Әсіресе, қыстың көзі қырауда қатты аяз бен боранның, сондай-ақ көктайғақтың салдарынан күре жолдар түгелдей жабылып жатқанына қарамастан ондаған көліктің жаппай соқтығысып, адамдардың ауыр жарақат алып, тіпті жантәсілім етіп жатқаны жүрек шайлықтырады. Жол апаты салдарынан болған қорқынышты статистиканы қанша азайтқымыз келгенімен еш нәтижесі болар емес...
Әсіресе, Ақмола облысында жыл соңы мен жыл басында ірі жол апаттары тым көбейіп кетті. Алдын ала берілген ескертулер мен арнайы хабарламаларға қарамастан жүздеген, тіпті мыңнан астам көліктің күре жолдың бойында кептелісте қалуы, қар құрсауында қалып, полиция мен төтенше жағдай қызметінің көмегіне жүгінуге мәжбүр болып жатқаны жиілеп кетті. Жол қауіпсіздігіне әсер ететін басты маңызды үш фактор – жүргізушілердің мәдениеті, жол инфрақұрылымының сапасы мен жолаушылардың жауапкершілігі азайып бара ма деген қауіп басым. Құзырлы полиция мен Төтенше жағдайлар қызметі жолдағы қауіпсіздікке әсер ететін бұл факторлардың темір тұлпар тізгіндегендердің көбінің қаперіне де кірмейтіні жөнінде өзекті жайды жиі көтереді.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің дерегіне сенсек, тек осы қыстың басынан бері ғана полиция қызметкерлері 337 мәрте жол қозғалысына шектеу қойған. Бірақ ескертулерге қарамастан жолға шығып кеткендердің қауіпсіздігі үшін 500-ге жуық полиция қызметкері 19 214 автокөліктің аман-есен діттеген жеріне жетуі үшін 106 колоннамен алып жүруге мәжбүр болған. Сондай-ақ қалың қар құрсауында қалған 98 автокөлік шығарылып, 112 адам оның ішінде 8 бала мен 47 шетел азаматы құтқарылған.
Өкініштісі сол – өңірде бірді-екілі автокөліктер емес, жаппай ондаған автокөліктің бір мезетте апатқа ұшырау оқиғалары өсіп кеткен. Мәселен, жаңа жыл қарсаңында, 29 желтоқсан күні «Астана-Петропавл» күре жолының 105 шақырымында «Гелиос» жанармай стансасының жанында аса ірі апат болып, 3 газель, 4 жүк көлігі бар, барлығы 16 бірдей автокөлік бір-біріне соқтығысқан. Өкінішке қарай, 28 жастағы жеңіл көлік жүргізушісі сол жерде қаза тауып, 5 адам түрлі деңгейдегі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Аталған фактіге байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталған. Арада апта өтпестен 2 қаңтар күні тағы да ірі жол апаты болды. Астана-Петропавл трассасының 216 шақырымында 15 автокөлік бірдей жол апатына ұшыраған. Соғылған автокөліктер күл-талқан болғанымен абырой болғанда бұл жолы адам шығыны болмапты. Тек үш адам түрлі деңгейдегі жарақатпен Макинск қаласы ауруханасына жатқызылған. 14 қаңтар күні Астана-Петропавл трассасының Жаңаталап ауылы жанында тағы да ірі жол апаты болып, 15 автокөлік бір-бірімен соқтығысқан. Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 7 жол-көлік апаты тіркеліп, 15 адам түрлі жарақат алған. Полиция жүргізушілердің ауа райының қолайсыздығынан жолдардың жабылып жатқаны жайлы ескертулерге құлақ аспауы осындай ауыр жағдайларға себеп болып жатқанын айтады.
– Ауа райының күрт бұзылуына байланысты бірнеше мәрте ескерту жасалып, хабарламалар жолданғанына қарамастан көптеген жүргізуші оны елең де қылмайды. Осылайша, олар өз өміріне ғана емес, жолда келе жатқан басқа адамдардың да өміріне қауіп төндіреді. Боран мен аяз жол қозғалысын айтарлықтай қиындатады. Тұрғындарды «112» SMS-хабарламаларын уақытында қадағалап, жолда бекітілген жылдамдық пен көліктермен арақашықтықты сақтауын сұраймыз. Ауа райы бұзылып, жол қозғалысы шектелгені туралы хабарлама келгенде елді мекеннен ешқайда шықпауды өтінеміз. Полиция жол апаттарының алдын алу үшін тұрақты түрде мониторинг жүргізеді.
Жолда шолу жасап қажет болған жағдайда жолда қалғандарды жылыту бекеттеріне дейін жеткізеді, – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Күре жолдың бойындағы жол апаттары мен қар құрсауында қалып, қиналған жандардың тым көбейіп кеткенін облыстың Төтенше жағдай департаменті де мойындады. Төтенше жағдай қызметі де тұрғындардан жолданған хабарламалар мен ескертулерді елең де қылмай жолға шығып кетуінің салдарынан орны толмас қайғылы оқиғалар мен ауыр бейнеттің жиі болып жатқанын жеткізді. Құтқарушылардың мәліметінше, тек қыстың басынан ғана төтенше жағдай қызметкерлері қар құрсауында қалған 270-тен астам адамды құтқарып, 20 автокөлікті сүйреп шығарған.
– Ауа райының күрт бұзылуынан жолда қалған адамдардың өмірі мен денсаулығын арашалау үшін облыс аумағында 268 жылыту бекеттері әзірленген. Олармен тұрақты байланыс орнатылған. Жол бойында 3 медициналық-құтқару бекеті қызмет етеді. Бүгінге дейін қар құрсауында қалып қойған 277 адам жылыту бекеттеріне жеткізілді. Оның 29-ы – балалар. Полиция және жол қызметі өкілдерімен бірге жолда қалған адамдар автоколонналармен шығарып саламыз. Жалпы, жолда қалған 15 мыңнан астам автокөлік 50 колоннамен шығарылды. Өкініштісі сол ескертулерді елең де қылмайтын адамдар жолда қалып төтенше жағдай қызметіне жүгінуге мәжбүр болады. Мәселен, тек 10-11 қаңтар күндері ғана ауа райы күрт бұзылып, қатты аяз бен боранның салдарынан Біржан сал ауданында бұзылған автовуста қалып қойған 14 адам, Целиноград ауданында жеңіл көлікпен қар құрсауында қалған бір адам, Аршалы ауданында 3 адам, Степногор қаласының жанында 2 адам, Ерейментау ауданында 2 адам құтқарылды. Сондай-ақ Ерейментау ауданының Еркіншілік ауылында жолда адасып кеткен бүтін бір отбасы ақтүтек бораннан түк көрінбегендіктен жаяулап іздеп зорға табылды, – дейді Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Олег Малюк.
Құзырлы органдар адамдардың жауапкершілігінің төмендігінен күре жолдың бойында қалу мен жол-көлік оқиғаларының жиілеп жатқанын айтқанымен, әлеуметтік желідегі жұртшылық жол апаттары жолдағы жалтыраған көктайғақ мұз мен қалың қардың уақытылы тазаланбауының салдарынан да жиі болатынын айтып шырылдайды. Олар, әсіресе ақылы жолдардың өзінде оның талапқа сай болмай, қар аршылмай, көктайғақ мұзға құм да себілмей қалатынын сын садағына алды. Желіге жазған жүргізушілердің көпшілігі бұған, әсіресе жолға қызмет көрсетілуіне жауапты «ҚазАвтоЖолдың» қызмет сапасының сын көтермейтінін айтып, шырылдайды.
Түйткілді жағдай жөнінде республикалық «ҚазАвтоЖолға» компаниясының да пікірін білуді ұйғарып, арнайы сауалдарымызды жолдадық. Ұлттық компанияның мәліметінше, «ҚазАвтоЖол» жалпы ұзындығы 25 мың шақырым болатын республикалық маңызға ие автокөлік жолдарын жөндеу, күтіп ұстау, қызмет көрсету сияқты жұмысқа міндетті. Компания жолдарда қызмет көрсету сапасына механизатор кадрларының тапшылығы әсер етіп жатқанын мойындады. Дегенмен компания жолдардың уақытында тазартылып, қызмет көрсетілуіне барынша назар аударылатынын айтады.
– Қыс мезгілінде жол қызметкерлері тәулік бойы ауысыммен жұмыс істейді. Олар жолдарды қардан тазартып, жүріс бөлігіне көктайғаққа қарсы материалды себу жұмыстарымен айналысады. Жол пайдалану учаскелерінің басшылары әрдайым өзінің қарайтын аумағын жіті бақылауда ұстап, жолшылар мен арнайы техниканы қажетті жерлерге жолдап отырады, сондықтан тазалау жұмыстары уақтылы жүргізіледі. Жол тазалайтын арнайы техника жеткілікті, жетпеген жерлерге техника жалға алынып толықтырылған. Жыл сайын мамандандырылған техника паркіне жаңарту жүргізілуде. 2023 жылдан бастап, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» шеңберінде арнайы техниканы сатып алу басталды. Ақылы жолдарда арнайы техника толыққанды жасақталған. Дегенмен техника қаншалықты жеткілікті болғанмен де, кейде ауа райының тосын мінезіне төтеп беру мүмкін болмай жатады. Сондықтан республикалық маңызы бар автожолдарда құм себу жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Сондай-ақ арнайы техникаға кадрлар (механизаторлар) тапшылығы да кедергісін тигізіп тұр, – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
Ұлттық компания да күре жолдардың бойындағы жол апаттары мен қар құрсауында қалып қойғандардың жиілеуіне адамдардың ескертулерді елең қылмай жолға шығуы және жол ережесін сақтамауы себеп болып жатқанын атады. «ҚазАвтоЖол» жаңа жыл қарсаңында күшейтілген режимде жұмыс істеді. Жол полициясы қызметімен бірге республикалық маңызы бар автожолдарда «Астана-Қарағанды», «Қарағанды-Астана», «Астана-Көкшетау», «Көкшетау-Астана» бағыты бойынша «ҚазАвтоЖол» компаниясы ЖПҚ-мен бірлесіп, 42 мыңнан аса көлікті діттеген жеріне дейін шығарып салды. Компания Қазгидромет жариялаған ескертулерді уақытылы жариялап, жүргізушілер мен жолаушыларды хабардар етіп отырды. Алайда соңғы кезде болған жол көлік оқиғаларында жүргізушілер жол және жол-метеорологиялық жағдайларды ескермеуінен көлік арассындағы белгілі қашықтықты сақтамауынан жол-көлік оқиғалары болған. Республикалық маңызы бар автожолдарды жабудағы басты мақсат – жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігі. Жолдардағы ахуал туралы бар ақпарат Sapar мобильді қосымшасында және компаниясының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында уақытылы жарияланып отырады. Компанияның 1 403 нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді. Тас жол қателікті кешірмейді, еркелікті көтермейді десек, жол ережелерін қатаң сақтап, күре жолда барынша абай болу керек, – деп толықтырды «ҚазАвтоЖол» компаниясынан.
Ұлттық компания мәліметінше, республикалық маңызы бар автожолдардағы апат деңгейін төмендету үшін кешенді шаралар жүргізіледі. Республика бойынша І-ші техникалық санатқа ауыстырылған 3 мың шақырым жол салынған. Қарағанды-Алматы, Жезқазған-Қарағанды, Атырау-Орал, Ақтөбе-Қызылорда бағыттары арасында төрт жолақты 4 мың шақырымнан астам жол салу жоспарланған. Республикалық автожолдар желісінде жаяу жүргіншілердің соқтығысуын азайту мақсатында елді мекендерде 52 айналма жолы салынды, 32 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды. Қауіпті учаскелерде жол қозғалысын ұйымдастыру үшін - 5 мың м2 астам шу жолағы орнатылды, кедергілерге соғылып қалмас үшін 450-ге жуық жарық диодты белгілер мен 500 жол буфері орнатылды.
Қалай дегенмен де, жол үстіндегі қауіпсіздік бірінші кезекте әр адамның өз қолында екені шындық. Дегенмен, құзырлы органдар да, жолаушылар мен жүргізушілер де тұтас қауымға ежелден таныс қарапайым қағидаларды естен шығарып, ажалына асыққандар да азаяр ма еді?!
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы