Екі аптадан бергі іздеу жұмысы нәтижесіз. Бұл туралы Aikyn.kz AstanaTV-ға сілтеме жасап хабарлайды.
«Майқайыңалтын» шахтасында құтқарушылар мінген автобус опырылған жерге құлап кеткен. Топырақ опырылып басып қалған.
Салдарынан көлік ішіндегі 4 азаматтың екеуі қаза тапты. Ал тағы екеуін табу мүмкін болмай тұр. Тереңдігі 66 метр болатын шұңқырдан автобусты аршып алу қиындық тудырған. Ал денесі жер астында қалған құтқарушылардың туыстары іздеу жұмысына көңілі толмайды.
«Менің баламды тауып берсін. Басқа ештеңе сұрап тұрғаным жоқ. Менің жағдайымды ешкімнің басына бермесін», – дейді автобуста жоғалған құтқарушының әкесі Әлібай Қанқин.
Жоғалған құтқарушының туысы Нұрбақыт Сансызбай: «66 метр жерге жете алмау деген масқара... Топырақ астында атпалдай екі азамат жатыр. Бауырымыздың 5 баласы бар. Кәмелет жасына толмаған. Әкесі мен шешесі қан жылап отыр», – дейді.
Шұңқырға түсіп кеткен автобустағы 2 адам тірі болуы мүмкін. Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, оң болжам бар. Бірақ әзірге нақты күні мен уақытын айта алмаймыз. Жағдай күрделі, мұндай операция бұрын болмаған дейді.
«Құтқарушыларымыз бен мамандар өте күрделі жағдайда жұмыс істеп жатыр. Күн суық. Құтқарушылардың да өміріне қауіп төніп тұр. Себебі, топырақ жылжыса, ондағы жұмыс істеп жатқан техника жерге түсіп кетуі мүмкін. Барлық қауіпсіздік сақталып жатыр. Автобус жатқан ықтимал жерге жақындадық. 2 мың текше метр топырақ шығарылды. Енді эскалатор жұмыс істеп, ақырын топырақты шығарып жатырмыз», – дейді ол.
Бұл жағдай Майқайың кентінің тұрғындарын дүр сілкіндірді. Енді олар үйіміз опырылып кете ме деп қауіптеніп отыр. Өйткені, баспаналар шахтаға тым жақын орналасқан. Бар-жоғы 500 метр ғана. Ал мұнда 100-ге жуық үй бар.
«Мынау деген не? Қорқынышта, үрейде отырмыз. Үй деген жарылып тұр. Дүңкілдесе сылақ деген түсіп тұр. 6 бірдей балам бар, пәтер жалдайын десем. Қыс ішінде қайда барарымды білмей отырмын», – деді Майқайың кентінің тұрғыны Кәжен Сынғадоллақызы.
Ел аузында «Шанхай» аталып кеткен шағынаудан халқының мәселесі бүгін Парламентте көтерілді. Депутат Жарқынбек Амантайұлы да айтты.
Кентте 10 мыңнан астам тұрғын бар. Оның мыңы осы «Майқайыңалтын» шахтасында жұмыс істейді. Бірақ осы кезге дейін кәсіпорын жұмысшыларына ешқашан үй салмапты. Тіпті, балалар алаңын да тұрғызбаған. Акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр елінде орналасқан компанияға тиесілі.