Бейсенбіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға ресми сапармен барып, онда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жө­нінде кеңес өткізді.
Қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек
546
оқылды

Жиынға Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңе­сінің басшылығы, Үкімет мүшелері, қалалар мен облыстардың әкімдері, сон­дай-ақ аймақтардағы төтенше жағдайлар департаменттерінің же­тек­шілері қатысты.

Техникалық жарақтандырудың төмендігін сынға алды

Мемлекет басшысы ел аумағының үш­тен бір бөлігінде жер сілкінісі қаупі бар еке­нін айт­ты. Сейсмологиялық стансалар соң­ғы 5 жыл­да 45 мыңнан астам дүмпу жағ­дайын тіркеген. Оның көбі – төмен бал­дық жер сілкінісі.

– Бірақ, ашығын айту керек, Алматыда бол­ған төтенше жағдай кезінде тиісті ор­ган­дар шұ­­ғыл әрекет етуге толық дайын бол­ған жоқ. Ал қала тұрғындары не істерін біл­мей, абдырап қал­ды. Дегенмен бұл жиын­ның басты мақсаты – сын айту емес, нақ­ты шешімдер қабылдау. Мы­салы, жұрт­тың көпшілігінде «төтенше жағ­дайға қа­жетті чемодан» да жоқ болып шықты. Тиіс­­ті оқу-үйрету шаралары мектептен, тіп­ті ба­лабақшадан басталуы керек. Бұрын Ал­ма­тыда осындай тәжірибе болған. Соны қай­та жаң­ғырту қажет. Себебі қазір аза­мат­тарды тө­тен­ше жағдайға дайындау жүйе­сі талапқа сай емес. Құзырлы орган­дар халыққа жан-жақты тү­сіндіру жұмы­сын жүргізуге тиіс, – деді Пре­зидент.

Мемлекет басшысы инфра­құры­лым­дар­дың халықты эвакуациялауға дайын­ды­ғына және құлақтандыру жүйесіне қа­тыс­ты мәселеге ерек­ше назар аударды.

– Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім бол­ды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туын­дай­тын еді. Бірақ халықты басқа байланыс а­р­налары ар­қы­лы хабардар ету қажет бо­ла­тын. Құлақтандыру бірнеше негізгі мін­дет­ті шешуі керек. Олардың қайсысын бұ­рын қолдану керектігі қауіп-қа­тердің ау­қымына байланысты. Алайда қол­да­ныс­­тағы алгоритмдерде бұл ескерілмейді. Қат­­­­ты жер сілкінісі кезінде адамдарды зіл­зала­ның физикалық сипаттамалары мен эпицентрі туралы ақпарат қызық­тыр­майды. Олар табиғат апатының қанша­лық­ты жойқын екенін онсыз да сезінді. Мұн­дай сәтте, ең бастысы, тұрғын­дарды әрі қарай қалай әрекет ету жөніндегі ақпа­рат­пен қамтамасыз ету маңызды. Аза­мат­тар «Үйге оралуға бола ма?», «Қайдан кө­­мек алу­ға болады?» деген сауал­дарға жауап алуы ке­рек. Сондықтан құлақ­тан­­дыру жүйесін қайта қарап, оны барынша нақ­ты қажеттілікке бейім­деу қажет. Тех­ни­калық құралдар ақпараттың әр адам­ға уақы­тылы жетуін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл жолы SMS-хабарламалар тым кеш келді. Сон­дай-ақ дүмпу кезінде байбалам салып, жал­ған ақ­парат таратқандар болды. Жұртты әдейі дүр­лік­тірген адамдарды заң­ға сәйкес жазаға тарту қажет, – деді Пре­зи­дент.

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлардың ал­дын алу және жою жүйесін материалдық-тех­никалық тұрғыдан жарақтандыру деңгейінің тө­мендігін сынға алды. Бұл сейсмикалық мо­ни­торинг желісіне де, сондай-ақ құтқару­шы­лар­ды заманауи құрал-жабдықтармен, техни­ка­мен және арнаулы киімдермен қамтамасыз ету ісіне де қатысты.

– Сейсмикалық бақылауды «Ұлттық сейс­мо­логиялық бақылау және зерттеу ғылыми ор­та­лығы» ЖШС-не қарасты Алматы, Шым­кент қалаларындағы және 12 облыстағы 70 сейсмологиялық станса жүргізеді. Оның алтауы іс­тен шыққан. Мамандардың есебіне сәйкес, бүкіл ел бойынша қосымша 285 сейсмологиялық стан­са орнату қажет. Жойқын жер сілкінісі ке­зінде мемлекеттік материалдық резервтің болуы және оның қолжетімділігі айрықша маңызды. Көлік байланысын жедел қалпына келтіру және медициналық көмек ұйымдастыру мүмкіндігі де шешуші рөл атқарады. Әкімдер Төтенше жағ­дайлар министрлігімен бірлесіп, барлық елді мекеннің осыған қағаз жүзінде емес, іс жүзінде дайын екеніне көз жеткізуге тиіс. Осы жер сілкінісінен сабақ алып, жіберілген олқы­лықтарды түзету қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Алматының азаматтық қорғаныс жүйесі жер сілкінісіне дайын болмай шық­қа­нын, ал құзырлы органдар табиғаттың бұл сы­нағынан өте алмағанын атап өтті.

– 2021 жылы жеті министрліктің бірлескен бұйрығымен Қазақстан Респуб­ликасының 2021-2023 жылдарға арналған сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар кешені бекітілді. Басқа да міндет­терді қоса алғанда, бұл құжатта Алматы қаласы үшін жойқын жер сілкіністері туралы автоматтандырылған ерте хабарлау жүйесін енгізу көзделген еді. Әдеттегідей, берілген есепте бәрі дұрыс. Осы мақсаттарға бөлінген қомақты қаражат игерілген, нысандарды қабылдап алу актісіне қол қойылған. Бас прокуратураға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, осы мәселемен айналысуды және бір айдың ішінде қаражаттың қайда жұмсалғанын, дабыл жүйесінің неге жұмыс істемегенін анықтауды тапсырамын. Соған қарағанда, бүкіл елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2,5 мың семинардың да түк пайдасы болмады, – деді Мемлекет басшысы.

Төтенше жағдайлар министрлігіне өз қызметін сыни тұрғыдан қайта таразылау міндеті жүктелді. Мемлекет басшысы министр Сырым Шәріпхановтың аталған сала маманы ретінде теориялық білімі бар екенін, бірақ нақты іске келгенде жұмысының нәтижесі көрінбей жатқанын айтты.

– Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды, – деді Мемлекет басшысы.

Көлік мәселесінде жасанды интеллект ерекше рөл атқаруға тиіс

Ресми сапары барысында Мемлекет басшысы Алматы қаласының тыныс-тіршілігі туралы жан-жақты ақпарат беретін Ахуалдық орталықты аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа қала әкімі Ерболат Досаев аталған орталық Big Data талдауы мен Open Data тұжырымдамасын енгізу негізінде сапалы шешімдер қабылдау үшін тиімді құрал болатынын айтты.

Бұл орталық мегаполистегі өмірдің барлық аспектісіне қатысты деректерді жинап, талдауға, халықты құлақтандыруға және қала билігінің тұрғындармен арадағы кері байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Алматының Ахуалдық орталығы қала тіршілігінің барлық саласын қамтитын 53 модульден тұрады. Деректер 50-ден астам ұйымнан, сондай-ақ мемле­кеттік және қалалық ақпараттық жүйелерден (Ұлттық статистика бюросының сайты, «Қылмыстық құқықбұзушылықтар картасы», «109 қызметі», «Бірыңғай бейнемониторинг жүйесі», «Сергек», «Оңай», Метрополитен, ТЖД және т.б.) жиналады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, балалардың қауіпсіздігіне айрықша мән беріледі. Былтыр Алматыдағы барлық мемлекеттік мектеп пен балабақшаларда алғаш рет кешенді қауіпсіздік жүйелері енгізілді. Мемлекет басшысына оның цифрлық бейнебақылау камералары, дабыл түймелері, өртке қарсы қауіпсіздік жүйелері, Face ID қондырғысы бар арнайы турникеттер секілді 4 бөліктен тұратыны жөнінде баян­далды.

Елімізде су тапшылығы бар

Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары барысында қайта қалпына келтірілген қала әкімдігінің ғимаратын аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа реконструкция кезінде әкімдік ғимаратының энергетикалық тиімділігін едәуір арттыруға ықпал еткен заманауи материалдар мен технологиялар қолданылғаны туралы баян­далды. Ғимараттың тарихи мәнін ескере отырып, оның архитектуралық келбетін сақтау туралы шешім қабылданды. Мәрмәрлі қасбеттер, жезбен және табиғи тастармен безендірілген ішкі сәндік элементтер бұрынғы қалпына келтірілді. Реконструкция жұмыстары толығымен аяқталған үш па­вильонға былтыр қазан айынан бастап қала әкімдігінің аппараты мен 14 басқармасы орналасты.

Бұдан соң Президент әрқайсысының сыйымдылығы 3 000 текше метр болатын «Балқаш» таза ауызсу стансасының екі резервуарының және сорғы стансасының құрылысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Каптаж», «Бастау» тоғандарынан және «Медеу» сүзгі стансасынан келетін судың осы резервуарларда жинақталып, зарарсыздандырылатыны жөнінде мәлімет берілді. Тазаланған ауызсу арнайы орнатылған сорғылардың көмегімен Каменское плато, Көлсай, Юбилейный және Мұзтау ықшамаудандарының магистралды желілері арқылы таратылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету жалпымемлекеттік маңызы бар басым міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар былтыр Алматы қаласының Медеу ауданында болған жағдайдың қайталануына жол беруге болмайтынын ескертті.

– Елімізде су тапшылығы бар. Бізге жалпы мемлекеттік бағдарлама қажет. Бау-бақ­шаны суару үшін ауызсуды пайдалануға болмайды. Оның орнына су үнемдеу тех­но­логиясын қолданысқа енгізіп, жер асты­нан жаңа су көздерін іздеу қажет. Алматының тұрғындары ауызсудың тапшы­лығына жиі шағымданады. Сондықтан ке­шенді, жүйелі жұмыс жүргізілуі керек, – деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Footlab футбол орталығының қызметімен танысты. Мұнда қазір жоғары білікті 8 бапкер 50 баланы жаттықтырып жатыр. Smart Football ЖШС құрылтайшысы Мұрат Медеуовтің айтуынша, футбол академиясында 5 жастан 12 жасқа дейінгі 1000-ға жуық баланы жат­тықтыру жоспарланған. Президент балаларға арналған спорт жобасын дамыту үшін жауапты органдарға жер телімін бөлу мә­селесінде жәрдем көрсетуді тапсырды және Астанада осындай футбол орталығын салу туралы бастаманы қолдады.

Сонымен қатар Алматы қаласына ресми сапарында Президент бірқатар азаматты, атап айтқанда, белгілі экономист, қоғам қайраткері Оразалы Сәбденді, Astana Motors компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұловты, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевті, Kaspi.kz компаниясы­ның негізін қалаушылар Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзені қабылдады.