Отбасылық өмір: бақ па, сор ма?

Бүгінде елімізде 40-тан астам дағдарыс орталығы бар. Оның ішінде 14-і – мемлекеттік орталық.

Қай-қайсысын алсақ та олардың басты мақсаты – қиындыққа тап келген адамдардың мәселелеріне қоғам назарын аудару, оларды еңсеруге көмектесу. Сол себепті бұлардың негізгі миссиясы – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту және қайта әлеуметтендіру қызметтерін ұсыну. Алматыдағы дағдарыс орталықтарының бірі «Жан-Сая» мекемесіне жол түсіп, тұрмыс қиындығына тап болған жандардың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Қала шетінде орналасқан мекеменің мекенжайын қызметкерлер барынша құпия ұстайды. Олардың айтуынша, агрессорлар зәбір көрушілердің соңына түсіп, аңдып, әбіргерге салмаудың алдын алу шарты. Негізі алдын ала кездесуге келісіп, рұқсатын алмаса, орталыққа кіру мүмкін емес. Айналасы биік қабырғамен қоршалған екі қабатты үйдің ауласы көзге түсе қоймайды. Қай жағынан кіретіні де белгісіз. Тек үлкен қақпаның бір бұрышында қоңыраудың түймесі тұр. Басқанымыз сол, көруге арналған кішкене қаптал ашылды. Бізбен амандасқан күзетші әйел қандай мәселемен келгенімізді сұрай келе, «Журналистсіз бе, сіздерді күтіп отыр» деп есігін ашып, әкімшілік жаққа ертіп апарды. Сөйтіп, бізді қарсы алған Айгүл есімді қызметкер алдымен орталықтың ішін аралатып, таныстырды.   

Ішіне енгеніміз сол дәліз ортасында үлкен әсем шырша тұр. Айналасында балалар жүгіріп, ойнап жүр. Жаңа жылдың лебін айқын сездіріп отыр. Үйдің бірінші қабатында – екі бөлме, екіншісінде үш бөлме бар. Орталық елу адамға арналған. «Қиын жағдайға түскен кез келген жанды орналастырып, барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Негізі қыс кезінде адамның келуі де көбейеді. Әдетте, Жаңа жыл кезінде көбісі кетіп қалатын. Биыл керісінше, көпшілігі мерекені осында қарсы алды. Кейде адам көптігінен бөлмедегі диванды жаямыз», – дейді Айгүл Маликова.

Кіреберіс бөлменің бір бұрышы асүй ретінде жабдықталған. Мүгедектігі бар адамдар төменгі қабаттағы асханаға түсуге қолайсыз болса, осы жерде тамақтануына болады. «Кейде жас аналар балаларынан алыс кете алмайды. Міне, соларға осы жерден тамағын іше салған қолайлы. Тұрғындарды күніне бес уақыт тамақтандыру қарастырылған. Жатар алдында, яғни  кешкі сағат 9-дарда  айран беріледі», – дейді орталық қызметкері.

Балалар бос уақытында сурет салып, қолөнермен айналысатын бөлме қарастырылған. Ересектердің өздері ойын реттеу үшін еңбек терапиясына қатыса алады. Тіпті, дәрігердің өзі медициналық кабинетінен алыстамайды. Бірін тексеріп, енді біріне ем-домын жасағанша уақыт өте шығады дейді Айгүл Маликова. 

Оның айтуынша, түнгі ауысымға бір қызметкерден кезекпен қалып отырады.

– Қонақтарымызды қараусыз қалдырмаймыз.  Дегенмен кейде түн ортасында жедел жәрдем шақырту керек. Сондай жағдайға қызметкерлердің біреуі қалып отырады. Ал сырттағы күзет өзі бір бөлек, олар үй ішіндегі тәртіпке қарамайды, – деді ол.

Оған қоса, осында түскен қыз-келіншектердің балалары жақын маңдағы мектептерде білім алады. «Сабақ үзіліп қалмас үшін мекеме маңындағы мектептермен келісімшартымыз бар. Бізге түскен баланың бәрі, тіпті мүгедектігі бар балалар да сонда білім алады. Бірақ оларды сол мектеп мұғалімдері келіп үйден оқытады», – дейді орталық қызметкері Айгүл.

  Балаларынан зардап шеккен қарттар да бар

Биыл мекеменің жұмыс істеп жатқанына – 6 жыл. Әуелде, 2017 жылы орталықтың көмегіне 47 адам жүгінсе, биыл жыл басындағы көрсеткіш 225-ке жеткен. Ал ең жоғары көрсеткіш 2022 жылы болыпты. Адам саны 475-ке жетіпті. Көмек іздеп келгендер ұзағанда мұнда 6 айға дейін бола алады. Айгүлдің айтуынша, келушілердің бәрі бірдей осында алты айлап жатпайды. Кейбірінің мәселесі бір-екі айда реттелсе, кете береді.

– Бізге түскендердің арасында отбасылы әйелдер ғана емес, азаматтық некеде тұрғандар да бар. Статистика бойынша, олардың 30 пайызы күйеуіне қайтып барады. Ал оның ішінде 12 пайызы бізге қайтадан түсіп жатады. Басты міндетіміз – депрессияға түскен қыз-келіншектерді тығырықтан шығару. Олардың қалыпты өмірге оралуына көмектесу. Заңгерлік көмек қана емес, әйел затының үй тірлігінен босап, тыныштықта ойын реттеп алуға, өз-өзіне келуге уақыт беріледі. Орталықта тұрмаса да біздің заңгер мен психологтың көмегін офиске келіп не болмаса онлайн консультация алу мүмкіндігі бар. Қазір тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер тек қана күйеуінен таяқ жеген әйелдер емес, өз балаларынан қысым көрген қарттар да жетіп артылады, – дейді Айгүл Маликова.

Қызметкердің сөзін «Жан-Сая» дағдарыс орталығының психологі де растайды. «Жалпы дағдарыс орталығының көмегіне қиын жағдайға түскен кез келген адам жүгіне алады. Соның бірі – зейнет жасындағы апа. Баласы ішімдікке салынған. Арақты аузына алған күні шешесін тепкінің астына алады. Мысалы, биылдың өзінде зейнет жасындағы төрт қарияны қарттар үйіне орналастырдық. Барар жер, басар тауы қалмаған соң кейбірі сол жаққа түсті. Арасында жақын туыстарының қолына барғаны да бар», – деген психолог тұрмыстық зорлық-зомбылық тек күш көрсетумен шектелмейтінін сөз етті.

Оның айтуынша, зорлық-зомбылықтың психологиялық, жыныстық немесе экономикалық  түрі болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық болғандықтан ерлі-зайыптылардың арасында ғана емес, әке-шешесі баласынан немесе ұл-қызы ата-анасынан зардап шегуі мүмкін. Оның арасында бірге тұрып жатқан азаматтар да кіреді.

– Жалпы, зорлық-зомбылық мәселесі бұрыннан бері бар. Рас, айтылғанымен түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Әлі де жалғасып жатыр. Бірақ қазір әйелдерде батылдық бар. Бұрынғыдай жасырып-қымтамайды, ашық айтып, көмек сұрай алады. Олар уақытша паналап келсе де мәселесін шешу керегін түсінеді. Ұрыс-керіс барысында әйелінің қорғаны жоғын, оның ешқайда кетпейтінін білетін  ер адам одан бетер тиісе береді. Ал егер келіншегінен айырылатынын сезсе азамат бірден тыйлады, озбырлыққа бармайды. Екіншіден, біз қыз-келіншектермен ғана емес, ер-азаматтар, яғни агрессорлармен де жұмыс істеуіміз керек. Мысалы, біздің орталыққа келген әйел зәбір көрген күйеуімен тіл табыса алмай, ақырында ажырасып кетті делік. Алайда сол азамат өзге біреумен отбасын құрмасына, ол әйелге де зәбір көрсетпейтініне кім кепіл?! Отбасылық өмірде кикілжің болмайды емес, болады. Міне, осы жағын қолға алуымыз керек. Әзірге пилоттық жоба. Бірақ біз полицейлермен біріге отырып, агрессорлармен жұмыс істеуді назарға алдық. Кез келген мәселені екі жақты қарау қажет. Мұнда да солай... Отбасын сақтап қалу үшін әйел ғана емес, ер-азамат та атсалысуы тиіс. Сонда ғана іс алға жылжып, мәселе шешіледі. Біздің мақсат – олардың отбасын ажырастыру емес, олардың психологиялық жағдайын түзеу, мәселесінің шешімін табуға тырысу, – деген Маржан Талғатқызы жәрдем алушының қандай шешім қабылдаса да қолдайтынын жеткізді. 

«Үйдің есік-терезесін қымтап, газ қосып, балаларды өлтірмек болған»

 36 жастағы Гүлвира бұрынғы Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Шар қаласының тумасы. Өзі әкесіз өскен. Кейіннен анасы өмірден өткен. «Ағам мен сіңілім бар. Бірақ олардың өздері көпбалалы отбасы. Оларға ешқандай салмақ салғым келмеді. Барар жер, басар тауым да болмады. Шешем үшеумізді жетектеп жүріп жеткізді. Қиындықты бір кісідей көріп өстік. Содан болар, қиналғанымды ешкімге көрсеткім келмеді. Оның үстіне қиындыққа төзу керек деген түсінікпен өстік. Сондықтан күйеуімнен қаншама зардап тартсам да шыдап бақтым. Бір емес, жиырма шақты рет кетуге тырыстым», – дейді көпбалалы ана.

Қазір Гүлвира Дүйсенова – 6 баланың анасы. Үлкені – 14 жаста, кенже ұлы үш айға толды. Тұрмысқа шыққан соң біраз уақыт Қаскеленде тұрып, артынан Алматыға көшіп барған. Айтуынша, осындай дағдарыс орталығы барын, олардың қыз-келіншектерге көмектесетінін білмеген.  «Білсем бұдан  ертерек әрекет етер едім» деген ол бүгінде мекемені паналап жатқанына үш айдан асқан.

– Басымыздан талай нәрсе өтті, бірақ күйеуім еш өзгермеді. Екі күннің бірінде ішеді. Қалтасында ақша болса ауызы құрғамайды. Таңға дейін әңгімесін айтып, менің ғана емес, балалардың да мазасын алады. Олардың тамақ ішті-ішпегеніне, ұйықтайтын уақыты болған-болмағанына қарамайды.  Одан қалса қол көтереді. Соққының астына алса да «әйтеуір, жеңетін шығармын» деп көндіктім. Сау кезінде одан жақсы адам жоқ. Түзеліп те кетер деп үміттендім, – деген көпбалалы ана екі-үш күндеп мешіттің алдында жүріп, пәтер іздегенін айтты. – Арыз жазу, полицияға баруды білмеппін. Біреуге ұрды-соқты деп айтпадым. Арасында балаларды алып, үйден кетіп көрдім. Үш-төрт баланың өзімен пәтер табу қиын. Тапсам да, ұзағанда бір-екі айдан аспайтын. Баламен жұмысқа да шыға алмайсың. Ішіп-жейтін тамақ та қалмады. Жолдасым да «қайт үйге» деп хабарласуын қоймады. Жылап-еңіреп қайтып барамын.  Бір-екі жұма түзелген кейіп танытады. Кейін қайтадан бәрін басынан бастайды. Тіпті шашты ұстап алып, тыр-жалаңаш күйде көшеде сүйреген де кезі болды, – дейді ол.

Содан көрші келіншектің кеңесімен күйеуі тағы бірде ұрып-соққанда полицияға шағымданған. Сөйтіп бала-шағаны алып, осы орталыққа келген. Оқиға осыдан екі жыл бұрын болған. Ол кезде мекемеде он күндей ғана паналапты. «Балаларды басқа мектепке ауыстырып, құжатын алып болғанымда, жолдасым «телефонды көтер, балалардың қайда екенін білемін» деген хабарлама жіберді. Демалыс күні еді. «Балаларға ештеңе істемесінші» деп ешкімге ештеңе түсіндірместен үйге қайтып кеттім. Себебі, бұрын осылай қашып, қоңырауына жауап бермегенде «Үйге қайт, әйтпесе бұл бала саған да, маған да жоқ» деп қорқытқан. «Қазір бәріміз ұйықтаймыз» деп үйдің бүкіл есік-терезесін жауып, газды ашқан. Үйден шешесін шығарып жіберген. Енем шырылдап хабарласқанда ұшып бардым. Сөйтсем, енем дәліз бөлмедегі терезені күрекпен сындырып, ішіне кіріп, газды өшіріп, есік-терезені ашып, балаларды аман алып қалғаны бар. Ол кезде кішкентайдың алдындағы ұлым 7 айлық еді», – дейді Гүлвира Дүйсенова.

Ішуін тоқтатпаған жолдасы Гүлвираны таппай қалса, енді үлкен ұлын ұра бастаған. «Тоғызыншы сыныпты бітіре салып, оны оқуға жібермек болдым. Ішімнен «енді оған тиісе алмайды, ал одан кейінгі 2 мен 4-сынып оқитынға тиіспейді деп ойладым. Бірақ ойлағанымдай болмады» деген көпбалалы ана дағдарыс орталығына кетуге бел буған. Мектеп директорына ажырасып жатқанын айтып, балалар жайында ақпаратты көрсетпеуін ескерткен. Сөйтіп, 2023 жылдың сәуір айында заңды түрде ажырасып, балалар анасының қолында қалады деген сот шешімі де шықты. 

 Үй мәселесі шешілсе, көпбалалы ана тірлік жасамақ

 Гүлвира Дүйсенованың айтуынша, артынан енесі ұлының қалаға жұмысқа кеткенін естіртіп, оны өз үйіне тұрғызған.

– «Үй босқа қаңырап тұр. Бұл – осы балалардың үйі.  Өзім саған көмектесемін, үйде тұра бер, енді ол саған жоламайды» деген енемнің сөзіне иландым. Оның үстіне, ұл балалар ғой, біреудің есік алдында жүрмесінші деп сонда бардық. Ол кезде аяғымның ауыр екенін білмедім. Бір аптадан кейін жолдасым балаларды көруге келіп, үш күндей қасында болды. Артынан «балалар пәтерсіз қалыпты, басқасын тапқанда кетемін» деп шықты. Аяқасты жұмыссыз қалды. Сөйтіп сылтауы көбейіп, ақыры қасымызда қалды. Енемнің үйі болған соң, оны қуып та жібере алмадым. Басқа жұмысқа тұрып, өзін жақсы ұстап жүрді. Қалай қолына айлығы тиді баяғы әдетіне қайта салды. Іштегі нәрестенің ай-күнін санап, «менің балам емес, сен үйден кеткен соң көтердің» деп ұрып-соғып, ішімнен тепкіледі. Құдайға тәуба, аман-есен босандым, – дейді ол.

Сондай соққыдан кейін күйеуі Гүлвираны еш жерге шығармай, үйде қамап ұстаған. Ал балаларды өзі сабаққа апарып, әкеп жүрген. «Дене бойымдағы ұрып-соққан ізі кеткенге дейін үйден шығармады. Өзі сыртқа шықса үйдің бүкіл есік-терезесін құлыптап, қақпаның сыртынан жауып кететін» деген көпбалалы ана ендігі үйден кетуін сәбидің қырқынан кейін жоспарлаған.

– Не болса да бала қырқынан шыққан соң қашамын деп жүрдім. «Кеттік» дегенде бір қабат киімдеріңді алып, тез жинала қалыңдар» деп  балаларға да ескертіп қойдым. Сол күн, 24 қазан әлі есімде. Нәрестеге 22 күн ғана,  әлі қырқынан шықпаған. Кенеттен жолдасым үйден асығыс шығып кетті. Жалма-жан артынан біз де қашып шықтық. Қалаға баратын автобусқа отырып алдық. Барар жеріміз жоқ. Үйсіз-күйсіз далада қалдық дегенге уайымдап, түнеріп тұрғанымыз жоқ. Бәріміз мәзбіз. Бастысы әлгі жерден құтылғанымызға қуандық, – деді Гүлвира Дүйсенова. 

 

Содан екі күндей далада қаңғып жүрген. Көшеде кездескен бейтаныс келіншек үйіне кіргізіп, қондырған. Артынан дағдарыс орталығына жіберген. «Сені күтіп отыр. Сол жаққа бар, бір көмегін береді» деген Ақмарал тәте мені Алатау ауданындағы «Бақытты отбасы» деген дағдарыс орталығына жіберді. Ол жердің басшысы менің бұрын басқа орталықта болғанымды біліп, сонда апарды. Кәдімгідей балаларым да, өзім де демалып қалдым. Шынын айтқанда, таңертең тұра салысымен үйдің тірлігі, баланың тамағы, оларға қараймын деп шаш тарауға да уақыт болмапты. Таңым ботқа жасаумен басталып, кешкі ас дайындаудан көз ашпадым. Оның үстіне, күйеуім ішкен күні таңға дейін көз ілмейсің. Әрі кеткенде 2-3 сағат қана ұйықтайтынмын. Осында келгелі ұйқымды түзеп, қалпыма енді келіп жатырмын» деген көпбалалы ана қазір өмірге деген көзқарасым өзгергенін айтты.

– Қазір күйеуім бәріне келісіп отыр. Бірақ бас сұғар баспана жоқ. Пәтерге шыққанға балаларға беретін жәрдемақы бар-жоғы – 83 мың теңге. Ал бізге қолайлы пәтердің өзі 100 мыңның үстінде. 60-70 мыңның көлемінде арзан пәтер табылса, оған да шыға берер едім. Ондай ақыға ешкім алмайды. Оған қоса, алты баламен кімге сыясың? Жұмыс істемеген соң зейнетақы жинағы да жоқ. Ал онсыз ешқандай бағдарламаға қатыса алмаймын. Жұмысқа да шыға алмайсың, қолымда үш айлық сәбиім бар. Егер үй мәселесі шешілсе, өз тірлігімді жасаймын ғой, – дейді  көпбалалы ана.

 «Енеме не істесем де жақпадым»

 Евгения есімді келіншектің Алматыда тұрғанына 13 жылдан асқан. Өзі Ақмола облысының тумасы. Үйінің жанында тұрған ғимараттың дағдарыс орталығы екенін білмеген. Балабақша деп ойлаған. Айтуынша, күйеуі оған қол көтерген емес. Енесі мен қайын сіңлісі күн көрсетпеген.  Сондықтан енесінің үстінен шағымданған.

– Біз 2017 жылы үйлендік. Келін болып түскен күннен енем мені жақтырмады. Әуелде аналық қызғаныш деп мән бермедім. Өбектеп өсірген жалғыз ұлы өзге біреудің көңіліне қарауы кез келген анаға ауыр тиеді ғой. Уақыт өте бәрі реттелер деп үміттендім. Бірақ нәрестелі болсақ та енем мен  қарым-қатынасымыз түзелмеді. Керісінше, одан әрі бұзылды. Олармен бірге тұра алмайтынымды түсініп, жалдамалы пәтерге шықтым. Күйеуім шешесімен қалды, – дейді ол.

Евгенияның айтуынша, кезінде үй алатындай ақшасы болған. Күйеуі оны кәсіпке салып, жоқ қылған. «Анам дүниеден өткен соң, Ақтөбедегі пәтерді саттым. Одан түскен ақшаға пәтер алмақ едім, күйеуім «істі дөңгелентіп алған соң, пәтер алмыз» деп көндіріп, кәсіпке салды. Бірақ одан ештеңе шықпады. Сүйенішім де, барар жерім де қалмады. Шыдайды, қайда барады дегендей енемнің маған қыспағы өрши түсті» деген Евгения кикілжің барысында күйеуінің араға түспей, ол түгілі баланы қорғамайтынын айтты.

Өзінің екіншіге аяғы ауыр екенін білсе де, үйіне қайтпауға тырысқан. Тіпті, туған жеріне оралуды ойлап, көктемде көшпек болған.

– Қызым шала туып, өкпесінде кінәраты бары анықталды. Соған қарайлап, климатты ауыстыруға қорқып қалдым. Ақша үнемдеудің жолын іздестіріп отырғанда шетелде жүрген танысым, үйінде тегін тұра беруді ұсынды. Тек коммуналдық төлемін төлесем болды. Жарты ай тұрғаным сол, көршінің кесірінен үй өртеніп кетті. Содан күйеуіме қайтып баруға тура келді. Ол кезде екеуміз қайта тіл табысып, араласа бастаған едік. Оған қоса, арада біраз уақыт өтті енем де, қайын сіңлім де өзгерген шығар деп ойладым. Қателесіппін, «баяғы жартас – сол жартас». Енеме «қандай әрекетім жақпай қалды айтсаңыз, түзеймін» десем, «ондай ештеңе жоқ» деп шығады. Бірақ істегеніңді жақтырмайды. Сенің сөзіңді елемейді. Барынша жүйкеге тиетін. Тіпті, соңғы кездері мен өлсем, балаларыма тыныштық берер деген ой келе бастады. Қызым-1-2 жасқа жеткенше шыдамақ едім. Оған жеткізбеді. Соңғы кикілжіңде «баланы өзге біреуден тауып алғансың, мұнда тұрмайсың» деп заттарымды лақтыра бастады. Сол кезде полиция шақырып, үстінен шағымдандым, – дейді ол.

Оның айтуынша, желтоқсаннан бері осы орталықта екен. Әлі күйеуімен араласады. Тіпті енесінің балаларды көруіне, араласуына қарсы емес.

«Осында келгелі қыз-келіншектердің түрлі тағдырын естіп, менікі өзгелерге қарағанда қатты ауыр жағдай емес екенін түсіндім. Бізде отбасын сақтап қалуға мүмкіндік бар. Қазір күйеуім екеуміз тіл табыса бастадық. Ол бәрін басынан бастап көрмек. Сол үшін де психологпен жұмыс істемек. Бәрін уақыт көрсетер», – дейді Евгения.

Қазір оның екі қызы бар. Үлкені – 4 жаста, кішісі он айлық.

 «Бізде тұрмыстық  зорлық-зомбылық қылмыс деп саналмайды»

 «Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуде бірізділік жоқ» деген «Жан-Сая» дағдарыс орталығының басшысы Зульфия Мұхамедбекқызы сол себепті де елімізде отбасындағы зорлық-зомбылықтың жоғары деңгейде екенін сөз етті.

– Басқа-басқа соңғы жылдары елімізде дағдарыс орталықтары көбейе түсті. Соның қай-қайсын алсақ та, адамға толы. Соған қарамастан елде тұрмыстық зорлық-зобалаң тыйылар емес. Оның себебі неде?

– Жалпы, дағдарыс орталығы дегеніміз – адам өзінің үйреншікті орнынан, үйренген тіршілігінен шығып, басқа жерге ауысуы. Осыған келерде әйелдің алдында екі таңдау тұрады: бірі – одан шыққысы келсе, енді бірі агрессормен тұра беруді жөн көреді. Себебі агрессорлар кешірім сұрап, түзелетінін айтып, өзгерген сыңай танытады. Алайда бұл қуаныш әрі кетсе екі аптаға ғана созылады. Сөйтіп, әйел адамның жақсыға сенгені сол, бәрі бәз баяғы қалпына түседі. Жылдан-жылға эйфория күйі азая береді. Ал зорлық-зомбылық уақыты ұзара береді.

Әрине, соңғы кезде елімізде отбасын сақтауға байланысты дағдарыс орталықтары көптеп ашылып жатыр. Алайда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы оларды оңалту және әлеуметтендіруге бағытталған. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны ретінде анықталғандар әуелі полиция мен дағдарыс орталықтың мамандары тарапынан сәйкестендіруден өтеді. Осының бәрі ерікті негізде жүреді. Елде адам құқығын қорғайтын құралдың болмауынан халық ішінде үкіметке, әділдікке деген сенім жоғалады. Бәрі заң жүзінде орындалуы керек. Шыны керек, бізде барабар жазаның түрі жоқ. Президент тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмысқа жатқызу керегін айтқанымен, елімізде бұл заң әлі қолданылмайды. Мұны біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы  ретінде емес, жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық жазалануы тиіс деп қабылдауымыз керек. Мәселе дағдарыс орталықтарында тұрумен шектеліп қалмай, жүйелілікпен заңдық тұрғыда қарастырылуы тиіс.

Полицейлер оқытылып, агрессорлармен айналысып, бәрі бірлесе жұмыс істесе, зорлық-зомбылық азая түсер еді. Сонда халық та бізге сенер еді. Әзірге бізде зорлық-зомбылықпен күресуде бірізділік жоқ. Сол себепті де елімізде  отбасындағы зорлық-зомбылықтың деңгейі жоғары болып отыр.

– Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жағдайы тұрмыстық зорлық-зомбылық тек  тұрмысы қолайсыз отбасында ғана болмайтынын айқын көрсеткендей болды. Бірақ мұндай жағдайлар көп емес пе?

–  Нақты осы оқиғадан-ақ үкіметтің елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғаудың ешқандай нормаларына жауап бермейтінін және әзірлемейтінін көрсетті. Біз қайта-қайта айтып, әрі пайдаланып жүрген құрал іс жүзінде жұмыс істесе, Салтанат ертерек көмек сұрар еді. Өйткені ол бұл жағдайды басынан бірінші рет өткермегені анық. Ал мазасыздық, психологиялық дәрменсіздік секілді әлеуметтік экономикалық себептер адамды тұрмыстық зорлық-зомбылыққа итермелейді. Сол себепті де көптеген агрессор ырқына көнбей, өзінің уысынан шығып бара жатқан жанды, яғни  жақыны мен туысы болса да одан әрі бақылап, басқара түседі. Тіпті, зорлық-зомбылық көрсетуі де мүмкін. Осының бәрі жинала келе, бұл мәселеге мемлекеттің қаржылай ғана емес, заңнамалық деңгейде де көмектеспейтінін көрсетіп отыр. Мәселен, зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жауапкершілігі заңдық тұрғыда реттелмеген. Осы жерде-ақ адам өз проблемасымен жалғыз қалады. Оның бірі жағдайдың түзелетініне сеніп, үміт етіп, полицияға хабарласады. Енді бірі тығырықтан шығар жол жоқ деп есептейді. Бұл – мемлекеттік органдардың жауапсыздығының жарқын мысалы. Өйткені олар жанұяның кез келген мүшесін отбасындағы зорлық-зомбылықтан қорғауға міндетті және әрдайым солай істеуі қажет.

Ал Ақтаудағы жағдай туралы не айтар едіңіз? Келіншегімен ренжіскен күйеу өзінің үш баласын өлтіріп, видеоға түсірген. Соны бұрынғы әйеліне жіберген. Кейін келіншек күйеуінің бұл қылығы кешірген деседі. Әйелдің де, ер азаматтың да неге бұлай істегені белгісіз. Бірақ намазға бет бұрып, балаларына дейін хиджаб киіп, діни отбасының осындай қадамға баруына не түрткі болды? Жалпы, осындай жанұялар мейірімділік пен имандықтың үлгісі  емес пе? 

Бүгінде дін ұғымы біраз өзгеріске ұшыраған. Әрине, дін бұрынғыдай жақсылықты көбірек уағыздайтын шығар. Дегенмен қазір дін жақсылық пен қайырымдылыққа емес, көбірек көндігу пен бағынуға көшкен секілді. Бұл – дін қағидаттарының дұрыс еместігін көрсетеді. Жалпы, ислам да, буддизм де, христиан да зорлық-зомбылық пен қатыгездікке көндігуді уағыздамайды. Зәбірлене отырып, оған көз жұма қарауға тіптен үйретпейді. Сондықтан меніңше, бүгінгі дін мәселелері жөніндегі орган діни ұйымдардың уағыздарына назар аударуы керек. Осындай жайттарға мүлдем төзбеу үшін қоғамда зорлық-зомбылықсыз қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Әрине, келіншек күйеуін кешіруі мүмкін. Бірақ ер-азамат адам өлтіргені үшін Қылмыстық кодекстің бабы бойынша жазаға тартылды. Бұл дегеніміз – біздің дұрыс нәрсе талап еткенімізді көрсетеді. Мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық жауапкершілікке тарту, яғни Қылмыстық кодексте бұрынғыдай ұрып-соғу емес, отбасындағы зорлық-зомбылық туралы нақты бап енгізу керегін көрсетеді. Шынын айтқанда, бізде тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп санамаған. Енді осыны қылмыстық жауапкершілікке тартатын болса, отбасылық тұрмыстық салада жасаған құқықбұзушылық фактісі бойынша  бас бостандығынан айырады. Одан басқа, біз зорлық-зомбылық көрсететін адамдар, яғни агрессорлардың мінез-құлқының өзгеруін қолдап, көмек көрсету бағдарламасын әзірлеуіміз тиіс.