Снюске заң жүзінде тыйым салынады
Снюске заң жүзінде тыйым салынады
147
оқылды
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалы­ғымен өткен палатаның жалпы отырысында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасы ілеспе түзетулерімен бірге бірінші оқылымда мақұлданды. Кодексті пысықтауға ба­ғытталған Мәжілістегі жұмыс­тың қо­рытындысын шығарған Н.Нығ­матулин жоба бапта­рын депутаттар еліміздің әр өңірінде, әртүрлі алаңдарда талқыға салғанын айтты.
– Нәтижесінде, барлық түйт­кілді норма бойынша ымыраға қол жеткізілді. Бүкіл азаматтық қоғам пікірін ескеруге тырыстық. Қабылданған соң бұл кодекс мем­лекетіміздегі медициналық қыз­меттердің қолжетімділігін және сапасын арттырады деген үмітте­міз, – деді спикер.
Дегенмен отырыста шешімін таппаған бірқатар проблема кө­терілді. Мәселен, вакциналау мәселелері, соның ішінде уәкілет­ті органның дәрі-дәрмекті өнді­руші, сақтаушы, сатып алушы, тасымалдаушы және пайдала­нушы нысандарды алдын ала ха­бардар етпей, кезектен тыс тексе­ре алмайтыны депутаттарды алаң­датады. Ал дұрыс сақталмаған дәрі шипа әкелмек түгіл зия­­нын тигізетіні мәлім. Депу­тат­тар құжатты талқылау кезінде Үкі­метке бақылаушы органның – ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіп­сіздігін бақылау комитетінің өкі­леттігін кеңейтуді бірнеше рет ұсынған екен. Мәжіліс Төрағасы бұл меке­меге қатаң талаптар қойыла­ты­нына, алайда оның қызметкерлері ешқайда аяқ баса алмай қалғанына назар аудартты.
– Жан-жақтан құрсаулап тас­таған. Вакциналау – қоғамда белсенді пі­кірталас туғызатын ең өткір мәселе­лердің бірі. Міндетті екпеге қарсылық та оның сапа­сына сенбеуден туған. Халық се­німін тудыру үшін барлық дең­гейлерінде вакциналар сапасына бақылауды күшейту қажет, – деді палата басшысы.
Сондықтан депутаттар осы комитет құзырын күшейтетін бап енгізді. Егер ол қабылданса, ко­митет қызметкерлері мемлекеттік, жекеменшік кез келген медици­налық мекемеге, вакцина жеткі­зушілерге еш кедергісіз кіре ала­тын болады. Себебі азаматтар денсаулығын қорғау ісі бизнестің мүддесінен биік тұруы тиіс. Депутаттар Денсаулық ко­дексіне шегілмейтін темекі бұ­йымдарын елге әкелуге, өндіруге, таратуға және сатуға тыйым салатын түзету енгізді. Мәселен, елімізде насыбай секілді еріннің астына салынатын темекі – снюс­тер кең тарауда. Ол жас ұрпақты шылымқор етеді. Н.Нығматулин бұлар отбасы үшін қатерге айнал­ғанын нықтады.
– Бас санитарлық дәрігер был­тырғы желтоқсанда снюске уа­қытша тыйым салу туралы қаулы шығарды. Бірақ бұл тауар әртүрлі жолмен, басқа формада елімізге әкелініп, саудасы жалғасуда. Қа­зақстандық жасөспірімдер ары қарай тұтынып жатыр. Жалғыз санитарлық дәрігердің қаулысы аздық етеді. Әлдеқайда пәрменді шаралар керек. Ең алдымен олар заңнамалық деңгейде қабылдануы тиіс, – деді ол.
Нұрлан Зайроллаұлы осы ты­йымды бұзғанға жаза қарасты­рылуы қажет деді: «Ол жаза сал­мақты болғаны жөн. 5-10 АЕК айыппұл ешқандай тиімділік әкел­мейді. Снюспен күрес ша­ра­лары спайс және синтетикалық есірткімен күреске ұқсас болуы, яғни кеңауқымды әрі жа­пай жүруі керек – деп түйді спикер.   Айхан ШӘРІП