Дүниені сайлау дүбірлетер жыл

Давостағы Дүниежүзілік эко­номикалық форум жаһанда белең алған климаттық катак­лизм­дерді, ғаламтор мен әлеу­меттік желілерді толассыз тол­тырған жалған ақпарат-фейк­терді және биыл тым көп сайлау өтуін адамзатқа төнген басты сын-қатерлер деп бағалады.

Шынында, 2024 жылы әлем тарихында болмаған жағдай тір­келеді: Жер планетасын ме­кен­деген бүкіл тұрғынның жар­ты­сынан астамы сайлау учаске­сіне барады. Әлемнің 76 елінде тұратын 4,2 млрд сайлаушы өз таңдауын жасауға тиіс.  

Болғаннан боладысы қызық болды

Биыл сайлау төрткүл дүниенің әр түкпіріндегі 76 мемлекетте өтпек. EIU Democracy Index рейтингі бойынша, соның ішінде 43 ел ғана сайлаушы­ларына ықтиярын еркін білдіруіне және қалаған таңдауын жасауына мүмкіндік жасай алады.

Оның өзінде бұл 43 елдің 28-і – Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер. Олар биыл Еуропарламенттің кресло­сында алдағы 5 жыл бойы отырып, ұжымдық Еуропада өз елінің мүддесін қорғайтын еуродепутаттарды сай­лайды. 

43-інен басқа мемлекеттерде билік сайлауды көз қылып өткізеді, өз халқына лайықты таңдау ұсынбай­ды, бас кандидатпен сайма-сай, теңбе-тең бәсекелесе алатын үміткер­лерді тіркемейді. Қысқасы, сайлауды тек авторитарлық режимдерін ле­гитимді етудің құралы ретінде өз мақсатында пайдаланады. 

Мұның сыртында алғаш рет әлем­де халқының саны жөнінен ең ірі са­налатын 10 елдің 8-інде сайлау 2024 жылы ұйымдастырылады, бұлар – Үндістан, АҚШ, Индонезия, Пәкістан, Бразилия, Бангладеш, Ресей, Мексика. Ал осы қатардағы Қытай мен Нигерия елдері өз көшбас­шы­ларын бұрынғы жылдары сайлап алды.

Жаһандық электоралды жылды Бангладештегі парламенттік сайлау ашты: бұл елде Мемлекет басшысын парламент тағайындайды, ендеше парламенттік дода ең бастысы сана­лады. Тиісінше, 7 қаңтар күні ша­мамен 171 миллион адамға өзі мен балаларының болашағы қандай болуы тиістігін айқындау «ұсыныл­ды». Өткен ғасырдың 70-ші жылдары қарулы, қанды жолмен әзер дегенде Пәкістаннан тәуелсіздік алған бұл мемлекет бастапқыда демократия даңғылына түсті, парламенттік рес­публикаға айналды. 

Алайда 2008 жылдан бері Бангладеш әйел премьер-министр Шейх Хасина Вазед пен оның «Авами Лиг» пар­тиясының ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұр. Freedom House ұйымының баяндауынша, осы 15 жылдай уақыт ішінде «билеуші пар­тия оппозицияны, сынаушы ақпарат құралдарын және өзге ойлы қоғам белсенділерін ұдайы қуғын-сүргінге салып, бүкіл билікті өз қолында шо­ғырландырды».

Лидері, бұрынғы премьер-ми­нистр Халед Зиядан (2001–2006) бастап, беткеұстар тұлғаларының көбі темір торда отырған оппозициялық «Бангладеш ұлттық партиясы» (BNP) өз сайлаушыларын бұл сайлауға бой­кот жариялауға шақырды. Өйткені авторитарлық режимдер үшін тек дауыс берушілердің учаскелеріне келу көрсеткіші, сонда ұзын-сонар кезек түзуі және сайлау жәшіктерін тол­тыруы ғана маңызды. Мұның бәрі телеарналардан көркем сюжет жа­сауға мүмкіндік береді. Ал дауыс санау нәтижесін билік өз қалағанынша жаза салады. 

Сондықтан оппозиция 7 қаңтар күні сайлау учаскелерінің бос қалуын көкседі. Мұның үлгісі бар: 2023 жыл­ғы 3 желтоқсанда Венесуэла дик­таторы Николас Мадуро 5 мәселе шығарылған референдум ұйымдас­тырды. Оған 10 млн сайлаушының 2 млн-ы ғана қатысты. Бұл халықара­лық ұйымдар тарапынан сайлауды легитимсіз деп тануға мүмкіндік берді. Венесуэла заңы бойынша да сайлаушылардың кем дегенде жар­тысы қатысуы міндет еді.

Бірақ бойкот жариялаған оппо­зицияның ойлағаны іске аспады. Бангладештік Somoy TV арнасы сайлау комиссиясының басшысы Кази Хабибулы Авальдің мәлім­демесіне сілтеме жасап, сайлау­шы­лардың 41%-дан астамы дауыс беруге келгенін жариялады. Салыстырар болсақ, 2018 жылғы алдыңғы сайлауда сайлаушылардың өз учаскелеріне келу үлесі 80%-дан асып, билік партиясы парламенттегі 257 орынды иемденген. Яғни, келу көрсеткіші екі еседей құлдырады.

Бангладештің іс басындағы премьері, 76 жастағы кейуана Шейх Хасинаның жеңіске жетіп, төртінші мерзімге қалуына осы 41 пайыздың өзі жеткілікті болды. Себебі ол бас­қаратын солшыл-центристік «Авами Лиг» (Халық лигасы) партиясы пар­ламенттегі 300 орынның 224-ін қан­жығалады. Заң шығарушы жиындағы қалған мандаттар тәуелсіз канди­даттардың бөлісуіне тасталды. 

Оппозициялық партиялар сай­лауға қатыспады. Хасинаны төл жеңісімен Үндістан, Ресей, Қытай, Бутан, Филиппин, Сингапур және Шри-Ланка ресми құттықтады. Мысалы, бүгінде Ресей бұл елде 12,65 млрд долларға «Руппур» атом электр стансасын салып жатыр. 

Әйткенмен, 13 қаңтарда Қытай Республикасында (Қазақстан билігі оны жеке, тәуелсіз мемлекет деп танымады, Тайвань аралдары деп қана атайды) өткен президенттік және парламенттік сайлау нәтижелері халықаралық қоғамдастықты көбірек қызықтырды. 

Сайлауға елдің ең ірі партия­ла­ры­нан 3 кандидат бақ сынады: Демо­кратиялық прогрессивті партиядан – Лай Циндэ, Гоминьдан партия­сынан Хоу Юи және Тайвань халық партиясынан Кэ Вэньчжэ жарыс жолына шықты. Бұл ретте Америка бастаған Батыс Лай Циндэнің жеңісін қалады, Бейжің (ҚХР) болса, «екі Қытай жоқ, Қытай бір болуы қажет» деп санайтын, яғни болашақта Қытай Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірігуін жоққа шығармайтын Гоминьдан үміткеріне жақ болды. 

Сайлау қорытындысында Тай­вань халқы өз мемлекетінің тәуел­сіздігі үшін күресіп, АҚШ-пен жа­қындасу бағытын ұстанған Лай Циндэні және билік басындағы Демократиялық прогрессивті пар­тияны жақтады. 

Бұл нәтиже Бейжің тарапынан көңілтолмастық тудырды. Ол Тай­ваньдағы сайлау бұл аралды құр­лық­тық Қытайға түпкілікті қосуға кедергі болмайтынын мәлімдеді. ҚХР Мем­лекеттік кеңесі жанындағы арал істері жөніндегі кеңсенің ресми өкілі Чэнь Биньхуа Бейжіңнің «бірігуді бейбіт жолмен жүзеге асыруға барынша тырысатынын» нықтады. Қос Қытай арасындағы кикілжің, қырғи-қабақ қатынас сақталды. Тайвань билігін Демпартия өз қолында сақтаған­дықтан, оның Бейжіңмен барлық саяси байланысты үзуі де жалғасады.  

Іргедегі сайлау науқаны елеңдетеді

Қазақстанның ынта-ықыласы Әзербайжандағы және Ресейдегі сайлауларға көбірек ауса керек. 7 ақпанда Каспий бойынша көршіміз, түбі бір түркі елі Әзербайжанда кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Бұл – тәуелсіз Әзербайжан тарихындағы 9-шы президенттік дода. Сонымен бірге іс басындағы Мемлекет басшысы осымен қата­рынан екінші рет президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізіп отыр.  

Конституцияда іс басындағы Мемлекет басшысының қайталап сайлауға түсуіне еш шектеу жоқ. Тиісінше, Ильхам Әлиев бесінші мерзімге қайта сайлануға құқылы. Ол осы құқығын пайдаланды. 

Әзербайжандық және шетелдік сарапшылар оның даусыз жеңіске жететініне еш күмәнданбайды. Себебі Ильхам Әлиев «Таулы Қарабақ Республикасы» атты әлем танымаған квазимемлекеттік құрылымды ақыры жойып, 30 жылдан астам сепаратистер бақылауда ұстап келген Таулы Қарабақ өңірін және Әзербайжанның бірнеше ауданын қайтара алды. Осылайша, «Әзербайжанның мем­лекеттік егемендігі мен аумақтық тұ­тастығын» қалпына келтірді. Тәуел­сіздік терминінен айырмашылығы сол, заң тілінде егемендік – ел билі­гінің бүкіл мемлекеттік территорияға тең таралуын білдіреді. 

Әзербайжандағы Президент сайлауы тек 2025 жылғы сәуірде өтуі тиіс еді. Онда неге Әлиев оны мерзімінен бұрын өткізуге асықты? Сарапшыларға сілтеме жасап, Би-Би-Си түсіндіруінше, бұған дейінгі до­даларда Әлиевті мемлекет аумағының тек 75 пайыздайындағы тұрғындар сайлады. Ал енді тәуелсіз Әзербайжан тарихында тұңғыш рет сайлау мем­лекеттің бүкіл территориясын, соның ішінде Таулы Қарабақ өлкесін де қамтитын болады. 

Сайлау қорытындысы Ильхам Әлиевтің елдің тұтастығын қалпына келтірген тарихи лидер мәртебесін әдіптейтін болады. Сондықтан бұл рәсімнің адал өтуіне Баку үлкен мән беруде. Елдің Ортсайлаукомы 17,5 мыңнан астам байқаушыны аккре­диттеді. Халықаралық қоғамдастық тарапынан қызығушылық зор.

Кандидаттарды тіркеу 2024 жыл­ғы 9 қаңтарда аяқталды. Жалпы алғанда, сайлау бюллетеніне 7 кан­дидаттың аты-жөні енгізіледі.  

Тағы бір көрші Ресейде 15-17 наурызда өтетін президент сайлауын бүкіл әлем бақылайды. Алайда ха­лықаралық сарапшылар онда да кімнің жеңетіні алдын ала белгілі екеніне назар аудартады. 

Партиялар атынан кандидаттарды ілгерілету – 2024 жылғы 1 қаңтарда, өзін-өзі ұсыну мерзімі 2023 жылғы 27 желтоқсанда аяқталды. 2023 жылы партиялар атынан 9 үміткер және өзін-өзі ұсынушы 24 тұлға, яғни жал­пы саны 33 адам сайлауға түспекші болды. 

Алайда РФ Ортсайлаукомы 11 адамды ғана тіркеді. Соның ішінде 3-еуі өзін-өзі ұсынды. Бұлар: іс ба­сын­дағы мемлекет басшысы Вла­димир Путин және қос блогер – Рада Русских пен Анатолий Баташев. 

Қалған 8 кандидатты партиялар ұсынды: Леонид Слуцкий (ЛДПР), Николай Харитонов (КПРФ), Вла­дислав Даванков («Новые Люди»), Сергей Бабурин («Российский об­ще­народный союз»), Андрей Богданов (Российская партия свободы и спра­вед­­ливости), Борис Надеждин («Граж­­данская инициатива»), Сергей Ма­лин­кович («Коммунисты России») және Ирина Свиридова (ДПК).

Бірақ бұлардың бәрінің аты-жөні бюллетеньге енбеуі мүмкін. Кандидат куәлігін алуы үшін өзін-өзі ұсынған 3 адам 31 қаңтарға дейін сайлау­шылардың 300 мыңының қолын жинап, ОСК-ге тапсыруға тиіс. Парламентте ұсынылмаған партиялар өз кандидаты үшін 100 мың қол жинайды. КПРФ, ЛДПР және «Но­вые люди» партиялары Мемдумада отыр, сондықтан олардың үміткерлері қол жинаудан босатылады.

Бұл – РФ тарихындағы бірден үш күнге ұзайтын тұңғыш президенттік сайлау болмақ. Бұған дейін сайлау бір күнде өтетін, кейбір өңірге алдын ала дауыс беруге мүмкіндік ұсынылатын.

Қазіргі кезде 3 кандидат қана ресми тіркелді. Бұлар – Леонид Слуцкий (ЛДПР), Владислав Даванков («Новые люди» партиясы) және Николай Харитонов (КПРФ). Путин үшін қол жинау жалғасуда. Тіркеле алу үшін ол сайлаушылардың 300 мың қолын жинауы керек. 

В.Путиннің сенімді өкілдері қатарына белгілі 346 адам, соның ішінде Татарстанның бұрынғы президенті, қазіргі Мемлекеттік кеңесшісі Минтимер Шаймиев кірді. Жалпы саны 600-ге жетуі мүмкін. 

Ресейлік саясаттанушы Алек­сандр Асафовтың пікірінше, сайлау бюллетеніне тек 4-6 адам ғана кіреді: «Бұлар – өзін-өзі ұсынушы Путин және парламенттік партиялардың үміткерлері ғана болады», – деді ол. 

Америка қандай шешім қабылдайды?

Халықаралық сарапшылар биыл­ғы басты, шешуші сайлау – 5 қара­шада өтетін АҚШ президентінің сай­лауы болады деген ортақ тоқтамға келді. Бүгінде негізгі кандидаттар ретінде іс басындағы президент Джо Байден және экс-президент Дональд Трамп болады деп күтілуде. Демокра­тиялық партияда Байденге балама жоқ. 

Ал Республикалық партияның Трампты таңдайтын түрі бар. 16 қаң­тарда Айова штатында өткен пар­тиялық праймеризде Д.Трамп 51 пайыздай дауысты әзер жинап, бірін­ші орынға шықты. Ол 70 пайыздай дауысты иеленеді деп күтілген. Екінші және үшінші орындардағы Флорида губернаторы Рон Десантис пен Американың БҰҰ-дағы бұрынғы тұрақты өкілі Никки Хейли одан қатты қалып келеді. 

Десек те, олардың да көшбасшы атануға үміті бар. 2023 жылдың соңында Колорадо, Мэн штаттары­ның жоғарғы соттары президенттік сайлау кезінде Дональд Трамптың аты-жөнін бюллетеньге қосуға тыйым салды. Өйткені 2021 жылғы 6 қаң­тарда өз жақтастарының Ка­питолийге шабуылына оның қа­тысы бар, соған арандатты деп та­нылды. Ал Америка Конституциясына 14-ші түзету бүлікке қатысқан тұлғаларға президент лауазымына кандидат болуға тыйым салады.

Д.Трамп қос штаттың жоғарғы соттарының шешімдеріне қатысты АҚШ Жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. Ақпан айында бұл канди­даттың тағдыры шешілмек. Сарап­шылар АҚШ Жоғарғы сотында қал­пымен Трампты қолдайтын судьялар отырғанын қаперге салды.

Жылдың алғашқы айы да аяқ­талған жоқ. Дегенмен Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыла­рының: «сайлау науқандарының тым көптігі әлемде тұрақсыздық пен тәр­тіпсіздікке соқтыруы мүмкін» деген үрейлі болжамы әзірге орындалған жоқ.

Айхан ШӘРІП