Бүгінде отандық ғалымдардың қарқыны қуантады.
Аманжол Тұрлыбекұлы: Диабетті демнен анықтауға болады
2,655
оқылды

Мәселен, медицина саласына өз жаңалығымен келген ғалымдардың бірі Назарбаев университетінің National Labo­­ratory Astana (NLA) аға ғылыми қыз­­­­меткері Аманжол Тұрлыбекұлы қант диабетімен ауыратындар өмі­­­­рін жеңілдету, сондай-ақ қант диабетін диаг­ностикалауды жеделдету үшін қант диабетінің бар-жоғын тыныс алу арқылы анықтайтын газ сенсорын жасаған.

– Аманжол мырза, жуырда өзіңіз зерт­теп, қант диабетімен ауыратындар үшін ашқан жаңалығыңызбен бөліссеңіз. Қазір­­гі зерттеуіңізді қарапайым адам түсінетін­­­­дей етіп сипаттап беріңізші.

–  Қазірде мен Назарбаев универ­­­­си­­теті қарамағындағы National Laboratory Astana жеке ұйымының «Озық сенсорлар зерт­­­ханасында» аға ғылыми қызмет­­­­кер­мін. Адам­­ның демі арқылы диабеттік кү­йін анықтауға арналған газ сенсорын әзір­леу ғылыми жобасына басшылық етудемін. Бүгінде диабеттің І типімен ауыратын науқастардың саны елімізде артып барады. Оның ерекшелігі – ағза­­­­мызда инсулин гормоны өндіріл­мегені. Ал инсулин қант­­­тың сіңірілуіне тікелей әсер ететін гормон, оның тапшы­­­­­лығы не­­месе жоқ­­­тығы мета­­бо­­­­­­­­­лизмнің өзгеруі­­­не әкеліп соғады. Яғни, дем де өзгереді. Ин­­­сулин сорғысы және тұрақты қан ана­­лиз­­­дері. Қант диабетімен ауыратын­­­­­­дар осын­­дай кедергілерге тап болады. Олар­­­­­дың өмірін жеңілдету, сон­дай-ақ қант диабетін диагностикалауды жедел­­дету үшін біз газ сенсорын ойлап тап­­­­­­­тық. Ағ­­­зада майлардың ыдырауы кезінде аце­­тоацетат пайда болуы мүмкін. Бұл жағ­дайда аузынан ацетонның иісі шыға бас­­­­тайды. Тыныс алудағы ацетон кон­­­­­­­­­­цен­­­­­­­­­­­­­­тра­­­­­­циясын өлшеу арқылы қандағы глюкозаның деңгейін тікелей анықтауға болады. Бұл – NLA-да әзірленген газ сен­­­сорының жұмыс принципі. Айтпақ­шы, газ сенсорларының бірнеше түрі бар. NLA Озық сенсорлар зертханасы хемо­­­ре­зис­тивті сенсорларды зерттеу және жа­саумен айналысады. 

– Газ сенсоры өзі қалай жұмыс істейді?

– Газ сенсорларының бірнеше түрі бо­­­ла­ды. Біздің зертханамызда хеморе­­­­­­­зис­тивті сенсорларды зерттеу және жа­­­сау­мен ай­­­налысады. Хеморезистивті сен­­­­­­­­­­­­сор­­­­­дың жұмыс істеу принципі мына­­дай: бізге қа­жетті газ белгілі бір концен­­­трациясына жеткен кезде, газ материал­­дың бетіне ад­­сор­бцияланып, оның электр өткізгіш­­­тігін өзгертеді. Сәйке­­­­сін­ше, материалдың ке­­­­­дергісін өлшей отыра, газдың белгісіз кон­­центрациясын анықтауға болады.

Негізінен, бұл идея өзіме жаңа бол­­­­ға­­нымен (ацетонды немесе басқа да ме­­та­­­­­­­боликтерді адам демінен анықтау), зерт­­­­тей келе, бұндай жұмыстардың бар еке­­­­ніне көзім жетті. Қазіргі кездегі зерт­­­­теу өзек­­­­тілігі, сенсорлардың жұмысын оңтай­­­­­ландыру болып табылады. Яғни, энергия тиімділігін арттыру, темпе­­­­­­ра­­­тура, ылғал­­­­­­дылық сияқты сыртқы жағ­дай­­­­­ларға тө­­зімділігін арттыру мәселелері. Мы­­салға, қазірде металл ок­­­сидтері негізіндегі сенсорлардың жұмыс істеу температура 200°С-ден жоғары (демек, сенсорды қыз­­­дыру қажетті). Ал егер сенсорымыз бөлме температура­­­­­сында жұмыс істей бастаса, оны смарт сағаттарға да қолдану мүмкіндігі ашылар еді. Елестетіп көріңіз, сағаттың бетіне үрлеу арқылы сіздің глюкоза мен кетон денелерінің мөлшері анықталып жатса, ғажап емес пе?!

– Жетілдірілген сенсорлар зертхана­­­­­­сының алдында қандай міндеттер тұр және осы зертхананың ғылыми топтарының жобаларынан қандай нәтижелер күтілуде?

– Біздің зертханамыз тек 2023 жылы құ­рылды. Біздің ұжым өте жас, соған қа­рамастан табысымыз да толғай. Зерт­­­­­­­хана­ның негізгі миссиясы – Қазақстан және әлем ғылымына инновациялар енгізу, өнеркәсіптік серіктестермен мық­­­­­­­ты ын­ты­­­­­­мақтастық арқылы ғылыми нәти­же­лерді коммерцияландыру. Бүгін­­де зертхана – аймақтағы газға сезімтал құ­­­рылғыларды әзірлеуге және синтезден бастап, олардың жұмысын тексеруге де­­йінгі кешенді зерт­­­­теулер жүргізуге қабі­­­­­­летті жалғыз мекеме. Қазірдің өзінде біздің зертханамыз газ сенсорларын әзір­­леуде ТМД елдері мен шығыс еуропа елдерінің көптеген зертханаларынан ар­тық болмаса, кем емес. Бұған Scopus-тің SciVal статис­­­тикасы куә.

Бүгінде біз отандық өндіріс орталық­­­тарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сен­­­сорлардың жұмысын оңтайландыру бойынша жұмыс істейміз. Яғни, энергия тиімділігін арттыру, температура, ылғал­­­дылық сияқты сыртқы жағдайларға тө­­­зім­­­­­­ділігін арттыру сияқты мәселелерді ше­­­шуге тырысамыз. Болашақта термо­­­метрден басқа әр дәрігердің кеңсесінде оның құ­­­рылғысы да болады деп үміт­­­тенемін.

– Ғылымға қалай келгеніңіз туралы айтып өтсеңіз, ғалым болу шешіміңізге не әсер етті?

–  Мен бала кезімнен қызығушылығы мол бала болдым. Әр нәрсеге «Неге бұ­­­лай?», «Ол не?» деген сұрақтар қоятын­­­мын. Бақытыма орай, менің әкем қара­­­пайым жұмысшы металлург болса да, ешбір сұ­­­рақтарымды жауапсыз қалдыр­­­майтын, оған қоса әр құбылыстың таби­­­ғатын балаға түсіндіре алатын зерделі тұлға еді. Содан да болар, ғылым жолының өзіме ұнайтыны. Мектептің 8-сыны­­­бынан бастап, физика мұғалімі Әлия Раз­­дықова осы қызығу­­­шылығымды бай­­­қап, С.Аман­­­жолов университетінің фи­­­зика кафед­­­расымен бірлесе, оқушы­­­лар ғылы­­­ми жо­­­басына жетекшілік ететін физика ғы­­­­­­­­лымдарының кандидаты Досым Ербо­­­латұлына табыс­­­тырған еді. Кейін мекте­­­пте оқушы­­­лардың «Зерде» ғылыми қоға­­­мы ұйымдастырылып, сон­­­дай оқу­шы­­­­­­лар­­­­­­­­дың легіне ілесіп, 2009 жылы рес­­пуб­­­ликалық сайысты ұтқан едім. Қыс­қаша айтқанда, ғылым жолына мен мек­теп кезінен келген екенмін. Ға­­­лым бо­­­луыма ғылыми жетекшілерім – про­­фес­сор Алек­­­сандр Погребняк пен про­фессор Сергей Плотниковтің үлгісі әсер етті деп ойлай­­­мын.

– Ғылыми зерттеуге деген көзқара­­­сы­­ңызға әсер еткен еңбек жолыңыздың ма­­­ңызды кезеңдері туралы айтып бе­­­ріңізші?

–  2019 жылы PhD диссертациясын қорғадым. Менің ғалым болғаныма 5 жыл толыпты. Әзірге ең маңызды ке­зеңді мен 2018-2019 жылдар аралығы деп ойлаймын. Сол уақытта өзіме ең елеулі алғашқы ғы­­­лыми мақалам жарияланды. Алайда өнер­­­табыстарымызға қарамас­­­тан, екі жыл қатарынан ғылыми жоба­­­лардың қаржы­­­ландырылуынан қағылып жүрген кезең еді. Қазақстандағы әр ға­­­лым бұл уақытта Білім және ғылым ми­­­нистрлігі жіберілген өтінімдердің елеулі санын (шамамен 70-80 пайызға жуығы) сайыстан аппеляция мүмкіндігінсіз шет­­­тетіп тастағанын есіне алған тұста бойы түршігетін, көп ғалымға ауыр тиген ке­­­зең екенін айтады. Саралай келе, осын­­­­­­­­­­­­дай сәтсіздіктер менің Астана қа­­­ласына көшіп, Назарбаев универ­­­ситетіне келуі­­­ме, ғылыми өрлеуіме түрткі болға­­­нын түсінемін.

– Қазіргі зерттеулеріңіздің қоғам үшін әлеуетті нәтижелері, пайдасы қандай?

– Менің жеке басым бұндай сұрақ­­­тарды ұнатпайтыным бар. Неге десеңіз, менің түсінуімше, сапалы жоғары білім беру тек ғылыми жұмыстар жүргізілетін жоғары білім ордаларында ғана болуы мүм­­кін. Және де бұл тек қана жараты­­­лыс­­­тану ғылымдарына ғана қатысты емес, гуманитарлық болсын, математика бол­­­сын, кез келген ғылымға қатысты. Демек, ме­­­нің жұмысымның қажеттілігі мен ең басты пайдасы тек сапалы кадр­­­ларды дайын­­­дауда. Бұл ғылыми жобаны іске асы­ру барысында магистрлер мен докто­­­ранттар тағылымдамадан өтті. Әри­не, болашақта дем арқылы глюкоза мен диа­­­беттік күйді анықтайтын ом­­­мери­­­циялық құралдың әзірленуі мүмкін. Оны кейін көре жатармыз. Қазір өнер­­­табысқа па­­­тентім бар.

– Дәрігерлер онымен жұмыс істей ме? Бұл ауруды ерте табуға көмектескен әңгі­­­мелер бар ма?

–  Біздің жобада дәрігерлер жұмыс жасамайды. Негізінен, болашақта әр дә­рі­­­гердің кабинетінде температураны өл­­­шей­тін термометрге қоса, біздің де құрал жүреді деп ойлаймын. Канадада KeyTo деген старт-ап компания бар, біз­дің жо­бада жасалып жатқан құралға ұқсас тех­­­но­логия қолданылған. Капита­­­лиза­циясы ондаған миллион АҚШ дол­лары. Бізде жұмыстар аяқталған жоқ, құралды жасау үстіндеміз. Құралды жасағанымен, оны оңтайландыру үшін талай уақыт қажет.

– Сіз мақтан тұтатын ғылыми манса­­­быңыздағы сүйікті сәттердің немесе жа­­ңалық­­­­тардың бірімен бөліссеңіз?

– Жалпы алғанда, біздің қоғамда ға­­­лым болғаныңды мақтан тұту қиын. Алай­­­­да ең елеулі сәт – өзімнің қолымен әзір­­­лен­­­ген инженерлік шешімдерімнің жұмыс істеп, нәтиже көрсетуі. Сондай сәттердің бірі – сенсорлар тақырыбын­­­дағы әлемдік ең үздік ғылыми журналдар қатарындағы Sensors and Actuators B: Che­mical журна­­­­лында жарияланған бірегей мақаламыз үшін зертханамыздағы газ сенсорларын тексеретін жүйені қыс­­­қа уақытта модерни­­­зациялап, төмен тем­­­­ператураларда және де әртүрлі ылғал­дылықта өлшем жүргізуге қабілетті ету болды.

– Болашақ ғылыми зерттеулердің қан­­­дай бағыттарын перспективті деп са­найсыз?

– Біздің елдің басты мәселесі – адам өмі­рінің құнсыздығы немесе оның тө­­мен­дігі. Сондықтан да гуманитарлық бі­­лімнің, ғылымның дамуы – басты мәселе. Әрине, кейбірі еңбек нарығында заңгер мен филологтерден көз аша ал­­майсың деп айтуы мүмкін. Алайда фи­­­лология ғылы­­­мына келсек, латын әліп­­­­­песі әлі де әзір­­­­ленбеген. Заңнаманы ал­­­­­сақ, ол да осал (әді­­­­летсіз сот шешім­де­рі – адам өмірінің құнсыздығы). Ал әлеуметтік мә­­­селелерге келетін болсақ, үйдегі зор­­лық-зомбы­­­­лық­­­тың белең алуы да адам өмірі­­нің құнсыз­­­данғанының бір көрінісі. Осы мәселелерді жараты­лыс­тану ғылымдары шешпейді, шеше де ал­майды.

– Қазақстанда ғылымды дамыту үшін қандай шараларды қолға алу керек деп ойлайсыз?

– Ғылым бюджетінің транспарентті болуы. Жоғары еңбекақы – ең басты моти­­­ватор. Ал жас мамандарды ұстап қалу үшін жұмыс еркіндігі мен мериток­ратия прин­­­цип­­терін ұстану қажет деп ойлаймын. Яғни, әкімшілік патерна­лизмнің болмауы керек.

– Ғылымға бет бұрғысы келетін жас қа­зақ­­­стандықтарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ештеңеден қорықпаңыздар. Ғалым болу – әр нәрсеге күмәндану мен себеп із­­деу. Сондықтан ғалым болғалы менің көзқарасым 180 градусқа өзгерді де­сек те болады. Мысалға, ұлтшылдықтан ұлт­жандылыққа, кейін космополитизмге ауы­­­суы. Басқа да мысалдар өте көп.

– Ғылым жолындағы еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер. Сұхбатыңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан

 Наурызбек САРША