Өйткені ол жаңа ғана хатшы қызға: «жиналысқа дайындаламын, әкімнің өзі келсе де кіргізбе» деп қатаң ескерткен. «Бәкен Сәкеновичтің үстінен кіріп келетіндей бұл қай жүрек жұтқан жанкешті болды екен?» деген бір ой қылт етіп бас көтерген. Өзін құдайсынған жан не ойламайды? Сөйтсе...
Сөйтсе, алпыстың үстіне шыққанда махаббатын маздатқан Меңдігүлі екен ғой. Ат шаптырым кабинеттің есігінен төріне жеткенше шалда шыдам қалмады. Оқтай түзу балтыр былқ-сылқ етіп кәрі көзінің құртын жеп барады. Теңселе басқан жүрісінде қыздың «жігітіне» деген назы басым.
Едәуір ашықтау омырау «мені көрдің бе?» дегендей жалт-жұлт етеді. Керме қас, қызыл ерін, алма бет, аққу мойын осылардың барлығы қосылғанда жиырмадан енді асқан бойжеткеннің бағасын аспандатып тұр. Оның үстіне, Меңдігүл әлемдегі ең қымбат иіссуды ақ тамаққа аямай сепкен-ақ екен. Бәкен Сәкенович атын шатастырып ала беретін беттегі кремнің керемет хош иісі тағы бар. Тегі, қор қыздарының өзінде мұндай сымбат, мұндай жұпар иіс болмас. Бәкен Сәкеновичтің басы бақыттан айналғандай болды. Меңдігүл шие ерінін бүрістіре келіп, Бәкен Сәкеновичтің орашолақ тракторшы айдап кеткен жері сияқты қыртыс-қыртыс, бүдір-бүдір безеу бетінен емірене сүйгенде суала бастаған саусақтар қыздың нәзік беліне қарай шөл жыланындай сумандап бара жатты. Қыз суық саусақтардан секем алмады. Қайта әлсіз қол өзіне тартқан, сөйтіп жыланға арбалған балапандай шал құшағына құлай берді.
– Меңдеш-ау, сағындырдың ғой...
– Сағынбасын деп келіп тұрмын ғой алдыңызға.
– Бұл жерге келе берме деп едім ғой. Кім біледі... Сотовый телефоннан хабарласайық па? Қалаған саунаңа заказ беріп қоятын едім ғой.
– Жаным-ау, мені тіптен сағынбағансыз ба? Тіптен, үркіп отырсыз ғой. Өткен жолы мына демалатын бөлмеде-ақ...
– Хатшы қыз бірдеңе сезген сияқты...
– Сезе берсін. Тіліңе ие бола алмаса жұмыстан қумайсыз ба?
Бәкен Сәкеновичтің бір осал тұсы осы – хатшы қыз. Кезінде «үлде мен бүлдегел ораймын» деп ол қызғалдақты да ерте үзген-ді. Енді міне, шырынын сорып, қабығын лақтырып тастаған жеміс сияқты бағасы кетіңкіреп тұр. Бірақ шалды уысынан ерте шығарып жіберетін ол да осал жау емес. «Алжыған қақпас, мұныңды алдыңа бір келтіремін» деп жоспар жасап отыр.
– Оны жұмыстан қуа алмаймын ғой.
– Неге?
– Негесі несі? Ол – бір үлкен кісінің қарындасы.
– Өтірік. Ана жолы екеуміз мына бөлмеде махаббатпен айналысып шыққанда, түрі өрт сөндіргендей бұзылып кеткен екен. Сіз шалбарыңызды кие алмай бөлмеде бөгеліп қалдыңыз, ана хатшы қаншық мені буындырып өлтіріп қоя жаздады.
– Сол жолы неге айтпадың?
– Оған шама болды ма? Жүргізушіңіз келіп қалып мені жетелей жөнелген жоқ па?
– Жарайды. Әңгімені көп созба. Неге келдің?
– Сауда орталығынан 2 000 доллар тұратын қыстық пальто көрдім. Бірге барып алайық. Өзі маған құйып қойғандай.
– Мен қазір бос емеспін. Өзің ала бер. Бүгін кештеу шығармын. Өткендегі саунаға сағат онда кел. Жүргізушімді жіберем. Пальтоны сонда жуамыз.
Меңдігүл мыжырайған шалдың мыж-тыж, алқам-салқам, шешектен қалған жараның орнындай қорқынышты қара таңбалы бетінен алма-кезек сүйді де бір уыс долларды қол сөмкесіне сүңгітіп, сыртқа емтиханнан бестік алған студенттей екі беті алаулап жүгіре шықты.
Хатшы қыз аяғын тосып үлгеріпті. Меңдікүл кілем үстіне етпетінен түсті. «Сөмкедегі олжадан айырылып қаламын» деді ме, ауырсынса да орнынан ұшып тұрып, хатшы қызды бүйірінен «ыңқ» еткізіп бір тепті. Ол да осал жау емес көрінеді, бастығының алдынан бұрқырап шыққан «күндесінің» кеңірдегінен ала берді. Төбелес басталып кетті.
Айқай-шуды, сынған, ұшқан заттардың дауысын естіп басқа бөлмелерден қызметкерлер жүгіріп-жүгіріп келіп қалды. Ата-бабаларынан қалған кектері бардай екі жезтырнақ бір-біріне желімдей жабысып қалған екен. Екеуінің арасын лом, күрек әкеліп жүріп жұрт зорға ажыратты.
Бәкен Сәкенович ештеме естімегендей бөлмесінде былқ етпей отыра берді. Қыз-келіншектер беттерін шымшысып, еркектер иықтарын бір-бір қозғап тарқасты.
Ертесіне хатшы Кермеқас ауруханаға түсіп қалды. Орнына есепшілер бөлмесіндегі компьютерші Айжан уақытша отырды. Кермеқастың сырлас құрбысы еді. «Егер ана Меңдігүл Бәкеңе келсе, маған телефон соқ, көрсетейін оларға», – деп ол Айжанға құпия тапсырма берді. Кермеқастан кедергі болмаған соң Меңдікүл келуін жиілетті. Ішке кіріп кетіп, бастықпен ұзақ әңгімелесетін болды. Меңдігүлдің осындай бір келісінде Бәкен Сәкенович: «бізге ешкімді кіргізбе, бір маңызды мәселені шешкелі жатырмыз», – деп ескертті Айжанға. Айжанға да керегі осы. Кермеқас тікелей жеңгейдің өзіне...
Бәкен Сәкенович алқынып жатқанда тура үстінен бәйбішесі түседі деп ойламапты. Осындай ұяттылау тірлікпен айналысқысы да жоқ еді, Меңдігүлдің мекіреңген үні еркін алып, есінен шатыстырды емес пе?
Далаға дамбалшаң қашып шыққан Бәкен Сәкеновичті көргенде дағарадай мекеменің дап-дардай қызметкерлері үрпиісіп-үрпиісіп қалды. Жүргізушісі ылдым-жылдым екен, ақ «Волгаға» отырғызып бастығын ала қашты. Меңдігүлді қызметкерлер ашық-шашық талып жатқан жерінен тауып алып, ауруханаға жөнелтті. Алғашқысында бөлмеге еркектер кіріп көрді. Ессіз жатқан қызға қарап он еркек ауыздарынан суы құрып елу минуттай есеңгіреп тұрып қалды. «Ойпырым- ай, осындай да сұлулық болады екен-ау» деп бас шайқасты.
Бәкен Сәкенович сол кеткеннен реанимацияға түсті. Жұрт оны «жұмысқа қайта келмейді» десіп жүр. Кім біліпті? Небір қиыннан жол таба білетін Бәкен Сәкенович қой ол. Ауруханада да «маңызды мәселе» талқылап жатқан шығар. Өйткені оны бүгінде «басқа мекемеге бастық болады екен» деген де сыбыс шығып қалды.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ