Заман алға озып, әлеуметтік желі қаншалықты дамыса да, қазақ басылымдары өз маңызын жоймайтыны белгілі.
Шолпан Ұғыбайқызы: Оқырманға адал болуды мақсат тұттық
4,650
оқылды

Осындай басылымдардың ішінде өзіндік орны бар, қазақ әйелдерінің ақылшысына, арулардың сырласына айналған «Ақ босаға» газеті тәуелсіздікпен қатарласа жарыққа шыққан болатын. Бұл газетті «егемен еліміздің төл перзенттері мен төбе билігі арасындағы алтын көпірі» деп мақтанышпен айта аламыз. «Ақ босаға» – ұлттық құндылық­тары­мызды, ұмытыла бастаған әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртқан басылым. Ұлттық басылым күні қарсаңында осы «ардагер» газеттің құрылтайшысы Шолпан Ұғыбайқызымен әңгімелестік.

– Шолпан апай, 2 ақпан – «Қазақ» газетінің дүниеге келген күні. Бұл күні Ұлттық басылым күні болып аталды. Ұлттық басылымдар қазір көп емес, санаулы ғана. Сол санаулылардың қатарында «Ақ босағаның» да орны бөлек. Ұлттық басылым дегенде, ойға не оралады?

– Ең алдымен, «Түйенің жейтіні – жантақ» демекші, баспасөз саласында аяғын талдырып ел кезіп, қаламсаптары қолдарынан түспеген үлкенді-кішілі әріптестерімді осынау атаулы мерекесімен құттықтап қояйын. Сондай-ақ қазақ баспасөзінің бастауында болған аяулы да ардақты аға-апаларымыздың рухына тағзым етелік!

1991 жылдың 7 ақпаны күні алғашқы саны «Ырыс алды – ынтымақ» ұранымен жарыққа шыққан «Ақ босаға» газетінің бастауында болғанымды мақтан етерімді несіне жасырайын. Газет отыз жыл өмір сүрді. Елдің сүйікті басылымы атанып, өз кезінде дәуірледі. Сол жылдар ішінде қасымда жүрген журналистер қазір шеттерінен қаламы қарымды қаламгерге айналды. Жанар Қойлыш, Шалқар Әбілдаева, Мәдина Дүйсекова, Бейбіткүл Тоқабаева, Лаура Күзен, Гүлнәр Жақсыбаева сияқты қаламгерлерге «құда түсуші» редакторлар да болды. Алайда бәрі де «Ақ босағаларына» адал боп қалды.

Ұлттық басылым дегенде, әлемдік өркениеттен қалмай, халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері мен тәрбиесін әрдайым алға тартып келе жатқан газет-журналдар, оларда қызмет істеген замандастарым еске түседі екен. Мені білетін әріптес-ниеттестердің бәріне «Айқынның» бетінде дұғай сәлем айтпақпын.

– Тәуелсіздік алған елең-алаң тұста жарық көрген басылымның көшін сүйрегеніңізге 30 жылдан асыпты. 30 жыл бір басылым үшін аз ба, көп пе?

– Шындығында, «Ақ босаға» жарыққа шыққан кездер елең-алаң кезеңдер еді. Солай болса да, бабаларымыз сан ғасыр армандап күрескен Тәуелсіздік бойымызға алапат күш, жүрегімізге қуаныш пен сенім әкелді. Ұлтшыл азамат ретінде қазаққа күн туғанда еліміз үшін еңбек етуге құлшына кірістік. Сол себепті де «Ақ босағаның» қабырғасында өндіре еңбек еткен 30 жылды аз да, көп те дей алмаймын. Әсіресе, күтіп жүріп оқыған апа-сіңлі, құрдас-құрбыларға ризашылығым өзіме де сенімділік сыйлағанын баса айтқым келіп тұр.

– Нарыққа ыңғайланып, табыс тауып отырған басылымдар сирек. «Ақ босаға» қалай бейімделді? 

– Нарыққа бейімделе алмадық. Олай дейтінім – қазынадан қаржыландыратын газеттер сияқты қаржыны бір қалтадан алып, екіншісіне салып, сапырып отыратын мүмкіндік берілмеді. Ден қойып сұрамадым да. Қазына қаржыландырса, газет бетінің белгілі көлеміне билік адам­­дарының тірліктерін күйттеген мақалалар, сұхбаттар, репортаждар жариялауға тура келер еді. Сондықтан саналы түрде халқымыздың орташа күйінде өмір сүруді, яғни оқырманға адал болуды місе тұттық.

– Ұзақ жылдар бойы «Қазақстан әйел­дері» журналы қазақ қыз-келіншектерінің серігі бола білді. «Ақ босаға» ұлттық басылым ретінде журналдың орнын алмастыра алды ма?

– Иә, сауатымыз ашылып, мерзімді басылымдар оқи бастағанда қыз баласы ретінде алғаш оқығанымыз «Қазақстан әйелдері» журналы еді. Оның да міндеті – қазақ қыз-келіншектерінің мәртебесін көтеру болды. Бала кезімде үйге өте көп баспасөз өнімдері келетін. Солардың ішінде осы журналдағы қыздардың суреттерін қарайтыныма қатысты бір жайттың еске түсіп кеткені... 

Мақсот деген немере ағам болды. Өте бауырмал, ақкөңіл жан еді, өмір бойы сыйлап өттік ол кісіні. Ағам әскерден келгенде көкелеріміз «үйлен тезірек» деп бұйырып жататын. Содан мен ағама қыз таңдауға кірісіп, журнал ақтарам да, сұлу қыздардың суреттерін көріп, «мына қыз­ды алыңыз» деп көрсететінмін. Сондай қызық кезеңдер еді. Бұл да болса, журналдың оқырманға әсері деп ойлаймын. 

Журнал да, газет де баспасөз өнімі болғанымен мүмкіндіктері бөлек. Журналда материал ескірді деген ұғым болмайды, ал газет едел-жедел ақпарат беруге тиіс.

– «Қараңғы түнекте иненің жасуындай бір сәуле көрінсе, әлгі қараңғылықтағы бар тіршілік соған талпынады. Әйел за­ты – сәуле-шуақтың ұясы, жылу көзі. Әркім, әр әйел азынаған тірлікте өздері қор­­­ған болуға тиіс. Қазіргі ақыл мен сананың әкетілуінен қасірет шегіп отырған дүниеде әйел ғана тірек бола алады», – деген едіңіз. Біз бүгінгі қоғамда бар ауыртпалық­тың бәрін әйелдің иығына артып қойған жоқпыз ба?

– Бұл – бір данышпан әйелдің сөзі сияқты әсер етіп отырғаны... Еее, айтсақ айтқан да шығармыз. Әйелдің де түрі бар, кейбіреу өмірбойы әйел екенін алға тартып, заң соғып жүреді. Басқасы, үйдің де, түздің де міндетін мойнымен арқалап өтеді. Мен үшін осы – қазақ әйелінің моделі.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық көбеймесе, азаймай тұр. Бұған Нүкенова тағдыры нақты мысал бола алады. Қо­­ғамдағы қазақ әйелдерінің әлеуметтік жағдайы туралы отыз жылдай «Ақ босаға» газетінде жазып келдіңіз. Бұған біз тосқауыл қоя аламыз ба?

– Физикада аттас зарядтар, қарсы зарядтар деген ұғым бар ғой. Өмірде әйел өз орнын білсе, еркек өз орнын білсе, идеал болар еді. Көп салада қыз-келіншектер алға шығып кетті. Соны ішкі еркектік эгосын жеңе алмаған соң, еркектер (ер азамат емес) ішкі қызғаныш­­­­тан істейді. Бірақ тәубе, қоғамда қатар еңбек етіп, отбасы сәнін келтіріп жүрген жұптар аз емес. Лайым солай болғай!

– «Біздің қоғамымыз әйелдің қолын жылы суға малып отырғызатын деңгейде емес». Қашан қоғам бұған дайын болады?

– Дұрыс айтасың! Қазір әйелдің өзі ошақ қасынан шығып кеткен соң, аттан түсе салу қиын-ау... Меніңше, әйел заты тек декретте отырғанда ғана жылы сумен көбірек жұмыс істейді. Олай болса, мүмкіндігінше дүниеге көбірек сәби әкелсін! Біздің жас кезімізде әйелдер консультациясы екіқабат әйелдерге анау деп, мынау деп ағзадан кемшіліктер тауып, ұрықты алып тастауға жалаңдап отыратын. Қазірде ойлап қарасам, ол қазақтың санын көбейтпеуге деген іс-шара екен.

Аллаға шүкір, қазақ әйелі отбасына да, Отанына қызмет етіп келеді. Аналарымыздың көз жасы құры төгілмесін, жыласа тек, қуаныштан ғана жыласын деген тілегім бар. 

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ