Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы ілеспе түзетулерімен бірге бірінші оқылымда мақұлданды.
Кодексті пысықтауға бағытталған Мәжілістегі жұмыстың қорытындысын шығарған Н.Нығматулин жоба баптарын депутаттар еліміздің әр өңірінде, әртүрлі алаңдарда талқыға салғанын айтты.
– Нәтижесінде, барлық түйткілді норма бойынша ымыраға қол жеткізілді. Бүкіл азаматтық қоғам пікірін ескеруге тырыстық. Қабылданған соң бұл кодекс мемлекетіміздегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін және сапасын арттырады деген үміттеміз, – деді спикер.
Дегенмен отырыста шешімін таппаған бірқатар проблема көтерілді. Мәселен, вакциналау мәселелері, соның ішінде уәкілетті органның дәрі-дәрмекті өндіруші, сақтаушы, сатып алушы, тасымалдаушы және пайдаланушы нысандарды алдын ала хабардар етпей, кезектен тыс тексере алмайтыны депутаттарды алаңдатады. Ал дұрыс сақталмаған дәрі шипа әкелмек түгіл зиянын тигізетіні мәлім. Депутаттар құжатты талқылау кезінде Үкіметке бақылаушы органның – ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің өкілеттігін кеңейтуді бірнеше рет ұсынған екен.
Мәжіліс Төрағасы бұл мекемеге қатаң талаптар қойылатынына, алайда оның қызметкерлері ешқайда аяқ баса алмай қалғанына назар аудартты.
– Жан-жақтан құрсаулап тастаған. Вакциналау – қоғамда белсенді пікірталас туғызатын ең өткір мәселелердің бірі. Міндетті екпеге қарсылық та оның сапасына сенбеуден туған. Халық сенімін тудыру үшін барлық деңгейлерінде вакциналар сапасына бақылауды күшейту қажет, – деді палата басшысы.
Сондықтан депутаттар осы комитет құзырын күшейтетін бап енгізді. Егер ол қабылданса, комитет қызметкерлері мемлекеттік, жекеменшік кез келген медициналық мекемеге, вакцина жеткізушілерге еш кедергісіз кіре алатын болады. Себебі азаматтар денсаулығын қорғау ісі бизнестің мүддесінен биік тұруы тиіс.
Депутаттар Денсаулық кодексіне шегілмейтін темекі бұйымдарын елге әкелуге, өндіруге, таратуға және сатуға тыйым салатын түзету енгізді. Мәселен, елімізде насыбай секілді еріннің астына салынатын темекі – снюстер кең тарауда. Ол жас ұрпақты шылымқор етеді. Н.Нығматулин бұлар отбасы үшін қатерге айналғанын нықтады.
– Бас санитарлық дәрігер былтырғы желтоқсанда снюске уақытша тыйым салу туралы қаулы шығарды. Бірақ бұл тауар әртүрлі жолмен, басқа формада елімізге әкелініп, саудасы жалғасуда. Қазақстандық жасөспірімдер ары қарай тұтынып жатыр. Жалғыз санитарлық дәрігердің қаулысы аздық етеді. Әлдеқайда пәрменді шаралар керек. Ең алдымен олар заңнамалық деңгейде қабылдануы тиіс, – деді ол.
Нұрлан Зайроллаұлы осы тыйымды бұзғанға жаза қарастырылуы қажет деді: «Ол жаза салмақты болғаны жөн. 5-10 АЕК айыппұл ешқандай тиімділік әкелмейді. Снюспен күрес шаралары спайс және синтетикалық есірткімен күреске ұқсас болуы, яғни кеңауқымды әрі жапай жүруі керек – деп түйді спикер.
Айхан ШӘРІП