NASA Марста көлдің іздерін тапты

NASA-ның Perseverance ровері Джезеро кратеріндегі ежелгі көл шөгінділерінің дәлелдерін тапты.

NASA-ның Perseverance ровері бұрын Джезеро кратеріндегі (Jezero Crater) үлкен бассейнді толтырған су көзінен пайда болған ежелгі көл шөгінділерінің дәлелдерін тапты. Мұндай тұжырымды Лос-Анджелестегі Калифорния университеті (UCLA) және Осло университетінің зерттеушілері жасады. Олардың зерттеу нәтижелері Science Advances журналында жарияланды.

Бұл оқиға туралы Reuters сайтында жарияланған мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz Марс бұрын өмір сүруге қолайлы болған планета дейтін дәлелдерімен таныстырады. 

NASA-ның Perseverance ровері. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: NASA/JPL-CALTECH/MSSS 

Бұл ровер RIMFAX радарын пайдалана отырып, топырақты зерттеді. Бұл ғалымдарға екі өлшемде 20 метр тереңдікке дейінгі жер бетін суретке түсіруге мүмкіндік берді. Табылған тау жыныстарының қабаттары сумен қозғалған топырақ шөгінділерінің оған құятын өзен суларының арқасында Джезеро кратерінде шоғырланғанын анық көрсетеді.

Фото NASA сайтынан алынды. 

Бұл зерттеу орбиталық суреттерге және басқа да деректерге негізделген алғашқы нәтижелерді растайды. Бұрын Марстың кейбір аймақтарында микробтар өмір сүретін судың бар болғаны дәлелденді. Жылы, ылғалды, әрі өмір сүруге жарамды болған планета қазір жансыз және құрғақ жерге айналғанын көре аламыз.

Ғалымдар сапалы зерттеу жүргізу үшін ровер жинаған үлгілерді асыға күтуде. Зерттеушілер бұл кен орындары шамамен 3 миллиард жыл бұрын пайда болған деп болжайды.

Джезеро кратері. Фото universetoday.com сайтынан алынды. Авторлығы: NASA/JPL-Caltech/ASU

NASA басшысы Билл Нельсонның болжамы бойынша, адамның Марсқа алғашқы қонуы 2040 жылы болуы мүмкін. Ол Айға сапар бірнеше күнді қажет ететінін, бірақ Марсқа жету жеті-сегіз жылға созылатынын атап өтті. SpaceX негізін қалаушы Илон Маск Марсқа қону мүмкіндігі он жыл ішінде бола алады деп санайды. Ол бұған дейін Марс планетасына бірінші жүк миссиясы 2022 жылы жіберіледі деп уәде беріп, ал 2050 жылға қарай 1 миллион халқы бар қала салынады деген.