Отандық туризм саласындағы биылғы жылдың басты бір жаңалығы – Үкіметтің Bed Тax жүйесінен бас тартуы болды.
Туристерді «төсек алымынан» құтқарды
1,074
оқылды

Бұл – Мәдениет және спорт министрі болған тұста Арыстанбек Мұхамедиұлы ілгерілеткен, билік 2015 жылдан бері жыр қылып, үш жыл бұрын енгізген бастама еді. Осыған орай кейбір сарапшы Үкіметтің экс-министрдің мұрасынан арылғанын айтты. Шынында, туристік жарна шетелдік саяхатшылардың, отандық қонақүйлердің және турфирмалардың наразылығын туғызған. Әлемде табысты қолданылатын тәжірибе неге Қазақстанды жерсінбеді?

Қалауын тапса, жарна жайнатады

Былтыр жаңадан құрылған Туризм және спорт министрлігі бұл бетбұрыс жайында қысқа ғана хабарламамен шектелді. Онда шетелдіктердің 2024 жылғы 9 қаңтардан бастап туристік жарнаны төлемейтіні ескертілген.   

«Қазақстанның Туризм және спорт министрінің 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №347 бұйрығымен шетелдіктер үшін турис­тік жарнаны төлеу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес Қазақстан­ның бүкіл аумағында нөлдік ставка қолданы­латын болады. Өзгерістер осы жылдың 9 қаңтарында қолданысқа енгізілді», – деп хабарлады ведомство.

Бір қызығы, бірқатар елде «төсек алымы» (постельный налог, немісше, bettensteuer) аталатын осы тетікке қатысты озық дамыған елдер кері бағытта қозғалып барады: көптеген ел туристік жарна көлемін арттырды, жарнасы жоғы оны енгізіп жатыр. Euronews Travel түсіндіруінше, себебі екі, кейбір елде үш жылға созылған пандемиядан кейін туризм саласы қалпына келіп, өсімге ден қойды, туристер саны күрт артты. 

Ал Bed Tax, әсіресе жергілікті билік органдары үшін табыстың құнды көзі саналады: нақты бір елді мекенге келген шетелдік қонақтардан түскен қаражат нақты сол жердегі көрнекті орындарды, парктерді, ескерткіштерді абаттандыруға, қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталуы мүмкін. Яғни, туристер жергілікті тұрғындарға түсетін қаржылық ауыртпалықты бөлісіп, қоса көтереді. 

Мұның сыртында туристік жарна шетелдік инвесторларды тартуда қосымша дәйектеме болады. Мәселен, осы алымның артуы туристік ағынның артқанын бәрінен тиімді дәлелдейді. Қандай да бір қонақүй кешенін сатып алғысы келген инвестор оның өзіне түнеген меймандарынан жинаған Bed Tax-ы мәліметін талдайды. Сол арқылы клиенттерінің саны көп, әрі бизнесі табысты екеніне көз жеткізеді. 

Сондықтан Барселона былтырдан туристік алым көлемін арттыра бастады. Каталонияның астанасында жатжұрттық саяхатшыларға өңірлік туристік салықты және қосымша жалпы қалалық алымды да төлеуге тура келеді. Былтырғы 1 сәуірден бері қалалық билік туристік жарнаны әр түн үшін 2,75 еуроға дейін арттырды. Ал 2024 жылғы 1 сәуірден оны 3,25 еуроға дейін өсіреді. 

Валенсия да биылғы жылы туристік алымды енгізді. 0,50-2 еуро көлеміндегі жарнаны баспананың барлық түріне – қонақүй, хостел, апартамент-вилла немесе кемпингті таңдаған саяхатшылардың бәрі төлеуге тиіс. Одан алынған қаржылар туристік орталықтарда жергілікті халық үшін қолжетімді тұрғын үй салуға жұмсалады.

Португалия, Таиланд сияқты елдер туристік жарнаны былтыр енгізді, Венецияда биылғы жылы, ал Еуропалық Одақ елдерінің барлығында 2025 жылдың көктемінде пайда болмақ. 

Қазақстан неге Bed Тax-тан теріс айналды?

Сарапшылар бірнеше себебін келтірді. Біріншіден, одан түсетін түсім тым мардымсыз болып шықты. Кезінде Мәдениет және спорт министрлігі бұл бастаманы қорғағанда, «бастапқы кезеңнің өзінде Bed Tax-тан түсетін қаржылай түсімдер жылына 1,5 миллиардтай теңгені немесе шамамен 4 млн долларды құрайды және одан ары артады» деп уәде еткен еді. 

Жаңадан құрылған Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, туристік жарна енгізілгеннен қазіргі кезге дейін одан мемлекеттік кірістер органына шамамен 500 млн теңге ғана құйылған. 

Екіншіден, бұл жаңашылдықты енгізгенде билік салалық бизнеспен ақылдаспаған. Тиісті қаулының жобасын нарық қатысушылары егжей-тегжей талқыламаған. «Атамекен» ұлттық палатасы мамандарының пікірінше, бастама жеткілікті пысықталмаған, сол себепті бұл норманы енгізуге әлі ерте. 

Мысалы, Bed Tax-ты қабылдағанда, Үкімет 2022 жылғы 1-ші тоқсандағы ста­тистиканы басшылыққа алды: ол қазақ­стандық туризм көрсеткіштерінің күрт жақсарғанын көрсетті. Бұл ретте деректер 2021 жылдың басындағы статистикамен салыстырған. Ол кезеңде коронавирусқа қатысты шектеулерге байланысты елге келуші шетелдіктер саны некен-саяқ болды. 

Үшіншіден, ең алдымен шенеуніктердің өзі бұл жаңалықты енгізуге, оны әкімшілен­діруге дайын болмай шықты. Қажетті нормативтік құқықтық актілер уақытылы қабылданбады. Мәслихаттар шешімдері де кешіктірілді. Салдарынан, шетелдік қонақтарды қабылдайтын орындар дағдарды. 

Сондықтан туристік жарна заң жүзінде 2022 жылы күшіне енгенімен, Үкімет оны жинауды бір жылға ысыруға мәжбүр болды. Проблема былтыр да шешілмеді. Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, Астанаға келетін шетелдіктер үшін тәулігіне болу құнының 5%-ы мөлшерінде туристік жарна енгізілді (Алматыда 2%). Ал ақпан айында елорданың 229 қонақүйі мемлекеттік орган­дардан туристік жарнаны қалай төлеу керегін түсіндіруді талап етіп, шағымданды. 

Өйткені алымды дұрыс жинамаса, дұрыс аудармаса, салықшылардың тексеруіне ілігіп, айыппұл салынады. Еуразиялық қауымдастықтың кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі вице-президенті Қанат Елеусізовтің түсіндіруінше, шетелдіктер үшін туристік алым 2023 жылғы 1 қаңтардан енгізілді, алайда оны төлеу тетігі пысықталмаған. Сонымен қатар ол жарна ставкасының жоғары екеніне назар аудартты. 

Былтыр «Атамекен» палатасындағы осы мәселеге арналған жиынға шақырылған Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің камералдық мониторинг бөлімінің бастығы Әнуар Бекжұманов бұл мәселе бойынша кәсіпкерлерге тұщымды түсініктеме бере алмады. Содан ол толымды түсіндірме алу үшін жоғарғы жаққа бірлесіп жүгінуді ұсынды.

«Мәселе өте күрделі, кінә­ратты. Мен оған нақты жауап бере алмаймын. Бұл жарна салық түсімі болып санал­майды. Мен жоғары тұрған органдардың алдына мәселе қоя аламын. Оны бірге егжей-тегжейлі қарастырайық», – деп жалтарған еді салық органының өкілі.

Жарна «жақсы күндерді» күтеді

Астаналық Туризм қауымдастығының өкілі, турфирма басшысы Татьяна Верницкая осы жарна салдарынан 229 елордалық қонақүйдің жұмысы дағдарғанын еске салды. Олар халықаралық мәртебеге ие, қызметін халықаралық қонақүй броньдау сервистері арқылы ұсынады. Жатжұрттық меймандарына барлық жағдай жасап, көңілінен шығуға күш салады.

Бірақ Bed Тax алымын төлей алмаған­дық­тан, шетелдік туристерге соны төлегені туралы тиісті құжатты бере алма­ды. Онсыз ол адам заң бұзып, шекараны кесіп өтуде қиындыққа тап болуы мүмкін. Соның кесірінен шетелдік қонақтың да көңілі бұзылады, қонақүйдің және қазақ­стандық турфирманың беделіне де нұқсан келеді.  

Мұны «Wyndham Garden Burabay» сату бөлімінің директоры Гүлназ Негмеджанова растады: жарна бизнес тарапынан да, қонақтар тарапынан да көптеген қиындық пен көңілтолмастық туғызды. Мысалы, «Бурабай ауданында жарна шетелдіктер үшін қонақүйлердің тартымдылығын төмендетті».

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев туристік жарнадан отандық бизнеске қолайсыздықтар тудыр­ғаны үшін бас тартылғанын мойындады. Әйткенмен, мемлекет әлемдік тәжірибеде бар Bed Тax тетігінен толық бас тартпайды, ұлттық заңнамадан алып тасталған жоқ. Тек кейін қайта енгізілгенше, «нөлдік ставка» қолданылады. Яғни, қағаз жүзінде қалады, алайда жарна ешкімнен жинал­майды. 

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков Үкіметтің бұл қадамын құптады.  

«Шетелдіктердің туристік жарна төлеуі қағидалары бекітілгелі туристік қоғамдас­тық­пен тізе қосқан ұлттық палата жарнаны тоқтата тұруды не мүлдем алып тастауды талап етіп, осы бағытта жұмыс жүргізді. Неге? Өйткені бұл жарнаны салықтық және бухгалтерлік әкімшілендірудің түсінікті алгоритмі болмады. Салдарынан, бизнеске қосымша ауыртпалық түсірді. Бұл норманы енгізуге әлі ерте. Оның үстіне туристерден жиналып жатқан қаражатты пайдаланудың айқын механизмі болмады», – деді Т.Нақыпбеков.

Шынында, туристік жарнаның қайда жұмсалатынын туроператорлар да, қонақүй өкілдері де білмейді. Бизнес оны туризмді дамытуға бағыттауды ұсынған еді. Бірақ бұл ұсыныс қабылданбады. Сондай-ақ туристер аз баратын өңірлерге қатысты мәселелер көп болды: мәселен, олар онсыз да туристен тарығып отырғанда, енгізілген жарна жергілікті қонақүйлердің құнын, тіпті қымбаттатып жіберді. 

Сарапшы Татьяна Верницкаяның айтуынша, негізі Bed Тax тетігі туристердің санын кемітуге, шектеуге ықпал етеді. Ал Қазақстанда саяхатшылар саны аз. Туристік жарна республикамызда заң бойынша тек қонақүйге түскен шетелдіктерден жиналады. Соның кесірінен, бұл өз бетінше саяхаттап, хостелдерге немесе жалдамалы баспанаға түнейтін «жабайы туристер» санын арттыруға түрткі болуы мүмкін. 

Ұлттық статистика бюросының дере­гінше, былтырғы туристік маусымда, яғни 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында елімізге 834,9 мың шетелдік турист қана келді. Бұл – алдыңғы жылғы көрсеткішке қарағанда 225 мың адамға көп: 2022 жылғы тоғыз айда елімізге 609,8 мың шетелдік саяхатшы келген-тін. Яғни, алдыңғы жылғы ұқсас мерзімге қарағанда бірден 37%-ға артқан. 

Бір гәп бар: туристердің көбі – Ресей мен Қытайдан. Турфирмалар өкілдерінің айтуынша, ресейліктер негізінен «жабайы туризмді» таңдайды: не Қазақстандағы туыс, таныс, достарының бірінің үйіне, не кемпингте, тіпті көлікте түнейді, бол­маса пәтер жалдайды. Қонақүйге тоқтай­тыны сирек. Олардың тамақты, мысалы, «Доширак­тарын» да өзімен бірге ала келетіні «аңызға» айналған. 

Қытайлық туристерге қатысты кілтипан сол, шығыс көршіде топтық туризм дамыған, шың елінің саяхатшыларының саяқ жүруі сирек. Топтық саяхатты Қы­тайдағы турфир­малардың өзі ұйымдас­тырады: адамдар тек туржолдама құнын төлейді. Әрі қарай қытайлық туроператор Қазақстандағы қонақүйден қажетті көлемде бөлмелерді сатып алады. Әдетте, бұл қонақүйдің қожа­йыны қытайлық болады. Қазақстандықтарға сене бермейді. Осылайша, қытайлық турис­тердің қаражаты негізінен ҚХР-ға кері қайтады.

Ресми статистика бойынша, былтырғы тоғыз айда Қазақстанға Ресейден 356 850 турист келіпті: салыстырсақ, 2022 жылдың 9 айында 318 590 ресейлік қонақ болып қайтқан.

Қытайдан 2023 жылғы 9 айда 75 131 ту­рист елді аралады. 2022 жылғы ұқсас кезең­де бұл сан екі есе аз: 37 253 болды. 

Үштікті Түркия тұйықтады: былтыр 9 айда 41 134 адам келді. Яғни, 2022 жылғы 9 айдағы көрсеткіштен төмендеді (42 081 адам). Төртінші орынға Үндістан көтерілді: 34 757 турист (10 090). Бестікке АҚШ аза­­мат­тары кірді: 2023 жылғы 9 айда Қазақ­станға 28 160 америкалық саяхаттаған (2022 жылғы сәйкес мерзімде – 18 266 адам).  

Яғни, Қазақстанға үнемшіл, қытымыр жақын көршілерден бөлек, алыс шетелдегі мемлекеттердің қолы ашық саяхаташылары­ның көптеп келе бастағаны қуантады.

Айхан ШӘРІП