Қазақстанда жыл құсын таңдау шарасы осымен он тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Табиғат қорғау мамандары іс-шараның мақсаты – құстың түрiн сақтау, қорғау мәселесiне жұртшылықтың назарын аудару екенін айтады. «Биыл негізгі жұмыс қала құстарына бағытталатын болады. Алматы мен басқа да қалаларда оқытушылар мен оқушылардың көмегімен жапалақтарға арнап ұя орнатылады, одан бөлек ашық сабақтар мен сурет конкурстары өткізіледі. Ал мамыр айында Алматы қаласында маубас жапалақтарының санағын жүргізу жоспарлануда. Мұндай санақ төрт жыл бұрын 2020 жылы өткізіліп, нәтижесінде Алматыда жапалақтар туралы 400-ге жуық жазба алынды», – дейді АСБК ғылыми бөлімінің маманы Құдайберген Әміреқұл.
Орнитологтардың зерттеуінше, біздің елде жапалақтың 13 түрі кездеседі. Солардың ішіндегі маубас жапалақ (Otus scops) деген түрінің денесі кішірек, шамамен 20 сантиметр болады. «Оның көлемі кішкентай, сайрақпен бірдей. Бірақ қауырсындарының әсерінен үлкен көрінетін құс. Еркегі мен ұрғашысын сырттай айыру мүмкін емес», – дейді Қ.Әміреқұл.
Әдетте жапалақ құсы туралы сөз болғанда «Жапалақты таспен ұрса да, жапалақ өледі. Жапалақпен тасты ұрса да, жапалақ өледі» дейтін көпшілікке мәлім мәтел еске түседі. Халық ауыз әдебиетінде жапалаққа қатысты айтылған сөздер жетерлік. Мәселен, әйгілі қол бастаған батыр, күрескер ақын Махамбет Өтемісұлының жорық жырларында:
«Жалп-жалп еткен жапалақ,
Жазыда кімге жолдас болмаған.
Жағы түкті айуан,
Мұңлантып кімді жаяу салмаған», –
дейтін жолдар кездеседі. Бір қызығы, жапалақ құсына қатысты сөздер жыраулық поэзия өкілдерінде, жортуылда жүріп ел-жұрттан жырақ, саяқ өмір сүрген, дүниеден баз кешкен жандардың жырларында жиі ұшырасады. Шалкиіз жыраудың «Жапалақ ұшпас жасыл тау,
Жақсылардың өзі өлсе де сөзі сау» деп толғайтыны бар.
Күндіз ұйықтап, түнде ұшатын осынау ерекше құс кейінгі кеңестік империяның қуғынына түскен тұлғалардың да өлең – жырына арқау болған. Мысалы, 1937 жылдың қырғынында өзін ұстап берген жандай-
шаптар жайында Қапез ақынның «Дүние-ай» атты әні:
«Жапалақ жалп етеді жар басында,
Немене жоқтың күні бар қасында.
Дос болып, қас қылғаннан сақта құдай,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына», –
деп басталатыны белгілі. Ал Балуан шолақ болса:
«Жапалақ құс болғанмен неге дәрі, Жаманның кісілікке бар ма сәні?!», – деп жырлайды.
Осы айтылғандарға қарап, қазақ үкіні кие тұтып, қастерлегенімен жапалаққа жақсы сөзін қимаған ба деген де ой келуі мүмкін. Себебі халқымыз үкінің қауырсынын баскиімге қадап, домбыраға тағып, бесікке іліп, ерекше қадірлейді. Ал үкі ғылымда жапалақтәрізділестер отрядына жатады. Бүгінде сирек кездесетіндіктен, Қызыл кітапқа енген құс. Десе де, халқымыздың жапалақтың ұшқан сәтін қардың жаууымен қоса сипаттап, «жапалақтап жауып тұр», «қапалақтап жауып тұр» суреттейтіні бар. Болмаса, жазылғанына 60 жылдай болған «Шырша әнін» еске түсірейікші:
«Әппақ, әппақ жапалақтап,
Қар жауады тынбастан.
Қалың орман қар жамылған
Маужырайды түнгі аспан».
Белгілі балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиевтің сөзіне жазылған Латиф Хамидидің осынау тамаша әнін кім білмейді?!
Сондай-ақ балалар ақыны Қастек Баянбаевтың «Бір қазан сүт» атты өлеңіндегі:
«Жапалақ келіп жалп етіп,
Жарымын ішіп ол кетті.
Қарға келіп қарқ етіп,
Қалғанын ішіп ол кетті.
Сауысқан келіп саңқ етіп,
Сарқып ішіп ол кетті», – деген жолдарын тұтас бір буын жаттап, өскені анық.
КӨШПЕЛІ ҚҰС
Жапалақ – жыл сайын көктем шыға қазақ даласына оралатын құстың бірі. «Маубас жапалақ елімізге сәуір-мамыр айларында ұшып келеді. Қар кетіп, жер қарайысымен олар алдымен оңтүстік өңірге келеді. Өйткені ол жақтағы жәндіктерге ертерек жан бітеді. Кейіннен солтүстікке ұшып жетеді», – дейді АСБК ғылыми бөлімінің маманы Құдайберген Әміреқұл. Орнитологтың сөзінше, аталған құс негізінен еліміздің оңтүстік-шығысы мен шығысында кездеседі. Қарқаралы, Бурабай, Наурызым қорығында және Жайық өзенінің бойында қалың тоғай, қарағайлы орманда көбірек таралады. Ал оңтүстікте Түркістаннан Жетісуға дейінгі аралықта кеңінен кездеседі. «Жалпы, маубас жапалақ ағашы бар жерді мекен етеді. Ол ормандарда, таулы немесе шөлді жердегі ормандарда, бау-бақшаларда кездеседі. Тіпті, қалалар мен елді мекендерді де мекен етеді. Оларды Алматы, Шымкент секілді ірі қалалардың орталығынан да кездестіруге болады», – дейді Қ.Әміреқұл. Тамыз, қыркүйек айында жылы жаққа ұшуға қамдана бастайтын құс тропикалық Африканы, Сахараның оңтүстік жағын қыстап шығады. Күн жылына ұя салған, көбейіп өркен жайған орнына қайта оралады. Сондықтан жапалақ көрсеңіз, «туған жеріне оралып келген омыртқалы жануар ғой деп есіркеп, жәрдем бере жүріңіз» дейді орнитолог мамандар. Өйткені жапалақ адамға зиянсыз құс болғанымен, адамнан оған төнер қауіп көп. «Ол, әсіресе қалалардағы саябақтарда, топтасып өскен қайың-қарағайлы орынды мекен ететіндіктен, адамдардың іс-әрекетіне байланысты жағдайлар туындайды. Жуас әрі адамға сенгіш болғандықтан, өзіне тым жақындатып, ұшпай отыра беруі мүмкін», – дейді АСБК маманы. Одан бөлек, жәндіктерді химиялық заттармен улау, ағаштарды кесу әрекеттері де күндіз ұйықтайтын құсқа жиі кедергі келтіріп жататын көрінеді. «Ондай іс-әрекеттер көп жағдайда жапалақтың жасырын ұясын өзге құстар мен жыртқыштарға әшкерелеп береді. Сауысқан, қарға секілді құстар жапалақтың ұясын көрсе бұзып кетеді. Ал оңтүстікте көп кездесетін алақанаттар (майна) жапалақтарға көп қысым көрсетеді. Көп жағдайда жапалақтар қысымға шыдамай, ұясын тастап кетеді», – дейді Қ.Әміреқұл. Сондай-ақ орнитологтың ескертуінше, көктем кезінде таулы аймақтарды мекен ететін маубас жапалақтар қатты суық пен қар түсудің әсерінен қырылып қалуы мүмкін екен. Ал ұядан енді қанаттанып шыға бастаған балапандарға далада еркін жүретін мысықтар қауіп төндіреді. «Сол себепті маубас жапалаққа адамның қолдауы өте қажет. Бұл құсқа жасанды ұялар жасау арқылы көмектесуге болады. Ал өсіп тұрған ірі ағаштарды себепсіз кесудің қажеті жоқ», – дейді маман. Егер күндіз демалып отырған құсты көрсеңіз, оны мазалаудың қажеті жоқ.
ЖАПАЛАҚ ӘН САЛАДЫ, ТҮНГІ ОРМАН ТАМСАНАДЫ
Орнитологтардың айтуынша, ол ағаштың басында отырып мұңды үн шығарады. Құмығып шыққан үн араға 2-3 секунд салып қайталанып тұрады.
Жапалақтың бұл түріне «маубас» деген жанама аттың қосылғаны да осы ерекшелігіне қатысты болуы мүмкін. «Маубас жапалақты орысша «сплюшка» деп айтады, менің ойымша сол сөзден аудара салған сияқты. Бірақ оған «сплюшка» деген атауды ұйықтағаны үшін емес, дауысына қарай берген», – дейді Құдайберген Алтынұлы. Оның сөзінше, жапалақтар көктемде ұшып келгеннен кейін сайрай бастайды. Негізі, әнді кешке салады, дегенмен бұлтты күндері оның үнін күндіз де естуге болады. «Әнді тек еркегі емес, ұрғашылары да айта береді. Кейде қосылып айтуы мүмкін. Алматыда маубас жапалақтың әнін шілденің басына дейін ести аласыз», – дейді ол.
АСБК мамандарының зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанда маубас жапалақтың 2 түршесі кездеседі. Кәдімгі маубас жапалақ (Otus scops scops) еліміздің бастыс бөлігінде кездессе, сібір маубас жапалағы (Otus scops pulchellus) қалған аймақтарда мекендейді.
ҚАНАҒАТШЫЛ ҚҰС
Атақты ақын, ғұлама оқымысты Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы адам баласы қанағат қылуды жапалақтан үйренсін деген өсиет қалдырған екен. «Жапалақ деген құс болады. Өзі он жұмыртқа табады. Соның бәрін бірден жарып ұшырмайды. Екеу-екеуден жарып, бала қылып ұшырады. «Бәрін бірден жарып бала қылсам, тамақ жеткізе алмаспын» деп өзі намаздыгерден жоғары, бесіннен төмен бір-ақ мезгіл ұшады. Алса, бір тышқан алады, алмаса, ала алмай қалғаны. Сонда да құстың семізі болады, себебі қанағат қылғаннан. Адам қанағатты содан ғибрат алса керек», – дейді ғалым.
Орнитолог Құдайберген Әміреқұлдың сөзінше, маубас жапалақтар ұя салуға ерекше мән береді. «Ұшып келгеннен кейін, сәуір-маусым айларында жұмыртқалауды бастайды. Егер ұясы әлдебір себептермен жойылса, қайта жұмыртқалайды. Жұмыртқаларды 25 күн ішінде басып шығарады», – дейді ол.
Маубас жапалақтың белсенділігі кеш бата басталады. Өз қорегін қарауылдап табатын құс. «Олардың негізгі қорегі жәндіктер, түнде ұшатын қоңыздар, көбелектер, кейде шегірткелер мен өрмекшілерді де ұстайды. Реті келсе, кіші құстар мен кеміргіштерді де ұстауы мүмкін. Жәндікті көргеннен кейін дереу ұшып, аяғымен ұстап алады. Ал жердегі жорғалаушы жәндіктер мен құрттарды жүріп ұстауы мүмкін», – дейді Қ.Әміреқұл.
Маубас жапалақтар табиғи ортада 6 жылдай ғана өмір сүргенімен, пайдасы орасан. АСБК мамандары олардың орман және ауыл шарушылығына зиян келтіретін жәндіктермен және кеміргіштермен қоректенуі арқылы қоршаған ортаға тиімділігі жоғары екенін айтады.
Сөз басында «Жыл құсын» таңдау науқаны 2006 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын жаздық. Ең алғаш 2006 жылы тарғақ құсына сондай мәртебе берілсе, 2007 жылы –қарлығаш, 2008 жылы – тырна, 2009 жылы – қара бозторғай, 2010 жылы – қараторғай, 2011 жылы – шымшық, 2012 жылы – дала қыраны, 2013 жылы – шиқылдақ қаз, 2014 жылы – ақбас үйрек, 2015 жылы – орақтұмсық, 2016 жылы – торғай, 2017 жылы – үкі, 2018 жылы – тоқылдақ, 2019 жылы – дуадақ, 2020 жылы – ителгі, 2021 жылы – бірқазан, 2022 жылы – бұлбұл, 2023 жылы көкқұс таңдалыпты.
Мұндай тәжірибе шетелдерде кеңінен танылған. Мәселен, Жаңа Зеландияда жыл құсын таңдау шарасына тұтас халық болып атсалысады екен. АСБК мүшелері Қазақстандағы «Жыл құсы» акциясын барша азаматтың қолдауын құптайды.
Айта кетейік, Қазақстан осы кезеңге дейін «Биологиялық алуандықты сақтау конвенциясы», «Сулы-батпақты алқаптар туралы Рамсар конвенциясы», «Көшіп-қонып мекен ететін жануарларды сақтау конвенциясы», «Жыртқыш құстарды сақтау келісімі», «Сүйріктұмсықты шалшықшы жөніндегі өзара түсіністік меморандумы» сияқты түрлі халықаралық құжатты ратификациялаған. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп «Биологиялық әртүрліліктің жаһандық шеңбері: алғашқы әрекеттерді қолдау» жобасын жүзеге асыруда.
Бауыржан БАЗАР