Ол – әскери училище курсанты атанған 1974 жылдан бергі саналы ғұмырының қырық жылдан астам уақытын ел қорғауға арнаған азамат. Отаншыл перзент, мемлекетшіл тұлға.
1980 жылы Новосібір жоғары әскери-саяси училищесін үздік бітірген жас офицерге еңбек жолын Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейск гарнизонында рота командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасары лауазымында бастау бұйырған екен. Алғашқы жылдар жас офицер үшін қалыптасу мектебі болды. Рота командирінің орынбасары бола жүріп ысылды. Алдағы асуларды аларлықтай тәжірибе жинақтады.
Кейін Германиядағы Кеңес әскерлерінің тобында қызмет етті. Рота командирінің саяси бөлім жөніндегі орынбасарынан басталған мансабы құрама командирінің Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына дейін сәтті жалғасты.
Бастеми Жантемірұлына 1982 жылы КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығымен «аға лейтенант» әскери атағы мерзімінен бұрын берілген. Бұл сол тұстағы межемен алсақ, кез келген қазақ баласы үшін оңайлықпен қол жеткізер жетістік емес еді.
Кейіпкеріміз 1992 жылы туған елге оралған соң бір жыл уақыт Торғай облысы әскери комиссарының әскери-саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Бұл Қазақстан қарулы күштерінің құрылып жатқан тұсы болатын. Білікті маман қай кезде де сұранысқа ие. Әрі сол тұста әскеріміз кадр тапшылығын қатты сезінген еді. Тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов жас офицерлерге сенім артып, жауапты лауазымдарға тағайындай бастаған уақыт.
1993 жылы Сарыөзек құрамасы командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары лауазымына тағайындалғанда Бастеми Жантемірұлы небәрі 37 жаста болатын. Ол бұл лауазымда 1998 жылға дейін табан аудармай 5 жыл тер төгіп, өз міндетін абыроймен атқарып шықты.
Сол жылдары құрама командирі полковник Бақытжан Ертаевтың орынбасары болған Бастеми Жантемірұлы білімі мен білігін, жасымас жігері мен қажымас қайратын бір арнаға тоғыстыра білетін, дұрыс шешім қабылдай алатын басшы бола білді.
1995 жылы Қорғаныс министрлігінің әскери алқасында ведомство басшысы Бастеми Жантемірұлына «полковник» әскери атағын мерзімінен бұрын тапсырды. Полковник Б.Дүйсембаев 1995 жылы Ресей Федерациясының В.Ленин атындағы әскери-саяси академиясын бітіріп шықты. 1998-1999 жылдары ҚК бас штабында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық құрылымдарды құруға ат салысып, басқарма бастығы болды. 1999-2002 жылдары ҚК Әскери полиция бас басқармасы бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып, әскери құқық қорғау органдарының тәрбие құрылымдарын құруға белсене қатысты.
Тәрбиеші офицердің мойынындағы жүк қашанда ауыр. Жеке құрамның тәртібі, олардың арасындағы моральдық ахуал, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыстың ұйымдастырылуын қадағалау бірінші кезекте тұрады. Оған қоса, сыбайлас жемқорлық оқиғаларының алдын алу іс-шаралары, жеке құрамға теріс діни ағымдардың ұлттық қауіпсіздікке тигізер залалы мен зардабын жеткізу басшыдан асқан ыждаһаттылық пен білімді талап етеді. Бұл қасиеттердің бәрін кейіпкеріміздің бойынан оңай байқауға болатын. Бастеми Жантемірұлының басшылығымен атқарылған жұмыстар нәтижесіз емес. Басшы ретінде мәдениет пен әлеуметтік салаға да ұдайы көңіл бөлді. Үлкен іс-шаралардың жоспарын өзі бекітіп, оның орындалуын жеке өзі қадағалайтын. Қай жерде қызмет етсе де, бөлімдегі офицерлерді мәдени іс-шараларға белсенді қатысуға міндеттей білді.
Полковник Б.Дүйсембаев 2012 жылы ақпанда Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің жанындағы Әскери кафедра бастығы болып тағайындалды.
Осы күні ойлап отырса, әскери қызметтің қиындығы мен қызығын бірге көрген өмірлік серігі Сағила екеуі 17 гарнизон ауыстырыпты. Ұлдары Арман мен Бауыржан да әке жолымен әскери саланы таңдаған. Бүгінде екеуі де – еліміздегі күштік құрылымдардың офицерлері.
Зейнет демалысына шыққан соң да іргелі әскери кафедраға он жылдай басшылық жасап, болашақ офицерлерді дайындауға атсалысты. Бүгінде ол Қарулы күштерге қатысты іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Жас ұрпақ тәрбиесіне арналған бастамалардан аянып қалған кезі жоқ. Бір кезде «Сенім деген нәрсе адамның жүрегінде жанып тұрған шырақ секілді ғой. Оны өшіріп алмау керек» деп өзі айтқандай, әскери тәрбиеде полковник Бастеми Дүйсембаевтың жаққан шырағы сөнбесіне біз де кепілміз.
Азат ҚАЗАҚ