Қазақы жылқы қандай-ды!

«Жал-құйрығы қаба деп, жабыдан айғыр салмаңыз»... Бұқар жыраудың осынау жырында жылқының қазақы жабы тұқымы біршама төмендетіліп айтылғаны рас.

Дегенмен қазір атқа мініп атойлап жауға шабатын заман емес. Қысы-жазы ызғарлы суыққа қарамастан тебіндеп далада жайылатын жылқылардан да қазір мән кеткендей. Бұған себеп – теріскейдің сарышұнақ аязы мен боранына төзімді қазақы жылқы тұқымы азайып бара ма деген қауіп...

Иә, төрт түліктің төресі саналатын жылқының да тұқымы бұрынғы күш-қайраты мен қарым-қабілетінен айы­рылып бара жатқандай көрінеді. Ауыл­ды жерлердің бәрінде қыстың анау-мынау бораны мен үскірік аязынан ықпайтын жылқылар түгелдей қолға қарап қалған. Былтыр жаз айлары қуаң­­­шылық болып, ой мен қырдың бә­ріне шөп шықпай, оның үстіне ай бойы жауған жаңбырға ілігіп, астығы тұтастай қызып кеткен жұрт жем-шөп таппай аңырап қалған. 

Әсіресе, теріскейде ондаған ауылды аймақ қыс ортасынан аумай жатып жұт басталғанын айтып шырылдап отыр. Оның ішінде қысы-жазы дала кезген қыл құйрықтылардың жағдайы тым ауыр. Мал тебіндейтін жайылымдардың бәрінде қардың бетін мұз басып, айна­дай жалтырап сіреу болып қатып қалған. Салдарынан тұяқты мал тебіндей алмай, тісіне ілігер шөп тап­­паған соң жаппай көтерем болып, жаба­­ғыларға сақау шы­­ғып, биелері құлын тастай бастаған. Тіп­ті, ауыл-ауылда пы­­шаққа ілінбей арам өлгендері де бар­шылық екен. Ауыл тұрғындары қора­­­сындағы бес-алты сиы­­ры мен он шақты қойына азын-ау­­­лақ шөбін қалай жет­­­кізерін білмей отырғанда, қыр арқасы көрініп даладағы жылқылары келген­­­­діктен жем-шөп тап­­­пай шақшадай басы шарадай болған. 

– Шөптің бағасы тым шарықтап кет­ті. Тіпті, бағасынан бұрын сатып алатын да шөп жоқ. Іздеп таппай отыр­мыз. 2022 жылы салмағы 300-350 келі болатын бір орам шөптің құны небәрі 6-7 мың теңге болса, қазір кемінде 12-13 мың тең­­­геден түспейді. Оның өзін табу қиын. Қасқалдақтың қанынан қат болып тұр. Былтыр жазда қапырық ыстықтан жайылым мен шабындық жерлердің бәрі күйіп кетіп, шөп мүлде сұйық болды. Жылдағыдай шөп жинай алмай қалдық. Қыстың қаһарынан қорқып, қолымда бар 300 бас жылқыны түгелдей сатып қазір құрық ұстап қалдым. Өткенде иен дала­ға шығып осы істегенім дұрыс бол­ды-ау деген қорытындыға келдім. Өйт­кені шынында да тұтас дала адам шо­шыр­лық. Жалтыраған кәдімгі көк мұз. Тебіндеп шөп жемек түгілі тұяқты жылқы тәлтіректеп тайып жығылады. Оның үс­­тіне гектарына кемінде 10-15 цент­­нер­ден астық алатын шаруалар биыл зордың күшімен 4-5 центнерді әзер жи­нап алды. Оның өзі мүлдем сапасыз. Бұрынғы Ке­ңес заманында ондай астық­ты мүлде ор­май сол күйі тастап кететін. Өйткені құр жанармайға шығын болады. Жанар­майдың да құны аспандап кетті. Қазір кемі 300 теңгеден жоғары. Жұрттың бәрі жылқысын сатып жатқандықтан баға да едәуір түсіп кетті.Бәрін бағуға қа­зір жұрт­та шөп жоқ,– дейді Ақкөл ауда­ны Мин­ский ауылының тұрғыны Серік Асанов. 

Ақмола облысының басқа да бірнеше ауданында жылқы басының азайып бара жатқанын айтып, дабыл қаққан тұрғын­дардың қарасы қалың. Тұрғындар жергі­лікті атқарушы билік органдарына ха­бар­ласып, көмек-қолдау сұрағанымен түйткілді мәселенің түйіні тарқатылатын түрі көрінбейді. Әсіресе, Көкшетаудың дәл іргесіндегі Зеренді ауданына қарасты Ақадыр, Васильков, Заречный, Шаға­лалы сияқты ондаған ауылдағы ағайын жем-шөп таппай, қиналып зар илеп отыр. Олардың айтуынша, бұған басты себеп – жайылым және шабындық жер­лердің тапшылығы. Тіпті, олардың қата­рында жайылым жерінен мүлдем айыры­лып қалған ауылдар да бар. 

– Мен Ақадыр ауылында тұрамын. Жағдайымыз аса қиын. Жайылым мен шабындық жерлеріміз қазір мүлдем жоқ. Даланың бәрі жалтырап мұз болып жа­тыр. Ауылдағы жылқының бәрі дерлік көтерем болып қолға келді. Онсыз да жем-шөбі таусылуға таяған жұрт әбден қиналып кетті. Қазір шөптің құны ас­пан­дап кеткен. Бір орамының өзі 20 мың теңгеден асып жығылған. Қарызданып-қауғалансақ та малға шөп алып жатыр­мыз. Басқа қолдан келер қайран жоқ. Құр сүйек болған терісі жабысқан арық мал­ды кім алады? Бағасы да тым төмен­деп құлдырап кетті. Жайылым жерлеріміз қыр басында 150 гектардай бар еді. Рус­лан деген біреу егістік жерімен қоса са­тып алыпты. Енді мүлде жайылым да, шабындық та жоқ. Ауыл тек азғантай ма­лы­­­мен ғана күн көріп отыр. Осы маң­да­ғы екі-үш ауылда қазір шамамен 2 мың бас қой, мың бастан астам ірі қара, 500-600 бас жылқы бар. Бірақ жаз шыға мал­ды қалай бағарымызды білмей отыр­мыз. Жайылым мүлде жоқ. Аудан, облыс әкім­­­­­­діктеріне талай мәрте шағымдандық. Бі­рақ еш нәтиже де жоқ. Әбден дағдарған жайымыз бар, – дейді Зеренді ауданы, Ақадыр ауылының тұрғыны Мейрам Ауғанбай. 

Тұрғындардан толассыз жазылған арыз-шағымдар мен хатқа жергілікті ат­қарушы билік мәселені «шешіп жатыр­мыз» деген сипаттағы сырғытпа жауаптан әрі аспаған. 

– Ақадыр ауылы тұрғындарының жайы­лым және шабындық жерлердің тапшылығы жайлы жазылған мәселесіне қатысты Зеренді ауданының әкімдігі «Колос-2014» ЖШС-мен 1 300 гектар жерді бірлесіп пайдалануға меморандум жасағанын, сондай-ақ халықтың қажет­тілгін қанағаттандыру үшін 1 040 гектар жер ұсынылғанын айтқымыз келеді. BAYAT – Agro ЖШС-нан жалпы ауданы 290 гектар оның ішінде 191 гектар егістік, 99 гектар жайылым және ауылдың тіке­лей жанындағы 3 гектар жер учаскесі мем­лекет меншігіне қайтарылған, – дей­ді Зеренді ауданы әкімдігінің ресми жа­зылған хатында. 

Мал басының, әсіресе жылқы малы­ның азаюы хақында Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қаты­­нас­тары басқармасы басшы­лығымен де тілдеспек болдық. Бірақ басқарма бас­шы­­­лығы жылқы малының жай-күйі жай­­лы алдағы аптада толығырақ мәлімет бермек болды. Дегенмен мал басы арт­паса, кемімегенін алға тартты.

Тақырыпты зерттеу барысында түйт­кілдің бір ұшы елдің қай аймағында бол­масын, әсіресе теріскей аймақта жылқы­ның нағыз қытымыр табиғатқа бейімді, төзімді қазақы тұқымының құрып бара жатқаны туралы біраз мәлімет ал­­дық. Атап айтқанда, Ақмола облысы­ның бірқатар ауылында жылқы малының қысқа шыдайтын төзімділігі төмендеп кеткенін айтар жылқышы көп. Жылқы­ның тұқымын жақсартпақ болып, тіпті сонау Башқұртстаннан, Ресейден алып келгендер де болыпты. Бірақ олар да жер­гілікті ауа райына төзе алмаған. 

Бұл орайда қазақ жылқысының тұқы­мын көбейтуде Қостанайдағы «Қа­зақ тұлпары» жылқы зауытының да жағдайы­ның тұралап қалғаны түйткілдің түйіні­нің тарқатылуына кедергі келтіретіндей. Зауыт басшылығының былтырғы мәлі­меттеріне қарағанда, 135 жылдық тарихы бар зауытта ұрықтандыру зертханасы сегіз жыл бұрын жұмысын тоқ­татқан. Зауытта зоотехник, ветеринар сияқты білікті кадрлар тапшы. Елдегі ең мықты жылқы зауытының қауқары азай­ғандықтан қазақы жылқы тұқымы да құрып бара ма деген қауіп бар. 

 

P.S. 

Қысқасы қазақтың ішсе тамағы, мінсе көлігі, қиялымен көкке самғар қанаты да болған қазанаты мен жабы­сының бүгінгі ахуалы алаңдатарлық күйде. Сондықтан түйткілді мәселені түбінен қопарып, тиісті шаралар қабылданбаса, жағдай одан сайын ушығып, ызғарлы желден ықпайтын, теріскейдің қытымыр бораны мен ащы аязына төзімді қазақы жылқыдан айырылып қалар түріміз бар. Ауылдағы ағайын қыл құйрықты Қамбар ата түлігінен айырылып құрық ұстап қалмасы үшін құзырлы органдардан бастап жергілікті әкімдіктер жедел арада мәселенің шешімін тапқанымыз жөн. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы