Мәселен, медицина саласына өз жаңалығымен келген ғалымдардың бірі Назарбаев университетінің National Laboratory Astana (NLA) аға ғылыми қызметкері Аманжол Тұрлыбекұлы қант диабетімен ауыратындар өмірін жеңілдету, сондай-ақ қант диабетін диагностикалауды жеделдету үшін қант диабетінің бар-жоғын тыныс алу арқылы анықтайтын газ сенсорын жасаған.
– Аманжол мырза, жуырда өзіңіз зерттеп, қант диабетімен ауыратындар үшін ашқан жаңалығыңызбен бөліссеңіз. Қазіргі зерттеуіңізді қарапайым адам түсінетіндей етіп сипаттап беріңізші.
– Қазірде мен Назарбаев университеті қарамағындағы National Laboratory Astana жеке ұйымының «Озық сенсорлар зертханасында» аға ғылыми қызметкермін. Адамның демі арқылы диабеттік күйін анықтауға арналған газ сенсорын әзірлеу ғылыми жобасына басшылық етудемін. Бүгінде диабеттің І типімен ауыратын науқастардың саны елімізде артып барады. Оның ерекшелігі – ағзамызда инсулин гормоны өндірілмегені. Ал инсулин қанттың сіңірілуіне тікелей әсер ететін гормон, оның тапшылығы немесе жоқтығы метаболизмнің өзгеруіне әкеліп соғады. Яғни, дем де өзгереді. Инсулин сорғысы және тұрақты қан анализдері. Қант диабетімен ауыратындар осындай кедергілерге тап болады. Олардың өмірін жеңілдету, сондай-ақ қант диабетін диагностикалауды жеделдету үшін біз газ сенсорын ойлап таптық. Ағзада майлардың ыдырауы кезінде ацетоацетат пайда болуы мүмкін. Бұл жағдайда аузынан ацетонның иісі шыға бастайды. Тыныс алудағы ацетон концентрациясын өлшеу арқылы қандағы глюкозаның деңгейін тікелей анықтауға болады. Бұл – NLA-да әзірленген газ сенсорының жұмыс принципі. Айтпақшы, газ сенсорларының бірнеше түрі бар. NLA Озық сенсорлар зертханасы хеморезистивті сенсорларды зерттеу және жасаумен айналысады.
– Газ сенсоры өзі қалай жұмыс істейді?
– Газ сенсорларының бірнеше түрі болады. Біздің зертханамызда хеморезистивті сенсорларды зерттеу және жасаумен айналысады. Хеморезистивті сенсордың жұмыс істеу принципі мынадай: бізге қажетті газ белгілі бір концентрациясына жеткен кезде, газ материалдың бетіне адсорбцияланып, оның электр өткізгіштігін өзгертеді. Сәйкесінше, материалдың кедергісін өлшей отыра, газдың белгісіз концентрациясын анықтауға болады.
Негізінен, бұл идея өзіме жаңа болғанымен (ацетонды немесе басқа да метаболиктерді адам демінен анықтау), зерттей келе, бұндай жұмыстардың бар екеніне көзім жетті. Қазіргі кездегі зерттеу өзектілігі, сенсорлардың жұмысын оңтайландыру болып табылады. Яғни, энергия тиімділігін арттыру, температура, ылғалдылық сияқты сыртқы жағдайларға төзімділігін арттыру мәселелері. Мысалға, қазірде металл оксидтері негізіндегі сенсорлардың жұмыс істеу температура 200°С-ден жоғары (демек, сенсорды қыздыру қажетті). Ал егер сенсорымыз бөлме температурасында жұмыс істей бастаса, оны смарт сағаттарға да қолдану мүмкіндігі ашылар еді. Елестетіп көріңіз, сағаттың бетіне үрлеу арқылы сіздің глюкоза мен кетон денелерінің мөлшері анықталып жатса, ғажап емес пе?!
– Жетілдірілген сенсорлар зертханасының алдында қандай міндеттер тұр және осы зертхананың ғылыми топтарының жобаларынан қандай нәтижелер күтілуде?
– Біздің зертханамыз тек 2023 жылы құрылды. Біздің ұжым өте жас, соған қарамастан табысымыз да толғай. Зертхананың негізгі миссиясы – Қазақстан және әлем ғылымына инновациялар енгізу, өнеркәсіптік серіктестермен мықты ынтымақтастық арқылы ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру. Бүгінде зертхана – аймақтағы газға сезімтал құрылғыларды әзірлеуге және синтезден бастап, олардың жұмысын тексеруге дейінгі кешенді зерттеулер жүргізуге қабілетті жалғыз мекеме. Қазірдің өзінде біздің зертханамыз газ сенсорларын әзірлеуде ТМД елдері мен шығыс еуропа елдерінің көптеген зертханаларынан артық болмаса, кем емес. Бұған Scopus-тің SciVal статистикасы куә.
Бүгінде біз отандық өндіріс орталықтарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Сенсорлардың жұмысын оңтайландыру бойынша жұмыс істейміз. Яғни, энергия тиімділігін арттыру, температура, ылғалдылық сияқты сыртқы жағдайларға төзімділігін арттыру сияқты мәселелерді шешуге тырысамыз. Болашақта термометрден басқа әр дәрігердің кеңсесінде оның құрылғысы да болады деп үміттенемін.
– Ғылымға қалай келгеніңіз туралы айтып өтсеңіз, ғалым болу шешіміңізге не әсер етті?
– Мен бала кезімнен қызығушылығы мол бала болдым. Әр нәрсеге «Неге бұлай?», «Ол не?» деген сұрақтар қоятынмын. Бақытыма орай, менің әкем қарапайым жұмысшы металлург болса да, ешбір сұрақтарымды жауапсыз қалдырмайтын, оған қоса әр құбылыстың табиғатын балаға түсіндіре алатын зерделі тұлға еді. Содан да болар, ғылым жолының өзіме ұнайтыны. Мектептің 8-сыныбынан бастап, физика мұғалімі Әлия Раздықова осы қызығушылығымды байқап, С.Аманжолов университетінің физика кафедрасымен бірлесе, оқушылар ғылыми жобасына жетекшілік ететін физика ғылымдарының кандидаты Досым Ерболатұлына табыстырған еді. Кейін мектепте оқушылардың «Зерде» ғылыми қоғамы ұйымдастырылып, сондай оқушылардың легіне ілесіп, 2009 жылы республикалық сайысты ұтқан едім. Қысқаша айтқанда, ғылым жолына мен мектеп кезінен келген екенмін. Ғалым болуыма ғылыми жетекшілерім – профессор Александр Погребняк пен профессор Сергей Плотниковтің үлгісі әсер етті деп ойлаймын.
– Ғылыми зерттеуге деген көзқарасыңызға әсер еткен еңбек жолыңыздың маңызды кезеңдері туралы айтып беріңізші?
– 2019 жылы PhD диссертациясын қорғадым. Менің ғалым болғаныма 5 жыл толыпты. Әзірге ең маңызды кезеңді мен 2018-2019 жылдар аралығы деп ойлаймын. Сол уақытта өзіме ең елеулі алғашқы ғылыми мақалам жарияланды. Алайда өнертабыстарымызға қарамастан, екі жыл қатарынан ғылыми жобалардың қаржыландырылуынан қағылып жүрген кезең еді. Қазақстандағы әр ғалым бұл уақытта Білім және ғылым министрлігі жіберілген өтінімдердің елеулі санын (шамамен 70-80 пайызға жуығы) сайыстан аппеляция мүмкіндігінсіз шеттетіп тастағанын есіне алған тұста бойы түршігетін, көп ғалымға ауыр тиген кезең екенін айтады. Саралай келе, осындай сәтсіздіктер менің Астана қаласына көшіп, Назарбаев университетіне келуіме, ғылыми өрлеуіме түрткі болғанын түсінемін.
– Қазіргі зерттеулеріңіздің қоғам үшін әлеуетті нәтижелері, пайдасы қандай?
– Менің жеке басым бұндай сұрақтарды ұнатпайтыным бар. Неге десеңіз, менің түсінуімше, сапалы жоғары білім беру тек ғылыми жұмыстар жүргізілетін жоғары білім ордаларында ғана болуы мүмкін. Және де бұл тек қана жаратылыстану ғылымдарына ғана қатысты емес, гуманитарлық болсын, математика болсын, кез келген ғылымға қатысты. Демек, менің жұмысымның қажеттілігі мен ең басты пайдасы тек сапалы кадрларды дайындауда. Бұл ғылыми жобаны іске асыру барысында магистрлер мен докторанттар тағылымдамадан өтті. Әрине, болашақта дем арқылы глюкоза мен диабеттік күйді анықтайтын оммерициялық құралдың әзірленуі мүмкін. Оны кейін көре жатармыз. Қазір өнертабысқа патентім бар.
– Дәрігерлер онымен жұмыс істей ме? Бұл ауруды ерте табуға көмектескен әңгімелер бар ма?
– Біздің жобада дәрігерлер жұмыс жасамайды. Негізінен, болашақта әр дәрігердің кабинетінде температураны өлшейтін термометрге қоса, біздің де құрал жүреді деп ойлаймын. Канадада KeyTo деген старт-ап компания бар, біздің жобада жасалып жатқан құралға ұқсас технология қолданылған. Капитализациясы ондаған миллион АҚШ доллары. Бізде жұмыстар аяқталған жоқ, құралды жасау үстіндеміз. Құралды жасағанымен, оны оңтайландыру үшін талай уақыт қажет.
– Сіз мақтан тұтатын ғылыми мансабыңыздағы сүйікті сәттердің немесе жаңалықтардың бірімен бөліссеңіз?
– Жалпы алғанда, біздің қоғамда ғалым болғаныңды мақтан тұту қиын. Алайда ең елеулі сәт – өзімнің қолымен әзірленген инженерлік шешімдерімнің жұмыс істеп, нәтиже көрсетуі. Сондай сәттердің бірі – сенсорлар тақырыбындағы әлемдік ең үздік ғылыми журналдар қатарындағы Sensors and Actuators B: Chemical журналында жарияланған бірегей мақаламыз үшін зертханамыздағы газ сенсорларын тексеретін жүйені қысқа уақытта модернизациялап, төмен температураларда және де әртүрлі ылғалдылықта өлшем жүргізуге қабілетті ету болды.
– Болашақ ғылыми зерттеулердің қандай бағыттарын перспективті деп санайсыз?
– Біздің елдің басты мәселесі – адам өмірінің құнсыздығы немесе оның төмендігі. Сондықтан да гуманитарлық білімнің, ғылымның дамуы – басты мәселе. Әрине, кейбірі еңбек нарығында заңгер мен филологтерден көз аша алмайсың деп айтуы мүмкін. Алайда филология ғылымына келсек, латын әліппесі әлі де әзірленбеген. Заңнаманы алсақ, ол да осал (әділетсіз сот шешімдері – адам өмірінің құнсыздығы). Ал әлеуметтік мәселелерге келетін болсақ, үйдегі зорлық-зомбылықтың белең алуы да адам өмірінің құнсызданғанының бір көрінісі. Осы мәселелерді жаратылыстану ғылымдары шешпейді, шеше де алмайды.
– Қазақстанда ғылымды дамыту үшін қандай шараларды қолға алу керек деп ойлайсыз?
– Ғылым бюджетінің транспарентті болуы. Жоғары еңбекақы – ең басты мотиватор. Ал жас мамандарды ұстап қалу үшін жұмыс еркіндігі мен меритократия принциптерін ұстану қажет деп ойлаймын. Яғни, әкімшілік патернализмнің болмауы керек.
– Ғылымға бет бұрғысы келетін жас қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ештеңеден қорықпаңыздар. Ғалым болу – әр нәрсеге күмәндану мен себеп іздеу. Сондықтан ғалым болғалы менің көзқарасым 180 градусқа өзгерді десек те болады. Мысалға, ұлтшылдықтан ұлтжандылыққа, кейін космополитизмге ауысуы. Басқа да мысалдар өте көп.
– Ғылым жолындағы еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер. Сұхбатыңыз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Наурызбек САРША