– Қазақстан алманың отаны ретінде кеңінен танымал. Апорт сұрбы еліміздің ең ірі мегополисі – Алматының маңайында өседі. Біз алманың осы түрін өздеріңізбен күш біріктіре отырып, әлем нарығына шығаруға ниеттіміз. Осы бастамамызды іске асыру барысында сіздің жеке қолдауыңызға арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
FAO-ның бас директоры Цюй Дунъюй Қазақстанның нарттай қызыл алмасын бір тістеп, дәмін алған соң бас бармағын көрсетті. Алматының апорты талайдың таңдайын қақтырғанына тарих куә. Мысалы,1908 жылы Германияның Мангейм қаласындағы көрмеде апорт Верный (Алматы) қаласындағы бақтың өнімі ретінде таныстырылыпты. Көз тартар тартымдылығы, қайталанбас дәмі арқылы европалықтардың таңданысын тудырған.
Қазақстан жергілікті бірегей ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу үшін тұрақты өндіріс және сауда тізбектерін жетілдіруді көздейтін FAO-ның «Бір ел – бір негізгі өнім» (One Country One Priority Product) бастамасына қатысады. FAO-ның Қазақстандағы кеңсесіндегі бағдарлама үйлестірушісі Жаңыл Бозаеваның айтуынша, «Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасы өндірістік процестерді оңтайландыруға, қоршаған ортаға өндірістің кері әсерін бәсеңдетуге және жоғары өнімділікке қол жеткізуге бағытталған. «Ол мамандандырылған ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлттық, аймақтық және тіпті жаһандық нарықтарға шығару үшін өндіріс пен сауда тізбегін қайта құру жолында ғылым, инновация және технология саласындағы дәстүрлі білім мен жетістіктерді біріктіреді. Арнайы ауылшаруашылық өнімдеріне назар аудару стратегиялық жоба болып саналады – FAO оларға лайықты көңіл бөлуді көздейді», – дейді Ж.Бозаева.
«Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасы 2021 жылдың қыркүйегінде енгізіліп, содан бері әлемнің әр мемлекеті өзінің брендік өнімін ұсына бастаған. Мәселен, Қазақстан оған апорт алмасын ұсынса, Албания – каштан жемісін, Армения – аскөк /зелень/, Қырғызстан – грек жаңғағын, Түркия – інжір, Өзбекстан – шие, Тәжікстан – абрикос, Сербия таңқурайды таныстырып отыр.
«Бір ел – бір негізгі өнім» бастамасы қазақстандық экспортты әлемдік нарықтарға танымал ету және ілгерілетудегі елдің орасан зор әлеуетін іске асыруға көмектесетін жоба. Бастамаға қатысу бойынша басты талап: тропиктік, құрғақ және таулы аймақтарда орналасқан елдерге басымдылық бере отырып, өздерінің сұраныстары мен салыстырмалы артықшылығы негізінде OCOPР (One Country One Priority Product) қосылуға құқылы», – деп түсіндірді маман.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапарында ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топырағын мелиорациялауға және су ресурстарын басқаруға қатысты жобалар әзірлеу ісіне жан-жақты қолдау көрсетуге шақырды. Сондай-ақ Президент елімізде FAO-ның Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды.
АПОРТ – БРЕНД
Былтыр 13 қазанда апорт – Алматының алма сұрпы ретінде патенттелді. Қазір апортты халықаралық брендке айналдыру, әлемдік нарыққа кеңінен таныту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бастамасы да сеп болмақ.
Әлемге аты мәлім ботаник ғалым Аймақ Жанғалиев кезінде «Біздің бабаларымыз осыдан 165 миллион жыл бұрын өздігінен өсіп тұрған жабайы алмаларды жеп жүрді. Осы жерден өткен Ұлы Жібек жолы керуені арқылы алма әлемге таралды» деп жазған екен. Академиктің зерттеуінше, 1793 жылы әйгілі биолог Иоганн Сиверс Тарбағатай тауын аралап, Үржар ауылына барғанда алманың белгісіз түрлерін көргенін сипаттап жазып қалдырады. Осылайша, тұтасқан Алатау мен Тарбағатай жоталарында текеметтің түріндей құлпыра өскен алмалар ғылымға Сиверс атымен енді.
Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ-ның «Талғар» аймақтық филиалының директоры Сағи Солтанбековтің түсіндіруінше, Сиверс алмасы – апорт алмасына ең жақсы, ең дұрыс тамыр, яғни телітуші деп саналады.
«Жалпы, Сиверс алмасына келсек, ол бір ғана түр болғанымен, оның орманды популяциясында әртүрлі алма формаларын кездестурге болады. Бұл жабайы алманың генетикалық ерекшелігін, полиморфтылығын көрсетеді. 2002 жылы әлем ғалымдары «Қазақстан – алманың Отаны» екенін мойындап, ғылыми тұрғыда дәлелдеп шықты. Біздің жердегі жабайы Сиверс алмасынан жер бетіне алма тарады деген қағидат бекітілді. Ол молекуларлы-генетикалық талдаулар арқылы да дәлелденді», – дейді С.Солтанбеков.
Қазақстанда алма жемісін көбейту, бау-бақша өндірісін дамыту ісі 1959 жылдан бастап жылдам қарқын алды. 1965 жылы ғалымдар Алматы апортын ел аумағында пайдалану бойынша селекциялық жетістіктер тізіліміне енгізді. 1970 жылға қарай республикадағы алма бақтардың жалпы аумағы 107 мың гектарға жеткен. Сол жылы жеміс дақылдары санағының деректері бойынша Қазақстанда 10 113 395 түп жеміс ағашы болған, оның ішінде 3 851 193 түп ағаш – апорт сұрпы деп тіркеліпті.
Әйгілі «Алматым менің» әні дүниеге келетін кез де осы жылдар. Белгілі компазитор Мансұр Сағатов 1972 жылы Алматыдағы Мұқан Төлебаев атындағы көшенің бойымен қыдырып келе жатқанда бір әуен ойына оралады, ыңылдап айтып жүріп, дереу үйіне келген соң күйсандыққа отырады. Ақын досы Нұрсұлтан Әлімқұловқа телефон соғып, сөз жазып беруін сұрайды. «Арасында «Қыз Жібек пен Баяндай» деген сөздер болса деген өтінішін де қоса айтады сазгер. Осылайша, жұртшылықтың жатқа айтатын «Алматым менің» атты әні туады:
«Алматымның бағы қандай,
Алмасының дәмі балдай.
Алма дидар арулар,
Қыз Жібек пен Баяндай».
Мамандар апорт теңіз деңгейінен белгілі бір биіктікте өсетіндіктен өзінің ең жақсы қасиетін сақтауына да таулы аймақтың әсері бар деген тұжырым жасайды. Алма жемісін ұзақ жыл зерттеген академик Аймақ Жанғалиев 2008 жылы ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Апорт тек жабайы тамыр сабағында және тек тау бөктерінде ғана апорт болады. Одан төменге түсіріп ексеңіз апорттың дәмі кәдімгі картоптың дәміндей болып қалады» деген екен.
ҚАЙТА ОРАЛҒАН ӨНІМ
Алайда әйгілі апорттың да басынан бағы тайған кездер болды. Мысалға, 1970 жылы Қазақстанда 3,8 млн түп апорт ағашы болса, 1984 жылы оның 1,4 млн түбі ғана қалған. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда, кейінгі бейберекет дүние бөліс кезінде де Алматының тау жағында алма ағаштары түгелдей оталып, орнына коттедждер түсіп кетті.
Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ-ның «Талғар» аймақтың филиалы ұсынған мәліметке сүйенсек, қазіргі сәтте апорт алқаптары көлемінің Алматы және Жетісу облыстарындағы жалпы аумағы 2 000 гектарды құрайды, өнімнің жалпы жиынтығы – 20 000,0 тонна шамасында.
Былтыр 10 өндірушіні қамтитын «Алматы апортын өндірушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі құрылды. Бірлестіктің мәліметінше, бүгінде өндірісте 150-ден астам адам жұмыс істейді, алдағы уақытта 300 адамды қамтиды. Өндіріс аумағы қазір 50 гектар десек, алдағы кезеңде 200 гектарға дейін ұлғаяды. Бұл апорт сортының бақтарын ұлғайтуға мүдделі болып тұрған шаруа қожалықтардың бастамасы. «Біз 2011 жылы Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы және Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи парктердегі Сиверс алмасының популяциясынан 30 құнды формаларын іріктеп жинап алдық. Іріктелген формалардан ДНҚ бөлініп, молекуларлы-генетикалық талдау нәтижесінде 11 форманың апорт сортына жақын екені анықталды. Сол 11 формадан гермоплазмалық тұқым алып, одан соң тамырсабақ дайындалып, 2012 жылы Апорт сортына телініп көшеттік өсірілді. Аталған көшеттермен 2015 жылы 5 гектар аумаққа алма бағын отырғыздық», –дейді Сағи Сайранұлы.
Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ-ның «Талғар» аймақтың филиалы құрған эксперименттік бақ жемісін бере бастаған. Нәтижесінде, қоршаған ортаның күйзелістеріне, бактерялық күйік және тазқотыр ауруларына төзімді (молекулалық талдаулармен расталған) 1 сұрып-телітуші комбинациясы алыныпты. «Осылайша, біз 2021-2022 жылдары алғашқы өнімді алдық. Бақтан алған бір алманың салмағы жарты келі тартты, жемісінің дәмдік және сапалық көрсеткіштері де өте жақсы. «Алматы апорты» сұрыбын қайта жандандыруда ғылыми-негізделген заманауи әдістердің көмегімен біршама нәтижеге жеттік және «сұрыпты жасарттық» деуге болады», – дейді филиал директоры.
Қазақ жеміс көкөніс шаруашылығы ҒЗИ соңғы 10 жылда Гранттық және нысаналы қаржыландыру бағдарламасы аясында 4 жоба іске асырған. Он жылдық зерттеулердің нәтижелері жас ғалым Сағи Солтанбековтің диссертациялық жұмысында жинақталған. Ғалым биыл «Алманың апорт сортын микроклондау, телітушілер таңдау арқылы жандандыру және оның негізгі ауруларға төзімділігін бағалау» тақырыбында философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін диссертация қорғағалы отыр.
Сағи Солтанбековтің сөзінше, филиал жұмыстың келесі кезеңінде іріктеліп алынған апорт алмасын теңіз деңгейінен 900-1200 метр биіктікте көбейту, бақтар отырғызу қарастырылған. «Осындай биіктік белдеуінде өскен апорт бақтары жемістері ірі, дәмдік сапасы жоғары, хош иісті өнім бере алады. Одан төменгі белдеулерде болса жемістері ерте пісіп, еті борпылдақ болып кетеді, ал жоғары болса – өзіне қажетті қант мөлшері жиналмай, сапасы төмендейді.Біздің филиал Қазақстандағы атестацияланған көшеттіктердің бірі, алдағы уақытта аталған бағымыздан супер-элиталық көшеттер дайындаймыз. Алдағы 2024-2025 жылдарға халыққа, шаруа қожалықтарға, бағбандарға қажетті көшеттерге тапсырыс қабылдаймыз», – дейді ол.
Әрине, апортты көбейтіп, баяғы даңқын қалпына келтіру оңай шаруа емес. Оның үстіне, қоғамда апортты үлкен өндірістік тұрғыда өсірудің перспективасы жоқ, тек Алматының бренді ретінде, тарихи мифология ретінде ғана қарастырылмаса, нарықта бәсекелестігі төмен сорт деген пікірді айтып жүрген де мамандар бар. Десе де «алма піс, аузыма түс» деп қарекетсіз жатудың да жөні жоқ. Апорт – жер бетіндегі хош иісі мен шырынды дәмі қайталанбас бірегей жеміс. Қазақстан апорттың халықаралық нарықтағы құны мен атағын БҰҰ-мен бірлесе көтеруді көздеп отыр.
Бауыржан БАЗАР