Кәсіпкер цехын кеңейтіп, толық циклді қызмет көрсету базасын ашуға ниетті. Осылайша, бұрындары бұзылған электр қозғалтқыштарын берісі Талдықорғанға, арысы Алматыға апарып жөндететін текеліліктер енді алысқа арбаламайтын болды.
Негізгі мамандығы электрик Юрий Семичев тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдап, алдымен үйінде шағын электр қозғалтқыштарын жөндеумен айналысқан. Қалада мұндай қызметке сұраныс жоғары екенін ол өз тәжірибесінен жақсы біледі. Өйткені қазірде кез келген жұмыста электр қозғалтқышы қолданады. Ал оны жөндеу мен қалпына келтіру оңай жұмыс емес, әркімнің қолынан келе бермейді. Кәсіби мүмкіндігін тиімді пайдаланған шеберге мемлекеттің қолдауы ықпал еткені рас. Ол 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында 5 миллион теңге грант алып, мақсатты игерді.
«Грант қаражатының жартысы жөндеу жұмысына арналған материал сатып алуға жұмсалды, оны шағын көлемде сатып ала алмайсың. Мысалы, бір катушканың салмағы 20 келі, оның 10-15 түрі керек. Әріптестерімнің материал сапасы жайлы айтқан кеңесіне сүйене отырып, Ресей мен Өзбекстанда жасалғанын әкелдім. Сондай-ақ үлкен электр қозғалтқыштарын көтеретін контейнер мен арқалық кран сатып алдық. Оған қосымша өз қаражатымды салдым. Қазір табысты жұмыс істеп жатырмыз. Текелі тау-кен байыту кешенінде жұмыс істеген кезімнен таныс клиенттердің көпшілігі қазір де хабарласып, мені тауып алып жатады», – дейді кәсіпкер.
Цех әзірге шағын, соған қарамастан Көксу, Қаратал аудандары мен Талдықорған, Текеліде орналасқан кәсіпорындардың көпшілігі осы кәсіпорынның қызметіне жүгінеді.
«Электр қозғалтқыштарының барлығын дерлік жөндейміз. Миксер, электр ет тартқышы, бұрғы, болгарка, сондай-ақ зауыттарда желдеткіштер мен диірмендердің жұмыс істеуіне серпін беріп тұрған үлкен электр қозғалтқышты да жөндейміз. Текеліде тас өңдейтін кәсіпорындар аз емес, олар бізге жиі хабарласады. Қозғалтқыштардың ең ірісінің салмағы 2 тонна, қуаты 160 кВт-қа жетеді. Жылу электр стансаларында қолданатын электр қозғалтқышын да жөндейміз. Оған біліміміз де, тәжірибеміз де жетеді, тек қосымша құрал-жабдықтар керек», – деді шебер.
Мұндай ауқымды жұмысты жалғыз атқару мүмкін емес. Сондықтан Юрий Семичев білікті көмекші ретінде жанына немере інісі Алексейді алған. Шеберлігі жағынан ағасынан кем түспейтін жас маман Томск политехникалық университетін бітіріп, электротехникалық зауытта тәжірибеден өткен. Туған жерге оралған ол «РСК» ЖШС-да бірнеше жыл мамандығы бойынша жұмыс істеп, қазір ағасымен бірге жеке кәсіппен айналысып жүр.
«Кез келген тау-кен құрылғысы, мейлі ол ұсатқыш болсын, диірмен болсын, желдеткіш болсын, қай-қайсысы да электр қозғалтқышымен жұмыс істейді. Ол ұзақ уақыт үздіксіз жұмыс істегенде тозады, қатты қызатындықтан мыс сымдары жиі күйіп кетеді. Бізге негізінен 0,5 кВт-тан 160 кВт-қа дейінгі әртүрлі қуаттағы электр қозғалтқышын әкеледі. Оралған мыс сымдарының диаметрі 0,25 милеметрден 1,50 милеметрге дейін жетеді. Электр қозғалтқышының сыртқы қақпағын ашып, бөлшектеп, істен шығу себебін анықтаймыз. Зауыт деректеріне сәйкестендіріп қайтадан ораймыз. Бұл сырттай қарағанда оңай көрінгенімен күрделі схема, соған қарамастан бұл үдеріс түгелдей қолмен атқарылады. Мыс сымдарын тегіс орау, орамалардың санын қатесіз дәлдікпен есептеу тыңғылықты еңбек қажет етеді. Осы тақырыптағы әдебиеттер мен анықтамалықтарды жиі оқып, зерделеп отырамыз. Орама сымдар орындарына қойылып, оқшауланғаннан кейін, электр қозғалтқышының барлық бөлігі қалпына келтіріліп, жұмысы тексеріледі. Электр қозғалтқышының дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізіп, тұтынушыға қайтарамыз. Ал қуаты аз қозғалтқыштардан күніне 4 агрегатқа дейін жөндеуге болады», – дейді Алексей Семичев.
Қазір кәсіпорында үш адам жұмыс істейді. Цех кеңейтілетін болса, жұмысшы санын да арттырамыз дейді кәсіпкер.
«Ісімсіз оңынан жүре бастаған соң сұранысқа сай цех қызметіне токарь жұмысын қосып, толық циклды қызмет көрсететін жөндеу шеберханасын ашсақ деп жоспарлап отырмыз. Бірақ оны жүзеге асыру үшін жабдық алуға қосымша қаражат қажет. Сондықтан мемлекеттік қолдау бағдарламаларына тағы қатысып көруге тырысамыз. Мұндай бағдарламалар бизнесті дамыту үшін жақсы көмек», – дейді Юрий Семичев.
Былтыр жыл соңында Жетісу өңіріне 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық кәсіпкерлікті дамыту жобасы аясында 7,1 млрд теңге, оның ішінде тегін гранттар беруге 74,8 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизне субъектілерінің саны 60 мыңға жуықтаған, бұл салада барлығы 110 мың адам жұмыспен қамтылып отыр.
Болат АБАҒАН
Жетісу облысы