Қызылорда халқы сол жағалауға салынған көпірмен қатынауға қорқып отыр. Себебі екі ортаны жалғайтын өткелден ақау шығып, адам өміріне қаупі күшейіп тұр.
Көпір төңірегінде күмән көп
1,626
оқылды

Ең алғаш Сырдарияның сол жағалауын Қызыл­орда қаласымен жалғайтын көпірдің сыр бергені жайында тұрғындар интернет желісінде көпке жария етті. Айдың-күннің аманында көпірдің жігі ажырап, көліктердің қатынасына айтарлықтай қиындық туғызған. Көлік жүргізушілер көпірдің жалғанған жеріндегі ақау қозғалыс кезінде ерекше байқала­тынын растап отыр.

Жалпы, Сырдың сол жағалауынан бой түзеген жана қалада қоныстанушылар қатары күн санап артып келеді. Аталмыш аймақ құрылыс алаңына айналып, тұрғын үй кешендері мен зәулім ғимараттар көптен салынуда. Заманауи ғимараттар шоғырланған аумақ келешекте қаланың ең көрікті әрі халық көп қоныстанатын орталығына айналатынына күмән келтірмейді.

Дерекке сәйкес, сол жағалауды Қызылорда қаласымен байланыстыратын көпір 2016 жылы ел игілігіне берілген. Өткелдің ұзындығы – 386 метр, 4 жолақты жолдан тұрады. Дария үстінен екі аралықты жалғайтын көпір 180 тонна салмақты көтеруге негізделген. 

Жергілікті әкімдіктің уәжіне құлақ түрсек, көпірді күтіп ұстауға жыл сайын қомақты қаржы қарастырылады екен. Соның негізінде өткелге мерзімді жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұратынын алға тартады.

Ал тұрғындар өткелден күніге ерсілі-қарсылы қатынайтын көліктерге үлкен қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағуда. Бүгінде көпірдің қосылған тұсы 10 сантиметрге дейін алшақтап, қаупі тіпті өршіп барады. Сондықтан қайта қалпына келтіру жұмыстары жедел жүргізілуі тиіс деп есептейді.

Соған орай Қызылорда қаласы әкімдігінен мәсе­ленің мән-жайын сұрадық. Әкімдік тарапынан өткелдегі келеңсіздікті жоққа шығармады. Дейтұр­ған­мен, көпірдің жігінің ажырауы қалыпты жағдай екенін алға тартып отыр. «Көпірлердің қосылған жерінің жігі ажырап, қайта бірігуі – қалыпты жағдай. Әсіресе, қыстыгүні көпірдің деформациялық жіктері өздігінен ашылып, қайта жабылады. Ал наурыз айында бұл процесс толық қалпына келеді. Сол уақытта кем-кетік жерлерін жөнге келтіру жұмыс­тарын қолға алатын боламыз», – дейді Қызылорда қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жол­дары коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас­шысы Жеңісбек Файзуллаев.

Бұған дейін де, шамамен 2 жыл бұрын, Қызылорда қаласын сол жағалаумен байланыстыратын осы көпір сыр беріп, жергілікті жұртшылықты қорқыныш құшағында ұстағаны белгілі. Сол уақытта құзырлы орын тарапынан көпірді жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары ойдағыдай жүргізілетініне сендіріп, алаңдауға ешқандай негіз жоқ екенін алға тартқан болатын. Тіпті, бұл жұмыстарға 12 млн теңге қарал­ғанын мәлімдеген еді. Ал бұл жолғы келеңсіздікті қалыпты жағдаймен байланыстырған жауапты орын әдеттегідей даурығуға негіз жоқ деген пікірінен танар емес. Бұл тұрғындардың көңілін күпті еткен күмәнді ойларын сейілтпей тұр. 

Араға екі жыл салып, тағы сыр берген сол жағалау көпірінің келешегіне алаңдаған жұрт құзырлы орындардың пікіріне күмәнмен қарайтыны жасырын емес. «Сонда жыл сайын өткелді күтіп-баптауға бөлінетін қыруар қаржыдан қайран болмай тұрғаны ма?» деген сұрақтың туындауы да заңдылық.

Әнеугүні Қызылорда облысы әкімдігінің өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК КОФ директоры Ержан Усманов 2022 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылаған арнайы брифинг өткізді. Осы брифингте де көпірдің жайы сөз болды. Сол кездегі филиал директорының пікірі төмендегідей өрбіді.

«Жалпы, бұл көпірді тиісті сала мамандары барып көрген. Көпір құрылысы 2016 жылы толықтай салынып, пайдалануға берілгені мәлім. Рас, белгілі бір уақытта өткелдің деформациялық жігінің ажы­рауы байқалады. Бұл жолы жігін өлшеу барысында 10 сантиметрге дейін ашылғаны расталды. Бір белгілісі, мұның көлік қозғалысына ешқандай қаупі жоқ екені дәлелденіп отыр. Яғни, күн жылынған кезінде бетондар тартылыс күшінің әсерінен өз орнына түседі. Бұл – қалыпты жағдай. Дейтұрғанмен, көпірдің үстінде кішкене ақаулары бар екені де жасырын емес. Бұл олқылықты алдағы уақытта орташа немесе ағымдағы жөндеу жұмыстары арқылы қалпына келтіретін боламыз», – деп мәлімдеді бұл жайында филиал директоры.

Негізінен, қала аумағындағы көпірлерді күтіп ұстауға жыл сайын қалалық бюджеттен қыруар қаржы қаралады екен. Алайда бұл қаражат өткелдерді әрлеу, сырлау секілді ағымдағы жөндеу жұмыстары­нан артылмайтын көрінеді. 

Ал қыс уақытында сыр беретін көпірдегі келеңсіздік қашан түбегейлі шешімін табатыны беймәлім. Құзырлы орындар мұны қалыпты жағдай деген пікірінен жаңылар емес. Соған қарағанда сырбойылық жамағат әлі талай жыл қыс мезгілін қорқынышпен өткізетін сияқты. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы