Әлеуметтік желідегі небір қатыгез көріністер мен келеңсіз ақпараттарды ауыздықтау мүмкін болмай тұрған уақытта «баланы кім бұзды?» деген сауалға жауап іздеудің өзі қиындау. Мұны текке айтып отырғанымыз жоқ. Батыс Қазақстан облысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс 30 пайызға өскен. Жасөспірімдер негізінен ұрлау, тонау секілді құқықбұзушылықтарға барып отыр.
Бұрынғылар тентектеу бала көрсе, «бала емес, пәле болды» деп кейіп жататын. 2023 жылдың күзінде Батыс Қазақстан облысында 16 жасар бала өз шешесін өлтіріп алды. Ана мен бала арасындағы әдеттегі кикілжің осындай қайғылы жағдаймен аяқталды.
– Жасөспірім қазір тергеу изоляторында отыр. Тергеу әлі жүріп жатыр, – деді БҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығы Ернар Сұлтанғалиев.
Мектеп жасындағы жасөспірім оқушылардың қылмысқа бой ұруы жақсы құбылыс емес. Оларды мұндай теріс іс-әрекеттерге итермелейтін нендей күш? Қай кезде де жас-өспірімдер қылмысы қоғамдағы өткір, көкейкесті әрі өзекті мәселелердің қатарында болып келеді.
Сандар сөйлесін...
Батыс Қазақстан облысында жасөспірімдердің қатысуымен 2022 жылы 96 қылмыс тіркелсе, 2023 жылы 125 қылмыс жасалыпты.
Бұл туралы БҚО ПД ЖПҚ-ның бастығы Ернар Тимурұлы:
– Өкінішке қарай, өткен жылдармен салыстырғанда, 2023 жылы жасөспірімдер арасындағы қылмыс 30,2 пайызға өсіп отыр. Барлығы 120 бала түрлі қылмыс бойынша жауапқа тартылды. Олардың ішінде мектеп оқушылары да, колледж студенттері де бар. Кәмелетке толмаған балалар мүліктік сипаттағы 98 қылмыс жасады. Олардың қатарында 6 ұсақ ұрлық, 44 ұрлық фактісі, 26 алаяқтық қылмысы, 15 тонау, 3 бопсалау, 4 көлік құралдарын ұрлау фактісі тіркеліп отыр. Полиция департаментінде кәмелетке толмаған 125 бала есепте тұр, – дейді.
Әдетте, балалар арасында қылмыс туралы айтылғанда, оның өскен ортасы туралы сөз болады. Көп жағдайда әлеуметтік аз қамтылған отбасының балалары қылмыс жасайды деген түсінік бар. Жалпы, облыс бойынша полиция есебінде 139 қолайсыз отбасы тіркеуде тұрса, ол отбасыларда 160 бала тәрбиеленуде.
«Қазір құқықбұзушылықты тек әлеуметтік осал топтардың балалары жасамайды. Толық отбасында тәрбиеленіп жатқан, жағдайы жақсы отбасының балалары керісінше қылмысқа көп барып отыр», – деп қынжылады тәртіп сақшылары.
– Қылмыстың көбі түнде жасалады. Бала түнгі 23.00-ден кейін жүрмеуге тиіс қой. Осы үшін төрт мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды. Қазір жастардың ішінде суицидке баратындар да көбірек. 2022 жылы 2 суицид тіркелсе, 2023 жылы 5 суицид фактісі тіркелді. Балалар суицидке көбіне ата-анасын қорқыту мақсатында барады. Өкінішке қарай, кейде баланы құтқарып үлгере алмай қалатын жағдайлар болады. Манипуляция соңы қайғылы аяқталатыны өкінішті, – дейді БҚО ПД ЖПҚ-ның бастығы Ернар Сұлтанғалиев.
Балалар арасындағы қылмыстың алдын алу ювиналды полицияның міндетіне кіреді. Осы ретте «ювеналды полиция өз міндетін толық атқарып отыр ма?» деген сұрақ туындайды.
БҚО бойынша тек 70 ювеналды полиция қызметкері бар. Оның 48-і Орал қаласының өзінде жұмыс істейді. «Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция жетпеген мектептерді сол аймақтың учаскелік полициясы қарайды», – дейді Полиция департаменті өкілдері.
Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу ісіне облыстағы білім беру орындары да үлес қосуға тиіс. Себебі негізгі тәрбие мен білім мектептен беріледі. Алайда әзірге білім беру ұйымдарындағы тәрбие негіздері әлсіздеу болып тұрғанға ұқсайды. Әйтпеген күнде жасөспірімдер арасындағы қылмыс осыншалықты көбеймес еді.
– Бүгінгі балалар рухани аш, қуыскеуде болып өсуде. Біз ұлттық менталитетімізден ажырап қалдық. Тым заманауи боламыз деп асыра сілтеп жібердік, – дейді біздің тағы бір әңгімелесушіміз Светлана Дүйсенбиева.
Светлана – бірнеше бала тәрбиелеп отырған ана, «Зерек» оқу орталығының әдіскері, «Білгім келеді» клубының жетекшісі.
– «Қазіргі бала неге тәрбиеге көнбейді?» деген сұрақ бәрімізді мазалайды. Біз – 90-жылдардың қиындығын, жоқшылығын көрген ұрпақпыз. Аталарымыз ашаршылықты көрді. Осыдан келіп, біз балаларымызға барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Олар жоқшылық, қиындық көрмей өссін дейміз. Ата-ананың «балам мен көрген бейнетті көрмесін» деген шектен тыс қамқорлығы балаға кері әсер етеді. Біз мұндай кезде балаға шынымен керек нәрсесін бермейміз. Біз тек баланың физикалық қажеттілігін өтейміз. Киіндіреміз, жылы-жұмсақтың бәрін аузына тосамыз. Баланың бетінен қақпаймыз, ұрыспаймыз. Осыдан келіп ештеңеге басын қатырмайтын, ойлана білмейтін рухани аш, қуыскеуде бала шығады. Оған үйдегі ата-анасы да «саған біреу тиіссе, аяма, ұрып таста» деп жел береміз. Содан қатыгез бала қайдан шықты деп таңғалады. Негізі, баланы кәдімгі қазақтың өз мәдениетімен тәрбиелеу керек. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете білетін қарапайым қазақтың қоңыр тірлігіне баулу керек. Бала кезден үйге келген ағайынға қызмет көрсету дегенді білдік. Отбасында жүріп-ақ көп нәрсені түсіндік. Ал қазіргі бала ағайынмен араласпайды, ортаға түспейді. Сондықтан да қоғамға тез сіңісіп кете алмайтын меңіреу ұрпақ шығады. Мен көпке топырақ шашпаймын. Бірақ қазір көп ата-ананың баласын осындай әдіспен тәрбиелеп отырғаны қынжылтады. Оны ата-аналар чатынан анық аңғаруға болады. Бала күнінен рухани мүгедек, эгоист болып өскен бала біреудің еңбегін бағалауды, табиғатты қорғауды, адамзатқа құрметпен қарауды түсінбей өседі. Міне, балалар арасындағы қылмыс неге көбейді дегенге жауап осында жатыр, – дейді «Зерек» оқу орталығының әдіскері Светлана Дүйсенбиева.
Сондай-ақ ол бала тәрбиесінде кінәрат кетсе, көбіне мектептен, ортадан, көшеден көріп жатады, бірақ ешкім неге орта, көше осындай болды деп бас қатырмайды дегенді алға тартады. Асылында, баланың дұрыс тәрбиеленіп, тұлға болып қалыптасуына баланың ата-анасы жүз пайыз жауапты екені анық.
Тәрбиесіз берілген білім...
Балалар жасайтын қылмыс туралы дерек қолымызға тиген бойда біз БҚО Балалар құқықтары жөніндегі жедел уәкіл Жанат Нұр-мағамбетоваға хабарластық.
Жасөспірімдер арасында қылмыстың көбейгені ол кісіні таңғалдыра қоймады.
– Өзім өмір бойы осы салада жұмыс істедім. Балалар арасындағы қылмыс 2019 жылы өсті, кейін 2020-2022 жылдары төмендеді. Ал 2023 жылы қайтадан өсіп отыр. Кәмілетке толмаған балалар арасында қылмыс неге көбейді? Себебі қажетті талдау жүргізілмей отыр. Баланың отбасы жағдайы, мектептегі мінез-құлқы қандай? Осындай жан-жақты жүргізілген талдау қорытындысына қарап, балалар арасындағы қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүргізуге болады. Егер жеке көзқарасымды айтатын болсам, құқықбұзушылыққа көбіне махаббатқа зәру, ата-ана мейірімін көрмеген, мектепке қажетті көңіл бөлінбеген балалар барады. Екіншіден, өте пысық балалар болады, күші көп. Ондай баланы спортқа, биге беріп, күшін сыртқа шығармаса, бала бойындағы күш-қуатты жаман нәрсеге жұмсайды. Балалар арасындағы қылмысты азайту үшін оны дұрыс ортаға бейімдеген жөн. Мәселен, білім беру ұйымдары мен атқарушы билік бірлесіп жұмыс істеуі керек. Балаларды тегін бассейн, спорт зал, би үйірмелері секілді пайдалы шаралармен қамтамасыз ету керек. Нашар, талантсыз бала болмайды. Біз әр баланың бойындағы талантты ашуымыз керек. Сонда бала құқықбұзушылыққа бармайды. Энергиясы дұрыс бағытқа жұмсалған бала отбасына, қоғамға пайдалы болады. Бала неге ұрлық жасайды? Ең бірінші, оның материалдық жағдайын қарау керек. Ересек адамның өзі сәнді, бренд дүкендердегі дүниені көрсе көзі жайнап, қызығып кетеді. Ал баланың мұндай жарқыраған дүниеге арбалуы, оны сатып ала алмағасын ұрлауы немесе тонауы осыдан шығады, – дейді Жанат Жандоллақызы.
Жанат Жандоллақызының БҚО Балалар құқықтары жөніндегі жедел уәкіл қызметіне кіріскеніне әлі ай тола қойған жоқ. Әңгіме барысында облыстағы қамқоршылық кеңесінің жұмысына жан бітіру керек екенін айтып қалды. «Мектеп, полиция, қоғамдық ұйымдар бірігіп жұмыс істегенде ғана балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға болады. Біз мектептердегі буллингті тоқтатуымыз керек. Ешбір бала өзін сол ортада артық сезінбеуі қажет. Баланың құқығы бірінші орында қорғалуға тиіс. Бала өзі қорлық көріп, құқығы тапталып өспеуі керек. Сонда ол да ешкімнің құқығын бұзбайды», – дейді Жанат Нұрмағамбетова.
Ал полиция майоры Диляра Сатарова балалар арасындағы топ болып құқықбұзушылық жасау фактісі көбіне еліктеуден шыға-тынын айтады.
– Қылмыс жасайтын баланың бәрін нашар отбасыдан шыққан деуге болмайды. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс негізінен бәріміз біргеміз деген түсініктен шығады. Яғни, біреу бір идеяны айтса, ол сол достарынан қалмай ілеседі. Себебі ол топтың ішіндегі «сатқын», «тоқылдақ» атанғысы келмейді. Осыдан келеді де, жасөспірімдер арасында топ болып тонау, ұрлау секілді қылмыстарға бірге барады. Бұрын әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары ғана қылмыс жасайды деген түсінік болды. Яғни, өз керегін алу үшін бала қылмысқа барды деп ойлайтынбыз. Бірақ қазір толық отбасыдан шыққан, жағдайы жақсы отбасының балаларының қылмысқа баруы жиілеп тұр. Олар көбіне ата-анасының көңілін аулау үшін сондай әрекетке барады. Не ішем, не киемі жоқ балалар махаббатқа зәру болып өседі. Себебі ата-анасы үнемі жұмыста. Бала сол ата-ананың махаббатын аулау үшін әдейі қылмысқа ұрынады, – дейді Диляра Сатарова.
Баланы бос ұстасаң да, қатты ұстасаң да қиын. Бұрын үлкендер «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деп баланы қатты ұстауға үндейтін. Ал қазіргі балалар қаттылықты көтермейтінін күнделікті көріп жүрміз. Еркіне жіберген баланың әрекеті де жақсы нәтиже бермей тұр. Шамасы, бүгінгі ата-анаға да, білім беру ұйымдарына да басқа әдіс, басқа тәсіл іздеу керек шығар. Немесе жоғарыда кейіпкеріміз айтқандай, бәрі ұлттық тәрбиенің тіні үзіліп кеткенінен де болуы мүмкін. Қалай болғанда да ешкім үкілеп өсіріп отырған баласының күні ертең ұры, қарақшы болғанын қаламайтыны анық. Бірақ бесіктен белі шықпай жатып, темір торға тоғытылып жатқан тағдырлардың күні ертең сол өмірге еті үйреніп, оңай олжаға қарай бүйрегі бұра бермесіне кім кепіл. Бала болашағымыз дейтін қазақ үшін ертеңгі ұрпақтың қылмысқа үйір болғаны жақсы емес. Мұны әр ата-ана түсініп, ұғынып әрекет етсе игі.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы