Әлі де аяқтандырмаған перзенттері бар. Тағдыр тауқыметін көп көрген ана балалары өсіп, енді ғана аяқтан тұрып, өз қолы өз аузына жеткен соң, балаларына үй салып беруді ойлап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, тәуліктің 24 сағатында жұмыс істей бастады.
«Аңқау елге – арамза молда»
Жарнаманың бірінен Шымкент қаласының Ынтымақ тұрғын алабы аймағынан 8 соттық жердің 2 миллион теңгеге сатылып жатқанын көріп, ол бар жиған-тергенін алып, жетпегенін ағайын-туыстан қарызданып, учаскелік жер сатып алады. Қуанышы қойнына сыймай, жаңалықты жеткізген сәті әлі көз алдымызда...
«Ертерек баспанасының іргетасын қалап, қабырғасын көтеріп қоюымыз керек» деп жанталасып жазымен ауылдағы ағайынын жинап, құрылыс бастағанын да білеміз. Күннің аптап ыстығында жұмыс істей жүріп, құрылысшыларына ас-су тасығанынан да хабарымыз бар. Осындай көріністің барлығы да көз алдымызда өтіп жатқан еді. Жаздың соңғы айларының бірінде көздің жасын көл етіп, хабарласқан бейнесі қатты әсер етті. Бейнеқоңырау шалған Жанардың арғы жағында да улап-шулаған халықты көрдік. Үлкен-үлкен алып техникалар салынып біткен, жарым жартылай құрылысы жүріп жатқан үйлерді баса-көктеп бұзып жатыр. Сол күні таңда осы маңдағы тұрғындарды ауыр техниканың даусы оятқан. Айдың-күннің аманында ел азан-қазан болып жатыр. Құдды жаугершілік заманда елді шапқан жау секілді. Ешқандай ескерту жарияланбай, әп-сәтте елді әбігерге түсірген де қойған. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғындар заңсыз құрылыс жүргізіп, үй салып алған. Құжат бойынша осынау 24 гектар жер учаскесі Шымкент қаласы әкімдігі Жер ресурстары басқармасына тиесілі. Бұзу жұмыстары тоқтамайды. Құзырлы органның табалдырығын тоздырған тұрғындар да осы жауапты естіді. Заңсыз салынған құрылыс түбі бұзылады, қазір күдікті деп танылған бір адамның үстінен іс қозғалған.
Ал тұрғындар мұндағы жерді жарнама арқылы 1,5-2 млн теңге көлемінде қолжетімді бағада сатып алған. Жарым-жартылай құжат берген жерді сатушы барлық құжаттандыру шаралары үйді салып біткен соң жүзеге асады деп сендірген. Осылайша, «Аңқау елге арамза молда» тап болған. Барлығының да жағдайы Жанардың тағдырымен шамалас. Міне, содан бері ынтымақтықтар қай күні үйіміз түгелдей бұзылып кетер екен деген үреймен жарым-жартылай бұзылған үйлерінде күнелтіп отыр.
Бірақ арамза молданың да қандай да бір артында сенетін адамы, қолында құжаты болуы мүмкін. Әйтпесе, өздігінен бос жатқан жерді халыққа үлестіре салуы ақылға қонбайды.
Жалпы, Шымкентте былтыр дәл осыған ұқсас жағдайлар жиі қайталанды. Абай ауданына қарасты Достық елді мекенінде орналасқан 50 заңсыз үйдің құрылысы бұзылды. Мұның алдында да заңсыз құрылыс деп танылған 150 үй құрылысы бұрынғы қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасымен бұзылған. Биліктегілер «тұрғындар әкімдіктің рұқсатынсыз бос жатқан жерлерді өз атына рәсімдеп алған» деген пікірде. Көбісі белгі ретінде шағын үйлер тұрғызып, қоршау орнатып қойған. Абай ауданы бойынша мұндай үйлердің жалпы саны — 1 470. Ынтымақ және Достық елді мекендеріндегі 200-ге жуық осындай үй бұзылған.
Заңсыз құрылыстарға коммуникация орнатуға рұқсат берген кім?
Жуырда Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары барысында әкімдікте өткен кезектен тыс кеңейтілген мәжілісте осынау заңсыз ғимараттарға рұқсат берілген электр қуаты, табиғи газ мәселесін көтерді. «Заңсыз салынған ғимараттар мен тұрғын үйлермен қалайша монополистер келісім жасаған», деп ренішін білдірді Мәжіліс депутаты. Себебі мұндай мәселенің соңы қайғылы жағдайға ұласпасына кім кепіл?! «Мәселен, Оралдағы кафе мен Алматы қаласындағы жатақханадан шыққан өртке заңсыз салынған нысан деген баға берілді. Сонда Төтенше жағдай департаменті, Табиғи монополияларды реттеу комитеті оқиға болғанға дейін не істеген? Біз де Шымкентте қайғылы жағдай болғанын күтіп отыра беруіміз керек пе? Бізді заңсыз салынған нысандар мәселесі толғандырады», – деп Төтенше жағдайлар департаментіне шүйліккенде ондағылар кәсіпкерлік нысандарды тексеруге құқы жоқ екенін айтып ақталғандай болды. Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Еркін Отарғалымұлы «қалада 230 мың газ абоненті, газға қосылған 190 мың жеке тұрғын үй бар екенін, соңғы 5 жылда газды тексеру жүргізілмегендіктен адамдар экспоненциалды қарқынмен қаза болып, газдан уланып жатқанын» атап өтті.
Бұл жиында жоғарыда айтылған Абай ауданындағы «Ынтымақ» және «Достық» ықшамаудандарынан заңсыз, рұқсат етілмеген құрылыстың көптеп анықталғаны аталды. Бұл жөнінде Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Бақтияр Мұхамеджан: «Біз барлық кәсіпкерлерді заңбұзушылықтары үшін жауапқа тартып, жұмысын тоқтатып жатырмыз. Былтыр рұқсатсыз құрылыс бастаған 90 дерек анықталды. Бірақ «қалай адамдар рұқсатсыз құрылыс бастайды?» деген сұрақ мені де мазалайды. Мұнда бір түсінбеушілік бар. Заңсыз салынған құрылыстарды сүріп, тартып алу оңай болған жоқ», – деді. Құрылыс бөлімінің басшысы да заңсыз салынған ғимараттардың барлығын, мейлі кәсіпкерлік нысандары болсын, мейлі егіс алқаптарындағы тұрғын үйлер болсын, бұзу өте қиын болғанын, әрбір факті үшін ұзаққа созылған заңдық шайқастар жүргенін жеткізді.
«Екі жылдың ішінде біз қала бойынша заңсыз салынған 3 мың үйді анықтадық. Ал қазір пайдалануға жарамсыз және сондай үйлерде адамдардың тұрып жатқаны бойынша жайттарды зерттеп жатырмыз. Жарамсыздарын сот арқылы бұзуға әзірміз. Дегенмен мемлекеттік акт алмаса да коммуникацияға қалай қосылғаны таңдандырады?», – деп атап өтті Шымкент қаласы әкімдігінің Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.
Билік пен қарашаның арасындағы байланыстың сыйқы осы. Әупірімдеп күнелтіп, бір баспанаға мұқтаж болып жүрген жандар жиған-тергенін беріп, үй салып қуанып жатса, билік оны заңсыз деп бұзуда. Әрине, құжаты заңсыз дүниеге кешіріммен қарау келіспес. Дегенмен заңсыз құжат бергендердің артында билік өкілдерінің болуы да әбден мүмкін ғой. Тіпті, олардың жарық пен газ тұтынуына рұқсат беріп отырғандар да алыс кете қоймаса керек?! Мұндайлар неге жауапқа тартылмайды? Екі ортада «аһ» ұрып қалатын тағы да қалың қараша. Биліктің айтары: «Алаяққа алданып қалмаңыздар». Осымен сөз тәмам. Қарашаның қамын шешудің қандай да бір механизмі болуы керек шығар... Ал Жанар сияқты қарапайым азаматтар жамандықты ойламауға тырысып, биліктен бір шапағат күтіп жүр
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы