Алматыда жер сілкінісінен кейін жер үйлерді жалдауға деген сұраныс күрт өскен.
Алматыда жер сілкінісінен кейін үй бағасы арзандай ма?
Фото: 2gis.kz
2,389
оқылды

Мамандар жер үйді жалдауға сұраныстың уақытша өскенін елді билеген үреймен байланыстырады. Бұл туралы Aikyn.kz «Хабар»  телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Тұрғындарды үй бағасынан бұрын баспанасының сейсмикалық қауіпсіздігі алаңдатып отыр. Қаңтардың 23-де болған жер сілкінісі алматылықтарды дүрбелеңге салды. Қабырғасына сызат түсіп, едендегі кафелі жарылған пәтерлердің иелері арнайы комиссия қорытындысын күтпей жөндеу жұмысын бастап кеткен. Зілзала қыс кезінде әдетте ұйқыға кететін тұрғын үй нарығын да уақытша болсын оятқандай болды. Баспана нарығындағы мамандардың айтуынша, жер сілкінген күннің ертесінде қала сыртындағы жер үйлер мен саяжайлардағы баспанаға сұраныс күрт артқан. Дені қысқа мерзімге жалға алғысы келген.

Интернет портал шолушысы Ирина Милаярова: «23 қаңтардан бері саяжайларда орналасқан баспанаға сұраныс 4 есеге өсті. Мұндай үйлер қала маңындағы Алматы облысына қарайтын аудандарда орналасқан. Жер сілкінген күні бір тәулікке ғана алсақ деп хабарласқандар көп болды. Соның жарнамасының қаралымы көбейіп кеткен еді. Бірақ кешеден бері қайта басылды. Біз әзірге ешқандай қорытынды жасай алмаймыз», – дейді.

Мегаполисте көпқабатты үйдегі пәтерін жалға берушілердің ұсынысы көбейген. Алушыларды жер үйді жалдау мен сатып алу бағасы қызықтырып отыр. Қазір бір қабатты үйді бір тәулікке жалға алудың орташа бағасы тұрған жеріне, жабдықталуына қарай 70-100 мың теңге аралығында. Ал қала сыртында 10 мыңнан 35 мың теңгеге дейін болды.

Жылжымайтын мүлік жөніндегі компания қызметкері Сұлтан Санатов: «Осыған дейін барлығы пәтер сұрап хабарласатын. Енді жер үйдің бағасын білгісі келеді. Бірақ алып жатқан ешкім жоқ. Мәселен, салыстырып көрсек, өткен айға қарағанда осы айда жеке секторға 5 есе сұраныс артыпты. Мәселен, желтоқсанда 300 қаралым болса, қазір бұл көрсеткіш 2 мыңға жуықтады. Осыдан-ақ халықтың қорқынышын байқауға болады. Осы айда қанша сатылым болғанын Ұлттық бюро статистикасы ақпанда шығарады», – дейді.

Сарапшылар мұның бәрі уақытша құбылыс деп болжайды. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының мамандары кейінгі құрылыс талаптары бойынша тұрғын үйлердің сейсмикалық беріктігі 8-ден 10 балға дейінгі жер сілкінісіне төтеп беруі тиіс дейді. Олар қазір сейсмикалық электронды паспорт әзірлеуде. Алғашқы кезеңде қаладағы 10 500-ден аса ғимарат тексерілген. Соның 30% сейсмикалық жағынан қауіпті болып шыққан.

 «ҚазҚСҒЗИ» АҚ басқарушы директоры Ералы Шоқбаров: «Алматы қаласында 9-10 балдық зілзалаға ғимараттың биіктігіне шектеулер бар. Мысалы, 9 балда 12 қабаттан жоғары салуға болмайды. Құрылыс нормасы бойынша, ал 10 балдық аймақта 4 қабаттан жоғары салуға болмайды. Бүгінгі салынып жатқан тұрғын үйлердің барлығында проектік жоба бар. Ол тиісті жасалынады. Мемлекеттік сараптамадан өтеді. Ол үй қалай салынды?», – дейді.

Биыл 13 мыңға жуық нысан тексеріледі. Бірақ бұл сан өзгеруі мүмкін.

Қазір Алматыда залалды анықтау жөніндегі комиссия жұмыс істеп жатыр. Ал мамандар пәтердің жобасын жөн-жосықсыз өзгертуге болмайтынын еске салады. Ішкі қабырғаны алып немесе басқа жерден есік шығарсаңыз, одан қала берді терезені еденге дейін ұзартсаңыз, міндетті түрде үйдің сейсмикалық беріктігін де қоса нығайту керек.