», «Әдет заңы», «Орынбордағы қазақ институтының оқушылары ортасындағы саяси-ағарту ұйымының ережесі», «Музыканың пайдасы», «Жастардың тәрбие-тәлімі», «4 жылдық өмір», «Мен – Аймауытұлы» деген мен тапқан мақалалары енгізіліпті. 

Осы жерде бір мәселе: Аймауытұлының «4 жылдық өмір» деп аталатын мақаласының тақырыбы 6-томда «2 жылдық өмір» деп өзгертілген. Жауапты шығарушы неге өзгерт­кен? Дәлел келтірмейді. Сол мақаланы тапқан маған хабарласпайды. 

Тым құрыса, 1925 жылы жазылған сол мақаланы бір шолып шықсаңшы, айналайын-ау. «Еңбекші қазақтың» бастап шыққан күні 1921-ші жыл, ноябрьдің 7-сі еді» деп басталатын мақаланы оқып шығуға да ерінген ғой. Әйтпесе, сол мақалада «Еңбекші қазақ» газеті екінші жылында жетісіне екі рет шығуға кіріскені, үшінші жылында жетісіне 3 рет шыға бастағаны, төртінші жылында «тұлғасы өсіп, өрісі кеңуге бет алып, басқарма адамдары үстеліп, табан серіппей отырып қызмет қылатын жазу­шылар­дың» көбейгені, соңғы кезде тілшілер саны 350-ден асып, газет алдырушылардың саны 8 мыңға жеткені айтылады емес пе? Тақырыбының «4 жылдық өмір» деп тұрғаны сондықтан. Жоқ. Жауапты шығарушы оқуға ерінеді, сөйтеді де мақала тақырыбын «2 жылдық өмір» деп өзгерте салады... 

6-томға Жүсекеңнің мен тапқан 14 мақаласын енгізіпті. Мен берген 59 мақаланың 14-нің ғана кіргені, қалғанының неге кірмегені туралы 6-томның соңында (381-бет) былай деп жазып қойыпты: 

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің «Әдебиеттің әленуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдар­ламасы бойынша алты томдыққа сыймай, кітаптың көлемі көтермегендіктен 40 бетке жуық мақалалар қысқартылды» (?). 

Кітап көлемі көтермеген деген қандай уәж? Алты томдықты ауырсынбай шығарып отырған баспа ар жағындағы екі баспа табаққа қарап тұр ма сонда? Қисыны жоқ түсініктеме.

1-томның соңында (374-бет) «Н.Қуантайұлының тапқан шығармалары 2, 4, 6, әр томға жанр бойынша берілді» деп жазады. Бірақ 6-том болмаса, 2-томда да, 4-томда да мен тапқан шығармалар жоқ. Керісінше 1-том мен 3-томда бар. 

Бұл қателік нені көрсетеді? Бұл қателік алты томның жауапты шығарушысының тапсырылған дүниеге атүсті, өте жауапсыз қарағанын көрсетеді. Мен кейін алты томдықты асықпай қарап шықтым, өте нашар шыққан жинақ, грамматикалық қатеден аяқ алып жүргісіз.1-томдағы алғысөзде (авторы көрсетілмеген) Жүсіпбек Аймауыт­ұлының өмірі мен шығарма­шылығына қатысты қате мәліметтер жүр. Соған қарным ашты. Биылғы мерейтойында осы кеткен олқылықтарды түзеп, қайта реттеп бастырсақ, жөн болар еді.

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС