«Казахи – самая крупная тюркоязычная национальность советского союза – 6 млн 200 тыс человек» деген тұсын көшіріп алдым. Ал 1939 жылы 2 млн адам ғана қалған» деген естеліктерімен бөліседі. Ашаршылық кезеңіндегі қазақ халқының саны туралы дерек әртүрлі. Дегенмен жарты ғасырға жетпей-ақ сол кездегі демографиялық ахуалдың құрдымға кеткені анық.
Жақында Назарбаев университетінде неміс ғалымы Роберт Киндлердің «Сталиндік көшпенділер» атты еңбегінің тұсаукесері өтті. Stalins Nomaden атты бұл кітап осыдан 10 жыл бұрын жарық көрсе де, бүгін ғана қазақ тіліне аударылып, оқырманға жол тартып отыр. Мұнда ғалым қазақ халқының 1917-1950 жылдар аралығындағы өмірін, оның ішінде демгорафиялық ахуалды кеңінен сипаттайды. Жиынға қатысушылар арасында қарама-қайшы пікір туғызған ғалымның ашаршылық жылдарына қатысты өзгеше пайымы болды. Ол XX ғасырдың алғашқы жартысында болған оқиға «геноцид емес» деп мәлімеді. Ғалым зерттеу қорытындысы нәтижесінде осы уақыт ішінде 1,5 млн адам көз жұмды деген тоқтамға келген.
«Кітапты шығаруға қазақ тілінде сұраныс бар екеніне таңғалғаным рас. Көпшілікті ашаршылықтан шын мәнінде қанша адам қаза тапқаны қызықтырады екен. Мен көптеген мәліметті саралай келе қысқа мерзім ішінде шамамен 1,5 млн адам қаза тапты деп есептедім. Бірақ басқа деректерде 2 млн-нан астам деп көрсетілген. Бұл – 1926 жылғы оқиғалардың есебі бойынша анықталған мәлімет. Осылайша, аштық сол кездегі қазақ халқының 30 пайыздан астам азаматының өмірін жалмады деп есептеуге болады», – дейді ғалым.
Жиынға өзі қатысқан Роберт Киндлер ұжымдастыру жұмыстары кезінде ашаршылықтан басқа да ұлттар қаза тапқандықтан, бұл геноцид ретіндегі ашаршылық болды ма деген сауал туындағанын жеткізді.
«Бұл жерде қарама-қайшы пікірлерге тап болуымыз заңды. Сол себепті мен оны тікелей қазақтарға бағытталған іс емес дер едім. Бұл – менің жеке пікірім, кімде-кім ашаршылық салдарын геноцид ретінде қарастырса келісемін. Бірақ бұл – меніңше, әдейі ұйымдастырылған іс емес, керісінше, Кеңес Одағындағы әртүрлі саяси-экономикалық науқанның нәтижесі. Отырықшыландыру, яғни көшпенділерді отырықшы өмір салтына ауыстыру мәжбүрлі түрде жүргізілгені рас. Себебі қазақтарды егін өсіруге мәжбүрлеу қиынға соқты», – дейді ол.
Неміс ғалымы Кеңес Одағына қызмет еткен жергілікті функционерлер де қазақ бола тұра бұл саясаттан неге қазақтардың өзі көп мөлшерде зардап шекті деген сұраққа жауап іздейді.
– Меніңше, әдейі болмаса да, отырықшыландыру саясатының салдарын геноцид ретінде сипаттауға болады. Бұл оқиғадағы қылмыскерлер кім, жауапкершілігі қандай? Осы тақырыпта пікірталас барысында кейбір адамдар Голощекинді, кейбірі Сталинді кінәлайды. Енді бірі одақтың ішкі саясаты деген ойда. Бірақ мен барлық аспектіні ескеру керек деп ойлаймын. Болған жайтқа бір ғана адамды айыптау орынсыз, себебі олар шешім қабылдағанмен, оны өздері тікелей іске асырған жоқ. Осы себепті зерттеу барысында әртүрлі тәсілді қолдандым. Дегенмен мәдениет ретінде көшпенділік өмір салты үлкен зардап шекті деуге болады, – деді Р.Киндлер.
Ғалым өз еңбегінде ұжымдастыру саясатындағы жергілікті қазақ функционерлерінің рөліне ерекше тоқталған. Оның пікірінше, бұл нәубетті еуропалықтардың қазақтарға қарсы күресі дегенмен, этникалық қазақтар да Кеңес Одағының саясатына араласқан, сәйкесінше, белгілі бір деңгейде болған оқиғаларға қатысты жауапкершілік алған.
– Ең біріншіден, ұжымдастыру саясатын жүргізуге қазақтардың өздері де атсалысты. Отырықшыландырудың қарқынды жүргізілуінің бір себебі жергілікті функционерлер жағдайды жетік білді және кімдерге шабуыл жасап, кімді қорғау керегін жақсы түсінді, – дейді ғалым.
Сөз соңында Роберт Киндлер ғалымдар тарапынан алдағы уақытта мынадай сауалдарға қатысты түбегейлі зерттеулер күтетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мына төрт мәселе әлі де толық зерделеуді қажет етеді: жасы мен ұлтына байланыст КО кезінде адамдар қалай қызмет етті; ашаршылықтың экологиялық тарихы қандай; аштықтан дала жануарларын жеу экожүйеге қалай әсер етті; бұл тарихи оқиғаның бүгінгі Қазақстанға әсері қандай?
Кітапты қазақ тіліне аударған Өтен Ахмет ғалымның тарихи құжаттармен қатар әдеби кітаптарды да шолып шыққанын жоғары бағалады.
– Жастар тарихи фактіні салыстыра отырып қабылдайды. Ресей империясы төңірегінде қазақ жеріндегі секілді аштық еш жерде болмаған. Соның бағасы берілген жоқ, толық зерттелмеді. Робберт Киндлер деген неміс азаматы осы бағытта үлкен еңбек етіпті. Дүниежүзілік архивтердің деректерінен бөлек әдеби шығармаларды да шолып шыққан. Кітаптағы әрбір ой фактілермен нақтыланған, қай қала, қай елдің архиві мен қорынан алынғаны көрсетілген. Бұл зерттеушінің мұқияттығы мен жауапкершілігін көрсетеді. Ғылыми еңбек болғанына қарамастан, кітап көркем дүние секілді оқылады. Жас күнімізде бұл тақырып жабық болды. Біз ауыл қарттарынан анда-санда ғана осындай нәубет болғанын естуші едік. Ауылымызда көзі ағып кеткен кісі болатын. Үлкендер оны ашаршылықта баласын жеп қойып, содан жылай-жылай екі көзі солып қалған дегенді айтатын. Осындай естелік көп, бірақ тарихи деректерге негізделген еңбектер кемшін, – деді аудармашы.
Жиында сөз сөйлеген документалист-журналист Әлия Әшім тарихқа құрбан көзқараспен қарамай, керісінше, жаңаша мән берген жөн деген ойымен бөлісті.
– Алдағы уақытта ашаршылық трагедиясына қатысты тың көзқараста деректі фильм түсіруді көздеп отырмыз. Біздің мақсат – ашаршылыққа зарлы үннен тыс, қайсар әрі рухы мықты халықтың тарихы деген мағына беру, бұл жағдайды тарихи сабақ деп қабылдап, объективті баға беру, – деді ол.
Қорытынды сөзінде Роберт Киндлер: «Егер біз бұл трагедияны геноцид деп мойындасақ, оны әрі қарай зерттеудің де мәні қалмайды. Мен тарихшы ретінде бұлай төтесінен қорытынды жасамаймын. Өйткені жалғыз геноцид ұғымы отарлау саясатының мұндай салдарын толық түсіндіре алмайды», – деген пікірін жеткізді. Сонымен қатар Кеңес Одағынан тыс елдер ашаршылық жайында аса хабардар болмағанын атап өтті.
Бүгінге дейін ашаршылық жылдарына қашан саяси баға беріледі деп жар салған едік. Бірақ соңғы кездері нәубет жылдары туралы шетелдік ғалымдар қалам тербеген еңбектердің қазақ тілінде жарық көре бастағаны сең қозғалғанын көрсететіндей. Бұл тарихты жаңа қырынан тануға, шындыққа бір қадам жақындауға септігін тигізер деп үміттенеміз.
Кәмила ЕРКІН