Қазақстан 2 наурыздан бастап Қытайдан кейбір жеміс түрін алып келуді уақытша тоқтатты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, аталған тыйым сүйекті, шекілдеуікті және цитрусты жеміс-жидек пен дақылдарға салынған.
Мұндай тыйымды енгізуге ҚХР-дан Қазақстан аумағына кіргізілетін өнімдерде «карантиндік обьектілердің» жүйелі түрде анықталуы негіз болып отыр. Айта кетейік, мемлекеттік инспекция комитеті ҚХР-дың Бас кеден басқармасының атына карантинге жатқызылған өнімді алып келу кезінде халықаралық және бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптардың бұзылуы туралы нотификация жолдаған. Яғни, талап фитосанитарлық шаралар жөніндегі Халықаралық стандарттың ережелеріне сәйкес жасалуда.
«ҚХР карантиндік қызметі АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті жолдаған ресми хабарламаны қарастырып, әрекет ету шараларын күшейтуді ұсынды. Атап айтқанда, Қытай тарапы жүйелі сипатта орын алған бұзушылықтар жекелеген жеміс-жидек бақшаларының карантиндік объектілерге қарсы алдын алу шараларын жүргізбеуіне байланысты екенін анықтады», – делінген хабарламада.
Мемлекеттік инспекция комитетінің мәліметінше, былтыр ел аумағына Қытайдан карантинге жатқызылған өнімді алып кіруде 52 заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде 7 карантиндік организмдер, 22 фитосанитариялық сертификатсыз өнімді кіргізу жағдайы, 13 карантинге жатқызылған өнімнің орамасында таңба болмауы, 3 фитосанитариялық талаптардың бұзылуы, 4 фитосанитариялық сертификаттың сәйкессіздігі және 3 карантинге жатқызылған өнімнің тексеруге ұсынбау жағдайы тіркелді. Нәтижесінде, карантинге жатқызылған өнімдер (12 мың тауар бірлігі) кері қайтарылып, 2 млн теңге көлемінде 27 айыппұл салынған.
Әрине, қауіпсіздік үшін карантинге жатқызылған кейбір өнімдердің келуіне тыйым салынғаны – оңды қадам. Дегенмен жыл сайынғы үздіксіз жеткізіліп тұрған тауар көлемінің азаюы азық-түлік бағасын көтеріп жібермей ме деген де күдік бар. Өйткені соңғы жылдары ҚХР Қазақстанға импортталатын жеміс пен көкөністің негізгі жеткізушісіне айналғаны белгілі. Мәселен, мандарин, апельсин, лимон жемістер мен орамжапырақ, зімбір, бұрыш (тәтті, ащы), сарымсақ секілді көкөністерді базардан жазбай танитын болғанбыз. Әсіресе, қыстың аяғы, көктемнің бас кезінде Қытайдан келетін цитрусты жемістер мен балғын көкөніске күніміз қарап қалатыны рас. Ендігі үміт Ташкенттен келетін ерте көктемгі өнім көлемі мен жергілікті әкімдердің «бағаны құрықтау» әрекетіне байланысты болмақ.
Дастан ДУМАН