Аманғали Бердалин: Төрт түліктің есебі түгел цифрланады

Ел Үкіметі мал шаруашылығын дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған жол картасын әзірледі.
Ол бойынша жаңа экспорттық нарықтар ашылып, ет өндірісінің өзіндік құны төмендетілуі тиіс.

Мал шаруашылығындағы стратегиялық маңызы бар сала – ветеринария. Жүйелі түрде жүргізілетін реформалардың жаңалығы жайында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннен сұрап-білгенді жөн көрдік.

– Аманғали Бисенбайұлы, сіздің мамандығыңыз – ветеринар-дәрігер, еңбек өтіліңізді де осы ветеринария саласынан бастапсыз. Біздің елімізде мал аурулары әлі күнге азаймай отыр, індет ошақтарын жоя алмауымызға не кедергі? 

– Жалпы, әлем бойынша 168 мал ауруының түрі анықталған болса, Қазақстанда соның 40-тан астам түрі тіркелген. Дәл қазір біз 25 ауру түріне қарсы шараларды қабылдап отырмыз. Оны аса көп деп айтуға келмес. Дегенмен оның ішінде аса қауіпті түрлері бар. Мысалы, екі жыл бұрын Халықаралық эпизоотия­лық бюро Қазақстанда аусыл ауруы тіркелгенін жариялады, бірнеше облыста осы ауру түрі кездесіп қалып жатыр. Қазір республикадағы тоғыз облыс аусылдан таза, бес өңірде ғана вакцина егіледі. Себебі барлық облысты жаппай егуге қажеттілік жоқ. Ол артық шығын. Ал енді мал ауруы қайдан шығады? Ол сол ауырған малдың өзі арқылы тарайды да, басқасына жұғады. Осы уақытқа дейін бізде індет жұқтырған малға бақылау болмай келді. Ветеринар ауруға қарсы егеді, сонымен жұмыс бітті. Ол егілген мал қай өңірге сатылды, болмаса айырбасқа кетті ме, ешкім білмейтін. Бұдан былай барлық төрт түліктің есебі, мәлі­меттер толық цифрландырылады. Арнайы ақпараттық жүйесі жасалып жатыр. Әрбір төрт түліктің дерегі базада тіркеліп, оның қозғалысы бақыланып, қайда сатылды, қай өңірге айырбас жасалды түгел – көз алдымызда тұратын болады. 

Екінші айналысып жатқан жұмысымыз – мал өнімдерінің қауіпсіздігі. Яғни, ендігі уақытта оның еті де, сүті де ветеринариялық зертханалардан өткеннен кейін барып, тұтынуға жіберіледі. Бұрын ветеринар-дәрігер сатылатын малға тек бір жапырақ қағаз жазып бере салатын. Енді олай болмайды, барлығы сандық форматқа көшіріледі. Қазіргі сәтте Павлодар облысының Шарбақты ауданында қанатқақты жобасы тәжірибеден өткізіліп жатыр. Барлық ірі ауылдық округтерде мал соятын орындарда ветеринарлық-санитарлық сараптама зертхана қойылады. Сойылар алдында сол зертханадан тексерістен өтеді. Сатып алушы базарға келген ет немесе төрт түлік туралы QR-код арқылы ақпарат алатын болады. Ол қандай мал, қай шаруашылықтан келді, қашан егілді, қай уақытта сойылды, қай ветеринарлық зертханадан тексерілді, т.б. мәліметтерді көре алады. 

– Оған өңірлердегі мал соятын орындардың қазіргі жағдайы сай келе ме?

– Қазір ел аумағында мал соятын 904 нысан бар, оның ішінде 109-ы – ет өңдеу кәсіпорны, 281-і – мал сою пункті және 514-і – мал сою алаңы. Ветеринариялық талаптарға сәйкес келмегендіктен, 106 мал сою нысаны жабылды. Был­тыр қаңтар-қазан айлары аралығында 661 мал сою алаңының есеп нөмірлері кері қайтарылып алынды. Сонымен қатар барлық ірі ауылдық округте ветеринариялық-санитариялық сараптама зертханасы бар мал сою пунктерін ашамыз деп отырмыз. Кезінде өтпелі кезең үшін мәжбүрлі түрде ашылған мол сою алаңдарының орнына талапқа сай, заманауи орындар ашылады. 

Шет мемлекеттен келетін шекарадан ішке кіретін өнімнің қауіпсіздігіне де қатаң бақылау болады. Осы уақытқа дейін ол қадағалаусыз өтетін. Мәселен, Ресейден ішкі нарыққа келетін азық-түлік өнімдері жалғыз ғана сертификат қағазбен кіретін. Біз арқылы Қытайға немесе басқа елдерге қарай өтеді. Оған да қадағалау қойылады. Ресейде ол жүйе бұрыннан жұмыс істеп тұр. Олар бізден баратын немесе ЕАЭО елдерінен келетін өнімдерге талап қойып, тексере алады. Ендігі уақытта біз де талапты күшейтеміз, РФ Меркурий жүйесімен бірлесе жұмыс істейтін арнайы бағдарлама жасалады.

Үкіметтен зертханалық жабдықтар сатып алуға қаражат бөлінді, ол жабдықтар шекаралық бекеттерге орналас­тыралады. Келіп түскен жүктер туралы мәліметтер ақпарат жүйесіне енгізіледі, тексеру және сынама алу актілерінің электрондық нұсқасын қалыптастырады, олар мемлекеттік ветеринариялық инспекторға және ветеринариялық зертхана қызметкеріне жіберіледі. Жүйе Павлодар облысының шекара маңындағы бекеттерінде тестілеуден сәтті өтті. Биыл осы жұмыстарды толық бітіруіміз керек. Қысқасын айтқанда, ветеринария саласына түбегейлі түрде реформа жасалғалы отыр.

– Ауылдық жерлерде ветеринар маман жетіспей жататыны жиі айтылады. Бұл мәселе қалай шешіледі?

– Ауылдық жерге барып, жұмыс іс­­тей­­­­мін дейтін мал дәрігерлеріне 9 млн теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат берілетін болады. Былтырдан бері ветеринарлардың айлық жалақысына 25% қо­­­сылды, одан бөлек биологиялық қауіпсіздікке байланысты 30-50% және қосылды. Еңбек демалысына шыққан кез­де 2 айлық жәрдемақы қарастырылады. Бұрын жастар ауылда вет-дәрігер болудан қашатын бол­са, қазір ол тоқтады. Яғни, көзқарас өзге­ріп келеді. Қазір ауыл­дағы ветеринар маман шамамен 320 мың теңге көлемінде жалақы алады. Осы­ның барлығы – салада маман тұрақ­тандыруы үшін жасалып жатқан шаралар.

Ветеринарлық дәрі-дәрмекті шығару бойынша да көптеген жұмыс қолға алынды. Осы уақытқа дейін препараттардың көбін шетелден сатып алып келдік. Ол да қауіпсіздік мәселесі, дәрі-дәрмек бойынша өзге елде тәуелді болмауымыз керек. Бүгінде QazBioPharm ұлттық холдингі көп дәрі-дәрмек түрін әзірлеп жатыр. Былтыр 10 вакцина шығарсақ, биыл оның саны14-ке жетеді. Отандық препараттармен қамтамасыз ету көрсеткішін 2026 жылға дейін 85%-ға жеткізсек, 2030 жылға дейін 100% межені бағындырамыз деген жоспарымыз бар.

– Былтырғы жылдың соңында Қытайдың ветеринария инспекциясы мамандары біздің елге келіп, ветеринариялық қызметке аудит жүргізіп кеткенінен хабардармыз. Нәтиже қандай? Қытайға экспорт ашыла ма?

– Былтыр 17-24 желтоқсан аралы­­ғында ҚХР Бас кеден басқармасы мен Ауыл шаруашылығы және Ауылдық істер министрлігінің сарапшылар тобы келіп кетті. Біздегі жүргізіліп жатқан жұмыс­тарды көзімен көрді. Енді олардың тексеріс қорытындысын күтіп отырмыз. Амандық болса бір-екі айдың көлемінде экспортқа рұқсат беріледі деп күтіп отыр­мыз. Біз үшін шығыстағы көршіміздің нарығы өте маңызды. Өйткені экспорт – мал шаруашылығын дамытудың бірден бір тетігі.

– Сонда Қытайдың бізге қойып отыр­ған талабы қатты ма?

– Жалғыз Қытайдың емес, барлық елдің импортқа талабы бірдей. Ешқандай мемлекет өз ішіне сапасыз ет, қауіпті өнімді кіргізбейді. Мысалға, Қазақстан да дәл қазіргі сәтке дейін Ресейден шошқа етінің кіруіне тыйым салып келді. Себебі РФ-ның алты аймағында шошқа ауруы тіркелді. Олар Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдайтын. Одан бөлек, РФ аймақтарында аусыл, құс тұмауы, қой мен ешкіде түйіндік дерматит, күл аурулары тіркелген болатын. Біз енді Ресейге ЕАЭО-та отырған ел деп жеңілдікпен қарамаймыз ғой, сол сияқты ауру шықса, вирус анықталса, шара қолданамыз. Заң­мен белгіленген уақыт өткен соң қайта ашылады. Ресейде 48 облыс бар, кейбір аймағы аурудан таза, кейбірінде жиі шығып жатады. Осы жылдың 15 қаң­тары күні біз Ресейдің 26 аймағынан өнім кір­гізуге рұқсат бердік. 

– Қытайға қанша көлемде ет сата аламыз?

– Қазіргі сәтте жылына 30-40 мың тонна етке жоспар құрып отырмыз. Алдағы уақытта ол көлем өсуі тиіс. Одан бөлек, Ресей мемлекетімен де ет экспорты жөнінде үлкен келісімдер жасалды. Естеріңізде болса, екі жыл бұрын 2022 жыл­дың қаңтарында Қарағанды облысында аусыл ауруы тіркелген соң, Ресей біздің өнімге шектеу қойған болатын. Екі жыл ішінде шаралар жасалды. Былтыр желтоқсан айында екі елдің министрлері келіссөз жүргізді, нәтижесінде 2024 жылдың 15 қаңтарынан бастап Ресей Федерациясы Қазақстаннан мал шаруашылығы өнімдерін әкелуге қойылған шектеулерді алып тастады. Енді Ресейге сиыр, қой мен шошқа етін, сүт және сүт өнімдерін экспорттауға мүмкіндік ашылды. Таяуда Иранға барып келісім жасасып келдік. Олар бізден мұздатылған ет алғалы отыр, бұрын сал­қындатылған ет алатын, ондай ет 72 са­ғатта жетуі тиіс болатын. Ал мұздатылған ет 6 айға дейін шыдайды. Бірақ олар «біз келісі 2,5-3 доллардан асатын етті алмаймыз» дейді. Дәл қазір Еуропаға, Жапонияға, Кореяға ет экспорты ашық тұр, ешқандай кедергі жоқ. Өкінішке қарай, олардан сұраныс аз.

– Не себепті?

– Себебі – жалғыз. Барлық мемлекет әлемдік нарықтан арзан ет алғысы келеді. Неге әлем Аустралияның етіне құмар? Өйткені олар етті төмен бағада ұсынады. Аус­тралия – жаһандық экспорттаушы ел: қой еті экспортының үлесі бойынша – 1-орында, ал сиыр етінің экспортынан – 2-орында. Қытай неге етті алыстағы Аустралиядан тасып отыр? Аустралияда 1 келі еттің құны теңгеге шаққанда 800 теңге көлемінде. 

– Аустралия демекші, былтыр қазақстандық делегация бірнеше рет сол елге барып келді. Өзіңіз де бардыңыз. Қандай тәжірибесі ұнады?

– Аустралия болсын, басқа мемлекет болсын, мал шаруашылығын дамытып отырған елдердің артықшылығы – технологиясында. Аустралияға келсек, бізден климаты жылырақ екені рас. Дегенмен бізде де Алматы облысы, Түркістан, Жамбыл облыстарында қолайлы климат бар. Бізде ең басты мәселе – шығын. Қазақ­стандық делегецияның құрамында фермерлер болды, олар қазір көріп келген технологияны, тиімді әдіс-тәсілдерді өз шаруашылықтарына енгізіп жатыр. Олар ірі қара мал өсіретін 4 фермерлік шаруашылық: «Олжа Агро» ЖШС (Қостанай), «Терра» ЖШС (Қостанай және БҚО), «Қайып-Ата» ЖШС (Түркістан) және «Қайыңды» ЖШС (Жетісу). Сондай-ақ жобалар пулында БҚО кәсіпкерлерінен қой өсіру бойынша репродуктор салуға өтінім бар.

Байқауымша, аустралиялық фермерлер жайлымдық жерді өте тиімді пайдаланады екен. Бір жерге мал жайса, шөбі таусылған соң екінші жерге ауысады екен, ана алғашқы жерге 70 күнсіз қайтып келмейді. Баяғы біздің көшпелі мал шаруа­шылығы секілді ғой енді. Бірақ жайылым жерді түгел қоршап қояды екен. Ол неге десек, біріншіден, бір бірі­­нің жеріне түспеу, екіншіден малшының санын азайтуы үшін дейді. Мәселен, мен ба­рып танысқан шаруашылықта 2 500 бас мал бар екен. Иесі 70-тің үстіндегі егде кісі, қасында кемпірі бар және бір көмекшісі жүр. Болды. Үш адам 2 500 басты бағып отыр. Оларда көбіне отбасылық бизнес. Яғни, атадан балаға мұраға қалатын кәсіп. Мал қоршауда жайылады, суын тартып, ішіне кіргізіп қойған. Су ішетін уақытта шүмекті ашып, науаға құя­ды да, қайта жауып қояды. Күн суық­­­та су жылытатын қондырғысы бар. Мал 10-15 күн жайылған соң, келесі қоршауға ауыстырады. Қоршаудың басына 9 вольттық қуаттағы электр тартылған, бір жағы жарық, екіншіден – итқұсқа айбар дегендей, таңертең жарықты ажыратады. 

– Өнімін қалай сатады екен? 

– Ет өткізетін кезде тауар биржасына хабарласып, «мен осындай күні осынша бас малды сатамын» деп айтасың. Сол күні келіп тиеп әкетеді. Биржаға өзің барып қатысасың, сол биржада отырған бір компания сатып алады да ақшаңды аударады. Делдал жоқ. Яғни, сенің малыңның саудасына ешкім араласпайды. Мемлекет тек ветеринарлық бақылауға, қауіпсіздікке жауапты.

– Сіздің ойыңызша, Қазақстан қашан делдалсыз, өзіндік құны төмен өнім шығара алады?

– Өзіндік құнды түсіру үшін үлкен жұмыс қажет. Оған мемлекет қана емес, бизнестің өзі мүдделі болуы керек. Бізде фермерлер еттің келісі 1 500 теңгеден түсіп кетсе шу көтереді. Себебі бізде шы­­ғын көп. Өзіндік құнға кететін шығын жо­ғары. Мысал үшін айтайын, бізде сиырдың төлі 200 келі ет беру үшін екі жыл қажет болса, әлем елдері оған 8 айда қол жеткізеді. Яғни, біздің фермерлер екі жыл асырап, шөбін, жемін беріп шығынға батып отыр. Қазақстанға «велосипед ойлап табудың қажеті жоқ», бәрі де технологияның арқасы. Аустралияда да қойдың жүні бұрынғыдай көп өтпейді, олар да жүнді қырқып, лақтырып жатыр. Қазір жүннен емес, химиялық өндірістен өнім алу деген шықты ғой. Жүнді өңдеу де шығын болып қалды. Егер тиімді технология келсе нарық делдалды өзі-ақ жоқ қылады. Қазақстанда мал биржалары жоқ, малды делдалдар шаруалардан алып, базарға сатады. Яғни, бізде ұйымдасқан, өркениетті сауда жоқ. Біз Аус­тралиядан мал шаруашылығының мүлде басқа мәдениетін және ет өндірудің бірнеше есе төмен құнын көріп келдік. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінде мал шаруашылығын дамытудың жоспарын жасап жатырмыз, бұл тәжірибе бізде де пайдалы болады. Жалпы, арнайы жоспарың болмаса, есебің түгел болмаса малды дамыту мүмкін емес. Тек субсидия алып, соның арқасында ғана шаруаны дөңгелету деген қисынсыз іс екені белгілі ғой.

– Субсидия демекші, Аустралия субсидия бере ме екен?

– Жоқ. Субсидия мүлдем жоқ. Олардың мал шаруашылығы бізден бірнеше жыл ілгері дамып кеткен ғой. Өкінішке қа­­­рай, егер субсидия бермесек біздегі ауыл шаруашылығы шығынға кетеді. Болашақта жаңа технология енгізе алсақ бізге де субсидия берудің қажеті болмай қалады.

– Былтыр Қазақстан Ресейден 10 мың тонна құрғақ сүт экспорттапты. Сүт өнімдерімен ішкі нарықты толық жаба алмай отырмыз, тауық еті де солай. Аграрлы мемлекет бола тұра импортқа тәуелділіктен құтыла алмай отырмыз...

– Ондай мәселе бар. Еліміздің ішкі нарығына 540 мың тоннадай сүт жетпейді. Оның бірнеше себебі бар. Шикі сүттің сапасы, тасымал құны дегендей. Дегенмен Үкімет былтыр тауарлы-сүт фермаларын салуға100 млрд теңге бөлді, биыл да осынша көлемде қаражат беріледі. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен 115 сүт фермасын салу жобасы басталып кетті. Заманға сай, шығыны аз, сапалы өнім шығаратын таза, ең соңғы үлгідегі сүт фермаларын салып жатырмыз. Сәтін салса, 2026 жылға дейін сүт пен тауық етінің жетіспеушілігін толық жабамыз. Оған толық сенім бар. Сондай-ақ мемлекет тарапынан ауыл шаруа­шылығы жерлерін суару, құс фабрикасын, көкөніс және жеміс қоймаларын салу, сондай-ақ ет өндіруге маманданған мал шаруашылығы жобаларына қаржы бөлінетін болады.

– Қазақстанның Ет одағы былтыр сіздердің министрлікті малды тірідей экспортқа шығаруға рұқсат бермей отыр деп сынады. Бұл уәжге не айтар едіңіз?

– Министрлік жылына 60 мың бұқа­­шықты сыртқа шығаруға квота беріп отыр. Ал ұрғашы малды тірідей шығаруға рұқсат жоқ, себебі аналық бас өзімізге қажет. Бірақ былтыр сол 60 мың квотаның 41 мыңы ғана шықты. 2022 жылы 34 мың сатылды. Яғни, рұқсат етілген квотаға жеткен жоқ. Сондықтан бұл жер­­де дау шығаруға еш негіз жоқ. Кей­­біреулер бізге «ұрғашы малды сатуға да рұқ­­­сат беріңдер» деген ұсыныс-пікір айтады. Ол қисынсыз. Себебі ол мем­­лекет­­тің субсидиясына алынған аналық бас. Мал басын көбейтеміз деген мақсатта сатып алынған аналық басты шетелге сату дегеніңіз мүлдем қисынсыз. Кеші­­ріңіз, Ет одағы шу көтерді екен деп оған жол бере алмаймыз.

– Қытайға, Ресейге экспорт көбейсе, өз ішімізде еттің бағасы көтеріліп кету қаупі жоқ па?

– Жоқ. Оның да есебі бар. Егер сіз субсидия алатын болсаңыз, ішкі нарыққа да ет сататын міндеттемеңіз болады. Суб­сидия қаражатын алған өндіруші ет өндіре ме, астық, көкөніс өндіре ме ішкі нарыққа да жауапкершілігі болады. Экспорт қымбат екен деп бәрін сыртқа сатып жібере алмайды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы да солай реттеледі. Яғни, нарық заңдылығына орай арнайы тетік жасалады.

– Былтыр заңсыз берілген, пайдаланылмай жатқан жердің едәуір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылғанын білеміз. Қайтарып алынған жерлер қалай бөлінеді? 

– Мемлекет меншігіне қайтарылған 10 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлерінің 2,8 млн гектар пайдалануға қайта бөлінді. Бұдан бөлек, осыған дейін пайдаланылмаған 3,4 миллион гектар жерді иелері игеруге кірісті. Интерактивті кар­­­та жаңартылды. Мәселен, қазір кез келген адам Jerkarta.gharysh.kz порталынан барлық қайтарылған ауылшаруашылық жерлерінің орналасқан орны мен ауданын көре алады. Бұл да ашықтық үшін жасалып отыр. Цифрлық ауыл шаруа­шылығы карталары жасалуда. 2023 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 145 млн гектар ауыл шаруашылығы жер­ле­­­рі цифрландырылды, бұл еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптарының 77%  құрайды. Біздің министрлік ауыл шаруа­шылығы жерлерін цифрландыруды толығымен 2025 жылы аяқтау жоспарлап отыр. Жалпы алғанда қордағы жерлерде 60 млн гектарға жуық жайылымдық жер бар екенін ескерсек, мал шаруашылығы саласының одан әрі даму мүмкіндігі зор. Бұл дегеніңіз – ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруы үшін барлық қажетті алғышарт бар дегенді білдіреді. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Бауыржан БАЗАР