Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2023-2029 жылдарға арналған «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Қазақстан халқына сайлауалды бағдарламасында еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындарындағы экологиялық бақылауды күшейту есебінен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарының шығарындыларын 20%-ға азайту жөніндегі негізгі индикаторларды жариялаған болатын.
Осыған сәйкес ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев 2023 жылдың қорытындысы бойынша 2022 жылмен салыстырғанда шығарындылар нормативі 3,3%-ға (4,2 млн тоннадан 4,06 млн тоннаға дейін) және төгінділердің 8%-ға (2,5 млн тоннадан 2,3 млн тоннаға дейін) төмендегенін жеткізді.
Оның айтуынша, шығарындылар лимитінің ең көп төмендеуі АрселорМиттал Теміртау, «Kazakhmys Smelting», Балқаш мыс балқыту зауыты және «Астана энергиясы» секілді кәсіпорындарда байқалған.
– Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 576-бабына сәйкес станциялық көздерден шыққан шығарынды үшін төлемақы мөлшерлемесі ластаушы заттың 16 түріне белгіленген. Қалғаны бойынша эмиссияға төлемақы мөлшері әлі қойылмаған. Осыған орай екі принципті ұсынып отырмыз. Біріншіден, төлем мөлшері белгіленген ластаушы заттан бастап, барлық ластаушы заттардың тізімін кеңейту керек. Екіншіден, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес эмиссия лимиті бойынша экономикалық төлемдерді жүзеге асыру бөлігіне өзгеріс енгізу қажет, – деді вице-министр.
Сонымен қатар Экология министрлігі экоактивистермен, әкімдермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесе отырып, өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша 18 Жол картасын әзірлеген. Онда 2020-2023 жылдарға 336 іс-шара өткізу көзделіп, оның 205-і орындалды. Негізгі стационарлық көздерге сүйене отырып, эмиссия көрсеткіштерінің қоршаған ортаға қаншалықты әсер еткенін бақылау үшін 91 кәсіпорынға автоматтандырылған бақылау жүйесін орнату міндеттелді. Әзірге оның 39-ы орнатқан, соның тек тоғызы ғана деректерімен бөлісіп отыр.
– 2025 жылдан бастап Заңға сәйкес топ-50 ірі кәсіпорын тізіміне кіру үшін кешенді экологиялық рұқсаттарға көшу көзделіп отыр. Кәдімгі экологиялық рұқсатпен салыстырғанда, бұл құжат кешенді эмиссиялар нормативтерін айқындаумен ғана беріле салмайды. Соның арқасында ең озық қолжетімді технологияларды енгізуді қолжетімді етеді, – деп атап өтті Мансұр Ошурбаев.
Мұндай өзгерістің бірқатар артықшылығы да бар. Вице-министрдің айтуынша, ең мықты деген технологияларды қолжетімді ете отырып, арқылы жыл сайынғы шығарындыны жылына 900 мың тоннаға қысқартуға болады. Сонымен қатар, ең озық қолжетімді технологиялар көшкен кәсіпорындар эмиссиялық төлемнен босатылады.
– 2025 жылдан бастап, әр үш жылда бірте-бірте шығарындылар үшін төлем мөлшерлемесі өсе береді. Ең озық қолжетімді технология жаңғыртып, енгізуге жұмсалған қаражат қоршаған орта мен халықтың денсаулығын жақсартуға әсер етпек, – дейді спикер.
Қорытындылай келе, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев бүгінгі таңда экологиялық талаптардың сақталуы, мониторингтің автоматтандырылған жүйелерін енгізу және ең озық қолжетімді техникаларға көшу секілді негізгі мәселелер мемлекеттік бақылауында екенін тағы еске салды.