Краудфандинг қажет пе?
Білімді, өжет, өз ісін жақсы білетін азаматтың ақшасы жоқ болуы мүмкін. Бірақ оның жақсы жобасы мен алға қойған мақсаты бар. Осындайда краудфандинг көмекке келеді. Яғни, ұғымның өзі топпен қаржыландыру деген мағына білдіреді. Немесе қазақы түбірі – асар. Әлем елдері заманауи асарды көбіне бизнес, білім, мәдениет пен өнерді дамытуға жұмсайды. Краудфандинг ережесі бойынша кез келген адам бастама көтеріп, қолдау таба алады. Ақша жинайтын адамды реципиент дейді. Ал қаржы аударып, үлес қосқандар донор, демеуші немесе инвестор аталады. Краудфандинг арқылы қандай қажетті өтеуге болады? Емдеу мен операция ақысын төлеп, түрлі мақсатта қайырымдылық акциясын өткізе аласыз. Волонтерлік жобалар да осыған кіреді. Кейбір компанияны қаржыландырып, қоғамға инвестиция құйып, тіпті бизнеске бастапқы капитал саласыз. Ал қазір стартаптарды қолдауға да краудфандингтің себі тиеді.
Талап пен қағида
Платформадағы краудфандинг жоба авторының, жетекшінің кәмелеттік жасқа толуын талап етеді. Әрі жиналған соманы тек бастапқы мақсатқа жаратуын қадағалайды. Реципиент жоба идеясымен жан-жақты таныстырып, әлеуметтік стартап болса, қоғам игілігіне жарайтынын жұртқа жеткізе білуі керек. Сондай-ақ нақты қанша ақша керегін жазғаны жөн. Мәселен, сөз басында аталған сайтта Трис атты қолданушы 1 590 доллар қажет екенін жазған. Одан басқа сайтта медицина, бизнес, апат және тағы басқа бөлім бар. Соңғы атаған бөлімде су басу, өрт пен тасқын салдарынан болған табиғат апатына қол ұшын созады. Сонымен бірге airfunding.net-те әлемге тарап жатқан коронавируспен ауыратындарға қолдау білдіру үшін жоба басталған. Қазір Ухань мен Хубэйге көмек көрсету үшін меже бекітілген. Бастысы, мұндай көмек елеусіз қалмайды. Краудфандинг ережесі бойынша донорға қайтарым бар. Мәселен, бизнес пен стартаптың өркендеуіне септігі тисе, олар өз өнімін немесе кәдесый таратады. Немесе ұйымдастырушылар атынан сертификат табысталып, ашылу салтанатына шақыру алуы мүмкін. Келешегі жарқын краудфандинг жоба жасау үшін сәтті жоспар құрып, жұртты иландыра білу керек. Бастысы, жобаны сайтта бастасаңыз платформаны, әлеуметтік желіде аккаунтты жіті қадағалаған жөн. Автор ретінде кәсіби түрде бел шеше кірісіп, әлемдік тәжірибені кәдеге жаратқан дұрыс. Мұның бәрі – краудфандинг әлемін зерттеп жүргендердің платформада қалдырған пікірінің жиынтығы.Әлем көмекке зәру
Заманауи асардың астарында қажеттілік жатыр. Мәселен, Marillion тобының әнін естігісі келгендер олардың АҚШ-та өнер көрсетуіне интернет арқылы ақша жинаған. Нәтижесінде, Marillion Американы аралап, концерт берді. Сондай-ақ ArtistShare компаниясы да краудфандингтің көмегімен құрылған. Продюсер Бенджамен Поммеро мен Гий Колбоктың «Кешті күту» фильмі асардың арқасында түсірілгенін білесіз бе? Олар платформа арқылы қажетті соманы жинай алды. Ұлыбританиядағы фрилансерлерге арналған тауар ассоциациясының құрылуына да краудфандинг әсер еткен. Ал қазақстандықтар мен ресейліктер «28 панфиловшы» деген фильмді осы тәсілмен түсірмек еді, бірақ кейін мемлекет қолдауы қажет болды. Иә, әлемде краудфандинг десе, бірден Kickstarter мен Indiegogo сайты еске түседі. Мәселен, Kickstarter сайтында осыған дейін жобаларға 4 млрд доллардан астам ақша жиналып, 178-ден астам жоба іске асқан.Қайырымды жұма
Еліміздегі краудфандингтің ордасы – әлеуметтік желі. Instagram парақшасы арқылы елге қол ұшын созып, қайырымды іс атқарып отырғандар баршылық. Мысалы, «Қайырымды жандар» еріктілер тобы осыдан 4 жыл бұрын құрылған. Топтың ұйымдастырушысы – Назерке Базарбекқызы. Оның айтуынша, қазір топта 500-ден аса ерікті бар. Олар үшін маңыздысы – ниет. «Мынадай сома аударасың» деген шарт жоқ екен. «Қайырымды жандар» арнайы есепшот арқылы ақша жинайды.«Мың алғыс» қайырымдылық кешінде Дәулет Мұқаев жазылушылары атынан мидың қатерлі ісігіне шалдыққан Самат Ақбергеновке 19 млн теңге қаражат тапсырды. Бұл – Дәулет Төлеутайұлы ұйымдастырған қайырымды жұманың арқасында жиналған сома.
Одан бөлек Харекет қайырымдылық қорының бар екенін бәрі біледі. Қордың мақсаты – жетім мен жесірді, көпбалалы ананы баспанамен қамтамасыз ету. Қазіргі есеп бойынша қор 173-ші баспанасын табыстады. Мұнда да үлес қосқыңыз келсе, кісі атына тіркелген есепшотқа қалағаныңызша ақша аударасыз. Өткен сенбіде өткен «Мың алғыс» қайырымдылық кешінде Дәулет Мұқаев жазылушылары атынан мидың қатерлі ісігіне шалдыққан Самат Ақбергеновке 19 млн теңге қаражат тапсырды. Бұл – Дәулет Төлеутайұлы ұйымдастырған қайырымды жұманың арқасында жиналған сома. Оның сөзінше, краудфандинг – қайырымдылық, асар және жәй ғана қайырымды жұма. Ол бала кезінен қайырымдылыққа жаны құмар болыпты. Ардагердің ауласын сыпырып, студент шағында Қызылағашқа жәрдем беріп, топ болып ұйымдасып жүрген. Келе-келе баспанамен қамтамасыз етуді қолға алған. Одан бөлек халықтың қаржылық сауатын көтеруге бел шеше кіріскен. Сәйкесінше, Төлеутайұлының демеуімен ел баспаналы болып, кәсіп ашып жатыр. «Болашақта шетелдегідей сайт ашып, қайырымды жұманың ауқымын кеңейткіңіз келмей ме?» дегенімізге ойында бір жобаның барын айтты. Оның болашақта білім қор ашсам деген ниеті бар екен. Бүгінде әлеуметтік желіні пайдаланып, қайырымдылық жасайтын да, белден басатыны да бар. Сол үшін қайырымдылық аударымдарын тезге салатын немесе қадағалайтын жүйе керек-ақ. Ал «Қалаулым» қатысушысының тойына ақша жинау үшін жеке есепшотын жариялағанын көрген жұрт жағасын ұстады. Артынша ойланғаны ма, әлде ұялғаны ма, әлгі жігіт жазбасын өшіріпті. Осыған орай асар жеке мүдде емес, ізгі ниет пен көңілдің көрінісі екенін ұмытпасақ екен. Айзат АЙДАРҚЫЗЫ