Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда кәмелет жасына толмағандар жылына мыңға жуық аборт жасайды екен. Мамандар осы статистикаға байланысты төменгі сыныптан бастап жыныстық қатынас туралы айтуды ұсынуда. Акушер-гинеколог Галина Гребенникованың БАҚ-қа берген мәліметіне қарағанда, 15 жаста аяғы ауыр болған бойжеткендердің қайтыс болу қаупі ересектерге қарағанда 20 есе көп. Ерте жастан аяғы ауыр болу денсаулыққа ғана зиян емес, бұл өз-өзіне қол жұмсауға да әкеп соғады дейді. Сол себепті Гребенникова мұндай тақырыпты мектептен бастап қозғаған жөн деп отыр. Бұрын анатомия сабағы 8-сыныптан басталатын. Енді мамандар бұл пәнді 3-4-сыныптан бастауды құп көретін секілді. Мұндай пәнді тәжірибелі педагог жүргізгенін дұрыс санайды. Яғни, бұл тақырып жабық болмауы тиіс деген ойда. Шамамен 3-сынып оқушысының жасы 9-да делік. Тоғыздағы баланың қабылдауы үшін бұл тақырып ауыр емес пе? Бұған ата-ана не дейді? Мұғалімдер ше? Дәрігер ретінде Гребенникованың айтқаны да дұрыс шығар. Статистикаға сүйенсек, соңғы бір жылда 15-18 жас аралығында 3 500-ден аса қыз жүкті болған екен. Мыңдаған қыз түсік жасатады. Ерте жастан түсік жасату – денсаулыққа да зиян. Қаншама өрімтал қыз өз өміріне өзі балта шауып жатыр. Олардың ертеңін ойлаған жан бар ма?
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы»
Мұны айтқан біз емес, Әбу-Насыр әл-Фараби. Тәрбиесіз берілген білімнің білім емес екенін ғұлама тегін айтып отырған жоқ. 3-сыныпқа жыныстық сауат ашуды енгізген дұрыс па, жоқ па, осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Еңбек Ері Аягүл Миразованың: «Бұл мәселені үшінші сыныптың баласы әрине қабылдамайды. Оған қызық көрінуі мүмкін. Бірақ балаға ерте бастан, ондай дүниені айту – пайда бермейді. Керісінше, баланы бұзуы мүмкін» деп айтқаны бар екен. Мамандар 3-сыныптан бастап оқыту дегенде қандай тәжірибеге сүйеніп айтқаны белгісіз. Өйткені әр ұлттың өзіне тән ұлттық қасиеті болады. 3-сыныптың баласының жады мұндай «сауатты» қабылдай ала ма? 9-ға толмаған бала әлі ойын баласы емес пе? Онсыз да қазір бізде барлығы ашық: интернет, әлеуметтік желі, компьютерлік клубтар. Ешнәрсе шектеулі емес. «10 жасқа дейінгі балаларға көруге болмайды» дегенімізбен, теледидардан көрсетіліп жатқан фильмдерді шектесе, бала көрмейді дегенге сенім аз. Өзге елдердегідей бала көруге болмайтын фильмдерді шектеген дұрыс. Белгілі меценат, ұстаз Бекзат Алтынбеков 3-сыныпта мұндай пәннің жүргізілуіне қарсы. «Кейінгі кезеңдерде қажеті жоқ тақырыптарды қозғап, көпшілікті бекер алаңдатып қоямыз. Мектепте жыныстық сауаттылықты оқыту керек деген дүниеге өз басым қарсымын. Себебі бұл адамзат баласына табиғаттың өзі беретін құдірет. Әр нәрсенің өз құпиясы бар. Адам физиологиялық, психологиялық жетілген уақытта бұған міндетті түрде келеді. Оны «ашып» көрсетудің қажеті жоқ. Отбасында ең бірінші балаға ұлттық тәрбие берілгені жөн. Ұлттық құндылықты бойға сіңірген, ұлттық тәрбиеге қанып өскен балада мұндай сұрақтар тууы мүмкін емес. Сол себепті де, осы газет арқылы оқырмандарға бізде шешімін күтіп тұрған мәселе көп, соны шешіп алғанымыз дұрыс. Біз жыныстық тәрбие емес, халық даналығын оқытудан бастағанымыз дұрыс болар еді. Сонда ұрпақ та адаспайды. Олардың жан-жақты сауатты болып шығатынына кәміл сенемін» дейді Бекзат Алтынбеков.«Он үште отау иесі» десек те...
Назар Байсейіт – бес баланың анасы. Үлкені 6-сыныпта оқиды. Ол «дәрігерлердің алаңын жақсы түсінемін» дейді. «Қазақта «Он үште отау иесі» дейді. Мамандар мүмкін он үш жастан үйретер. Шын мәнінде, мектепте балаға білім берген дұрыс. Сабақ оқысын, есеп шығарсын. Ал баланың тәрбиесімен ата-ана айналысқаны жөн. Баланы ұлттық құндылықтарға тәрбиелеген абзал. Ата дәстүрін, үлкенді сыйлауды, «үлкенге – ізет, кішіге – құрмет» көрсетуді үйретейік. Жыныстық сауат береміз деп, ұлды да, қызды да «бұзып» алмаймыз ба? Бала онсызда қазір неше түрлі нәрсеге бейім тұр. Сондықтан 3-4-сынып оқушысына мұндай сабақ оқытудың қажеті жоқ» дейді. Ал бастауыш сыныптың мұғалімдері «мұндай пәнді оқытуға дайын» емесін айтады. «Бұл пәнді кім үйретеді? Қандай негізде үйретеді? Оған педагог дайын емес. Мүмкін Еуропада мұндай пән бар шығар. Біз Еуропа емеспіз. Мұндай нәрсе қазақ менталитетіне жат» дейді ұстаздар. Жалпы, қоғамда жыныстық сауаттылықты ашық үгіттеу қажет пе, жоқ па дегенде пікір екіге жарылады. Біреулер «дұрыс» деп санаса, екінші біреу «қажет емес» дейді. Бұрынғыдай «жеңгелер институты жоқ. Бұрын анасы айта алмаған нәрсені жеңгесі жеткізетін еді. Қазір ондай қағидаттар бұзылған. Қоғам дамыған сайын салт-дәстүр, құндылықтар өзгеріп отырады. Бәрі дамып отырады. Сондықтан мұны жабық тақырып деп санаудың қисыны жоқ» дейтіндер де табылады. Дегенмен 15 жастағы жүктілік те, түсік жасатудың да бар кілтипаны – тәрбиеде жатқан секілді. Баланы қоғам тәрбиелемейді, тәрбиенің кілті – ата-анада. Ата-ана ретінде баласына дұрыс тәрбие бере алмаса, оған қоғам кінәлі емес. Сол себепті ұлттық тәрбиесі кемшін бала дәл сол пәнді оқығаннан «білімді» болып кетпесі анық. P.S. Соңғы жылдары білім ордасы сынақ алаңына айналып бара жатқан жоқ па деген қауіп басым. Тоғыз жастағы балаға жыныстық сауат ашу – оның психологиясына жасалған шабуыл секілді. Әлде осылай «онға толмай ойнақтама» деп ашық айтып отыра береміз бе? Г. ТҰРҒАНБАЙ