Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов­тың төрағалығымен кеше Парла­мент Мәжілісінің кезекті жалпы отырысы өтті.
Салмағы ауыр сауалдар
458
оқылды

Онда 6 мәселе қарал­ды. Олар – күзет қызметі, сатып алу және заңнамалық актілерді норма­лардың артық (шамадан тыс) заң­намалық регламенттелуі тұрғысы­нан ревизиялау, Әкімшілік құқық­бұзу­шылық туралы кодекске өз­герістер енгізу, трансферттік баға белгілеу мәселелері (екінші оқы­лым), Еуразиялық экономикалық одақпен және Өзбекстанмен хатта­маны ратификациялау туралы заң жобалары. 

Екінші оқылымда қабылданған транс­ферттік баға белгілеу мәселелері бойынша Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі, жұмыс тобының жетекшісі Әділ Жұбанов айтып берді. 

«Трансферттік баға мәселелері бойынша түзетулерге бес тұжырымдамалық бастама енгізіледі. Біріншіден, нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдану жетілдіріледі. Салық төлеуші үшін де, тексеруші органдар үшін де әкімшілік шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін халықаралық мәміленің сипатына байланысты сол немесе басқа әдісті дәлірек анықтау ұсынылады. Екін­шіден, нарықтық диапазонды анықтау механизмі қайта қаралды. Экстремалды мәндерді қоспағанда, оны нақты бағаларға дейін қысқарту қарастырылады», – деді Ә.Жұбанов.

Сондай-ақ капиталды шығаруға бақы­лауды күшейту үшін тараптардың өзара байланысын анықтау кеңейтілді. Елдің тауар биржаларында жасалған мәмілелердің трансферттік баға белгілеуін бақылау қарастырылған. Сонымен қатар есеп беру талаптары өзгереді. Енді бейрезидент өзара байланысты тұлғалармен мәмілелерді жүзеге асыратын барлық салық төлеушіге жүктеледі.

«Ұсынылып отырған өзгерістер әділ нарықтық бағаны анықтау арқылы халықаралық іскерлік операцияларда мемлекет кірісін арттыруға бағытталған. Ең бастысы, олар капиталды әкетуге және салықтан жалтаруға жол бермеуді көздейді», – деді Ә. Жұбанов. Дауыс беру қорытындысы бойынша депутаттар заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді. 

 Бұдан соң Мәжіліс 2014 жылғы 29 ма­мырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Құжат туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндама жасады. Ол отандық кәсіпкерлер электронды цифрлық қолтаңба арқылы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің электронды сатып алуларына қатыса алатынын, тауарлардың импорты мен экспортына электронды форматта рұқсат беру мүмкіндігі қарастырылғанын және басқа да өзгерістер барын айтты.

 «Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің одақтың бірыңғай тізімінде болмаған зиянды организмдерге қатысты шұғыл фитосанитариялық шаралар енгізіледі. Бұл ретте тараптар мұндай ша­раның енгізілгені туралы қалған елдерді алдын ала хабардар етуі тиіс. Мұндай жағдайларда өзара хабарлау тәртібін комиссия әзірлеп бекітеді. Еуразиялық үкіметаралық кеңеске тұтынушылардың құқығын қорғау үшін мүше мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл бағдарламасын бекіту құқығы беріледі. Бұл ретте тұтынушылардың құқықтарын қорғау функциясы ұлттық құзырет болып қала береді», – деді ол.

Сондай-ақ депутаттар 2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан мен Өзбекстан үкі­меттері арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов құжатта тараптардың азаматтары үшін бірдей негізде уақытша есепке тұрмай, екі ел аумағында 30 күн болу мерзімі белгіленгенін айтты.

«Мерзім аяқталғаннан кейін олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Негізгі себептері – жұмыс, емделу, оқу, кәсіппен айналысу. Осылайша, біз көші-қонды бақылаймыз. Одан басқа болу мерзімдерін жаңарту мәселесі шешілмек. Бірақ олар алты ай ішінде 90 тәуліктен аспауы тиіс», – деді Е.Сәденов.

Мәжіліс комитеттері бірқатар заң жобасын жұмысқа қабылдады: күзет қызметі мәселелері бойынша; сатып алу және заңнамалық актілерді нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуі тұрғысынан ревизиялау мәселелері туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жауапкершілікті күшейту туралы тапсырмасын орындау үшін депутаттардың бастамасымен әзір­ленген әйелдердің құқықтары мен бала­лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер бар. Мәселен, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өз­герістер енгізуде депутаттар ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді қазіргі әкімшілік жауапкершіліктен қыл­мыстық жауапкершілікке жатқызу және жазасын әлдеқайда қатаңдату, сондай-ақ жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ зор­лық-зомбылық туралы кез келген ақ­­парат негізінде тиісті шараларды қа­был­­дау құқығын беру сынды негізгі нормаларды ұсынып отыр. Егер заң қазіргі нұсқада қабылданар болса, отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлқын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігі берілмек. Одан бөлек, педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру ұсынылып отыр. Суицидті насихаттау немесе суицидке итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі, балаларға арналған интернаттық ұйымдарға алдын ала ескертпей-ақ, кез келген уақытта оларды тексеру және тағы да басқа маңызды нормалар бар.

Жалпы отырыс соңында мәжілісмендер жауапты мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 21 депутаттық сауал жолдады. Депутат «AMANAT» партиясы фракциясы­ның Мәжі­лістегі жетекшісі Елнұр Бей­сенбаев Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісіне қатысты мәселені көтерді. Мұндай оқиғалардың елімізде көп екеніне назар аудартқан ол осы күнге дейін депутаттық корпус бірнеше рет медицина жүйесінің қызметкерлерін қорғау үшін арнайы статус бекітуді ұсынса да Үкімет әлі күнге дейін шешім қабылдамай келе жатқанына наразылығын жеткізді.

«Адам өмірін сақтау үшін арпалысатын ақ халатты жандарды арнайы қызмет көрсетуші өкіл ретінде заңмен қорғауымыз керек. Бұл – уақыт күттірмейтін шешім! Бұл бір ғана оқиға емес. Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығудың қандай қайғылы жағдайға соқтырғанына бәріміз куә болдық. Бұл жария болғандары ғана. Жабулы қазан жабулы күйінде қалғандары қаншама? Сондықтан мұндай жағдайға мүлдем жол беруге болмайды. Өткенде Бишімбаев, бүгін Дәкебаев, ертең кім болады сонда?! Бұл жағдай нені көрсетіп отыр? Ең алдымен, тиісті органдардың өз жұмысына салғырт қарап, құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын дұрыс ұйымдастырмағанын көрсетеді. Екіншіден, көпшілік қарапайым ғана құқықтық қағидаларды білмейтінін бай­қатады. Олар өз құқығын былай қой­ғанда, заң алдындағы міндеттері мен жауап­кершілігінен де хабарсыз. Заң мен тәр­тіпті бәріне бірдей қағидатын ұстану – әрбіріміздің міндетіміз. Үшіншіден, ұлттық құндылықтардан ада, әдеп пен ар-ұятты артта қалу деп санайтын, адам­шылыққа жат ойлармен санасы уланған азаматтар қалыптасып келеді. Бұл ешқандай жақсылыққа апармайды. Салдарын көріп отырмыз. Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін, әрбір азаматтың құқығы қорғалған, өз өмірі мен денсаулығына қауіптенбейтін әділетті Қазақстанды қалаймыз және оны құрамыз», – деді ол.

Бүгінде ең өзекті міндеттердің бірі – нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу және қоғамда есірткіге мүлде төзбеу мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе, бұл ірі қалаларда ерекше проблемаға айналып отыр. Осынау қоғамдық дертке тосқауыл қою туралы жоғары деңгейде бірнеше рет тапсырмалар берілсе де, өкінішке қарай әлі күнге айтарлықтай нәтиже жоқ. Мәселен, 2023 жылғы қаңтар мен қарашаның қорытындысы бойынша елімізде есірткіге байланысты 7 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,1%-ға артық. Соңғы 5 жылда тәркіленген «синтетиканың» саны 100 есеге артқан. Былтыр «қара нарықтан» тәркіленіп алынған есірткінің құны 20 миллиард теңгеден асады. Бұл қолға түскені ғана. Ал мұның сыртында айналып жатқаны қаншама. Көрсетілген цифрлар елімізде есірткінің тамыр жайып, белең алып кеткенін көрсетеді. Бұлай кете берсе, елдігімізге қауіп төндіреді. Сондықтан бұл тажалға бүкіл қоғам болып қарсы тұрып, бірлесе күресуіміз керек.

«Деректерге сүйенсек, синтетика қолданғандар қырыққа жетпей қыршы­нынан қиылады екен. Есірткіге елтіп, мәңгіру мен торығудың да соңы өлімге әкеліп соғады. Ағзаның мезгілінен бұрын тозып, айықпас ауруға ұшырауы да осы есірткінің салдары. Мамандар есірткіге тәуелді 20 жастағы адамның ағзасы жетпістегі қариямен тең екенін айтады. Бұл – нағыз дабыл қағарлық жағдай! Осыған байланысты Сізден барлық мүдделі өкілетті және жергілікті атқарушы органдарды тарта отырып, есірткіге қарсы күреске жұ­­мылдыруда мемлекеттік деңгейде ұзақ­мерзімді жүйелі бағдарлама дайындап, Президенттің тапсырмасына сәйкес қатаң қадағалауға алуыңызды сұраймыз. Бұл ретте заңнамалық, құқық қорғау, әлеу­меттік, экономикалық, медициналық, насихаттық және әкімшілік сипаттағы кешенді шараларды қолға алған жөн. Сонымен бірге ел азаматтарын да осы мә­­селеге сергек қарап, есірткіге қарсы кү­­рес­ке белсене атсалысуға шақырамын», – деді осы мәселеге назар аудартып Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдаған «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дәулет Тұрлыханов.

Ал депутат Мұрат Ергешбаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында Қызылорда облысындағы шыны зауытының мәселесін көтерді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Америка, Еуропа, Азияның дамыған мемлекеттерін аралап, дүниежүзіне танымал кәсіпорын басшыларымен кездесіп, оларды елімізге жұмыс істеуге шақырып жүр. Осындай жұмыстың нәтижесінде елімізде озық жабдықтармен жабдықталған шыны өндірісі пайда болған еді.

«Қызылорда облысында орналасқан Orda Glass Ltd кәсіпорны – еліміздегі жалғыз шыны зауыты. Жобаға инвесторлардың жеке қаражаты есебінен 46 млрд теңге құйылған, 373 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт іске қосылғаннан бері 173 мың тонна өнім шығарып, оның 70%-ы ішкі нарыққа сатылса, 30%-ы көрші елдерге экспортталған. Бірақ қазір шетелден келген шыны (импорт) көбейді. Себебі өзге елдердің үкіметтері отандық тауар өндірушілерге қолдаудың әр алуаны механизмін жасап отыр, мысалы қосымша құн салығын қайтарып беру, газ бағасын арнайы тарифпен төмен беру және тағы басқалар. Осындай мемлекеттердің отандық өндірушіні қорғау әрекеттері арқасында импортталатын шыны бағасы төмен. Осы аталғандар негізінде, жобаның еліміз үшін маңыздылығын ескеріп, отандық тауар өндірушілерге қолдау жасап, төмен бағамен келіп жатқан өнімдерге зерттеу жүргізіп, шара қолданып, мемлекет бюджетінен салынып жатқан құрылыс объектілеріне отындық шыныны пайдалануды талап ету арқылы, өзіміздің отандық өндірушіні қолдауды сұраймыз», – деді ол.

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Жұлдыз Сүлейменованың Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалы бюджеттік мекемелердегі еден жуушы, плотник, сантехник, аула тазалаушы, электрик секілді қарапайым еңбек адамдарының еңбекақысын арттыру және әлеуметтік кепілдемелерін қарастыру туралы болды. 

«Жыл сайын Үкімет тарапынан азаматтық қызметшілердің жалақысында біліктілік санаттарына қолданылатын коэффициенттерді арттыру қарастырылып, жалақылары кішігірім өсіп келеді. Өкініштісі сол, бюджеттік мекемелердегі еден жуушы, аула тазалаушы, сантехник, плотник, элек­трик секілді қарапайым еңбек адамдары азаматтық қызметшілер реестірінде бол­мауынан, Үкімет тарапынан азаматтық қызметшінің айлығы арттырылғанда осы еңбегі ауыр жұмысшылардың мүддесі ескерілмей келеді. Әсіресе, денсаулық сақтау, оқу-ағарту саласындағы ең ауыр жұмыстарды атқаратын жұмысшылардың айлық жалақысы төмен. Мысалы, мектептердегі еден жуушы – 82 856 теңге, электрик – 81 575 теңге, аула сыпырушы 79 317 теңге алады. Бүгінде тек орта білім саласында 261 мыңнан астам осы санаттағы жұмысшылар бар, олардың 254 мыңы қолына тиетін айлық жалақысы 74 мың теңгеден 85 мың теңге аралығында. Біз өңірлерді аралағанда бюджеттік еңбек ұжымының барлығында дерлік осы сұрақ көтерілді», – деді ол.

Оның айтуынша, бюджеттік меке­мелердегі орта және кіші буын мамандары мен қызметшілердің еңбекақысын ке­мінде екі есеге көтеру қажет. Атқаратын жұмысының күрделілігіне және ауырлығына әрі ерекшелігіне қарай лайықты жалақы тағайындалуға тиіс. Ал «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Ұласбек Сәдібеков Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Түркістан облысындағы екі ауылдың жағдайына назар аудартты.

«Біріншісі, Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылы – еліміздегі ең үлкен ауылдық округтердің бірі. Қазір онда 60 мыңнан астам тұрғын бар, мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Елімізді етпен қамтамасыз етіп отырған бұл елді мекеннен жылына 36 мың тонна ет сауда орындарына жіберілсе, 3 мың тоннадан астам ет экспортталады. Ауылдың инфрақұрылымы жылдан-жылға жаңарып келеді. Дегенмен ауыл тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Бұл мәселеге қатысты жобалық-сметалық құжаттар дайын, мемлекеттік сараптамадан да өткізілген. Ендігі жерде жобаға сәйкес жұмысты атқару үшін қазынадан 9 млрд 350 млн тенге қаражат қажет. Оған жергілікті бюджеттің шамасы жетпейді. Сондықтан ауыл халқы бар үмітін Астанаға артып отыр.

Екінші мәселе, Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінен бастау алатын топтастырылған су құбыры арқылы 12 елді мекеннің тұрғындары ауызсуды пайдаланады. Негізгі көзі ретінде су көлемі секундына 4,0 текше метрді құрайтын Балдыберек өзені алынған. Аталған ашық су көзінен тұрғындардың ауызсуды тұтынып келе жатқанына 8 жылдың жүзі болды. Жылдың көктем немесе күз айларында ауа райының жауын шашынды болуынан өзен суы лайланып, судың сапасы төмендеп кетеді. Бұл өз кезегінде тұрғындар тарапынан әлеуметтік наразылықтар тудыруда», – деді ол.

Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін елді мекеннің айналасындағы барлық су көзі зерттелген. Оның қорытындысында Балдыберек өзенінен бастау алатын жер­дегі «Бақырауық» деген бұлақтың дебеті жеткілікті екені анықталған. Аталған бұлақ мемлекеттік табиғи «Ақсу Жабағылы» қоры­ғының аумағынан өтетін өзенінің бо­йында орналасқан. Төңкеріс елді меке­ніндегі су жинағыш резервуарға дейін 5,6 шақырым су құбырын тартатын болсақ, 26 мыңға жуық халықтың ауызсуға деген тапшылығын толығымен шешуге болады. Келесі бір депутат Абзал Құспан Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында Қазақстан тәуелсіздік алғалы назардан мүлдем тыс қалған пенитенциярлық жүйеге назар аудартты.

«Егер біз дамыған елдер қатарына қо­сылуды мақсат тұтсақ, онда адамның ең негізгі құқықтарын сақтау жөніндегі халықаралық шарт талаптарын орындауға ұмтылуымыз керек. Бүгінгі мәселе – тұт­қындалған және сотталған, яғни арнайы контингентке арналған мекемелер мен тергеу изоляторлары, көпшілікке түсінікті тілмен айтсақ, түрмелердің жағдайы ту­ралы болмақ. Қазақстанда қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 1 500-дей ғимарат болса, соның 60%-ның (900-дей ғимарат) жағдайы қанағаттанарлықсыз, ал, 20% (338 ғимарат) – апаттық жағдайда. Тәуелсіздік алғалы еліміз бойынша жаза өтейтін бірде-бір жаңа мекеме салынбаған, тергеу изоляторына келетін болсақ, Алматы қаласында ғана бір ғимарат 2012 жылы пайдалануға берілді», – деді ол.

Оның айтуынша, жаза өтейтін мекемелер негізінен жүздеген сотталған бірге тұратын барак типті болып келеді. Ол өз кезегінде түрмелік субмәдениет пен теріс діни ағымдардың кеңінен таралуына жағдай тудырады. Ескілігі сондай, 2021 жылы Маңғыстау облысындағы қатаң режимдегі колонияда ғимарат опырылып құлап, үш адам үйінді астында қалып қаза болған. Тіпті, Оралдағы тергеу изоляторында ерлердің қабырғаны тесіп әйелдер жағына өтіп жүргені туралы видео былтыр бүкіл әлеуметтік желіге тараған. Сол Орал қаласында бұдан 11 жыл бұрын мемлекеттен қаржы бөлініп, 23 гектар аумақта жаңа тергеу изоляторының құрылысы басталған болатын. Алайда орта жолдан жергілікті прокуратура құрылысы аяқталмаған обьектіден 1,5 млрд-қа шығын тауып, компанияның атқарушы директорын соттап, нәтижесінде құрылыс қаңтарылып қалған. Соның салдарынан аяқталмаған құрылысты аяқтау үшін бюджеттен қосымша тағы шамамен 6-10 млрд төңірегінде қаражат керек. Себебі құрылыс нысаны осы он шақты жыл көлемінде тозып әрі тоналған. Тізбелей берсе, мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Қалай болғанда да қылмыстық атқару жүйесіне Үкімет деңгейінде назар аудару қажет.

Нұрлан ҚОСАЙ