Мәселен, оңтүстік шаһарда дерматомикоздың былтырғы көрсеткіші 2022 жылмен салыстырғанда 29,5 пайызға өскен, оның 87 пайызы – 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі.
Дерматомикоз – терінің үстіңгі қабатын зақымдайтын саңырауқұлақ инфекциясы: трихофития, микроспория және т.б түрі жатады. Бұл ауру түрлерінің қоздырғышы мен көріністері әртүрлі болып келеді. Патологиялық процесс көбіне тері қабаты мен шаш арасына тарайды. Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлының айтуынша, оны мысықтар мен иттерден, сондай-ақ ауру адамдардан жұқтыру ықтималдығы жоғары. Инфекция науқас адаммен, жануармен тікелей немесе жанама байланыста болғанда, қол алысу, жеке заттар (киім, аяқкиім, тарақ, сүлгілер және т.б.), ортақ заттар (кітаптар, қаламдар, жиһаздар, ойыншықтар және т.б.) арқылы берілуі мүмкін.
«Тегіс теріде дөңгелектенген айқын шекарасы бар, шеті көтерілген қабыну дақтары пайда болады. Зақымданған ошақтың ортасында құрғақтанған қабыршықтар болуы мүмкін. Бас терісінде шаштың түсуі мен терінің қабыршақталуымен бірге жүретін бөртпе пайда болады. Аурудың инкубациялық кезеңі 1 аптадан 1 айға дейін жалғасады. Дерматомикоз халық арасында кең таралған. Науқастың көбі өз ауруына мән бермейді, басқаның денсаулығына қауіп төндіре отырып, моншаға, бассейнге, спорт залға, шаштаразға барады. Осы тұста коммуналдық және сауықтыру мекемелерінің қызметкерлері келушілердің арасында инфекцияның таралу қаупін болдырмайтын қауіпсіздік шараларын сақтауға тиіс», – дейді департамент басшысы.
Алматы қаласының эпидемологтері балалар ұйымдарында дерматомикоздың алдын алу үшін диагнозды ерте анықтау, науқасты оқшаулау, уақытылы емдеу мен жеке гигиена ережесін қатаң сақтау маңызды екенін айтады. Мамандар қала тұрғындарын тек санитарлық тәртіпке сай профилактикалық залалсыздандыру жұмысын жиі жүргізіп отыратын монша, жүзу бассейні және спортзалдарға бару қажеттігін ескертеді.
«Ата-ана балаға қол жуу тәртібін үйретіп, қаңғыбас жануарлармен ойнамау керегін ескертуге тиіс. Аурудың алғашқы белгілері пайда болысымен-ақ, үйдің ит-мысығын емдеу үшін ветеринар-дәрігерге көрсету қажет. Ауру анықталған кезде оның таралуын болдырмас үшін отбасы мүшелерін, сондай-ақ науқаспен жақын болған барлық адамды тексеру керек. Егер тері мен бас терісінде бөртпе байқасаңыз, дер кезінде диагноз қою және тиісті ем алу үшін дерматологтің көмегіне жүгінуді ұсынамыз», – дейді Қасымхан Алпысбайұлы.
Ал дерматолог Жанна Әбсеева тері ауруларын тасымалдауда қазіргі бьюти-сфераның айтарлықтай үлесі бар екенін айтады. Косметологиялық орындарда тері ауруларын жұқтырып алған жағдайда, 3-4 аптаның көлемінде теріде қызару немесе тырнақтың арасында дерматологиялық өзгерістер байқалатын көрінеді.
«Дерматомикоз – терінің зақымдануы. Ол көбіне 60-70 жастан асқан адамдарда жиі кездесіп жатады. Басты себебі – организмнің ауруға қарсы тұруының төмендеуіне байланысты. Қазір дерматомикоздың жастарда да жиі кездесетінін көріп жүрміз. Әсіресе, маникюр, педикюр жасату барысында залалсыздандырылмаған препараттар пайдаланған кезде шартты потогенді саңырауқұлақтық аурулар пайда болады. Үй жануарынан да микробтық ауру жұғады. Инфекциялық ауруларды таратушы кісімен жанасқаннан кейін теріде айқын белгілер 2-3 аптадан кейін көрінеді. Көбіне, балалар мен жасөспірімдер дерматомикоздың трихофития түрінен зардап шегеді. Қазақта баласына «теміреткі» шығыпты деп айтып жатады ғой. Осының барлығын тудырушы – саңырауқұлақтар. Мұндай тері аурулары 7-8 және 10-11 жастағы балаларда асқынады», – дейді маман.
Дерматомикоздың тырнақ пен табан астына шығатын түрлері де бар. Бұл көп жағдайда 60 жастан асқан ересектерде кездеседі. Маманның сөзінше, егде жастағы адамдар жалпы иммундық әлсіреу басталған уақытта қоғамдық орындарда тері ауруларымен қатар, өзге де қауіпті дертті жұқтырып алуға бейім келеді.
«Дерматомикозға шалдыққан адам ең алдымен жеке бас гигиенасын сақтап, отбасы мүшелеріне жұқтырып алудан сақ болуы керек. Егер балада микроспориялық ауру болса, науқасты міндетті түрде оқшаулау маңызды. Өйткені осындай жағдайда аурудың басқа балаларға жұғып кету қаупі жоғары. Дененің бір бөлігіне ғана емес, барлық жеріне қаптап кетуі әбден мүмкін. Мұндай жағымсыз жайттарға тап болмас үшін дұрыс тамақтануды қолға алып, жеке бас гигиенасын сақтауға кеңес беремін. Егер инфекциялық ауруларға бейім болып келсеңіз, вирустардың өршитін маусымында өзіңізді көпшілік орыннан оқшаулап, барынша иммунитетті көтеруге тырысыңыз. Егер моншаға баратын болсаңыз, өзіңіздің жеке аяқкиіміңіз бен гигиеналық заттарды қоса алып жүргеніңіз абзал», – деп түйді дерматолог.
Жас зерттеушілер қатерлі ісік ауруларының шамамен 14 пайызы еліміздегі тері қатерлі ісігіне жататынын анықтаған. Ал дәрігерлер тері аурулары байқалған жағдайда үй жағдайында емделмей, бірден білікті дерматолог мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес береді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы