Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатында негізгі жетістіктерді атап көрсетті.
Біз биылғы жылы БҰҰ тұрақты даму мақсаттарының халықаралық өлшемдеріне қол жеткізудің үшінші кезеңін аяқтаймыз. Бүгінгі күні Қазақстанның мақсаттарға қол жеткізу мониторинг жүйесі 280 индикаторды қамтиды, оның 205-і ғаламдық, ал 75-і ұлттық индикаторлар. 2030 жылға дейін тұрақты дамудың 17 мақсаты қамтылатын болады.
Оның ішінде маңыздысы – халықтың толық қатысуына негізделген ашық қоғамды құру, адам құқықтарын қорғау, барлық деңгейде тиімді, есеп беретін Әділетті мемлекет құру, «Мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидатын орындау.
2019 жылдан бастап елімізде демократиялық құндылықтар негізінде Қазақстанның саяси жүйесін трансформациялау және жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды, саяси реформалардың 4 пакеті іске асырылды.
Осы сияқты сыртқы саясат, экономика, әлеуметтік, гуманитарлық салаларда әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жүріп жатыр.
Былтыр біз жоспарлы түрде белгіленген мақсаттарға жету үшін әр салаға қатысты негізгі заңдардың басым бөлігін қабылдадық.
2023 жылы 92 заң талқыланып, 64-не Мемлекет басшысы қол қойды.
Биылғы жыл өте маңызды, себебі елдің алдағы бес жылы әлеуметтік- экономикалық, құқықтық, гуманитарлық даму циклінің негізі болмақ.
Осыған орай депутаттар саяси жаңғыртуды аяқтау ісін жалғастырады және маңызды парламенттік бақылау жұмысын атқарады. Парламенттік бақылау – демократиялық мемлекеттер жүйесінің ажырамас бөлігі, мемлекеттік бақылаудың бір түрі. Біздің мақсатымыз – атқарушы органдармен өзара іс-қимылды өзектендіре отырып, елге қызмет ететін заңдарды дайындау, талқылау, қабылдау және ең бастысы орындалуын қамтамасыз ету.
Парламенттік бақылау – бюджеттің атқарылуын, халықаралық келісімдерді ратификациялау, импичмент рәсіміне қатысу, сенімсіздік білдіру, парламенттік тыңдаулар, сондай-ақ өзге де парламенттік рәсімдер сияқты нысандарды қамтиды.
Бұдан басқа, Парламент палаталарының дербес өкілеттіліктері – Президент ұсынған республиканың лауазымды адамдарын қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға келісім беру, сайлау, Үкімет мүшелерін қызметке тағайындау үшін кандидатуралар бойынша Парламент Мәжілісімен консультациялар өткізу бақылау тетігінің бір бағыты.
Конституцияға сәйкес Парламентке республикалық бюджетті және оның орындалуы туралы есептерді бекіту құқығы беріледі. Есепті мақұлдамау Үкіметке сенімсіздік білдіру дегенді білдіреді. Бұдан басқа, әрбір палата депутаттардың жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Үкімет мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға, ал қажет болған жағдайда оны қызметтен босату туралы республика Президентіне жүгінуге құқылы.
Парламенттің маңызды бақылау өкілеттігі депутаттық сауал болып саналады. 2023 жылы Парламент депутаттары 700-ге жуық депутаттық сұрау жолдады.
Алайда бақылаудың бұл түрі одан әрі жетілдіруді талап етеді.
Ең алдымен сұрауларды қарау мерзімдерін нақтылау қажет, жауаптар жалпылама сипатта болмауы керек. Уәкілетті органдардың жауаптарында кез келген мәселелер бойынша толық ақпарат пен түсініктемелердің қамтылуы қарастырылмаған.
Парламенттік бақылаудың тағы бір нысаны – депутаттардың Конституция нормаларын ресми түсіндіруге қатысты Конституциялық Сотқа жүгіну құқығы, сондай-ақ Президент қол қойғанға дейін Парламент қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін қарау. Конституциялық Сотқа палаталардың төрағалары мен Парламент депутаттарының 1/5-і жүгіне алады.
Бірақ қазіргі саяси жағдайларда заң шығару саласындағы Парламент түрлі себеп пен жағдайға байланысты өзінің нақты мүмкіндіктерін пайдаланбауда.
Мысалы, Парламент сенімсіздік білдіруге байланысты өкілеттіктері бола тұра парламенттік тыңдаулар өткізу арқылы кең қоғамдық резонанс тудырған сыбайлас жемқорлық, құқықбұзушылықтар бойынша наразылық білдіреді, ал елеулі шаралар әлі қабылдаған жоқ.
Мұндай жағдайда Парламент конституциялық процестің бағыты мен сипатына нақты әсер ете алмайды, билік қатынастарының толыққанды субъектісі ретінде әрекеті қанағаттандырылмаған, бюджеттік құқықтық қатынастар саласында тиімді бақылау қалыптаспаған, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын тергеу үшін комиссиялар құруға негіз жоқ.
Тағы бір тосқауыл – партиялық тізімдер бойынша сайланған депутаттың өз партиясының ұстанымына деген байланыстығы және партиядан өзгеше пікір білдіру мүмкіндігінің болмауы, қатаң партиялық тәртіп, сондай-ақ депутаттық корпустың жеткіліксіз жоғары кәсіби деңгейі. Сондықтан заң шығару әлеуетін арттыру үшін кандидаттарға неғұрлым қатаң талаптар қою қажет.
Осылайша, Конституцияны құқықтық қорғау тетігіндегі Парламенттің рөлін арттыру үшін сайлау заңнамасын жетілдіру және мемлекеттік саясатты қалыптастыруда саяси партиялардың құқықтарына кепілдік беру қажет.
Саяси-идеологиялық әралуандылық парламенттік бақылау нысандарының тиімділігін арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды, заңдардың сапасын арттырады, парламентаризм қағидаттарын нығайтады, дамудың либералды-демократиялық векторының негізі қаланады.
Қазақстанда тиімді парламенттік бақылаудың қалыптасуы мен депутаттардың белсенділігін арттырудың тағы бір тежеуші факторы Үкіметтің заң жобаларына оң қорытынды беру құқығын белгілейтін қайшы нормалардың болуы. Егер Үкімет енгізген заң жобасы қабылданбаса, Премьер-Министр сенім туралы мәселе қоюға құқылы. Бұл норма сенімсіздік вотумы шығарылған жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің қалауы бойынша Парламенттің таратылуына немесе Үкіметтің отставкаға кетуіне әкеп соғуы мүмкін. Нәтижесінде, үлкен саяси дағдарыс туғызуы мүмкін. Бұл Конституциялық бапта тежеу мен тепе-теңдік жүйесіне ешқандай қатысы жоқ, өйткені ол жоғары заң шығарушы органды атқарушы билікке бағынышты жағдайға қояды.
Барлықтарыңызға мәлім, Парламент – заң шығарушы орган. Ал кім айта алады, бүгін республикамызда қанша заң бар? Менің пайымдауымша, 6 Конституциялық заң, 41 кодекс, 301 Негізгі заң бар. Ал 2,5 мың заң қолданыста, оның 90 пайызына өзгерістер мен қосымшалар енгізілген. Осыдан-ақ Парламент, Парламентаризм институтының жұмысының ауқымдылығын көруге болады. Сонымен қатар бұл заңдарды халық біледі деп айту өте қиын. Мемлекет басшысы Парламент депутаттарына негіздемелік заңдар қабылдауды ұсынған болатын. Ойланатын нәрсе көп.
Жоғарыда айтылғандарды ескере келіп, «Қазақстан Республикасындағы Парламенттік бақылау туралы» дербес заңның қабылдануы өзекті мәселе болып қала береді.
Заң жобасы Парламенттік бақылаудың ұғымы мен шектерін, түрлері мен нысандарын, құқық салдарын, Парламент палаталарының, парламенттік комитеттер мен комиссиялардың, сондай-ақ жекелеген депутаттардың өкілеттіктерін нақтылауға тиіс. Парламенттік рәсімдер шеңберінде Парламенттік тергеу институтының, депутаттық сауалдың ерекше статусын қарау орынды.
Бүгінде парламенттік бақылау құзыретті органдармен, мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен құқықбұзушылықтарды тергеуге, депутаттық сауалдарды елемейтін лауазымды адамдарды жауапқа тартуға мүмкіндік бермейді. Тиімді парламенттік бақылау шындап келгенде, халықтық бақылаудың жанама түрі.
Аталған шараларды іске асыру қазақстандық қоғамды одан әрі саяси жаңғырту және елдің жоғары заң шығарушы органның қызметіндегі конституциялық заңдылықтың кепілдіктерін арттыру процесінің ажырамас факторы болмақ.
Айтылған кемшіліктерге қарамастан елімізде аз мерзім ішінде жүйелі түрде демократиялық заңдар, әлеуметтік нормалар мен ережелер қабылданды, терең саяси және экономикалық реформалар атқарылды, тәртіп үстемдігі болды, ұлттың саяси санасы өзгерді.
Ескі жүйе орнына демократиялық қағидаттарға негізделген қайта құру үдерісі толық реттелді. Стратегиялық мақсатымыз – Әділетті мемлекет, әділетті экономика, әділетті қоғам құрудың алғашқы шарттары іске асты.
Күрделі геосаяси жағдайда мемлекетіміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Қазақстан мемлекеттілігін нығайтып, өзінің егемендік ұстанымына берік болды.
Біз озық ойлы ұлт ретінде тек болашаққа бағдарланған мемлекетпіз. Тәртіпке, яғни заңға бағынған адам құл болмайды. Мемлекетімізде заң үстемдігін қамтамасыз етуге бәріміз атсалысайық.
Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
Сенат депутаты